Вавилонда аңыз бойынша «Вавилон мұнарасы» болған. Ғаламат мұнара көкке тірелуге аз қалғандықтан, құдай мұнара салушылардың тілін сапырылыстырып, бір-бірін түсінбес үшін араластырып жіберген делінеді. Шынында да, бұл мұнараны түрлі ұлт өкілдері: египеттіктер, иудейлер, ассириялықтар және т.б. салған деседі. Олардың көбін басқа жақтан осындай құрылыстарды салу үшін айдап әкелген. Вавилондық бақылаушының таяғының астында ауыр халде жұмыс істеген құрылысшылар бір-бірінің тілін түсінбей, ығы-жығы, бей-берекет тіршілік кешкен. Осыдан «Вавилон сапырылысы» туралы аңыз қалды.
Қосөзендегі алғашқы әдеби шығармалар діни түсініктермен тығыз байланысты болды. Олардың бірі әйгілі «Гильгамеш туралы дастан». Бұл дастан - өлім мен өмір арасындағы күрес туралы тамаша шығарма.
Азияның оңтүстік-батысындағы ежелгі мемлекеттер
Ассирия – Вавилонның солтүстігіндегі ел болатын. Ассириялықтар – тасты құрылысты кең пайдаланды. Ассирияның негізгі тұрғындары ұсақ өндіруші әрі жер өңдеуші ерікті қауым мүшелерінен құралды. Ассириялық отбасы таза патриархалды, яғни барлық билік әкенің қолында болды. Майорат дәстүрі бойынша, мұраның қалған екі үлесті бірінші болып таңдау үлкен ұлдың үлесінде болатын. Отбасында әйелдердің құқығы шектелді.
Ассирия ұзақ уақыт көршілес елдердің қол астында қалып қойды. Хаммурапи кезінде ол Вавилонға тәуелді болды. Осы жағдай Ассирияда ірі мемлекеттің құрылуын кештетті. Б.з.д. IХ ғасырда II Ашшурнацирапал және III Салманасар кезінде Ассирия өз ықпалын күшейтті. Мидия тайпаларын талқандап, Тигр өзенінің шығысына кірді. Шығыс Жерорта теңізінің жағалауына жиі жорықтар жасады. Маңызды сауда жолдары өтетін Тир, Сидон, Дамаск, Библ, Арнад, Каркемиш қалаларын өз бақылауында ұстады. Солтүстіктегі Урарту мемлекетімен соғыс жүргізді. Оның астанасын басып алып, Вавилонға қауіп төндірді.
Ассириялық әскердің артықшылығы – күтпеген жерден, тез соққы бере білуінде болды. Ассирия әскерінің барлаушыларына ол кезде ешкім тең келмейтін. Армияны 10,100,1000 адамнан құрайтын отрядтарға бөлді. Әскерінде кем дегенде 120 мың адам болған деседі.