ХАНҒА ЖАУАП АЙТПАСАМ Ханға жауап айтпасам,
Ханның көңілі қайтады.
Қандыра жауап қатпасам,
Халқым не деп айтады?
Хан Абылай, Абылай,
Қайғылы мұндай хабарды
Сұрамасаң не етеді?
Сұраған соң айтпасам,
Кісілігім кетеді.
Енді айтайын, тындасаң,
Маған қаһар қылмасаң.
Шөлге біткен бір дарақ.
Шортан - шөлге шыдамсыз,
Балықтан шыққан бір қарақ.
Ойлама шортан ұшпас деп,
Қарағайға шықпас деп.
Күнбатыстан бір дұшпан
Ақырда шығар сол тұстан.
Күншығысқа қарайды,
Шашын алмай тарайды.
Құдайды білмес, діні жоқ,
Жамандықта міні жоқ,
Өзі сыңды бір кәпір
Жаяулап келер жұртыңа!
Жағалы шекпен кигізіп,
Балды май жағар мұртыңа.
Жебірлерге жем беріп,
Ел қамын айтқан жақсыны
Сөйлетпей, ұрар ұртына.
Бауыздамай ішер қаныңды,
Өлтірмей алар жаныңды,
Қағазға жазар малыңды,
Есепке салар барыңды,
Еліңді алар қолыңнан,
Әскер қылар ұлыңнан!
Бұл айтқаным, Абылай,
Бол май қоймас артыңнан.
Тексізді төрге шығарып,
Істетер сұмдықты ұйғарып.
Асан сөзі осылай
Бүгін үшін аһ ұрған.
Жауабыма қандың ба,
Естіп болып қартыңнан?!
БИІК ТАУҒА ЖАРАСАР Биік тауға жарасар
Ығынан тиген панасы.
Терең сайға жарасар
Тобылғылы саласы.
Ер жігітке жарасар
Қолына алған найзасы.
Би жігітке жарасар
Халқына тиген пайдасы.
Ақсақалға жарасар
Тілеуқорлық айласы.
Бәйбішеге жарасар
Еміздіктеген сабасы.
Келіншекке жарасар
Емшектегі баласы.
Қыз он беске келгенде
Шашынан көп жаласы.
Бұл жалғанда бір жаман
Ағайынның аласы.
ҮМБЕТЕЙ ЖЫРАУ ТІЛЕУҰЛЫ (1706–1778)
Туған жері: Оңтүстік Қазақстан облысының Қаратау өңірі. Қайтыс болған жері: қазіргі Ақмола облысының Ерейментау ауданы.
Қызметі: жырау, жыршы. Бөгенбай батырдың жауынгер серігі.
Үмбетей қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы ерлік күресінің қызу ортасында болып, тарихи оқиғаларды жырлады.
Жырау шығармаларының тарихи және әдеби көркемдік дәрежесі оның қанжығалы Бөгенбай батырды жоқтайтын «Бөгенбай өліміне» жыры мен батырдың дүниеден өткенін Абылайға естіртетін «Бөгенбай өлімін Абылай ханға естірту» атты жырларынан айқын көрінеді.
Үмбетейдің Бұқар жырау өмірін суреттейтін толғауы да тарихи деректерге толы, көркемдігі жоғары, аса құнды шығарма.
Жырлары:
«Бәкеге»
«Жауқашарға»
«Бұқарға»
«Бекболат биге»
«Жантай батыр»
«Бөгенбай өлімін Абылай ханға естірту»
«Бөгенбай өліміне»