Әділғазы Қайырбеков



Pdf көрінісі
бет9/14
Дата26.01.2017
өлшемі1,66 Mb.
#2759
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14

СӘБИТКЕ 
Келдің бе, Сәбит, Мария, есен-аман?
Тілектес болып жаттық біз де саған.
Аралап жердің жүзін саяхаттап,
Көрдіңдер талай қала, талай адам.
Аман ба, бала-шаға, аймақтарың,
Кілегей сүт бетінде қаймақтарың.
Асылып мойыныңа, ата-аналап,
Қуанып бота көзің – тайлақтарың.
Ұшады аққу, қаздар көлін аңсап,
Желеді тұлпар туған жерін аңсап.
Өз үйің ұшқан ұя, қандай қызық,
Келгенде алыс жолдан арып-шаршап.
Хат-хабар ала алмадық ала жаздай,
Қалайша болды екен деп, сәлем жазбай?
Еріксіз еске түсед еңбектерің,
Еңкейіп отырғанда қабақ жазбай.
Ден саулық – үлкен байлық, болсақ аман.
Халыққа бейбітшілік болсын заман.
Сыйласып өткізелік бұл  өмірді,
Атанбай аттанғанда  «жаман адам».
Адамға әркім құмар аты шыққан,
Өзіңді көруге әуес жұрт сондықтан.
Тең басып үзеңгіні, ақсақал бол,
Ұқсамай жез бен мысқа таты шыққан.
Сағынып біз  де жүрміз келеді деп,
Келіп сәлем шалына береді деп.
Сондағы айтқан өлең әлі есімде,
Қыдырып біздің үйді көреді деп:

148
Арнайы шақырғаным, кеп кетіңдер!
Сыбаға бұйырғанын жеп кетіңдер.
Көркемжан армияға кетіп қалды,
Бір ақыл Насиқаға деп кетіңдер.
Насиқа екеуміз де қашықтадық,
Көжедей күбідегі ашып қалдық.
Көңілді құры өрге айдағанмен,
Кездіктей жанымаған жасып қалдық...
Сәбең мен Мәриям апай 60 жылдық мерейтойдан кейін 
Владивостоктан шығып, Жапонияны жағалап, Үндістанды, 
Түркияны аралап, 47 күн кеме үстінде «Круиз» сапарымен 
Одессаға келіп бір-ақ тоқтаған ғой. Кенекең сол сапардан 
аман-есен оралған інісі мен келініне хатпен сәлем жолдап, 
қонаққа шақырады. Бұл да бір жарасымды туыстық бейілдің, 
ізет-ілтипаттың айғағындай.
Алпысыншы жылдардың аяғы болса керек. Екінші рет «...
Сәбит екеуміз қасымызға Кенен атамызды қосып алып, бір 
айдай елді, Қызылжар өңірін араладық. Ел бірінен соң бірі 
құлақтанып, Кенекеңді қолдан қолға тигізбеді. Солтүстіктің 
қазақтары Кенен атамыздың өнеріне армансыз сусындады. 
Жас жігітше қунап, ерекше шабытпен таңды таңға ұрып, 
өнер көрсетті. Әне, ақынға деген шынайы құрмет, елдің 
шексіз махаббаты сондай еді» – дейді Мәриям апай (М. 
Мұқанова. Сағынышым – Сәбитім. Естелік. Алматы: Өлке, 
2000 ж.- 104 б.)
Сәбеңнің шапағатымен Алматыдағы №12 қазақ орта 
мектебіне қалай түсіп, оқығанын Төрткен Кененқызы бір 
сұхбатында былайша баяндапты:
«– Ол кез қиын еді ғой. Әкем мені қалада оқытып, сауатын 
ашсын деп осында алып келді. Сөйтсек, «мұнда тек қаланың 
балалары оқиды» деп мені қабылдамай қойсын. Оларға 
ашуланған әкем мені Сәбит Мұқановтың үйіне алып барған 
еді. Сол жолы Сәбеңнің жоғарыдағыларға «Базарым-ай, 
Назарым-ай» деп зарлап жүргенде көрген жалғыз баласын 
қалада оқытпағанда, қайда оқытады?! Ауылындағы мектебі 
жеті жылдық болса, осында келмегенде қайда барады?!» 
деп қатты-қатты ұрысқаны әлі есімде. Әлгінде бізбен 

149
сөйлескілері келмегендер сол жолы мені мектеп түгілі 
интернатқа бір-ақ қабылдаған еді. Осылайша Алматыдағы 
жалғыз қазақ мектебінің оқушысы атанып шыға келгенім 
бар.» («Алматы ақшамы», 01.03.2008).
Сәбең 1973 жылы дүниеден озған болатын. «Жасасып 
келіп еді бұл ғасырмен,  //  О, Сәбит, бауырым ең, сырласым 
ең.  //  Шынымен қоштасам ба, сенбей тұрмын,  //  Сәбиттің 
қайталанбас тұлғасымен» деп, Кенекең егіле жыр төгілдірген 
еді. Кенен атаның 90 жылдық тойы 1974 жылы жоғары 
деңгейде аталып өтті. Бірақ, бұл тойда Сәбең болмады... 
Ақын-әншінің өмір жолын, өнер жолын жан-жақты 
зерттеген ғалым, филология ғылымдарының докторы, 
профессор Мырзатай Жолдасбеков: «...Кенекең болмыс-
бітімі де, жүріс-тұрысы да бөлек, табиғи дарын-таланты 
да ешкімге ұқсамайтын, Алатаудың шыңындай ойы да 
биік, бойы да биік, әсем үнді, ділмәр тілді, мінезге бай, 
көпшіл, қонақжай, ерекше жан еді. Кенекең ғасыр бойы 
жасаған байтақ мұрасымен, армандай әншілігімен аққудың 
қанатындай әдемі, әппақ жібектей сақалымен, бәйтеректей 
бойымен көзге де, көңілге де өзгеше бір жұмбақ жандай, 
данышпан абыздай болып көрінетін» – деп толғанады (М. 
Жолдасбеков. Асыл арналар. –  Алматы: Жазушы, 1990 ж. 
- 262 б.). 
Бақытжан Кененұлы өзінің «Әке рухымен сырласу» 
атты естелік-эссе кітабын мұражайға мынадай қолтаңбамен 
тапсырды: «Сәбит Мұқановтың мұражайына! Үлкен жүректі 
адамдардың достығы да ұлағатты болатыны рас. Сәбит аға 
мен әкем Кененнің шынайы сыйластыққа, құрметке толы 
достығын бала кезден көріп өстік. Мұндай достық ұрпаққа 
өнеге. Ағаның жарқын бейнесі, ақкөңіл, жайдары мінезі 
біздің де жүрегімізде мәңгі сақталып қалды. Әкелер рухы 
өлмесін! 24.08.2005ж.»
Міне, аяулы да ардақты халық перзенттерінің ғұмыр 
жолдарынан алынған осы бір достық баяны бүгінгі және 
келер ұрпақ үшін де ұлағатты, өнегелі, тағылымды болар 
деп ой тиянақтадық.
2008 ж.

150
ТАШКЕНТ:  ТАМЫЗДЫҢ  ЫСТЫҚ 
КҮНДЕРІ
Екі мың сегізінші жыл. Жиырма екінші тамыз. Алматыдан 
Ташкентке Боинг самолетімен ұшып шықтым. Бұрын 
 
Өзбекстанда  болмағанмын. Самолет салонында біреулер 
ұшыраса ма деп жан-жағыма көз жүгірткенімде, бәрі бөтен. 
Кешегі кеңестік дәуірдегі көрші елдермен барыс-келіс, 
алыс-беріс саябырсып қалған кез. Одақтың тарауымен бірге 
оңашалануды ойлағандардың бірі осы ел...
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы байырғы 
туыстық тамырларын кеңейтуді көздеген, 1998 жылдың 30 
қазанында қол қойылған, «Мәңгілік достық туралы шарт» 
– тәуелсіз мемлекеттердің ең басты ресми құжаттарының 
бірі болса керек. Экономикалық, сауда-саттық, техникалық, 
мәдени-гуманитарлық салалардағы қарым-қатынастар 
кейінгі жылдарда біршама дамып, жандана бастағандай... 
Қазақстандықтар жаңа Астана тұрғызып, елді үлкен 
құрылыс алаңына айналдырып жатқанда, өзбекстандықтар 
жұмыс іздеп, шекара асып, басқа елдерді шарлап кеткендерін 
де көрдік. Ел иығына түскен ауыртпашылықтарды игеру 
жолында қазақ пен өзбек өздерінше жол іздеген болатын. 
Әрине, бұл екі бауырлас елдердің президенттері Н.Назарбаев 
пен И.Каримовтың арасындағы қарым-қатынасқа да көп 
байланысты. Кейбір саясатшылар «Орта Азияда көшбасшы 
кім болады?» деген сауалға бас қатырып, сәуегейліктің 
салқыны да бетке ұрып тұрды.
Өзбекстан дегенде, көз алдымызға, тау-тау ақ мақталар 
елестейтін бұрын, жүзімдік алқаптары, уілжіген сары өрік, 
шабдалы, т.б. жеміс-жидектер тұнып тұрған көк базарлар, 
кетпен-күрегін арқалаған диқандар, еңбекқор шаруалар, 
сауда-саттықтың қайнаған ортасы болып та жадымызда 
жатталған. Көне қалалар Бұхара, Хиуа, Самарқанд, 
Ташкент те ортақ тарихымыздан шет емес. 
Биыл, сәуір айында, екі ел президенттері Астанада 
– Ақордада ресми түрде кездескен болатын. Сауда-
экономикалық ынтымақтастық өз алдына, содан өрбитін 

151
көптеген мемлекетаралық байланыстарды нығайтудың 
жолдары іздестірілуде. Қазақ баспасөзінде былай деп 
жазды: «Қазақстан – Өзбекстан ынтымақтастығында 
мәдени-гуманитарлық байланыстардың мәні зор. 
Өйткені, Қазақстанда өзбек диаспорасы, Өзбекстанда 
қазақ диаспорасы көп қоныстанған. Өзбекстандық ресми 
органдардың мәліметтері бойынша, бүгінде Өзбекстан 
аумағында 1 миллионға жуық қазақ тұрады. Негізінен олар 
Қарақалпақстанда, Ташкент, Науаи, Жызақ, Сырдария, 
Бұхара және Хорезм облыстарында қоныстанған. Ислам 
Каримов баспасөз мәслихатында атап өткендей, бүгінде 
Өзбекстанда 520 орта мектепте қазақ тілінде сабақ 
өткізіледі. Оның 234-і тек қазақ тіліндегі мектептер. Сондай-
ақ, Өзбекстан аумағында 30-дан астам республикалық, 
облыстық және аудандық қазақ мәдени орталықтары 
жұмыс істейді» («Егемен Қазақстан», №117-118, 23.04.2008).  
Ташкент десе, тарқатылар ой сорабы көп екендігін ішім 
сезеді. Сапарымның негізгі мақсаты – Ташкенттегі Ғафур 
Ғұламның әдеби-мемориалдық музей-үйімен бұрынғы 
байланыстарды қайта жаңғырту, Сәбит Мұқанов пен Ғафур 
Ғұламның арасындағы ғажайып достықтың өнегесін жұртқа 
жеткізу болса да, Ташкентке қатысты басқа да талай 
тақырыптар қозғалатынына күмәнім жоқ. 
Ташкент әуежайында төлқұжат тексеруінен өту үшін 
кезекте тұрғанымызда, табанымыздың астынан дүңк 
еткен соққы сезіліп, тұрған-тұрған орнымызда қалшиып 
қатып қалыппыз. Кейбіреулердің өңі бозарып, көз шарасы 
үлкейіп, тілін тістеп қалғандай. Зәре-құтымыз қашты десем, 
артықтау шығар. Бірақ, іштартып, секемденіп қалғанымыз 
анық еді. Ташкент бізді осылай қарсы алды... 
«Кеше күндізгі 13 сағат 26 минутта Өзбекстан астанасынан 
17 шақырым жерде Рихтер бағаны бойынша 5,5-6 балдық 
жер сілкінісі де ала тақиялы ағайындарды үркітіп тастады. 
Алдын-ала алынған мәліметтерге қарағанда, адам өлімі жоқ. 
Тек ұялы байланыс операторларының жұмысында үзіліс 
болған. Қазір табиғат апатынан келген шығын мөлшері 
анықталуда. 
Тосын оқиғалардың ұшқыны Шымкентті де шарпыған. 
Жергілікті сейсмолог мамандар кеше 14 сағат 27 

152
минутта жеңіл тербеліс байқалғанын растады. Мұны 
олар Ташкенттегі төтенше оқиғаның әсерінен деп отыр» 
(«Айқын», 23.08.2008ж.).
Әуежайда мені Өзбекстандағы Республикалық Қазақ 
мәдени орталығының орынбасар бастығы Жамалиддин 
Якубов қарсы алды. Орталықтағы «Пойтахт» («Астана») 
мейманханасына келіп орналастым. Ташкентте ауа-райы 35 
градус ыстық екен. 
Жиырма үшінші тамыз. Таңертең ерте тұрып, 
тыныш көшелерді бойлап, едәуір жаяу жүріп қайттым. 
Мейманханаға жақын жерде шағын саябақ бар екен. Оның 
дәл орта тұсында үлкен ескерткіш қарауытады. Жақындап 
келіп, ат үстіндегі айбынды Әмір Темірдің биік тас тұғырдағы 
ескерткішін, тамаша өнер туындысын көріп, таңырқадым. 
«Күш – әділеттілікте!» деген қанатты сөзін тасқа қашап 
жазыпты, өзбек, орыс, ағылшын тілдерінде. 
Ташкенттің көшелері таза, кең, жасыл желекке бөленіп 
тұр. Алматыдағыдай ығы-жығы мәшине, қаптаған шетелдік 
көліктер мұнда жоққа тән. «Волгалар» мен «Жигулилер»-
ден басқа, Оңтүстік Кореядан автобөлшектерін алып келіп, 
Өзбекстанда құрастырып шығаратын «Нексия», «Матиз» 
жеңіл автомобильдері, «Дамас» микроавтобустары көзге 
көбірек шалынады. Мәскеудегідей Ташкентте де метроға 
асыққан жұрт. Қаладағы көрнекі орындардың, көздеулі 
нысандардың бәріне де метро арқылы жылдам жетіп 
барасың. Бүгін «Әмір Темір әулеттері» музейінде болдым. 
Хан шатырына ұқсатып, аппақ күмбезі күнге шағылысқан 
музей ғимараты өте сәнді де салтанатты. Әмір Темір 
әулеттерінің, оның айналасында ғұмыр кешкен атақты 
адамдардың портреттерінің галереясы іспетті музей 
экспозициясы өте мазмұнды. Әрбір картинаның алдында  
еріксіз ұзақ тұрып қаласың. Қылқаламның құдіретіне тәнті 
боласың. 
Жиырма төртінші тамыз. Бүгін уәде бойынша, келісімін 
алып, Ғафур Ғұламның қызы – музейдің директоры  Алмаз 
ханымға жолығуға бардық. Қасымда Жамалиддин бар. Ол 
өзін Ғафурдың ұлы Қандамирдің шәкіртімін, Мүкарам 
апаның қолынан талай дәм татқанмын, сондықтан бұл үй 
маған бөтен емес деген болатын.                                  

153
Алмаз Ғафурқызы бізді жылы шыраймен қарсы алды. 
Жасы жетпісте екен. Сарабдал, сабырлы, салмақты көрінеді. 
Өзбекстанда 82 мемлекеттік, 200-ден аса жекеменшік, 600-
ден аса мектептегі музейлер бар екен. Ғафур Ғұламның 
өзі тұрған үйді музейге айналдыру жөнінде Өзбекстан 
Үкіметі  1966 жылы қаулы қабылдаған. Қазіргі кезде ол үй 
мемориалдық бөлім болып, бұрынғы үйдің жанынан 6 сотық 
жер алып, екі қабатты қосымша құрылыс жүргізілген. 
Бірінші қабатта кітапхана, музей қызметкерлері отыратын 
бөлмелер, шағын зал бар. Ал екінші қабат – тұтас әдеби 
бөлім. Қаланың дәл ортасында орналасқан музейде 12 
мың экспонат жинақталған. Музейде директор, атқарушы 
директор және бас қор сақтаушыны қоса алғанда 22 адам 
қызмет істейді. Әдеби бөлімді аралап жүргенде төрдегі 
әйнектелген витринада тұрған қазақтың ұлттық шапаны 
көзіме оттай басылды. Бұл досы Ғафурға Сәбит Мұқановтың 
сыйлаған шапаны екен. Екеуі 35-40 жыл бойы сыйлас дос, 
сырлас әріптес болып ғұмыр кешкен. Ғафур Қазақстанға 
талай келіп, талай шапан киген шығар. Бірақ досы сыйлаған 
шапанды ерекше қастерлеп сақтаған ғой, сірә.
– Бұл үйде М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин 
бастаған қазақ жазушылары да, И.Абашидзе, Мырза 
Тұрсын Зада, Д.Кугультинов, Қ.Құлиев, П.Бұлбұлоғлы, 
т.б. есімдері Одаққа танымал қаламгерлер, мәдениет, өнер 
қайраткерлері де болған. Әкеміздің достары көп еді, – дейді 
Алмаз Ғафурқызы. – Әсіресе, Сәбит Мұқановты аузынан 
тастамайтын. Түннің бір уағында Алматыға, Сәбеңе телефон 
шалып, екеуі ұзақ сөйлесетін. Әкеміздің 60 жылдығына осы 
үйді бергенде де Сәбит Мұқанов келген болатын. Мәриям 
апай мен шешеміз Мүкарама да тез тіл табысып кететін...
«Сәбит ағаның көңілі қазақ жеріндей кең еді, – деп 
жазыпты өзінің естелігінде өзбек жазушысы Мирмухсин, 
– Ол Өзбекстанға жиі келіп жүрді. Әсіресе, жан досы 
Ғафур Ғұламның үйіне келгенде, үлкен той болушы еді. 
Осындай әдебиет тойларына қатысқаным бар... Қазақ 
халқына тән меймандостық, жомарттық, ақ жарқындық, кең 
пейілділік, пәк жандылық, бейнетқорлық Сәбит ағаның өз 
басынан табылатын қасиеттер еді... Ташкенттегі, бұл күнде 
«Баһор» деп аталатын үлкен залда Сәбит ағаның тебіреніп 

154
сөйлегені, Ғафур Ғұламды бауырына қысып, шын жүректен 
құттықтағаны, екі халық ақсақалдарының өлеңдерін оқып, 
жүрекжарды сезімдерін шынайы да асыл сөздермен айтып 
бергені бүгінгідей көз алдымызда. Оны бүкіл өзбек халқы 
ұмытпайды» («Кәдімгі Сәбит Мұқанов». Естеліктер. Алматы. 
1984 ж. 219б.).
Өзбекстан Ғылым академиясы Ғафур Ғұламның 12 
томдық шығармалар жинағын шығарыпты. Ғафур Ғұлам 
атында Ташкентте метро, институт, алаң, саябақ бар екен. 
Әр жыл сайын 10 мамырда «Ғұлам оқулары» өтіп тұрады. 
Өзбек әдебиетіндегі Ғафур Ғұламның орны жөнінде музей 
экспозициясында жан-жақты баяндалған. 
– Әкеміз 1966 жылы Ғабдолла Тоқайдың 70 жылдығында 
татарша сөйлеп, әріптестерін таң қалдырған болатын. Ол 
араб, парсы тілдерін жақсы білді. Шекспирді аударған 
(«Отелло», «Король Лир»). Ол ұзын бойлы, жаны жомарт, 
мейірімді адам еді. Үш ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірген 
Мүкарама шешеміз екеуі бақытты ғұмыр кешті. Шешеміз 
өз қолынан Шараф Рашидовтың самса жегенін мақтанып 
айтып отыратын. Қонақтар көп келетін. Әкеміздің достары 
көп еді. Немерелеріне Мұхтар, Сәбит деп ат қоюының сыры 
сол достықта. Жазушының отбасынан екі академик, үш 
профессор шыққан. Бұл да болса, әке-шешеміздің өнегелі 
тәрбиесі, ұрпақтарының болашағын ойлағандығы деп 
білеміз. Балаларының да әке сенімін, өсиетін ақтағандығы 
шығар, – дейді Алмаз Ғафурқызы.
Музейаралық байланыстың бір қыры – екі жаққа 
да қатысты құнды жәдігерліктер алмасу, құнды 
қолжазбалардың, хаттардың көшірмелерін алу. Кейде бір 
парақ қағаздың өзі ат мінгізгендей қуантады. Бұл жолы 
мен біздің Музей кешені қорындағы Өзбек жазушыларына 
қатысты Сәбеңнің бірнеше хаттарының көшірмелерін ала 
барғанмын. Ғафур Ғұламға, Миртемірге, Насыр Фазыловқа, 
башқұрт жазушысы Сәйфи Құдашқа жазған хаттарының 
көшірмелері бар. Солардың бәрін Алмаз Ғафурқызына 
тапсырдым да, олардағы Сәбит Мұқановтың бірнеше 
хаттарының көшірмелерін ала қайттым Солардың бірі мынау 
хат: «С.Құдашқа. Құрметті  Сәйфи ағай! Хаттарыңызды да, 
Ғафур Ғұләм туралы жазған мақалаңыз басылған газетті 

155
де алдым. Ең алдымен Ғафур туралы. Бұл хасіретке мен де 
сізден кем шомған жоқпын. 35-40 жыл бойына дос болудан 
басқа, әнеукүні Қазанда, Тоқайдың юбилейінде бірге өткізген 
күндер естен шығар емес. Хоштасарда ол маған, – «Сәбит 
бауырым, жүрегімнің нашарлығын көріп жүрсің, мүмкін 
бұдан кейін тірі көрмеспіз, өлсем жаназама келерсің» деген 
еді. Жаназасына бардым. Бүкіл өзбек халқымен бірге, мен де 
қатты жыладым. Біраз шаршап та қалдым. Мыржақыптың 
«Айырылу» атты өлеңінде, 
Дариға тірі айрылмай, өлі айрылсам,
Топырақ дұға қылып қолдан салсам, 
Жамылып салқын қабыр жатқан достың,
Үстіне көздің жасы мөлт-мөлт тамсаң.
Жүректі сол уақытта қайғы буып,
Келмесін енді қайтып біліп жуық,
Рахат рухына тілеп хақтан,
Хош айтып кетпес пе едім көңіл суып, – 
деген еді.
Сол айтқандай Ғафурдың қабырына көз жасымды төктім 
де, көңілім суып қайттым. Өлмейік, Сәйфи бауырым!
Сіздерден кеткен соң Қостанайда бір жұма болып 
Алматыға келдім. Қостанайдың егіні ғажап. Сізді іздеді. 
Мағфура жеңгейге сәлем айтыңыз. Қазақ «татқан да бір, 
тойған да бір» дейді. Жеңгейдің «құтты-хана мешітінде» 
қолынан дәм татуымыз жетеді. Ренжімесін. Достарға, 
әсіресе: Ақнафқа, Гилымдарға, Қадирға көп сәлем. Мәриям 
да оларға сәлем айтады. Газеттерді алдым. Рахмет. 
 
Туысқандық көңілден – (Сәбит Мұқанов).
1-VІІІ-1966 жыл.  Алматы».                
Шағын хатқа қаншама дерек сыйып кеткен десеңізші! 
Міржақыптың екі шумақ өлеңін алаш ардақтыларының 
есімдері аталмай тұрған кезде, қалай қиюластырып 

156
келтірген!..
Жиырма бесінші тамыз. Бүгін Өзбекстан Ғылым 
академиясының Ә.Науаи атындағы Әдебиет музейінде 
болдым. Ташкенттегі бұл музей 1962 жылы ашылған. Кеңестік 
дәуірдегі ақын, жазушыларға көрсетілген құрметтің бұл да 
бір соңғы ескерткіші іспетті. Біздің ақсақал жазушылардың 
аузынан: «Ана, Ташкенттегі Әдебиет музейі бізде неге 
жоқ?», «Неге Алматыда Әдебиет музейін жеке ашпасқа?!» 
деген сауал-пікірді талай рет құлағымыз шалған. Алматыда 
Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтің, 
Ахмет Байтұрсынұлының әдеби-мемориалдық музейлері 
бар. Ал Ертіс өзенінің жағасындағы облыс орталығында 
Бұқар жырау атындағы Әдебиет және өнер мұражайы бар. 
Сол өңірдің ақын-жазушыларының, әнші-өнерпаздарының 
арғы-бергі тарихын баяндап тұрған ерекше мұражай...
Ал, енді, мына Ташкенттегі Әдебиет музейін көруге, 
салыстыра қарауға деген ынтызарлық ерте оянса да сәті 
бүгін түсір отыр. Үш қабатты, еңселі ғимараттың алдындағы 
алаңда Әлішер Науаидің ескерткіші тұр. Бірінші қабаттағы 
музей қызметкерлері отыратын бөлмелерден басқасы 
тұтастай тек Ә.Науаиға арналған екен. Әр жылдардағы 
кітаптарының басылымдары, көптеген портреттер, 
кітапқа жасалған көркем безендірулер, қолжазбалар, т.б. 
экспозициядан орын алған. Қарап, көріп шығып, «сонда, бұл 
қалай, тек Ә.Науаиға арналған әдебиет музейі ме?» деген 
ойға қалдым. Музей қызметкерлерінің біріне көкейдегі 
сауалымды қойдым. Тұрсын деген егде музей қызметкері 
менің сөзіме езу тарта күлді де: «музейдің екінші, үшінші 
қабаттарына көтеріліңіз, сонда түсінесіз» – деді. Сөйтсек, 
музейдің екінші қабатын бүкіл өзбек әдебиетінің классиктері 
алып тұр. Үшінші қабатында фольклорлық туындылар 
мен ауыз әдебиетінің құнды жәдігерліктері және кейінгі 
заман қаламгерлері туралы мол мағлұмат жинақталған. 
Әу баста музей экспозициясын жасақтағанда көрнекті 
қаламгерлердің көркем портреттерін жасатып, жанына оның 
өмірі мен шығармашылығы туралы мәліметтер өзбек, орыс, 
ағылшын тілдерінде беріліп отырған. Негізінен, мәтіндер 
өзбекше. Көрнекті қаламгерлердің кейбір тұтынған заттары: 
қалам, қарындаш, қойын кінежкелер, қол сағаттары, 

157
хаттары, қолжазбалары, кітаптары, т.б. қойылған. Әрине, 
үш қабатты алып жатқан дағарадай Әдебиет музейіне 
кеңестік дәуірде келушілердің көп болғанына күмән жоқ. 
Ол кезде қаламмен тәрбиелеуге, қалам құдіретіне бас июге 
жағдай осылай да жасалған. Дегенмен, музей экспозициясы 
көнерген, жаңа дәуір рухына сәйкеспей тұр. Ғимарат 
ескірген. Көптен бері күрделі жөндеуді қажетсінуде екен. 
Бір кезде музей штатында 25-30 адам жұмыс істесе, қазір 
олар да қысқартылған. Яғни, бұл Әдебиет музейі бүгінгі 
заман, уақыт талабына сай қызмет көрсете алмай тұр. 
Бәлкім, экономикалық өрлеу туса өзбек ағайындар бұл 
музейге басқаша мәртебе берер деген ойда қалдық. 
Менің Алматыдан, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің музей 
кешенінен келгенімді естіген соң музей қызметкері Тұрсын 
маған Мұзаффар Ахмадтің «Екі дос дастаны» атты естелік-
эссе кітабының бірнеше данасын сыйға берді. 1994 жылы 
жазылып, Ташкенттен 1997 жылы 2 мың дана таралыммен 
шығыпты. Ғафур Ғұлам мен Сәбит Мұқановтың достығы 
баяндалады деді. 
1990 жылы Ташкент уалаяты Орта Шыршық ауданындағы 
Сәбит Мұқанов атындағы мектепке жазушының туғанына 
90 жыл толуына байланысты үлкен әдеби кеш өтеді. Оған 
Әзім Сүйін, Төре Мырза, Мұзаффар Ахмад сияқты шайыр 
інілерімен бірге Өзбекстан Мемлекеттік сыйлығының 
лауреаты, ҚР Президенттің Бейбітшілік пен келісім 
сыйлығының иегері, бір кезде Сәбең «Сары бала» деп 
еркелететін Насыр Фазылов та қатысады. Қазақстаннан 
да қонақтар шақырылған. Осы кезде Н.Фазылов Сәбит пен 
Ғафур арасындағы айнымас достықты тамаша мысалдармен 
майын тамыза әңгімелеп береді. Ақын інісі Мұзаффар 
сол әңгіменің негізінде «Екі дос дастанын» жазады. Насыр 
Фазыловтың атынан баяндалатын бұл толғау достықты ту 
етіп көтеруімен құнды. 
«Үзілмеген алқа аяулы, бұзылмаған достық ардақты. 
Мұхтар мен Айбек, Сәбит пен Ғафур арасындағы айнымас 
достық туралы, өкінішке қарай, біз аз айтамыз, тіпті, күні 
кешегі осынау қасиетті қандастық қарым-қатынастың 
ауылы көз алдымыздан бұл-бұл ұшып, әлдеқайда алыстап 
бара жатқандай... Қимайсың... Өзіңді өзің қинайсың... Дерегін 

158
сұрап, себебін іздеуге ұяласың. Өз ар-ожданыңның алдында. 
Біз келешек ұрпаққа бос қоржын қалпымызбен қалай, 
не деп бара жатырмыз? Осыны бір сәт ойладық па? Жоқ, 
ондай мұрша қазір бізде болмай тұр... Өкінішті-ақ!» – деп 
Насыр аканың атынан тұтас бір буын сөз алып тұр. Одан 
соң ол: «Несін айтасың, Сәбит аға Өзбекстанды өте-мөте 
жақсы көруші еді! Бұл жерде оның қадірлі достарынан өзге 
де таныс-біліс адамдары көп болушы еді. Ағамыз, әсіресе, 
өзбек қаламдастарына аса қайырымды болатын. Айбек 
пен Ғафурды айтпағанда, ол кісі Ұйғын, Шайхы дамулла, 
Зүлфия, Яшин, Міртемір, Нәзірлермен де жақсы араласты» 
– дейді ағынан жарыла. 
Насыр Фазылов Ғафур қайтыс болғанда Сәбиттің қандай 
күй кешкенін, ести сала Ташкентке ұшып келіп, қазаның 
ауыр жүгін иығымен көтеріскенін, досын қабірге түсіп өз 
қолымен қойғанын, ал Сәбит дүниеден озғанда Өзбекстаннан 
Нәзір Сафаров, Міртемір, Насыр Фазылов  – үшеуінің 
Ғафур қабірі басынан бір уыс топырақ алып, Алматыға 
асыға жеткендерін, ол топырақты Сәбит қабіріндегі жас 
топыраққа қосу жөнінде ақсақалдармен ақылдасқандарын, 
т.б. егжей-тегжейлі баяндай келіп, соңында: «Ертесіне, 
Ташкенге қайтар алдында қош айтысып, қайырласу үшін 
Сәбит ағаның отбасына бас сұқтық. Кірер есіктің оңы мен 
солында тұрған Мәриям анамыз бен Арыстан ініміз көңіл 
айтып кіріп-шыққандарға бас-көз болып тұр екен. Жұрт 
аяғы сейіле бере Арыстаннан:
– Кешегі... әлгі қалташадағы топырақты қайттіңдер, қабір 
ішіне септіңдер ме? – деп сұрадым.
– Жоқ, – деді Арыстан.
– Неге?
Үшеуіміз бір-бірімізге аңтарылып қарап қалыппыз. Аса 
бір ыждағатты 
ырым-ниетпен келгенде... бұлардың мұнысы...
 – Не істедіңдер? Әлде ұмыт қалды ма? – бірінші болып 
мен тілге келдім.
– Қабыр ішіне... шашпадық, ақсақалдармен кеңескен соң...
– Ол қандай кеңес?
–  Ғафур көкеміз әкеміздің қияметтік досы болған соң... 
жан досының топырағын басына жастанып жатсын деп... 

