Махамбет жайлы шығармалар: Ы.Шөреков «Исатай – Махамбет»
Ж.Молдағалиев «Кен»
М.Шаханов «Қарақұм трагедиясы»
М.Неталиев «Арыстан еді-ау Исатай»
Ф.Оңғарсынова «Алмас қылыш» т.б.
Өлеңдері:
«Мұнар күн»
«Ереулі атқа ер салмай»
«Бұл дүниенің жүзінде»
«Мен – құстан туған құмаймын»
«Соғыс»
«Жабығу»
«Ұлы арман»
«Жайықтың бойы көк шалғын»
«Атадан туған ардақты ер»
«Біртіндеп садақ асынбай»
«Арғымақтың баласы»
«Қара нар керек біздің бұл іске»
«Еменнің түбі – сары бал»
«Жалған дүние»
«Еріскедей ер болса»
«Жәңгірге»
«Баймағамбет сұлтанға»
ЕРЕУІЛ АТҚА ЕР САЛМАЙ Ереуіл атқа ер салмай,
Егеулі найза қолға алмай,
Еңку-еңку жер шалмай,
Қоңыр салқын төске алмай,
Тебінгі терге шірімей,
Терлігі майдай ерімей,
Алты малта ас болмай,
Өзіңнен туған жас бала
Сақалы шығып жат болмай,
Ат үстінде күн көрмей,
Ашаршылық шел көрмей,
Арып-ашып жол көрмей,
Өзегі талып ет жемей,
Ер төсектен безінбей,
Ұлы түске ұрынбай,
Түн қатып жүріп түс қашпай,
Тебінгі теріс тағынбай,
Темірқазық жастанбай,
Қу толағай бастанбай,
Ерлердің ісі бітер ме?!
Беркініп садақ асынбай,
Біртіндеп жауды қашырмай,
Білтеліге доп салмай,
Қорамсаққа қол салмай,
Қозы жауырын оқ алмай,
Атқан оғы жоғалмай,
Балдағы алтын құрыш болат
Балдағынан қанға боялмай,
Қасарысқан қарындасқа
Қанды көбік жұтқызбай,
Халыққа тентек атанбай,
Ерлердің ісі бітер ме?!
ҚЫЗҒЫШ ҚҰС Ау, қызғыш құс, қызғыш кұс!
Қанатың қатты, мойның бос.
Исатайдан айырылып,
Жалғыздықпен болдым дос.
Ау, қызғыш құс, қызғыш құс!
Ел қорыған мен едім,
Мен де айырылдым елімнен;
Көл қорыған сен едің,
Сен де айырылдың көліңнен.
Аспандап ұшқан қызғыш құс!
Сені көлден айырған –
Лашын құстың тепкіні.
Мені елден айырған –
Хан Жәңгірдің екпіні.
Айтып-айтпай, немене,
Құсалықпен өтті ғой –
Махамбеттің көп күні!
ЖАЛҒЫЗДЫҚ Бұ дүниенің жүзінде
Айдан ару нәрсе жоқ,
Ол түнде бар да, күндіз жоқ.
Күннен ару нәрсе жоқ,
Ол күндіз бар да, түнде жоқ
Мұсылманшылық кімде жоқ,
Тілде бар да, дінде жоқ.
Көшпелі дәулет кімде жоқ,
Бірде бар да, бірде жоқ.
Азамат ерлер кімде жоқ,
Еріккен күні қолда жоқ.
Заманым менің тар болды,
Тура билік биде жоқ
Бәрін айт та, бірін айт,
Қаумалаған қарындас
Қазақта бар да, менде жоқ.