Білімін тексеруге арналған сұрақтар:
1. Грек-парсы соғыстарының негізгі мазмұны.
2. Бірінші Афиналық (Делосстық) теңіз одағы.
3. Пелопеннесс соғысының негізгі себептерін талда.
4. Гректер мен парсылардың арасындағы қақтығыстың негізгі себептері неде? Экономикалық және саяси себептерді анықтап жікте.
19-Тарау
Эллинизм дәуіріндегі Греция және Таяу Шығыс
Александр Македонскийдің шығысқа жорығы. Әлемдік державаның қалыптасуы және ыдырауы
Б.д.д. 334 жылы македон әскерінің жақсы дайындығынан кейін және грек полистерінің жаяу әскерімен, фессалий салтаттыларымен, крит садақшыларымен күшейтілген әскер Геллеспонт бұғазынан өтіп, Персия территориясына келіп түсті. Соғыстың сылтауы б.д.д. V ғасырдың бірінші жартысындағы грек-парсы соғыстары барысында гректердің қасиетті жерлерінің жапа шегуі болды. Александр Македонский осы идеологиялық үндеуді пайдаланып, грек-македон күштеріне жетекшілік жасады.
Парсылармен брінші қақтығыс Граник өзенінің бойында болды, Александр жеңіске қол жеткізді. Грек-македондықтарға қарсы бұл ұрыста Персияның Кіші Азиялық сатраптары мен грек жалдамалылары қатысты. Парсы патшасы ІІІ Дарий мен оның тұрақты әскері Граник түбіндегі ұрысқа қатысқан жоқ. Граниктегі ұрыстан кейін Александр Кіші Азия жағалауындағы грек қалаларын азат етіп, Кіші Азияның басым бөлігін жаулап алып, Сарды мен Гордийді жаулап алды. Соғыстың осы сатысының барысында грек тұрғындарының қолдауына сүйену үшін, олигархтарды қуғындап, жаулап алған қалаларда демократиялық басқару жүйесін қалыптастырып, парсы билігінен азат екенін жариялады.
Кіші Азияны жаулап алуды аяқтап, Александр Киликия арқылы өтіп, Солтүстік Сирия территориясына келді. Осы жерде екінші үлкен ұрыс орын алды. Б.д.д. 333 жылы күзде Иссе түбінде грек-македондықтар парсылармен соғысты. Әскерді ІІІ Дарийдің өзі басқарды. Екі жақ үшін де ұрыс өте ауыр болды, көптеген шығындарға алып келді. Александр үлкен қиындықпен жеңіске жетті. Бұл жеңіс Сирия-Палестина жағалауын жаулап алуға мүмкіндік ашты.
Дамаск қаласында ІІІ Дарийдің әскери қазынасы қолға түсті, бұл Александр Македонскийдің материалдық шығынын толтырды. Тир, Газа қалалары қатты қарсылық көрсетті. Газа қаласын алу македондықтарға Египетке жол ашты. ІІІ Дарийден қолдау көрмеген парсы сатрапы өзі берілді. Египеттіктер Александрды парсы басқыншылығынан азат етуші ретінде қарсы алды. Б.д.д. 331 жылы Нил өзенінің аңғарында Жерорта тенізі жағалауында Александр қаланың негізін салды. Бұл қаланы өз атымен атады. Шығыста қала салу саясаты кең қолдауға ие болды. Александрдың өзі және оның мұрагерлері бұл саясатты үнемі жалғастырып отырды.
Македон патшасының келесі саясатының идеологиялық астары болды. Ол Мемфистің батысында орналасқан Амон құдайына қажылық жасады. Абыздар македон патшасы және стратег, Коринф Лигасының автократы Александрды гректер Зевске теңестіретін Амон құдайының баласы деп жариялады. Осылайша Александр Македонскийдің «құдайдан жаралғандығы» заңдастырылды.
Б.д.д. 331 жылдың көкемінен Александр Македонскийдің шығысқа жорығының екінші кезеңі басталды. Египеттен шыға салысымен грек-македондық әскер солтүстікке бет алып, Евфрат өзенінен өтіп, Тигр өзеніне таяу жерде Гавгамела қонысының маңында б.д.д. 331 жылдың қазан айында парсы армиясымен шешуші шайқасқа түсті. Осы қиян-кесі ауыр шайқаста Александр Македонский жеңіске жетті. Оның қарсыласы Дарий ІІІ шайқас алаңын тастап кетуге мәжбүр болды. Ол Мидияның тауларына барып жасырынды. Александр Македонскийдің әскері ешқандай қарсылық кездестірместен, жедел әскери саппен бүкіл Месопатамияны басып өтті. Сузиананы кесіп өткен соң Македонскийдің армиясы Персиданың территориясына енді. Персида ол кезде Ахменидтер державасының орталығы және бесігі саналатын. Ұлы Вавилон, байлығы мол Сузы, державаның қасиетті орталығы болып табылатын Персополь шайқассыз берілді. Сузыда басқыншылардың қолына Парсы державасының қазынасы түсті. Б.д.д. 330 жылы Александр Персополь сарайын өртеп жіберді. Бұл Элладаның мәңгі жауы болып табылатын – Парсы державасының күйрегендігінің белгісі болды. Осы кезде Дарий ІІІ өз айналасындағы жоғары шенді қаскөйлердің қолынан қаза тапты.
Парсылардың ата жұрты болып саналатын территориялар мен таулы Мидияны бағындыру македония патшасына өз тылының беріктігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Жеңіске жеткен соң Александр Македонский өзінің жақын айналасында тазартуды жүзеге асырды. Жас патшаның іс-әрекетіне көңілдері толмаған олар бірқатар жауыздық әрекеттерге барды (Филот пен Парменионды өлтіру). Олар мұнымен қоймай, әскери қимылдарды жалғастыра беруді талап етті және өздерінің қол астындағыларды шығыстандыру саясатын табанды түрде жүргізді. Александр Македонскийдің өзінің айналасында тазарту шараларын жүзеге асыруы уақытша болса да, оппозициялық көңіл-күйдің басылуына алып келді. Тазарту шараларын жүзеге асырған Александр көмекші әскерді таратып жіберді. Дарий ІІІ қаза тапқан соң Парсы державасынң барлық халқы македондық басқыншы-патшаны өздерінің заңды әміршісі ретінде қабылдауға тиісті болды.
Бұл жетістіктердің барлығы Александрға жеңіліске ұшыраған Ахменидтер державасының шығыс сатрапиялары мен Үндістанның солтүстік-шығыс облыстарын басып алу жоспарын (329-324 жж.) іске асыруға мүмкіндік берді. Бұл шығыс жорығының ең ауыр бөлігі болды. Қайта құруды бастан кешірген македондық армия аса қиындықтармен Бактрия мен Согдиананы жаулар алды. Осыдан кейін Александр әлемдік үстемдікке жетуді мақсат тұтты. Жергілікті ақсүйектерді өз жағына тарту үшін Александр атақты соғдылық ақсүйектің қызы Роксанаға үйленді. Өз айналасындағы оппозициялық көңіл-күйдің соңғы көріністерін басып-жаныштау (Каллисфеннің бүлігі, Клиттің өлтірілуі), Александарға өз әскерін Үндістанның солтүстік-батысына жорыққа шығуға қанаттандыруға мүмкіндік берді. Б.д.д. 326 жылы Гидасп түбінде үнді патшасы Пормен болған шайқаста Александр өзінің кезекті, бірақ ең соңғы жеңісіне жетті.Инд өзені бойындағы біраз территорияларды жаулап алған оның армиясы, ұзаққа созылған әскери қимылдардан қажып, жорықты жалғастырудан бас тартты. Б.д.д. 324 жылдың бас кезінде Александр Македонский әскерінің қалдығымен өзінің орасан-зор державасының астанасы Вавилонға қайта оралуға мәжбүр болды.
Осы жорықтың ақтық кезеңінде Александр Сузыда македондықтар мен парсылардың бітімге келуінің белгісі ретінде өзінің 10 мың жауынгерін жергілікті қыздарға үйлендірді. Осы мақсатта Александр өз әскерінің қатарына 30 мың жасөспірім-парсылардан тұратын армияны қосты. Осымен бір мезетте Александр жаулап алынған территорияларда отарлар мен әскери қоныстар салу науқанын бастап жіберді. Бұндай отарлар мен әскери қоныстар Александр билігінің тірек пункттеріне айналуы тиіс болды. Сондай-ақ Александр жаңа жорыққа (Арабия мен Солтүстік Африкаға) даярлана бастады. Алайда ол кенеттен б.д.д. 323 жылы 33 жасында безгектен қайтыс болды. Александрдың қазасы оның жоспарларын аяқ асты етті.
Қарулы күштің көмегімен құрылған оның жаңа державасы Дунайдан, Адриатикаға, Египет пен Кавказдан, Инд өзеніне дейін созылып жатты. Александрдың державасы территориялық және этникалық жағынан сонда өмір сүріп жатқан халықтарды еске салатын. Бұл державаның жекелеген аймақтарының әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі әртүрлі болды. Аталған жағдай ең алдымен грек-македондық басқыншылардың талауына түскен Ахменидер мемлекетінің территорияларына тән болды. Бірақ, территориялық, этникалық және әлеуметтік-экономикалық дамуы әртүрлі мемлекеттік құрылымның ұзақ өмір сүруі екіталай болатын. Сондықтан көп кешікпей, македондық патшаның өлімінен соң, оның державасының ыдырауы басталды. Бұл ыдырау үдерісі соңында, «әлемдік» империя жұртында пайда болған эллиндік патшалықтар жүйесінің қалыптасуына алып келді.
Достарыңызбен бөлісу: |