159
қалташаны басына жастық қылып қойдық...
Қайран қалған біздер тұрған орнымызда қаттық та 
қалдық! Міне, тапқырлық! Міне, даналық! Далалыққа тек 
даналық жарасады! Бәрекелде, қазағым!..».
Осы бір тебіреністі жайтты Арыстан Сәбитұлының 
 
аузынан да естіген едім. Соны Насыр Фазылов тіпті 
толықтыра жеткізген екен. Досының бір уыс топырағын 
басына жастанып жатқан досы туралы мұндай хикаяны 
бұрын-соңды еш жерден естіген, оқыған емеспіз.
Автордың хатимасындағы (сөз соңы) мына бір шумақ 
өлең де қымбат: «Таспен қоршап қайтеміз шекараны? // 
«Елдестірмек елшіден екі араны» //. Ұлы достық, ынтымақ 
барда ғана // Ұжмаққа ұлы көш жете алады!» 
PS. Кейін бұл «Достық дастаны» ақын Исраил 
Сапарбайдың аударуымен «Егемен Қазақстан» газетінде 
жарық көргенін айта кеткім келеді.
Жиырма алтыншы тамыз. КСРО-ның және Өзбекстанның 
халық суретшісі, КСРО Көркемсурет академиясының 
толық мүшесі Орал Таңсықбаевтың мұражайына бардым. 
Мұражай директоры Сұлтан Ибрагимов деген кісі екен. 
Оралдың ағасының қызына үйленген – күйеу баласы. 
«Оралдың жанында отыз жыл жүрдім» дейді. Әскери адам.
22 тамыз күнгі жер сілкінісінде мұражайдың көрме 
залындағы бірнеше картиналар, портреттер қабырғадан 
құлап кетіп, бүлінген. Оларды қалпына келтіру үшін 
жөндеушілер бөлмедегі жәдігерліктерді түгел басқа 
бөлмелерге шығарған. Шаң. Оралдың бұрын өзі тұрған үйінің 
қабырғаларына да сызат түскен. Енді күрделі жөндеуді 
қажет етеді. Ал жаңадан (1990ж.) салынған екі қабатты 
көрме залы (1-қабат) және суретшінің өз туындылары 
қойылған зал  аман, (2-қабат) бүлінбеген екен.
– Бұл мұражайға бұрын Қазақстаннан келушілер 
көп болатын, – дейді Сұлтан Ибрагимов. – Негізінен, 
жазушылар, суретшілер, өнер адамдары. Олардың бәрі 
де Оралдың қазақ екендігін, ұзақ ғұмырын Өзбекстанда 
өткізгенін, 1904 жылы Ташкентте дүниеге келіп, 1974 жылы 
Қарақалпақстанның Нүкіс қаласында өмірден озғанын, 
кескіндемелік туындылары Мәскеудегі Мемлекеттік Шығыс 
халықтары Өнер мұражайында, Өзбекстан Республикалық 

160
Мемлекеттік Өнер мұражайында, Мәскеудегі бұрынға 
КСРО Суретшілер одағы қорында, Қазақстандағы Ә.Қастеев 
атындағы Мемлекеттік Өнер мұражайында және осы өзінің 
Ташкенттегі мемориалдық мұражай-үйінде сақтаулы 
екенін қызыға сұрап, біліп, көп мағлұмат алатын. 
Өнер зерттеушілері оның алғашқы «Көш» атты 
туындысы (1931ж.), Өзбекстанның көне қалалары, 
Қазақстанның Арал теңізі мен Сырдария бойына сапардан 
туған картиналары, т.б. ел мен жерге деген тұнып тұрған 
сағынышымен баурайтынын, бояу үйлесімділігімен, 
композициялық тұтастығымен ерекшеленетінін жазған. 
Ол 1935 жылы Алматыда өткен Қазақстан суретшілерінің 
тұңғыш көрмесіне қатысқан. Пейзаждық полотнолары 
әр алуан мазмұнды. Оның «Ескі Самарқанд», «Қызыл 
шайхана», «Ангерен-Қоқан. Тау жолы», «Алай алқабы», 
«Күзгі таң», «Туған өлке», «Сарқырама», «Алматыдағы 
қыс», «Іле өзенінің аңғарында», «Мақта жинау», «Алатау», 
«Арал теңізі», «Таудағы күз», т.б. картиналарының атының 
өзі Өзбекстан мен Қазақстанға қатысты жер-су атауларына 
бай. 
Орал Таңсықбаев туралы: «... Орта Азия мен Қазақстанда 
онымен тайталасатын табиғат жыршысы кем де кем. Ол – 
халқының ой-арманынан, аңсарынан туған тұлға. Ол нағыз 
реалист-романтик еді» – депті халық суретшісі Әубәкір 
Ысмайылов. Ал Таңсықбаев әлемін қандастық таным-
түйсігімен барлаған өнертанушы-журналист-жазушы 
Қали Сәрсенбайдың: «Таңсықбаевтың картиналарындағы 
таулардың аласасы жоқ. Тауларында тәкаппарлықтан гөрі 
толғаныс басым, ал, даласы – әнші. Орал аға кезінде «Өз 
туған ошағыңнан алыста, өзге өлкеде жүріп өнеріңді өрістету 
мүмкін емес. Шынайы өнер еш боямасыз өз топырағынан 
ғана тамыр тартады, топыраққа тартып туады екен» деп 
жүрек толы сағынышпен жазған екен. сол сағыныштың 
көп ұшқыны осы картина бойында жатыр. Дүниенің бар 
шұғылалы бояуымен жазылған «Жеті келіншектің» өн 
бойындағы лиризм, реализм, мажорлы леп, асқақ сезім, 
аяулы арман адамзат жүрегін тербей беретін әсем ән, 
сағыныш сазындай» – деп тебіренуінің («Жүрек жыры және 
«Жеті келіншек» атты мақаласынан) сыры бөлек.

161
Орал Таңсықбаев театр декорацияларын да безендірген. 
Мұхтар Әуезовтің ықпалымен Қазақтың мемлекеттік 
академиялық Опера және балет театрында В.В.Великановтың 
«Қалқаман-Мамыр» балетіне (1938) жасаған эскиздерінде 
ұлттық нақыш пен бояудың мол болғандығын әлгі туған 
топыраққа тамыр тартудан танысақ керек.
Мұражай-үйіндегі қабырғада тұрған үлкейтілген 
фотосуреттің жанында еріксіз аялдайсыз. Мұхтар Әуезов 
әйелі Валентина, Орал Таңсықбаев әйелі Елизавета – 
төртеуі қатар отырып түскен фото. Отбасымен араласқан. 
Мұхаң да Оралдың қылқаламындағы құдыретке тәнті болса 
керек. Талантты талант таныған! 
Орал мен Елизаветадан бала жоқ. Оралдың ағасының яки 
інісінің бір ұлы тәп-тәуір суретші болған екен. Мұражайда 
бір картинасы тұр. Ерте қайтқан. 
Алматыда О. Таңсықбаев атындағы Сәндік-қолданбалы 
өнер колледжі бар. Оның шәкірттері  біздің Музей кешеніне 
жиі келіп, С.Мұқанов пен Ғ. Мүсіреповтің музей-үйлеріндегі 
өнер туындыларын жиі тамашалайтындары осы арада есіме 
түсті.
Мұражай-үйдің директоры С.Ибрагимовке Алматыдан 
алып барған бірқанша кітаптарымды тарту еттім. Тілек 
кітабына қолтаңбамды қалдырдым.  
Жиырма жетінші тамыз. Өзбекстандағы республикалық 
қазақ мәдени орталығының бастығы Марат Үкібаев 
деген азамат арқылы өзінің орынбасары әрі «JONI-
ER» жекеменшік медициналық фирманың жетекшісі, 
медицина ғылымдарының кандидаты Ерәшім Рустамовпен 
танысқаныма бірнеше күн болған. Уағда бойынша, бүгін 
Самарқанд қаласына барып қайтуға жолға шықтық. Ерәшім 
өзінің Шымкенттен келген қонағы Тұрғынбай Сәрсенбаев 
деген азаматты да ертіп алды. Жеңіл көлік «Нексиа» 
Ташкент пен Самарқанд арасындағы кең даңғылмен құстай 
ұшты. Рөлде – Ерәшімнің ұлы.
Самарқанд көк майса бөктерлерімен, көз ұшында 
айнала қоршаған көгілдір тауларымен, ертегі әлеміне 
енгендей әсерге бөлейтін көне қорған, қамалдарымен, 
ескерткіштерімен қарсы алды. Римнің құрдасы саналатын 
Самарқанд ЮНЕСКО-ның тізімінде тұрған қалалардың бірі. 

