Ежелгі дүние тарихы жетістіктері мен қасіреттері тікелей адамзаттың одан арғы дамуын анықтаған көне өркениеттердің тарихы болып табылады



бет36/92
Дата08.09.2022
өлшемі442,2 Kb.
#38696
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   92
Байланысты:
annotation15107

Б.з.д. Ү ғ. Иран

Б.з.д. ҮІ ғ. грек облыстарының ішінде экономикалық және мәдени қатынастарда алдыңғы орынды Балкан түбегі емес, Кіші Азия жағалауларындағы Парсы державасына кірген грек колониялары: Милет, Эфес және т.б. елдер алды. Бұл колониялардың жері құнарлы, сондай-ақ оларға кең-байтақ Парсы державасының рыноктарына шығуға мүмкіндік болды.
500 ж. Милетте парсы үстемдігіне қарсы көтеріліс бұрқ етті. Кіші Азияның оңтүстігі мен солтүстігіндегі грек қалалары көтерілісшілерге қосылды. Көтерілістің жетекшісі Аристагор 499 ж. материктік гректерден көмек сұрайды. Спартандықтар арақашықтықтың ұзақтығын сылтау етіп көмек беруден бас тартты. Тек афиналықтар мен эретрийліктер ғана біраз кемелер жібере алды. Көтерілісшілер Лидия сатрапиясының астанасы Сардыға жорық ұйымдастырып, қаланы басып алып, өртеп жібереді. Парсы сатрапы Артафен өз гарнизонымен акропольге тығылады, оны гректер ала алмайды. Парсылар барлық әскерін жинақтап 498 ж. жазда Эфес қаласының маңында гректерді талқандайды. Осыдан кейін афиналықтар мен эретрийліктер кішіазиялық гректерді жаудың қолында қалдырып, қаша жөнеледі. 494 ж. көктемінде парсылар теңізден және құрғақтан көтерілістің орталығы болған Милетті қоршауға алады. Қала басып алынып, түгі қалмай қиратылады, халқын құлдыққа айдап әкетеді. 493 ж. көтеріліс барлық жерлерде басып тасталады.
Көтерілісті басқаннан кейін Дарий материктік Грекияға қарсы жорыққа дайындала бастайды. Ол Балкан түбегіндегі гректер тәуелсіздігін сақтап тұрғанда Кіші Азиядағы парсы үстемдігі мықты болмайтындығын жақсы түсінді. Бұл кезде Грекия бір-бірімен үнемі жауласып, соғысып жүрген саяси құрылысы әр түрлі көптеген қала-мемлекеттерден тұрды.
492 ж. парсы армиясы жорыққа аттанып, бұдан 20 жыл бұрын бағындырылған Македония мен Фракия жеріне келді. Алайда Халхида түбегіндегі Афон мүйісінің маңында парсы флотын қатты тұрған дауыл қиратып кетеді, 20 мың адам қаза тауып, 300 кеме жойылады. Осыдан кейін құрғақтағы әскерді кері қайтарып, жорыққа қайтадан дайындалуға тура келеді.
491 ж. материктік Грекия қалаларына парсы елшілері жіберіліп, Дарий билігіне бағынуы талап етіледі. Грек қалаларының көпшілігі елшілердің талабына келісті, тек Спарта мен Афина ғана бағынудан бас тартып, елшілерді өлтіріп жібереді. Парсылар Грекияға қарсы жаңа жорыққа дайындықты бастайды.
Тамыздың басында парсы армиясы тәжірибелі грек жол көрсетушілерінің көмегімен кемелермен Аттикаға аттанып, Афинадан 40 шақырым жердегі Марафон жазығына келіп түсті. Дәл осы уақытта Афинаның халық жиналысында парсылармен жүргізілетін соғыстың тактикасына қатысты қызу дау-талас жүріп жатқан болатын. Ұзаққа созылған кеңестен кейін Марафон жазығына 10 мың адамнан тұратын Афина әскерін жіберу ұйғарылды. Спартандықтар көмектесуге уәде бергенімен, алайда әскерін жіберуге асықпады.
Марафонда екі жақ та ұрысқа кірісуге дауаламай бірнеше күн тұрып алды. Парсы армиясы атты әскер соғыса алатындай ашық алаңға орналасты. Атты әскері жоқ афиналықтар жазықтың тар қуысына орналасып, бұл жерде парсының атты әскері әрекет ете алмай қалды. Бұл жағдай парсы армиясының жағдайына ауыр тиді, өйткені олар спарталықтар келгенше шайқасты бітіруі тиіс болатын. Сондықтан да парсы әскери басшылығы әскердің бір бөлігін Афинаны басып алуға жіберуге ұйғарды. 490 ж. 12 тамызда Афина әскері басты шайқасқа шығу үшін шапшаң жүріспен жауға қарсы аттанды.
Парсы жауынгерлері ерлікпен шайқасты, орталықтағы Афина қатарларын жайпап, оларды шегінуге мәжбүр етті. Бірақ парсылардың күші қаннаттарда әлсіз болып, бұл жерде олар жеңіліске ұшырайды. Нәтижеде парсылар көп шығынға ұшырап, шегінуге мәжбүр болады.
Ауыр жеңіліске қарамастан Дарий Грекияға қарсы жаңа жорық жасау туралы ойынан қайтпайды. Алайда оның бұл ойы іске аспайды, 485 ж. ол 64 жасында көз жұмады.
Дарийдің мұрагері, оның ұлы Ксеркс таққа отырды. 480 ж. Ксеркс алып армияны басқарып Грекияға жорыққа аттанды. Үндістаннан Египетке дейінгі барлық сатрапиялар өз әскерлерін жіберді.
Гректер Фермопил деп аталатын тар тау өткелінде шайқасуға ұйғарым жасады, өйткені бұл жерде парсылардың атты әскері айнала да алмайтын еді. Алайда Спарта бұл жерге патша Леонид басқарған 300 ғана жауынгерден тұратын әскер жіберді. Фермопилді қорғаған гректердің жалпы саны 6500 адам болды. Олар үш күн бойы жаудың қуатты шабуылына ерлікпен қарсы тұра алды. Бірақ грек әскерлерін басқарған Леонид басты күштерге шегінуге бұйрық беріп, өзі 300 спартандық жауынгерлерімен шегініп бара жатқан әскерді қорғап, бірі қалмай қаза тапқанға дейін парсылармен шайқасты.
Гректер теңізде шабуылға шығып, ал құрлықта қорғану тактикасын ұстанды. Біріккен грек флоты Саламин аралы мен Аттика жағалауы аралығындағы кішкентай суда тұрды, бұл жерде парсылардың үлкен флоты айла-тәсілдер жасау мүмкіндігінен айрылыған еді. Ксеркс бір соққымен-ақ бүкіл жау флотын күйретемін деп үміттенген еді. Алайда ұрыстың алдында үш күн бойы дауыл соғып парсы флоты көп шығынға ұшырайды. Осыдан кейін 480 ж. 28 қыркүйекте Саламин түбінде басталған ұрыс 12 сағатқа созылады. Парсы флоты тар шығанаққа тықсырылып, оның кемелері біріне бірі кедергі жасады. Гректер бұл шайқаста толық жеңіске жетті, парсы флотының үлкен бөлігі жойылды. Ксеркс өз қолбасшысы Мардонийді әскерімен Грекияда қалдырып, армиясының бір бөлігімен Кіші Азияға оралды.
Бұдан кейінгі шешуші шайқас 479 ж. 26 қыркүйекте Платея қаласының маңында өтті. Парсы атты садақшылары грек қатарларын атқылап, жауды шегіндірді. Іріктеліп алынған мың жауынгерді басқарған Мардоний спарталық әскерлерінің орталығына баса-көктеп кіріп, оларды ойсыратып тастады. Алайда гректерден ерекше, парсыларда ауыр қару-жарақтар болмады және соғыс өнерінде де олар қарсыластарынан әлсіз еді. Парсылардың атты әскері мықты болды, бірақ Грекия жерінің жағдайларында ұрысқа қатыса алмады. Көп ұзамай Мардоний өз қорғаушыларымен бірге қаза тапты. Парсы әскері жекелеген топтарға ыдырап кетті, олар өзара келісімсіз әрекет етті. Парсы әскері талқандалып, оның қалған аз бөлігі кемемен Кіші Азияға кетуге мәжбүр болды.
479 ж. күзде Кіші Азия жағалауларындағы Микале мүйісінде ірі теңіз шайқасы болды. Шайқас кезінде кішіазиялық гректер парсыларды сатып, материктік гректер жағына шығып кетеді; парсылар толықтай жеңіліске ұшырайды.
Гректердің Саламин, Платея, Микале түбіндегі жеңістері парсылардың Грекияны асы палу ойынан бас тартуына мәжбүр етті. Енді, керісінше, Спарта мен Афина соғыс қимылдарын Кіші Азия жеріне ауыстырды. Бірте-бірте гректер парсы гарнизондарын Фракиядан және Македониядан қуып шықты. Гректер мен парсылар арасындағы соғыс 449 ж. дейін жалғасты.
465 ж. жазда патшаға қарсы ұйымдастырылған бүліктің нәтижесінде Ксеркс өлтіріліп, таққа оның ұлы І Артаксеркс отырды. 460 ж. Египетте Инар бастаған көтеріліс бұрқ етті. Афиналықтар көтерілісшілерге көмекке флот жібереді. Парсылар жеңіліс тауып, Мемфистен кетуге мәжбүр болады.
455 ж. І Артаксеркс Египеттегі көтерілісшілерге және олардың одақтастарына қарсы Сирияның сатрапы Мегазибті қуатты әскермен жібереді. Көтерілісшілер афиналықтармен бірге жеңіліс тапты. Келесі жылы көтеріліс толықтай тұншықтырылып, Египет қайтадан парсы сатрапиясына айналып қалды.
Бұл уақытта Персияның грек мемлекеттерімен соғысы жалғаса берді. Алайда, көп ұзамай, 449 ж. Сузыда бітім жасалып, оның шарттары бойынша кішіазиялық грек қалалары формальді түрде парсы патшасының жоғарғы билігіне бағынады, бірақ іс жүзіндегі басқару афиналықтарға өтеді. Бұған қоса, Персия осы келісім бойынша шекараға айналған Галис өзенінен батысқа қарай өз әскерін жібермеуге міндеттеме алды. Өз тарапынан Афина Кипрден кетуге және болашақта египеттіктерге олардың парсыларға қарсы күресінде көмек бермеуге міндеттенді.
424 ж. І Артаксеркс қайтыс болады. Ұзаққа созылған сарай іші кикілжіңдерінен кейін, 423 ж. ақпанда Артаксеркстің ұлы Артаксеркс Ох, ІІ Дарий деген есіммен таққа отырды. Оның билігі мемлекеттің одан арғы құлдырауымен, сарай шонжарларының ықпалының күшеюімен және бағындырылған халықтардың көтерілістерімен сипатталды.





  1. Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   32   33   34   35   36   37   38   39   ...   92




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет