Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы (1857–1931)16 Туған жері: қазіргі Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Найзатас деген жер.
Қызметі: ұлы ойшыл, этнограф, фольклортанушы, тарихшы, философ, ақын, қазақтың ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы, қазақ мәдениеті мен әдебиетінің белгілі тұлғасы.
3 жасында «Тауық жұты» деген жұт болып, бар малынан айырылып, бір ат, бір сиырмен ғана қалған әкесі Көпей: «Дүние жолдас емес, ғылым, білім жолдас» деген шешімге келіп, баласын оқыту үшін Баянауылға көшіп келеді. Сол кезде аға сұлтан болған Мұса Шорманов Баянауылға медресе салдырып, онда сабақ беруге Омбы қаласында тұратын Қамар хазіретті көшіріп әкеледі. Қамар сабаққа зейінді Жүсіпке көп көңіл бөледі. Ақырында 9 жасқа аяқ басқанда, әдебиет пен тарихтан жатқа айтқан сөздеріне сүйсінген Мұса Шорманов баланың әкесіне: «Сопы, мұнан былай мына баланың бас киіміне үкі тақтырып қойыңыз. Көз-тілге шет болмасын! Бұл өз заманында халыққа Мәшһүр болатын бала екен!» – деген. Содан бастап атына «Мәшһүр» деген ат қосылып айтыла бастайды. Бір деректе «Дала уалаяты» газетіне хат-хабар, мақала жіберіп, тілші болып, «мәшһүр» атанған.
Мәшһүр Жүсіптің:
Айрылдым дәл он бесте ақыл естен,
Жабысып бір дауасыз ауру төстен, – деген жыр жолдарына қарағанда, оның ақындық талабы, алғашқы шығармашылық қадамы 15 жасында басталған.
1875 жылдан бастап ол оқытушы бола жүріп, шығармашылық жұмыспен айналысады.
1887–1890 ж.ж. Орта Азияны аралап, Самарқан, Ташкент, Түркістан, Бұхара қалаларында болды. Араб, парсы тілдерін үйреніп, Шығыстың классикалық әдебиетімен жете танысқан. Ол осы жылдары түрколог-ғалым В. Радловпен танысып, ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, бастыру ісімен айналысты.
1905 жылғы бірінші орыс революциясы тұсындағы оқиғалар Мәшһүр Жүсіптің әлеуметтік көзқарасына үлкен әсер етті.
Мәшһүр Жүсіп өлеңдер, дастандар, тарихи мәтіндер, шежірелер, публицистика, педагогика, тіл, философия, табиғат сырлары, дін тарихы туралы т.с.с. құнды еңбектер қалдырған.
Мәшһүр Жүсіп халық ауыз әдебиетінің көптеген үлгілері: дастандар мен хикаяларды, тарихи жырларды («Қамбар батыр», «Ер Тарғын», «Ер Көкше», «Ер Сайын», «Нәрікұлы Шора батыр», т.б.) жинап, Бұқар жырау, Шортанбай, Шөже, т.б. ақын-жыраулардың әдеби мұрасын хатқа түсіріп қалдырды.
Қазақ ауыз әдебиеті мен Шығыс дастандарының үлгісінде «Гүлшат-Шеризат», «Ғибратнама», «Шайтанның саудасы», «Баяннама», т.б. қисса-дастандар жазды.
1907 жылы Қазан қаласында Хұсайыновтар баспасында басылған кітаптары:
«Тірлікте көп жасағандықтан көрген бір тамашамыз» «Хал-ахуал»
«Сарыарқаның кімдікі екендігі»
Бұл шығармаларында қазақ халқына бостандық алып беру, елде мектеп-медреселер ашу, жер мәселесі, сөз бостандығы сияқты өзекті ойлар толғайды.
Мәшһүр Жүсіп – Ресейдің отарлау саясатын, жерді тартып алуын, сөз бостандығын шектеуін әшкерелеген алғашқы қазақ зиялыларының бірі. Сол үшін 1912 жылдан бастап ақынды қудалау басталған. Біраз уақыт үйінен кетіп, қайда екенін айтпай, ел ішінде жасырын жүрген.