162
Бұл қаланың көшелерінде Ескендірдің (А.Македонский), 
әл-Бұхаридің, Шыңғысханның, Захратдин Бабырдың, 
Ұлықбектің, Қожа Ахрардың, Саманидің, Әмір Темірдің, 
Жүсіп Жалаңтөс баһадүрдің арғымақтарының ізі қалған. 
Шығыстың шырайлы өрнектерін сақтаған бұл қаланың 
гүлденуі, Ислам дінінің шапағатына бөленуі, әрине, Әмір 
Темірдің есімімен тікелей байланысты. Мұнда Гур-Әмір  – 
Әмір Темірдің мазар кешені. Онда Темірдің сүйікті немересі 
Мұхамет Сұлтан кенеттен ажал құшқанда ең бірінші болып 
жерленген екен. 1404 жылы Қытайға жорыққа аттанар 
алдында даңқты қолбасшы Әмір Темір Отырарда дүниеден 
озғанда балалары ақылдасып, немересінің қасына қойыпты. 
Сонымен, бұл Гур-Әмірде Мұхамет сұлтан, Әмір Темірдің 
өзі, ұстазы Саид Береке, Сейід Омар, Темірдің ұлдары – 
Мираншах, Шахрух және Ұлықбек жерленген. 
Азан шақыратын мұнараларының биіктігі 50 метрлік Бибі 
Ханым мешіті Әмір Темірдің бұйрығымен тұрғызылыпты. 
Мешіттер көп және әрқайсысының тарихы көне күндерден 
сыр суыртпақтатады. Самарқандты 25 жыл билеп тұрған 
кезінде Жалаңтөс баһадүр салдырған әйгілі Шердор 
медресесі де көпке мәлім. Бұл жөнінде Сәбит Мұқанов өзінің 
1970 жылы қаланың 2500 жылдығына арнаған «Самарқан» 
атты өлеңінде: «Ортақ боп жеңістерде бар үлеске, // Қалсын 
деп ұрпақтарға мәңгі есте. // Шер-дорды Самарқанда салып 
кеткен, // Менің бір қазақ атам Жалаңтөс те!» – деген.
Афрасиаб төбесінде Шах-и-зинда пайғамбардың, Данияр 
пайғамбардың көк күмбезді мазарлары. Алып шынарлар, 
алып емендер бар. Мақсум Ағзам кесенесінде егілгеніне 500 
жыл болған алып емен ағашы өсіп тұр екен.   
Әл-Бұхаридің мазарында, мешіт, медіресесінде 
болып, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) хадистерін жинап, 
таратуға бар өмірін арнаған ғұламаның рухына да құран 
бағыштадық. Әл-Бұхари кесенесі Самарқандтың сыртында 
10 шақырымдай жерде жеке орналасқан. Кесенеге барар 
жол да, кірер жол да сәнді, салтанатты. Тәбәрік ретінде 
әртүрлі бұйымдар  – тәсбих, жайнамаз, тұмар, тақия, т.б. 
алып жатқан жұрт. Қол кілемдер, қыш құмыралар қисапсыз 
көп. Ұсталар соққан зергерлік бұйымдар да сан алуан. 
Біз бұл күні кешкісін Самарқандтағы бір жас қазақ 

163
отбасының үйлену тойларында болдық. Тәжікше, өзбекше 
әндер көп айтылды. Бір-екі қазақ әні сұранысқа орай ғана 
берілді. Түнгі Самарқандты көп араладық. Қонып, әулиелер 
мен әмбилердің рухына тәу еттік. 
Ертеңінде көл-көсір әсерге бөленген қалпымызда 
Самарқандтан қайттық. Жолбасшым Ерәшімге рахмет-
алғысымды айтып жеткізе алмаймын. 
Ойыма осыдан отыз жыл бұрынғы бір оқиға оралды. 
Алматыда Сәбит Мұқановтың музей-үйі 1978 жылдың 21 
қарашасында ашылған еді. Мен университет қабырғасынан 
жаңа ғана шыққан бозбала еңбек жолымды осы музей-
үйде экскурсовод болып бастаған едім. Музей ашылғанда  
Қазақстан Жазушылар одағының бір топ жазушыларын 
екінші хатшы Әбіш Кекілбаев бастап келіп тамашалады. 
Әлі есімде, Сәбеңнің жұмыс бөлмесіндегі  бүкіл қабырғаны 
алып жатқан кітап сөрелерінде бір фотосурет тұрған. Әбіш 
аға маған қарап: «Мынау кім?» деді. Мен «Бұл  – Ақсақ 
Темір» дедім. Әбекең сәл езу тартып күлгендей болды. Жұрт 
аяғы саябыр тартқанда жүгіріп барып әлгі фотосуреттің 
астындағы жазуға үңілдім. Онда «Самарқанд. Темірлан» 
деп жазылған екен. Енді ойлап отырсам, әлгі Сәбеңнің 
«Самарқан» деген өлеңі мен фотосуреттің арасындағы 
байланыс 1970 жылғы қаланың тойымен сабақтас екен. 
Сол сапарда алып қайтқан болды. Әмір Темірдің суретші 
фантазиясымен сомдалған портретінің фотокөшірмесі 
музейде сол Сәбең өз қолымен қойған жерде әлі тұр...
Жиырма сегізінші тамыз. Өзбекстан Республикасындағы 
Қазақстан Республикасының Елшілігінде қызмет істейтін 
Мелсат Халимов деген азаматпен танысып, кейбір 
жағымды жаңалықтардан құлағдар болдым. Біріншіден, 
қазақ-өзбек арасындағы шығармашылық байланыстардың 
дәнекері болып жүрген Насыр Фазыловтың ұйытқы 
болуымен Ташкенттегі орталық «Шарқ» баспа-полиграфия 
акционерлік компаниясынан «Тіршілік әуені» деген атпен 
бір топ қазақ жазушыларының әңгімелер жинағы жарық 
көріпті. Кітапқа Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит 
Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Әбдіжәміл Нүрпейісов, 
Бердібек Соқпақбаев, Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбайұлы, 
Сайын Мұратбеков, Мұхтар Мағауин, Оралхан Бөкеев, 

164
Бексұлтан Нұржекеев, Дулат Исабеков-сынды қарымды 
қаламгерлердің таңдаулы шығармалары өзбек тіліне 
аударылып берілген. Кітаптың жарық көруіне Қазақстанның 
Өзбекстандағы елшілігі қолдау көрсетіпті. 
Көңілді марқайтатын келесі жаңалық  – Астанада 
Мұстафа Кемал Ататүрік тұлғасы тас тұғырға қонып 
жатқанда, Өзбекстанның бас қаласы Ташкентте қазақтың 
бас ақыны Хакім Абайдың  биіктігі сегіз метр болатын, 
қоладан құйылатын ескерткіші Зульфия ханым мен Абай 
көшелері қиылысында асқақ бой түзеп, бауырластық 
белгісіндей болып тұрмақ. Байқауға ақынның он бес эскиздік 
жобасы келіп түскен екен. Соның арасынан Мемлекеттік 
комиссия айтулы мүсінші Нұрлан Далбайдың, сәулетшілер 
Қаби Баулықов пен Расул Сатыпалдиевтің жобасын жоғары 
бағалаған. Іске сәт! 
Жиырма тоғызыншы тамыз. Өзбекстандағы 
республикалық қазақ мәдени орталығының орынбасар 
бастығы Жамалиддин Якубов маған бір құнды кітап 
сыйлады. Қазақ мәдени орталығы Ташкенттегі «Zar-
galam» баспасынан 2005 жылы «Ташкенттегі тұңғыш қазақ 
институты» атты құжаттар мен материалдар жинағын 
Дүниежүзі қазақтарының үшінші құрылтайы қарсаңында 
шығарыпты. 
ХІХ ғасырдың екінші жартысында бүкіл қазақтардың тең 
жартысынан астамы Түркістан генерал-губернаторлығына 
(1867-1917), ал қазан төңкерісінен кейін Түркістан АССР-іне 
(1918-1924) қараған. Орта Азиядағы ұлттық-территориялық 
шекаралық бөліністар аяқталған 1924 жылға дейін  солай 
болды. Ташкент мұрағаттары мен Ә.Науаи атындағы 
республикалық кітапхананың сирек қорында қазақ 
тарихына қатысты қаншама құжаттар жатыр десеңізші. 
Мына кітап соның бір тамшысы іспетті. Мұрағаттар мен 
қорлардан қаншама құжаттардың мұқият сұрыпталып 
жиналғаны көрініп тұр. 
Тұңғыш Қазақ оқу-ағарту институты (Казинпрос) 
туралы көптеген тың деректер осы кітапқа жинақталған. 
Редакциялық алқа құрамында С.Тілеуқұлов (жауапты 
редактор), Ш.Оразымбетов, А.Голованов, М.Бакировтер бар. 
1918 жылы Түркістан Республикасы Оқу-ағарту Халық 

165
комиссары шешімімен Орыс педагогикалық училищесінде 
Қырғыз (қазақ) педагогикалық бөлімі ашылады. 1919 жылдың 
1 шілдесінен бұл бөлім жеке училищеге айналдырылады. 
1920 жылдың 1 қазанынан бұл училище Аймақтық Қазақ 
оқу-ағарту институты болып қайта құрылады. Мұрағаттық 
дерек бұл институттың оқытушылар құрамын да көрсеткен. 
Олар – М.Тынышбаев, Х.Досмұхамедов, С.Қожанов, 
И.Тоқтыбаев, М.Жұмабаев, К.Жаленов, Х.Болғанбаев, Қоңыр 
Қожа Қожықов, Ф.Құлтасов, Е.Табынбаев, С.Өтегенов, 
А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, Д.Әділов, Д.Сәрсенов, т.б. 
1925-1926 оқу жылында Ташкенттегі Қазақ оқу-ағарту 
институты негізінде Қазақстандағы тұңғыш жоғары оқу 
орны ашылады. 1928 жылы бұл жоғары оқу орны Алматыға 
көшіріледі. Аталмыш институттың бүгінгі мұрагері – Абай 
атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті болып 
табылады. 
Кейбір жекелеген құжаттар көзге сонша ыстық көрінеді. 
Көп ойларға жетелейді. Мәселен, Институттың 1923 жылғы 
3-курс студенттеріне түрік-монғол тарихы бойынша 
өткізілетін курстың М.Тынышбаев жасаған бағдарламасы. 
Ол он баптан тұрады: Көне түркілер мен монғолдардың 
тарихы; Шыңғысхан империясы; Тоқтамыс ханға дейінгі 
Алтын орда; Темір және оның империясы, Алтын орданың 
құлауы және оның себептері; Темір әулеттері; Түркістанды 
алу; Шейбанидтер, аштарханидтер, маңғыттар (Бұхара), 
қоңыраттар (Хиуа), т.б; Қазақ хандықтарының одан кейінгі 
тағдыры; 1723 жылғы соғыс және оның салдары; қазақтар 
мен қырғыздарды орыстардың жаулауы; түрік-монғол 
халықтарының шежіресі. Ал енді осы тарих кеңес дәуірінде 
мүлде оқытылмады ғой. Тиіп-қашып жалған ақпараттар 
ғана берілді. Шыңғыс ханның да, Әмір Темірдің де тарихтағы 
рөлі теріс түсіндірілді. Соны ойласақ, М.Тынышбаев жасаған 
тарихты оқыту бағдарламасымен жылап көріскендей 
боласың. Қазіргі тарихшыларымыздың, тарих оқулығын 
жазатындардың да құлығына алтын сырға.
Міне, Қазақ Педагогикалық институты жанындағы жеті 
жылдық мектептің Педкеңес мәжілісінде қабылданған оқу 
жоспары : 1-сыныпта қазақ тілі мен әдебиеті аптасына – 12 
сағат, математика – 9 сағат, ән-күй – 1 сағат, денешынықтыру 

166
– 2 сағат.Орыс тілі оқытылмайды. Орыс тілі мен әдебиеті тек 
2-сыныптан бастап аптасына 6 сағат оқытылған. Ал қазір біз 
ана тілінде сауат ашқызуды бірінші кезекке қоюдың орнына, 
бүлдіршіндердің миын балабақшадан бастап қойыртпақ 
тілмен улап жатырмыз. Ойландыра ма? Ойландырады! 
Ал, Ташкентте 1926 жылғы 29 қазанда педагогикалық 
жоғары оқу орнының салтанатты ашылуында Қазақстан 
Халық ағарту комиссары Смағұл Сәдуақасовтың жасаған 
баяндамасын оқысаңыз (107 б.), қаныңызда ұлттық рух 
оянады. Біздің қазіргі білім және ғылым министрлеріміз 
неге осындай жоғары мемлекеттік мүдде, ұлттық мүдде 
тұрғысынан ойлап, мәселе көтермейді екен дейсің іштей 
қынжылып. Билік тізгінін ұстағандардың ылғи біздің 
үлесімізді басқаға берумен айналысатыны неліктен?!
Қазақтың жоғары педагогикалық институтының бір 
жылдық жұмыс қорытындысында кімдер сөз алған дейсіз 
ғой. Қараңыз: Т.Жүргенов, С.Сәдуақасов, Е.Омаров, В.Кун, 
Х.Досмұхамедов, Ә.Диваев, А.Панков. Қайран, марқасқалар! 
Бұларды толғандырған мәселелерді санамалаудың 
өзі санаға салмақ салады: Қазақстандағы Жоғары оқу 
орындарының болашағы, мәні мен маңызы, қазақ тілінің 
жайы, қазақтың халық (ауыз) әдебиеті, көне жазулар, 
Жалаңтөс баһадүрдің шығу тегі, қазақты тануға қатысты 
материалдар, этнографиялық мұралар, Қазақстанның 
тарихы, археологиясы, этнографиясы және антропологиясы 
бойынша библиографиялық материалдар, т.б.
Жас ұрпақты тарихпен тәрбиелеуіміз керек! Бұл сөз аз 
айтылмайды. Ал сол сөзді бекітетін осы кітап секілді нақты 
жүзеге асқан шаруалар. Игілікті іс екен.
Ташкенттегі тамыздың ыстық күндері маған да мол 
рухани әсер, рухани нәр сыйлағанына тәнтімін.
2008 ж.

167
МИХАИЛ  ШОЛОХОВ  ПЕН 
СӘБИТ  МҰҚАНОВ  
Бірде Мұражай кешеніне, менің атыма, мынадай 
мазмұнда хат келді: «Соғыс жылдарында М.А.Шолоховтың 
отбасы эвакуацияда болғанда тұрақтаған, өзі де майданнан 
әлденеше рет  келген Дария ауылында 1979 жылы 
жазушының әлемдегі алғашқы музейі ашылған болатын. 
2007 жылдан бері «М.А.Шолохов атындағы мемориалдық 
мұражай» деп аталады. Мұражай экспозициясы 
мемориалдық бөлімге – өзінің отбасы тұрған үй және әдеби 
бөлімге – шығармашылық өмірбаянының Қазақстанға, Орал 
бойына қатысты деректерін қамтитын кезеңдеріне бөлінген.
Михаил Шолохов пен қазақ жазушылары Сәбит Мұқанов 
пен Ғабит Мүсірепов арасында қандай мықты достық 
байланыстары болғаны көпшілікке мәлім. Бір өкініштісі, 
біздің мұражайда бұған қатысты мәліметтер  тым аз. Біз 
Сіздің мұражай кешенімен осы бағытта қарым-қатынаста 
болсақ деп едік. Мұражай кешенінде жазушылардың 
өзара байланыстарын айғақтайтын нендей материалдар 
(фотосуреттер, хаттар, т.б.) бар? Біз М.А.Шолоховтың 
қазақстандық достары, жекелеген жазушылар туралы 
көбірек баяндап, осы тақырыпты кеңірек ашсақ дейміз. 2010 
жылы – жазушының 105 жылдық мерейтойы қарсаңында 
біз мұражай экспозициясын ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. 
Сондай-ақ, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің ұрпақтарымен де 
байланыс орнатсақ дейміз. Ынтымақтастық байланыстар 
үшін алдын ала алғыс білдіремін. О.А.Чеканова, М.А.Шолохов 
мұражайының директоры. Ленин көшесі, 25, Дария ауылы, 
Зеленов ауданы, Батыс Қазақстан облысы. 11.11.2008 ж».
Бұл хат менің санамда, ең алдымен, сонау кеңес дәуіріндегі 
гүлденген музейаралық байланыстарды жаңғыртты. Ол 
кезде хат алысулар, жәдігерліктер алмасулар, тәжірибе 
бөлісулер, барыс-келіс біршама жолға қойылған болатын. 
Енді міне, бір Қазақстанда тұрып, музейаралық қарым-
қатынастар үзіліп қалған. Мына хаттың сол дәстүрлі 
байланыстарды жаңартуға септігі тиейін деп тұр. Ол 

168
үшін мұражай директоры Ольга Андреевнаға алдын-ала 
ризашылығымды білдіргім келеді. Дегенмен, «әлі күнге 
«Ленин көшесін» өзгертпегендері несі?» деген бір ой еріксіз 
қылаң етті.
Сәбит Мұқанов пен Михаил Шолоховтың арасындағы 
достық қарым-қатынасты баяндайтын деректер туралы 
ойланғанда, ең алдымен, көз алдыма екі жазушының қатар 
отырып түскен фотосуреті келе қалды. Мұражай кешенінің 
мұрағатын ақтарғанда бір емес, үш фотосурет қолға ілікті. 
Бірінде – С. Мұқанов пен М. Шолохов иық түйістіріп жеке 
түскен. Екіншісінде – Сәбең ортада, оң жағында Иван 
Шухов, сол жағында М.А. Шолохов. Фото суреттің сыртында 
– «Пресновка. 24.09.1954» деген жазу бар. Яғни, Солтүстік 
Қазақстан облысында, Иван Шуховтың туған жері – 
Преснов  ауылында жаздың күзге ұласқан шағында түскен 
фотосурет. Кім түсіргені белгісіз. Сірә, облыстық газеттің 
фотокорреспонденті түсіруі де мүмкін. Екі фотосуреттің 
бір мезгілде, бір жерде түсірілгенін жазушылардың киген 
киімдері-ақ айғақтап тұр. 
Ал үшінші фотосуреттің тарихы туралы 1965-1991 
жылдары Қазақстан Жазушылар одағының Орал 
облысаралық бөлімшесінің жауапты хатшысы болған 
Николай Корсуновтың баяндауы біраз мағлұмат береді: 
«Отыз жыл бойына М.А. Шолохов Доннан Орал облысына 
келіп, өзінің жаңа шығармаларының жаңа парақтарын 
жазатын, өзен жағасында отырып балық аулайтын, кейде 
аңға да шығатын. Оралдықтармен жазушының достығы 
1942 жылдан басталады, оның отбасы эвакуациямен  біздің 
ауылдарымыздың біріне келіп тоқтаған еді. 1965 жылдың 
күзінде оған Нобель сыйлығы берілгендігі туралы хабарды да 
ол осында естіді. Михаил Александрович мені жұбайыммен 
бірге Мәскеуде Нобель сыйлығын атап өту салтанатына 
арналған қабылдауға қатысуға шақырды.
Жағдайға байланысты, қабылдауға мен жалғыз өзім 
бардым. М. Шолохов Мәскеу маңында демалып жатқан Орал 
облыстық партия комитетінің хатшысы Б. Жұмағалиевті 
де шақырған екен. Қабылдауға келгенде, қонақтардың 
арасынан мен тағы бір жерлесімді – Сәбит Мұқановты да 
жолықтырдым. Ол кешігіңкіреп келсе керек, ентігіңкіреп, 

169
ауыр адымдап келіп біздің топқа жақындады. Әдеттегідей 
оның басында қара тақиясы бар екен. Ол Михаил 
Александровичті жоғары халықаралық сыйлықты алуымен 
шын жүректен құттықтады. Михаил Александрович 
анадайда тұрған ТАСС-тың фототілшісі В. Савостьяновты 
өзіне ымдап шақырып алды да, бізге: 
– Ал, ескерткіш болсын, суретке түсейік.., – деді. Бұлай 
суретке түсуіміздің себебін ол өзінің екінші Отанындай 
болып кеткен Қазақстан жерінде жүргенде Нобель 
сыйлығы берілгендігі жөніндегі жақсы хабардың жетуімен 
байланыстырды. Бес адам қатар тұра қалдық. В. Савостьянов 
фотоаппаратын бірнеше рет жарқ-жұрқ еткізді. Сәбит аға 
одан фотосуретті қалай, қашан алатынын сұрады ғой деймін. 
Фототілші мені нұсқап: «Мына кісіге берем...» деді.
Ол сөзінде тұрып, бірнеше дана фотосуретті маған 
беріп жіберіпті. 1966 жылдың көктемінде жазушылардың 
кезекті құрылтайында мен Сәбит Мұқановқа жолығып, 
фотосуреттің екі данасын бердім. Ол оған қатты риза болып 
қалды». («Музы Приишимья», Спец. выпуск. Сев. Каз. обл. 
Июнь-июль, 1990г.). 
Н. Корсуновтың бұл айтқандарын фотосуреттегі бесеудің 
бірі Бисен Жұмағалиев былай деп толықтырады:
«Қазақ жерінде жүріп Нобель сыйлығы берілгенін естіп, 
қуандық. Соның куәсі ретінде сендермен суретке түсуді 
ойлап тұрмын. Бұған қалай қарайсың, Сәбит, – деді Михаил 
Александрович.
– Құп болады, Миша! Дұрыс айтасың...
Бір кезде Климент Ефремович Ворошилов көрінді. Аяғын 
жайлап болса да анық басады, әлі ширақ. Достық лебізбен, 
қызу құттықтап, жазушының арқасынан қақты. Михаил 
Александрович бізді оған да таныстырды.
– Ә, сізді білемін ғой, – деді Ворошилов Сәбеңе қарап. 
– Мұхтар Әуезовті де білемін. Қазақтардың екі онкүндігін 
көргенмін. Алматыда да болғанмын.
Жақындап келіп, Савостьянов суретке түсіруге рұқсат 
сұрады.
– Климент Ефремович, сіз боп бәріміз қазақ достармен 
суретке түссек деймін. Бұған қалай қаарйсыз?
– Иә, түсейік, љте жақсы болады, – деді маршал.

170
Біз бесеуміз тұра қалдық. Соның алдында Михаил 
Александрович бір күлдіргі әңгіме айтқан. Содан суретте 
бәріміз жымиып қалыппыз.
Қонақтарды банкет залына шақырды. Нобель 
сыйлығының лауреаты Михаил Александрович 
Шолоховтың құрметіне СССР Жазушылар одағы атынан 
әзірленген қонақасы басталып кетті.
Тост көтергендердің барашсы бұрылып келіп Сәбеңмен 
рюмкаларын соғыстырып кетеді, қасында тұрған Николай 
екеуміз де елеусіз қалмаймыз. Бір кезде: «Е, құдалар, 
бармысыңдар», –  деп Сергей Михалков келді.
– Сәбит, – деді ол кісі, – менің немерем Егор саған тартқан.
– Е, бәсе, жиені нағашысына тартпағанда кімге тартсын. 
Бауы берік  болғай.
– Нағыз қазақ, етті бәрімізден көп жейді, – деп күлді 
Михалков.
Қабылдау аяқталды. Қонақтар тарай бастады.
– Сәбит, жазда Ақжайыққа кел. Шалқар жағасында 
даланың тамаша ауасын жұтып, аспандатқан аққу әнін бірге 
тыңдайық. Біраз сайрандайық, – деді Шолохов.
Сәбит екеуміз бірге кеттік. Ол кісі «Москва» қонақ үйінде 
екен. Жол бойы әңгімеміз Михаил Александрович, әдебиет 
пен өнер жайлы болды.
– Ә, дұрыс айтасың, Миша ғажап жан. Қазақ халқына 
деген ықылас-пейілі бөлек. Кездесе қалсақ ылғи Батыс 
Қазақстанда Шалқар дейтін атақты көл барын, оның 
қаңқылдаған қаздары молдығын, аққу әні құлағыңнан 
кетпейтінін, жазушыға ең пайдалы демалыс – аңшылық 
екенін уағыздаудан бір жалықпайды. Бірің келмейсің 
деп өкпелеп те алады. Әлгі біздің Иван Шухов жыл сайын 
барамын деп уәде береді екен де, бармай қалатын көрінеді. 
«Әй, сірә, Ғабит те, Иван да мылтық ұстай білмейтін шығар-
ау», – деп Миша ептеп бізді де қайрап қояды, – деді Сәбең.
1965 жылы мамырда М. А. Шолохов алпыс жасқа 
толады. Сол қарсаңда Дондағы Ростовта шығатын «Дон» 
журналы С. Мұқановқа пікір білдіруді сұрап хат жазады. 
Хат оятқан ойлар хат түрінде қағазға түседі де көп кешікпей 
«Жұлдыз» журналында (№5, 1965.) «Қандас досыма хат» 
деген тақырыппен, «Простор» журналында (№5, 1965.) 

171
«Единокровному брату» деген тақырыппен жарық көреді. 
«Сүйікті Михаил!» деп бастаған хатында Сәбең онымен 
1934 жылдың жазында, Мәскеуде, «Советская литература» 
баспасының кассасы алдында қалай танысқанын тәптіштеп 
жазады. Кассаның алдында қаламақы алуға кезекте 
тұрғандар М. А. Шолоховқа «Сіз алдан алыңыз!» деп ізет 
білдіргенде, ол: «Ненің ақысы? Көп орыстың ішінде, анау 
жалғыз қазақ тұр, ақшаны әуелі сол алсын!» деп құрмет 
көрсетеді. 
Кейін екінші рет жолығысқанда, Сәбең Михаил 
Александровичтен «Сен мені білетін бе едің?» деп сұрағанда
ол: «– 1933 жылдың бірінші майы күні «Известия» газетінде 
сенің «Майға сәлем» деген өлеңің жарияланды. Мына жарық 
әлемде Сәбит Мұқанов деген ақын барын алғаш содан бері 
білем» – деп жауап береді. Мұны Сәбең ойдан шығарып 
отырған жоқ. Біріншіден, М. Шолоховтың бұл кезде көзі тірі, 
жалған айтуға реті жоқ. Екіншіден, «Правда», «Известия» 
сияқты Одақтық газеттердің бірінші бетіне кез-келген 
ақынның өлеңі жарияланбайды. Сондықтан, оның өзі көңіл 
аударарлық уақиға ретінде есте сақталуы бек мүмкін. 
Қалай болғанда да, осынау кішкентай мысалдардың өзі екі 
жазушының арасындағы бір-біріне деген құрмет пен ілтипат 
бастауларын әдемі аңғартып тұр емес пе?!
Хатында С. Мұқанов «қандас досым» деген сөзін тармақтап, 
тарқатып қызық түсіндіреді. «...қазақтар мен казак-
орыстардың тарихы да, тағдыры да өте ұқсас. Тарихшылар 
«казак» (казачество) деген түрік сөзі, «еркін өскен» деген 
сөз деседі. Рас. Сонда, бұл «казак» (казачество) түріктің өзге 
тұқымынан алынған сөз емес, «қазақ» халқының атынан 
алынған сөз. Бұл екі сөздің тарихы да, мағынасы да біреу 
ғана» деп бір-ақ қайырады Сәбең. Арғы-бергі тарихқа көктей 
шолу жасап, қадау-қадау деректерді алға тарта отырып 
Сәбең бауырластық тамырларын әріден табуға тырысады. 
Өзінің «Игорь полкы туралы сөзді» аударып шыққанын 
(1941 жылы), казак-орыстар пен половецтердің қарым-
қатынасындағы сәйкестіктерді, Шоқан мен Достоевскийдің, 
Шоқан мен Потаниннің достықтарын, Алтын Орданың ханы 
Беркенің бір әйелі Киев князі Владимирдің қызы болғанын, 
қазақтар Пугачев көтерілісіне де қатысқанын, т.б. тілге тиек 

172
етеді. 
«В.Я.Шишков «Емельян Пугачев» аталатын 
трилогиясында – «1760 жылы орыс армиясы Берлинді 
шабуылмен алғанда, қамалды бұзып, қақпасын алғаш ашып 
кіргендер казак-орыстар мен қазақтардың салтатты әскері 
болды» дейді. Бұл мәліметті ол, француз саяхатшысы және 
тарихшы Абель Ремюзенің материалдарынан алған. Ендеше, 
қазақ пен казак-орыстардың жауынгерлік достығының 
да талай ғасырлық шежіресі бар. Осы достықтың айқын 
бір куәсі, – жоғарыда аталған Шоқан Уәлихановпен, 
оның мектептес досы, сібірлік казак-орыс, атақты ғалым, 
демократ Г.Н.Потаниннің өмір бойы бірге туған адамдай 
болып өтуі. Тарихта талай дос адамдарды кездестіре жүре, 
мен Уәлиханов пен Потаниннен артық дос болған адамды 
білген емен...» – дейді Сәбит Мұқанов («Жұлдыз», №5, 1965).
Әрине, Сәбең қазақтар мен казактардың арасындағы 
өте күрделі қарым-қатынастың бір ғана қырына – достық 
байланыстарға ғана тоқталып отыр. Соғыстан кейінгі 
жылдарда Батыс Қазақстан облысындағы «Шалқар» көліне 
жыл сайын келіп, аңшылық құрып жүргенде М. Шолоховтың 
қарапайым қазақ Мұхтар Мейірмановпен достасып кеткенін 
де Сәбең ұтымды аңғартады. 
«Қазақтар сенің шығармаларыңды орыс тілінде ғана емес 
(ол тілде оқитын қазақтар да аз емес), өзінің туған тілінде 
де оқиды. «Көтерілген тыңның» бірінші кітабы  қазақ тілінде 
1936 жылы басылып шықты. Ең шебер аудармашылардан 
саналатын Хасен Өзденбаев пен Қадыр Тайшықов шын 
ықыластарымен аударғандықтан, бұл шығармаңды 
қатардағы қазақ оқушылары төл шығармалардан кем 
түсінген жоқ, олардан кем сүйіп оқыған жоқ. Содан бері 
сенің негізгі шығармаларыңның бәрі қазақ тіліне кезінде 
аударылып, көп тиражбен басылып келеді. Қазір қазақ 
тілінде «Көтерілген тыңның» екі кітабы да, «Тынық 
Донның» төрт кітабы да, «Олар Отан үшін соғысты» мен 
«Адам тағдыры» да бар және бір рет емес, талай рет 
қайталанып басылды. Бәрін қосқанда, жалпы тиражы 150 
мыңнан асты. Осы шығармаларың үшін, олар сені шексіз 
сүйеді, бәрі де сені өз тамырына, өз досына санайды» –  
деп С. Мұқанов хатында салмақты ой түйген. Бальзактың 

173
барлық шығармаларын топтап «Адамзат комедиясы» деп 
атағаны сияқты, Шолоховтың шығармаларына ортақ атау – 
«Адамның тағдыры» дегенді Сәбең екпін түсіре айтқан.
Шолохов шығармаларының басты кейіпкерлері 
Мелехов, Нагульнов, т.б. туралы ойларын ашық білдірген 
С. Мұқанов осы хатында мынадай бір  қызық тұжырым 
жасайды: «Мен 1919 жылдың күзінен бастап, біздің Отанда 
«тап күресі» аталған тартыстың қалың ортасында болған 
адамның біреуімін, сондықтан, өзімді «тап жауы» дегендерге 
мейірімсіз болған, оларды жою таптық қана емес, гуманистік 
міндетім деп түсінген адамның біріне санаймын. Сондай адам 
бола тұра, мен Григорий Мелеховтың тағдырына жаным 
аши, оған есіркей қараған адамның біреуімін. Мені мұндай 
халге жеткізген – сенің шындықты, әсіресе адам тағдырын 
ғажап қызғылықты бояумен көрсете білуің. Ол үшін саған 
мың сан рақмет!..»
Сәбеңнің хаты Шолохов шығармашылығына жоғары 
баға берген, әдеби талдауларға құрылған, сыни-зерттеу 
үлгісіндегі туынды болуымен де қымбат. Оның «Рас, адам 
қоғамындағы барлық ұлттың да тарихына көз жүгіртсең, 
халқының есінде ең көп, ең ұзақ сақталатыны, ең зор 
махаббатпен сақталатыны – жазушылар. Себебі, шын 
мағынасындағы халықтық жазушылар, халықтың ары 
да, жаны да, тірі тарихы да. Сен осындай жазушылардың 
бірісің...» – деп Шолоховқа қарата айтқан сөзін өзіне – 
Мұқановқа да қатысы бар ой-тұжырым деп қабылдаймыз.
Хаттағы мына түйін сөзді де тебіренбей оқу мүмкін 
емес: «Алматыда бірге болып, сыр түйіскен күндерде, 
сенде міндеттілік сезімнің де күшті екеніне көзім жетті. 
Оған съезде (Қазақстан Жазушыларының ІІІ-съезі, 1954 ж. 
қыркүйек. Ә.Қ.) айтқан сөзің куә. – Достық белгісі, – дедің 
сен ол сөзіңде, – қиын күндерде байқалады. Ұлы Отан 
соғысының ауыр күндерінде, жаудан қашқан менің семьям, 
қазақ даласына кеп пана тапты, қазақ халқынан аса зор 
туысқандық мейірім көрді...
Соны айттың да трибунадан түсіп, залда лық толып 
отырған халықтың алдында екі қолыңды жүрегіңе басып, 
басыңды төмен иіп: – Осы құрметі үшін, ұлы қазақ халқына 
туысқандық көңілден зор алғыс айтам, – дедің. Бұл сөзді 

174
айтқан шақта, сезімің толқып кеткен бейне көрсетіп, 
қалтаңнан орамалыңды алып, көзіңді сүрттің. Сонда сезімі 
сендей толқыған бейне көрсеткен адамдар, залда аз болған 
жоқ. 
Сенің бұл сөзіңді залдағылар ғана емес, радио арқылы 
бүкіл Қазақстан естіді. Содан кейін қазақ халқының аузында 
қалған сөз: «Михаил Шолохов ұлы жазушы ғана емес, ұлы 
адам да екен! Көп жаса, ұлы адам!.. Денің сау болсын, ұзақ, 
бақытты өмір жаса!..»
Қазақ халқының аузында, әлі де осы сөз. Сол сөзді, сенің 
алпыс жасқа толған тойыңда, бүкіл қазақ халқы да, оның 
ұлдарының бірі – мен де осы тілекті қайталаймыз. Достық 
сәлеммен, Сәбит Мұқанов. 2-ІІІ-1965 ж. Алматы». 
Сәбит Мұқанов пен Михаил Шолоховтың арасындағы 
қарым-қатынасқа замандас қаламгерлер, әдебиет 
зерттеушілері де әркезде назар аударып отырған. 
«Ізденіс жолын жаңа бастаған кезінде Сәбит Мұқанов 
«Сұлушашты» жазып, еркін махаббатты қастерлесе, енді 
бірде Маяковскийше өктем сөйлеп, шарқ ұрып дабыл 
қақты. Халық өмірін терең толғап шыншылдықпен баяндау 
үшін қазақ көркем прозасын өркендетуге құлшына кірісті. 
Максим Горкийше жазуға да ұмтылды. Шолоховпен де өнер 
өлшесті. ...өзі де көп ойланып, көп толғанған Сәбит Мұқанов 
өнерде өз жолын табу қажет екендігін түсінді. Маяковскийше 
де, ешкімше де сөйлемей, өз үнімен, өз даусымен танылды. 
Нағыз халық ақыны, халық жазушысы, кәдімгі Сәбит 
Мұқанов болып, халықтың жүрегіне жол тапты»  – дейді 
академик Зәки Ахметов («Егемен Қазақстан», № 135 (22406), 
09.06.2000ж.).
Ал белгілі ғалым, профессор Әбділхамит Нарымбетов 
1964 жылдың 30 қазанында Сәбеңнің өз аузынан жазып 
алған әңгімелерін жазушының 100 жылдық мерейтойына 
орай «Қазақ әдебиеті» газетінде (02.06.2000ж.) жариялады. 
Ауызекі әңгімеде Сәбең былай депті: «Шолохов 1931-32 
жылдары «Көтерілген тыңның» бірінші кітабын жазды. 
«Көтерілген тыңның» екінші кітабы әлсіз, түкке тұрмайды. 
Өйткені, бұл кітапты Шолоховқа партия «жазасың!» деп 
жазғызды.
Орыстың жаны мейірімді, адамгершілігі, достығы 

175
үлкен, сонымен бірге дұшпандығы да үлкен. Шолоховтың 
кейіпкері Григорий Мелехов – нағыз орыс, оның әлсіздігі де, 
күштілігі де өте шебер суреттелген. Шолоховты орыс халқы 
сыйлайды».
Бұдан Сәбеңнің ауыз-екі әңгімедегі айтқан пікірі оның 
Шолоховқа жазған хатымен үндесіп жатқанын байқаймыз.  
Бүгінгі таңда жасы 100-ге келіп отырған, Сәбеңнің асыл 
жары Мәриям апайдан да сыр суыртпақтап: «Апай, сонау 
соғыс жылдарында Алматыда болған А. Толстой, С. Маршак, 
В. Шкловский, С. Михалков, К. Паустовский, М. Зощенко, т.б. 
атақты жазушылар Сәбеңмен жақсы қарым-қатынас жасап, 
үйінде болып, өз қолыңыздан дәм татқанын көзкөргендер  
жазған екен. Осы Михаил Шолохов  есіңізде бар ма?» деп 
сұрағанымызда, ол кісі: «Қарағым, неге есімде болмасын. 
Бір қызығы, мен анау өткен заманды, Сәбитпен бірге жүрген 
кезеңді еш ұмытпаймын. Қайта әлсін-әлсін ойға түсіріп, 
жадымда жаңғыртып отырамын. Ал, бірақ, соңғы кезде, 
кешегі айтқан бір нәрселерді ұмытып қала беретін болып 
жүрмін... 
Ал, Шолохов туралы айтсам, ол кісіні мен жақсы білем. 
Жазушылар одағына шеттен келген адамның бәрін Сәбит 
үйге әкеліп қонақ ететін. Сондай күндердің бірінде, шамасы, 
1950 жылдардың басы болар, М.А.Шолоховты да үйге 
шақырып, қонақасы бердік. Біз ол кезде Артилерийский 
көшесі, 35 үйде, 1-қабатта, 3 бөлмелі пәтерде тұрамыз. 
Әжептәуір кең ауламыз бар. Сол аулада қой сойылып, 
самаурын қайнап тұрады. Қонақтар тамақ дайын болғанша 
аула ішінде өзара әңгімелесіп, ас қамымен әрлі-берлі 
жүрген бізге қарап қойып тұратын. Сол жолы да тамақты 
дайын етіп, қонақтарды дастарханға шақырдық. Біраздан 
соң, самаурынды ішке апарайын деп, құлағынан ұстап, 
көтере беріп ем, жүгіріп қасыма Михаил Шолохов келді. Өзі 
тым қарапайым.Келе, самаурынның құлағына жабысып, 
«мен көтеремін» деп болмайды. Бұны күтпеген мен сасып 
қалдым. «Өзім-ақ» десем де болмайды. Сөйтіп, 20 литрлік 
ақ самаурынды  көтеріп, үйге алып кірді. Әлгі самаурыннан 
шәй құйып отырсам, қызықтап  қайта-қайта қарайды. 
Сол самаурын қазір музейде тұр ғой. Оның құлақтарына 
Шолоховтың саусақтары тиген, шырағым» деді.

176
Әбділда Тәжібаев өзінің «Рухына бас иеміз» атты естелік 
- мақаласында Шолохов пен Мұқановқа қатысты ортақ 
ойдың арқауын қатар өрген: «1970 жылы 24 июльде Михаил 
Шолохов «Комсомольская правдадағы» мақаласында: 
«Біздің замандастар иілмейтін, сынбайтын шар болаттан 
жаралғандар еді. Олар сатылмайтын да, сатпайтын да, ұлы 
идеал үшін жандарын қиюға баратын» – депті. Шолоховтың 
осы айтқан қасиеттері Сәбит Мұқановтан түгел табылады. 
Әдебиет майданына алыса - жұлыса, мазмұны мен түрін табу 
үшін күресе келген жазушының бірі осы Мұқанов болатын. 
Горькийдің жылы назарына ілігіп, оның жылы құшағынан 
шыққан да Сәбит Мұқанов. Бұл жағынан ол Александр 
Фадеев, Михаил Шолохов, Демьян Бедный, Сәкендердің 
қатарында тұр. Ол – иілмеген, сынбаған ақ болаттардың бірі» 
(Сәбит Мұқанов туралы естеліктер. Құраст.: Б.Ыбырайым, 
Қ.Ергөбек. Астана: Елорда, 2001 - 480 б.).
Кейбір ой-пікірлер кезеңдік, дәуірлік мұраттарға қызмет 
етіп тұрса да, әдебиет тарихындағы жазушылардың орнын 
анықтауда салмағын жоймайды.
М.Шолохов «Тынық Донның» 1-кітабын мынадай 
қолтаңбамен ұсыныпты: «Дорогому Сабиту Муканову на 
дружескую память. М.Шолохов. 5.9.54. Алма-Ата».
Одан бері де талай су ақты. Ғасыр алмасты. Ғаламда 
талай өзгерістер орын алуда. Адамаралық қарым-қатынаста 
достықтың жөні бөлек-ау, сірә!
2009 ж.
ЖҮЗ ЖАСАҒАН ЖҮРЕК СЫРЫ

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   6   7   8   9   10   11   12   13   14




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет