Саяси ілімдер алғашқыда Ежелгі дүниеде пайда болды. Осы ілімдердің көптеген ой-желісі саяси ойдың бұдан кейінгі дамуына айтарлықтай ықпал етті.
Идеялары одан кейінгі саяси ойға қомақты ықпал еткен ойшылдардың қатарына көне шығыс философтары – Зороастра, Лао-Цзы, Конфуций, Шан-Ян Мо-цзы, Махавира, Сиддхартха (Будда), Каутилья және ежелгі грекия философтары – Сократ, Демокрит, Платон, Аристотель, сондай-ақ ежелгі Рим философтары – Лукреций мен Цицерон жатады. Олар тек философ қана болып қоймады, сонымен қатар тереңнен ойлайтын саяси ойшылдар да болды.
Шығыстағы саяси ойлар.Ежелгі Шығыс қоғамы көптеген білім саласында ойшылдарға бай болды. Әсіресе саяси ой ерекше дамыды. Біз тек аса белгілі ойшылдар – Зороастра, Конфуций және Каутильяның көзқарастарына тоқта-ламыз. Олар әйгілі ғылыми шығармалар мен әлеуметтік-саяси ойларды туындатқан Шығыстың, жалпы бүкіл әлемнің ұлы ғалым-энциклопедистері болып табылады. Олардың дүниеге келіп, қайтыс болғанынан бері мыңдаған жылдар өтті, бірақ адамзат бұрынғысынша олардың шығармаларынан даналықтың көзіне кенеліп, шабыт алуда.
Зороастра Парсының, Шығыстың ірі ойшыларының қатарына жатады. Ежелгі парсылардың ерте мифтік көзқарастарының жаңаруы Зороастраның есімімен байланысты, оның ілімі ежелгі дүниеге мейлінше кең тарап (Таяу Шығыс, Алдыңғы Азия, Үндістан, Грекия), христиан доктринасының қалыптасуына айтарлықтай ықпал етті. Зороастраның көзге түскен уақыты б.д.д. IX – VII ғасырлар; б.д.д VII ғасырға таман зороастризм – саяси ойдағы ағым және ілім болып қалыптасқан еді.
Ежелгі дүниедегі бірден-бір ықпалды саяси ілім – конфуцияндық болды. Бұл Ежелгі Шығыстағы басты идеялық-саяси ағымдардың бірі еді. Оның негізін қалаушы біздің заманымызға дейін 551-479 жылдары Қытайда өмір сүрген Конфуций (Кун – фамилиясы, Цзы – ұстаз дегенді білдіреді).
Ежелгі Грекия мен Римдегі саяси идеялар.Саяси өмірді теориялық зерттеудің негіздерін алғашқылардың бірі болып Сократ қалаған еді (б.д.д. 470-399 жж.). Ол жазба деректер қалдырған жоқ, бірақ Платон мен Ксено-фонт жеткізген оның ауызша әңгімелерінде, моральдық-саяси философияның ірге тасы қаланған-ды, оның айтарлықтай бөлігі құқық туралы, саясат, мемлекет жөнінде пайымдауға арналған болатын. Сократ саяси өмірді, оның көрінісіндегі бүкіл формаларын елестету, болжамдау және мифтер деңгейін-де қарастырмай, белгілі бір категориялар жүйесінде таныған. Сократтың теориялық ақылы оның саяси ғылымдар үшін маңызы аса құнды қорытын-дылар жасауға дейін көтерілуіне мүмкіндік берді.
Ежелгі Грекияның саяси ойын Платон (б.д.д. 427-347 ж.ж.) сапалы жаңа деңгейге көтерді. Ол Сократтың дана ізбасарларының бірі болып қана қоймай, сонымен бірге ұлы ойшыл да болды. Сократтың ықпалы Платонның ертеректе жазған еңбектеріне ерекше әсер етті.
Аристотельдің саяси ілімдерін түсінуде оның «Саясат», «Афиналық полития», «Этика», «Риторика» атты еңбектері аса қызығушылық тудырады. Көп жағынан ұстазының жолын қуғанымен ол өзінің саяси ілімін жасады. Платонға қарағанда оның шәкірті Аристотель интуицияға емес, бақылауға арқа сүйеген антикалық бағыттың іргесін қалаушы болып шықты.
Ежелгі Римнің де саяси ойы айтарлықтай жетістіктермен сипатталды. Саясаттың бірегей идеялары дамыған Рим ойшылдары шығармаларының арасында Тит Лукреций Кардың (б.д.д 99-55) «Заттардың табиғаты туралы» поэмасы ерекше көзге түседі. Ол құлиеленушілік демократияның идеологы болды. Ежелгі Грекия ойшылы Демокриттың көзқарастарын жақтай отырып, Кар мемлекеттің пайда болуын тарихи процесс ретінде дәлелдеді, құлдықтың өткінші сипаты туралы да айтты.
Ежелгі Римнің аса көрнекті саяси ойшылы және мемлекеттік қайраткері Марк Тулий Цицерон (б.д.д 106-43) болды. Ол өзінің артына үлкен интеллек-туалдық мұралар қалдырды. Алайда оның саяси ойлары «Мемлекет туралы», «Заңдар туралы», «Республика туралы» және басқа да еңбектерінде мейлінше толық және жүйеге келтірілген түрде баяндалды.