АЛДАНЫП ӨЛГЕН КӨП АРТЫҚ
Алданыш жатыр алда мың,
Аямай салар қармағын.
Тілекші шығар кім білген,
Жау көріп жүрген жандарың.
Мəніне бардың сен ненің,
Жоқ дейсің жаным елде кім.
Жүрегін ашып көрдің бе,
Дос санап жүрген пенденің?
Адалдық сұра Құдайдан,
Көңілім міне – жыр айнам.
Бақытты болған жері жоқ
Біреуді сүйіп құлай жан.
Келеміз жанға жоқ артып,
Жанарға жас боп толар шық.
Дегенмен сенбей өткеннен,
Алданып өлген көп артық.
* * *
Көктей жұлып алып еді анау жыл,
Кім түкіріп тастап кеткен өрікті?!
Қандай жанның баласы сол қарау бір,
Көміпті ғой, көрікті.
Жылдар өтті, көрмеп едім, кезікті.
Өз қайғысын жамылды.
Тұрмыс турап, өмір Оны езіпті,
Кетпеші деп жалынды.
310
311
* * *
Жауың жоқ болса кедейсің,
Намысты қайда егейсің?!
Он сегіз мың ғаламда –
Жауы жоқ кім бар, не дейсің?!
Жауың жоқ болса құрыдың,
Өзіңе түсер құрығың.
Тарыдан көп-ті дұшпаны,
Таудан да биік ұлының.
Ақылға білім мол артып,
Артыңнан ерсін қол артық.
«Дұшпаным əділ болсын» – де,
Надан да достан сол артық.
Сыныққа сылтау болмашы,
Ащы да болса қолдашы.
Досым көп дейсің мақтанып,
Жауым жоқ деме ондашы.
Өгізге өлім «өк» деген,
Өзімшіл қашан көктеген.
Жамағат пенен жолдас боп,
Сыйласқан жақсы көппенен.
Не дерсің біздей аңғалға,
Алдамай кеткен жан бар ма?
Қалыпты қоңыр бірліктен
Бақыт жоқ мынау жалғанда.
Жасырмас қайда жау ізін.
Байқап аш гүлдің қауызын.
Дос болсаң сəл-пəл əрі тұр,
Көп күйген менің ауызым.
Келеді жанның сенгісі.
Сенеді аңғал ер кісі.
Дос екенін білмеген
Шын достықтың белгісі.
* * *
Кеудеме қанша сыр құйдым,
Сағымдай көшіп жылжимын.
Торғайдан басқа жауы жоқ,
Ашыққан көкте қырғидың.
Түн өтті қанша жасытқан,
Атып та болмай ғашық таң.
Біз де бір торғай көктегі,
Заманым қырғи ашыққан.
Тұмсығы оның қанды зіл,
Суырып жанды алды бір.
Торғай да күннің төсінен
Қан-қан да болып қалды жыр.
ДОП ПЕН ДОПШЫ
Күштіге елім таланба,
Айдамай түсіп аранға.
Алпауыт пенен аз ұлттай –
Доп пенен допшы алаңда.
Доп байғұс кетер домалап,
Көргенде көзге обал-ақ.
Алпауыт айқай салдырар
Көп тобырды қоралап.
Мысал ғой енді жəй ғана,
Дегенмен ойлан, əй бала!..
Доп өледі тепкіден,
Допшыға мадақ қайда да.
312
313
* * *
Қарайды теңіз телмеңдеп,
Теперіш көрген елден көп.
Қашады толқын жақындап,
Жан ұлына сенген жоқ.
Үркітіп бəрін тастаған,
Тауларды бүктеп жастаған,
Қанағатсыз қалың жұрт,
Алудан ойы аспаған.
Тісінің ізі ақтаңдақ,
Тілгілеп жерді ақпар жат.
Сананың көзі байлаулы,
Кеткендей ауып бастан бақ.
Жарып бір тастап қарынын,
Заманның қара нарығын.
Жағадан толқын қашады,
Кім естір оның зар үнін.
МОЙЫНДАМА
Өртенейін жалыныңнан бер тегі,
Түс пе, əлде, ертегі?..
Қоңыр қобыз менің кеудем зарыққан,
Заман күйін бəлкім бірге шертеді.
...Табылғандай ер теңі.
Қайда кетіп бара жатсың тоқтамай,
Аянышың жоқ қалай.
Жүрек көрсе шоққа басқан маңдайын
Күн күмілжіп, өтуші еді тоқтап ай.
...Тентегім-ай, сотқар-ай!
Төрт құбыла, түгел бердім қағанды,
Тұрғыза кет, ағаңды.
Тоқтама сен, қайырылма қарағым,
Біл осылай өз құның мен бағаңды.
...Мойындама заманды.
Сұлу қайда, дəл сол жерде тұр бақыт,
Жанарыңды бұр ғашық.
Көркің кетіп көңіліңді мұң басса,
Жырымды оқы, көз жасыңды құрғатып.
* * *
«Елім» деп бəрі емпілдер,
Мақтанса түндік желпілдер.
Уəделі іске келгенде
Антынан безіп, сертін жер.
Көзбенен айға барған ер
Сөзбенен жұмақ салған ер.
Ауыл-үйге айқайшы
Бармысың ай-хой жалған ер.
* * *
Аймалап таңды шаттандым.
Күнненмін, жұлдыз жақтанмын.
Мамырлаған маусыммын,
Шырыны бал шілдемін,
Əтірлі жұпар бақтанмын.
Əйтеуір шалқар шақтанмын.
Ата ғой таңым ақ мүсін,
Құлпыртып жердің жат түсін.
Шарайна тірлік төрінде
Шалқитын менің нақ тұсым.
314
315
АЙ САЛЫП БЕРСІН СЫРҒАСЫН
Өзіңді сүйген жандардың жазығы қандай бар еді,
Төгілген жас пен зар еді.
Ол сені сүйді жанымен,
Жанында не мін бар еді.
Төгілген қайғы зар еді, қаңтарда жауған қар еді.
Қарғам да не мін бар еді!?
Ақынға ғана зар еді, айтпағы оның бар еді.
Тал бойы тұнған ар еді.
Сен мені сүйдің тұнжырап, жанарың менен жаныңмен,
Өзегің өрт, жалын дем.
Əлдилеп жүрдің əніңмен,
Сəулелі шуақ сəніңмен.
Жаныңмен сүйдің жалын дем,
Жайнаған гүлдей шағыңмен,
Сонан соң кеттің көп жылап,
Көрінбей мəңгі сағыммен.
Жаныңды өртеп күйдірген, ортайған болар жалын дем,
Біргемін ару бəріңмен.
Аспаным куə, дастаным,
Өзіңдей сүйді басқа кім!?
Аспаным куə, дастаным,
Жырымды қанша жастадың,
Тамшылап сіңді тасқа мұң.
Көңілің көшті мұнар боп, өмірің өшті құмар боп,
Ернімнің табын сақтадың.
Аспаным куə, дастаным,
Өзіңдей сүйді басқа кім!?
Басқаның бəрін тастадым.
Ауысты бізден сан құшақ, бəрінде кетті бір жүрек,
Сегізде қырлы сырлы деп,
Сұлулар сүйер ұл-ды деп,
Сыр шерткен бізге мұңды көп.
Жыр жүрек қайтем мен сені, мерейі асқақ ерке еді,
Еркемнің сөзі зер тегі.
Зерліні сүйер ер тегі.
Еркелеп тағы келсе еді.
Қауызын ашқан гүлдей боп, ерінін үнсіз берсе еді.
Аттанған біздің құшақтан арулар өкпе қылмасын,
Тақпасын жыр мен сырға сын.
Сырласын көздің жасымен,
Содан соң үнсіз жырласын,
Кеудесін тіліп жыр жасын,
Керімсал көңіл тыңдасын,
Тыңдасын жүрек, жырласын, иелеп асқар шың басын,
Құз болып бойын ырғасын.
Ай салып берсін сырғасын,
Мен болып жаным сол бір сəт, күн келіп құшып тұрмасын.
Жырымды үнсіз тыңдасын!..
Самсаған ару көп жұлдыз – бəріңді сүйді бір басым.
Көңілдің бұлтын серпіген,
Өртеген бізді өртімен,
Найзағай тектес жыр жасын.
* * *
Өмірді жатыр күзеп күн.
Күзеулі күнді күзеткін.
Жыр болып ақты жылғасы
Мендегі шексіз ізеттің.
Мейірім менен игілік,
Шертермін сені күй қылып.
Өмір бер маған осылай
Ерніңнен өлең сүйдіріп.
* * *
Ай ару күледі алыстан,
Күн менен күміс табысқан.
Жұлдызды ноқат түнгі аспан,
Аумайды теңбіл барыстан.
316
317
Түн сұлу шашын тарап тұр,
Күнге бір бойын балап тұр.
Жеті бірдей қарақшы
Желкемнен төніп қарап тұр.
Сезімнің оттай əлегі,
Серттескен жанға нəр еді.
Тау біткен мойын созып тұр
Күн менен айдан дəмелі.
ДƏУРЕН-АЙ
Қар басты кенет шаңдақты,
Қар жамылып тал жатты.
Таң ата тағы бұршақтап
Шайнады бағбан бармақты.
Кеудемді кетті сыз алып,
Қарайды шың мен құз арып.
Қан құсып өлген гүлдердің
Қауызы жатыр қызарып.
Астан да-кестен не бүлік?..
Қыз көктем қашты шегініп.
Кəрі қыс басын көтермек
Кəрі айғыр сынды тебініп.
Өлгісі келмей кəрі қыс,
Көрсетпек бізге тағы күш.
Дəурені өткен қасқаның
Бұл жолғы ісі жаңылыс.
Шыққысы келмей шыбын жан,
Көрсетті мінез қырыннан.
Шудасы аппақ қарт бура
Шыңғырып барып жығылған.
Жылымсып көзі жастанып,
Күн шықты көктем басталып.
Қарымен қосып бір қысты
Ауладан күреп тастадық.
СƏУЛЕЛІ ЖАНҒА БАСТЫ ҚОС
Жалғыздық деген жаман ба,
Көңілің күнсіз қараң ба,
Кірдіме солай көп шөңге
Маңдайың менен табанға?
Қарайсың үнсіз қарғашым,
Жалғызға енді бар ма сын.
Көктемнің жырын ұсындым
Көңілің бізге қалмасын.
Не дейсің маған мұңды жан.
(Өлеңім жалғыз – бір мұрам.)
Сəулелі жанға басты қос
Нəр алсын кеудең нұрлыдан.
* * *
Жанымның жарқын алауы,
Бақыттың өзге балауы,
Атасы нұрдан аруым
Көңілдің сенсің қалауы.
Жанымды қара, жанымды.
Сазыңды сенің сағынды.
Айнадай менің кеудеме
Ай сəулең келіп шағылды.
Бар болсын сендей гүл-бағым,
Жүзіңді бізге бұр жаным.
Жаныңа келіп тұр міне,
Жолыңа болған құрбаның.
318
319
* * *
Қыран қайда сары балақ, мұз балақ,
Жігіт қайда деп шығатын Біз қазақ!
Бір құлазу қоғамыңды меңдетті,
Ел түбіне мансап пенен шен жетті.
Салпаң құлақ болып алдық қарашы,
Керегі жоқ ескісі мен жаңасы.
Таң атты ма күн батқанын тіледік,
Біз ұмыттық кеше, қайда, кім едік!?
* * *
Дала да бар, мына бізде қала бар,
Жан даламды жүрегіңе сала бар.
Ат кекілін кескен дұшпан көзінде,
Қара мысық балалар.
Өгіз өлмес , арба сынбас жол қайда,
Ұлы жолда бізді Тəңір қолдай ма!?
Өз жағамнан қолым кетсе балақ бар,
Өзіңді-өзің жау көрмесең болмай ма?!
Өгіз өлмес, арба сынбас өр едік,
Өрлік өлді, адым сайын шөгеріп.
Неде болса бір жағаға шығып ап,
Жау мен жауша, дос пен досша көрелік.
* * *
Кенезесі кепкен жерден гүл шықты,
Дала сүйіп жалғыз гүлді тыншыпты.
Жалғыз тал гүл жаны қалмай ұрттады,
Таң сəріде тамып кеткен бір шықты.
Бойын созып көрді сосын жайқалып,
Күн күлімдеп, басын иді ай танып.
Іңір салып ажал келді жел болып,
Берген жанын гүл бойынан қайта алып.
Солай шығар сұлулықтың жазасы,
Бұған енді кімнің болмақ таласы.
Рəсуа оңды-солды сапырған,
Уақыт деген бес биенің сабасы.
Гүл ұмыт боп, жер қайыды жаңбырға,
Қырға жалғыз бардың ба?!
Өкпелеме жалғыз тал гүл – жан мұңым,
Өмір деген бұл əдіра қалғырға.
* * *
Өкшелесіп аға ғұмыр кəріге,
Таң асырып отыр, міне, сəріде.
Көкірегі алтын сандық шалдарым,
Сөз асылы дəрі ме!?
Бірін-бірі қимай отыр асылдар,
Кеудесінде күміс сыңғыр ғасыр бар.
Бойға сіңір, ойға сіңір сөздерін,
Бозбала мен жасың бар.
Аққан жұлдыз секілденіп тарады,
Қош айтысып қарады.
Қарттарыма көлеңке боп еріп жүр,
Өткіншінің өңеші мен араны.
320
321
* * *
Гүл болып жырым өсіп жүр,
Жұлдыз боп ағып, өшіп жүр.
Ботаның боздақ жүніндей,
Ақ ұлпа бұлттар көшіп жүр.
Ақ бесік-аспан құндақ-ты,
Күзетіп айды түн жатты.
Сағыныш толы құшақпен,
Самал боп келіп тіл қатты.
Балқыдым солай, ерідім,
Жіберген маған сені кім!?
Жанартау жыр боп жандым мен,
Кеудемді қысып керім үн.
* * *
Көктем келді бақ құрсап,
Іздесең болмас нақ бұл шақ.
Көбе бұзар жебедей,
Атылды көктен ақ бұршақ.
Шашуын қара шаттықтың,
Ақ бауырсағы ақ құттың.
Ауыл іші көп күлкі,
Жалынын қара жастықтың.
Бұршақтың өзі еріді,
Бұлттардың өзі тарады.
Жастардың жалын күлкісі,
Жаңғыртып көкті барады.
Еріксіз мен де жымидым,
Құт құйып солай тұр Игім.
Қарлығаш ұя салғандай,
Киесі бөлек бұл үйдің.
* * *
Сардар қайың көл жағалай сап құрған,
Саясында кімдер анау жат тұрған!?
Жат қолында сардар кетсе сап құрған,
Онда енді арман – ада, бақ құрбан.
Кімдер анау төресінген, төстеген,
Жусан болып жұпар шашып өскен ем.
Енді, міне, жапырағым тапталмақ,
Жатқа біткен өкшеден.
Жоғалдым ба, өз бейнем бар, өмір ем?!
Қолды болдым қонысынан көрі кең.
Тамыр бойлап қанға өтсе жат пиғыл,
Жүрегіңнің қоныс тебер төрінен.
Сардар қайың
Саяңызда кімдер тұр,
Сен де өзі тең екенсің өлімен!..
* * *
Қайран көңіл қоштасарда босаған,
Шет елдік боп қол бұлғады қос ағам.
Оянғанмын өз Отаным, төрімнен
Бар бақытым, туған елім, босағам.
Жер бетінде
Бақыт барма дəл мұндай,
Отанға тарт, ойға қамшы салдырмай.
Жаным Алла
Отан берді, ел берді,
Жат өлкеде сүйегіңді қалдырмай.
322
323
* * *
Көктем деген
Көгілдір таң, көп қызық.
Сеңдей тасып, қамалдарды өт бұзып.
Жақсылықтың жолын іздеп жағалас,
Содан өзге соқыр тиын жоқ қызық.
Бүр жарып тұр
Бала шыбық, бал шыбық.
Жарық күнге қол созады талпынып.
Қара қыстың құрсауынан құтылған,
Құлын бұлақ шапқылайды алқынып.
Қара тастың
Жылу бітіп бойына,
Қара орманның не түсіп тұр ойына.
Он сегіз мың ғалам жатыр боянып,
Тіршіліктің дайындалып тойына.
Мен отырмын
Жалбарынып Тəңірге.
Жалғыз Алла, жырым солай, əнімде.
Алла сүйіп ақ нұрынан жаратқан
Дүниенің сүйіп өттім бəрінде!
ЗАЯ ДҮР
Ел есімі уыз-атау, бал-атау,
Жетпейді оған жер жүзінде бар атау.
(Əрбір шыңым – бір-бір аңыз, дара тау)
Елге деген махаббатым, қарашы
Анау Отпан, мына тұрған Қаратау!
Жыламаған жетімі мен жесірі,
Сары самал – Абыл менен Есірі.
Қарашаңырақ, бейбіт аспан, бірлік пен –
Ер Адайдың бірге айтылсын есімі!
Отпан тауым бақ-береке бірлігім!
Адай Ата – ардың туы кіндігің!
Қарашаңырақ қазақ үшін жауапты,
Адай болсаң сен осыны біл күнім?!
Күн көзіне күміс сəуле тұр тұнып,
Азамат бол, асқар шыңға ұмтылып.
Көк Тəңірге құлшылығын жасасын,
Көкбөріден сабақ алсын ұл тұрып.
Əр Қазақты бесігіңде тербеткін.
Ұран Оттан жылу алып ер жетсін.
Қалың қазақ – міне, біздің ақ құшақ,
Жүрген болсаң «ЕЛ» – деп шын!
«Оян, Қазақ!..» – өзіңді-өзің ая дүр,
Бір-біріңе құшағыңды жая жүр.
Ел санасы оянбаса, қалғыса,
Мырза Құдай не берсе де зая дүр.
* * *
Омпы түсіп ойран болған орныңнан
Шыға алмаған торыңнан,
Жұмбақ жанар сығалайды қорымнан.
Қандай жанның балапаны екенсің,
Бақ-берекең аздау болған сорыңнан.
Жоқ кешіргін,
Сен бақытты шығарсың.
Солай дейді қоңыр төбе, сыңар шың.
Қорым деген қонысың ғой мəңгілік,
Ал, жыласаң «тірімін» – деп жыларсың.
324
325
КӨШТІҢ СƏНІ
Неге айтпадың
Мұны маған ұлы шың?!
Қызық екен үнсіз мына тұрысың.
Қара түнде қалғып кетпеу үшін де
Көштің сəні ит екен ғой құрысын.
Үріп-үріп
Оятып жүр барлығын.
Тағы көш бар, енді ізімнен қал күнім.
Ит байғұстың жоқ екен ғой қадірі,
Еңбегіне не береміз ал мұның?!
Əупілдейді əудем жерден күңкілдеп,
Ырылдайды тілін шайнап, ұртын жеп.
Ит байғұсты жаратқан ғой сол үшін,
Көшкен елге көмек беріп тұрсын деп.
«Өз итім» – деп кетті мені талаған» –
Байтұрсынның Ахметі жан ағам.
Көшіп бара жатқаныңның белгісі,
Үрген итке тап болсаңыз даладан.
Қайта көшпек болашаққа бұл халық,
Қозғалды сең, жау қызғанып тұр налып.
Жолға шықты əдеп-ғұрып, салт-дəстүр,
Үреді иттер қоймау үшін құр қалып.
Азан-қазан үріп көріп тарқасын,
Шаң қаптасын, ыза керген аңқасын.
Сен асықпа болашақтың керуені,
Хақ қолдаса көкке қарай тартасың!
Қазақ көшті қалы кілем қара нар,
Мақсат айқын, намыс түгел, адал ар.
Өз итіңнің үргені де сүйкімді,
Сыр алдырсаң, сырттағы жау табалар.
Адал болғын қайран алаш антыңа,
Бүтін болсаң қолыңды соз жартыға.
Көштің басын түзе енді тіке тарт,
Иман-əдеп, дəстүрменен салтыңа!
Обыр-жебір,
Сатқындар да жөнелер.
Жөргегінен адал ұлдар көгерер.
Иесіне қайтар сосын бəрі де
Итке тұрақ болып жүрген төбелер.
Неге айтпадың
Мұны маған ұлы шың!?
Қызық екен үнсіз мына тұрысың.
Қара түнде қалғып кетпеу үшін де,
Көштің сəні ит екен ғой құрысын.
* * *
Бабыр керуен,
Баба керуен Тұраным.
Саған тостым жүрегімнің құлағын.
Сансыз бабтар сазын шертіп тұр міне,
Ақсақ Темір, Құл Ахмет қожаның.
Сахабалар сайран бақтың бұлбұлы,
Көп іздеген Көк Тəңірі нұрлыны.
Үш жүз алпыс əулиені тербеткен,
Біздің елдің жанарында тұр мұңы.
Сайғағына құзғын қонған сұңқылдап,
Өлген ерлер жатыр əне «Ұлтым»-дап.
Ғасыр өтіп бара жатыр тұсынан,
Еркегі ез, ұрғашысы бұлтыңдап.
Жел азынап Асан қайғы ымдады,
Қобыз сазын Қорқыт келіп тыңдады.
326
327
Шын ақындар шырылдайды от кешіп,
Маңдайының ашылмаған бір бағы.
Махамбет тұр найзасына сүйеніп,
Қос ішекке қоңыр сазбен күй өріп.
Өз отыма жылынамын мен қашан,
Қазақ деген бір қараша үй едік.
Əбілқайыр, Абылаймен сырласты.
Көңіл гүлдеп, көкті жасыл жыр басты.
Ай мойынын жұлдызбенен моншақтап,
Аспан мен жер құшақтасып жымдасты.
Қанша тасқа қалай тимек маңдайым,
Қарақтыға аян менің хал-жайым.
Боз төбенің бота боздап астынан,
Тарих маған көрсетеді таңдайын.
ҚАНСОНАР ТІРЛІК
Бұрқырап міне жел тұрды,
Жер таянып ел тұрды.
Жұтып алды ақ кебін,
Қарғанған қара кемпірді.
Даланың түсі өзгерді,
Боларын солай сезгем-ді.
Безілдетіп зіл басты
Жүрек те деген безбенді.
Ажалдың күміс шынжыры,
Үзеді үзсе жыр мұны.
Қансонар қара тірліктің –
Бұл да бір аппақ шындығы.
* * *
Немере сүйдім сүйіне,
Тербеліп Тəңір күйіне.
Үйіріменен үш тоғыз,
Олжа бір келді үйіме.
Көңілім көктен түспеді,
Өңім бе, əлде, түс пе еді.
Санаулы досым шаттанып,
Дұшпаным саусақ тістеді.
Іңгалап жатыр жүрегім,
Төгілген сəуле, нұр едің.
Бас идім саған болашақ,
Мен сенсіз жаным кім едім.
ЖИЕНДЕРІМЕ
Айтарға қалай тіл жетсін,
Күміс бір қасты ілгексің.
Жарға ойнаған жиеннің
Тəтті екенін білмеппін.
Моншаққа толды өңірім,
Бетінен кетпес ерінім.
Ұл – мұрагер, қыз – өріс
Шөлімді басқан жерігім.
Əлдиін айтып келгенмін.
Əулие-Пірге сенгенмін.
Рулы ел боп ұл-қызым,
Бір Алла өзің дем бергін.
Жан Алла өзің жаратқан,
Ұрпақты сансыз таратқан.
Көркейте бер ел-жұртты –
Көзіңді алмай қазақтан.
328
329
АЛАШ
Қашанғы жас
Бола бермек алашым.
Қағанатшыл хақтың төрі қара шың.
Қой көзінің жасыменен сүртеді,
Қарсақ тістеп қалып қойған жарасын.
Алашымнан анау қалған даңғыл-ды,
Күзеткен қол, жібектен жол қалдырды.
Жеңіс туы жер түбінен мұндалап,
Желпіндірді сан ғасырды, бал қырды.
Көз қамасып ару дала жүзінен,
Қоштасқанмын көктемімен, күзімен.
Күлтегінді көрдің бе деп сұрады,
Алтай асып бір тал гүлді үзіп ем.
Жас Алашым – жан шырылым, шындығым.
Шыңдарыңда қалсын менің бір жырым.
Жүрегінің қанын сығып параққа
Тəңіріне жалбарынды құл бүгін.
НАРТАЙ
1
«Əділдік қайда, ар қайда,
Жемтікпен бəрі жабылды.
Бұтты-шатты тарады,
Құзғынға қоқыс табылды»
Нартай Бекежанов
Əділдік пен ар қайда?..
Ақын бабам оны іздеп жоқтағалы қанша жыл.
Іздеп жатыр: Мырза төбе, ханша қыр.
Бəрінен де
Шыдам бітіп
1
Нартай Бекежанов.
Таусылды,
Кім естиді боздағанда нарша жыр.
Нартай ақын,
Ол да іздеп бұл шындықты таппапты,
Біздің де сол, бас қатты.
Анау ағам
Бір күн жаман атанды,
Шыдап-шыдап болып жүріп жақсы атты.
Сол шындықты іздеп шыққан
Біреулер,
Көз жасы мен тамшы қанын тастапты.
Қайран Нартай!..
Сіздің дəуір, сəл, аңғалдау кез еді.
Дегенменен жау жарағын безеді.
Біздің ғасыр:
Ақ-қараңа қарамай,
Зəр құстырған жыландай,
Желкеңізден езеді.
Бір патшаны –
Бір патша кеп асқанын:
Күллі əлем көріп болып қалғыған.
«Соғыс, сойқан» – бір қайырма, жалғыз əн.
Нелер күтіп,
Кімдер күтіп тұр екен,
Болашақтың алдынан?!
Құзғындар ма?!..
Үрікпеген Нартайдан.
Талай ақын, үркітпек боп қартайған.
Біз де оның
Көріп жүрміз талайын,
Көк желкеңе мініп алып талтайған.
Нартай ақын –
Əнің қайда, жырыңмен!?
Жүрегіме əнің – шырын, жырың – дем.
Кейде, тіпті,
Кездер сондай болады:
Өлі жандар бақыттырақ, тіріңнен.
...Əн тыңдағым келіп отыр, бүгін Мен!
330
331
ЕНДІ, ƏРИНЕ, ҚАЗАҚПЫЗ!
Ақыл берді, сана берді Хақтан-нұр.
Ойсыз елді опасыздар таптап жүр.
Ұлт боп тұтас
Бірге ойлауды ұмытқан,
Əр қазақтың аяғында қақпан жүр.
Қазақсың ба!?..Енді, əрине, Қазақпыз!
Дұрыс!..Дұрыс!..Таудай ұлы талаппыз!
«Ұлт боп қалсақ» деген сөзге шеберміз,
Ұлт боп бірге арлануға салақпыз.
...Қазақпыз!
...Қазақпыз!
...Азатпыз!
Қазақсың ба!?.. Енді, əрине, қазақпыз!
* * *
Сен осынша кір ме едің!?..
Қарға-құзғын қайдан келген білмедім.
Аққулардың ақ төсіне таласқан
Жер қауырсын, шаң аспан
Жаңа ғана ілдіріп тұр ілгегін.
Ыңырсиды
Ырыс алды арулар,
Ұйқы сұрап қара көзі қамасқан.
Жатыр төсеп, жаулар менен жанасқан,
Үндемейді тістеп алып тілдерін.
Адасқан!..Адасқан!..
(...Ел болдық қой, не десеңде жарасқан)
* * *
Ақыл сұра көпті көріп жүргеннен,
Жаман жақсы бола қоймас күлгенмен.
Балағыңда қанша иттің ізі бар,
Үрмегені жаманырақ үргеннен.
Бұрынғының нақылы ғой бұл дағы,
Бұлдай-бұлдай нақыл сөз де құрғады.
«Өлең-сөздің» – деуші ме еді – Патшасы»,
Патшаның да шығар шықпас тұр жаны.
* * *
Хан жылайды: «Еңбегім еш, сормын» – деп.
Қара жылар: «Қасқа болдым, қормын» – деп.
Шекарадан шетсіз дұшпан үңілмек:-
«Кəне, көрсет, қайсы менің орным» –деп.
Бесігіңнің қоңырауы сылдырлап,
Əр қазақты «емізіп жүр» бір-бір жат.
Көк аттының көрпесінің астынан,
Жесір көңіл, жетім қазақ шыңғырмақ.
* * *
Дауылпазын даңғыратып мақтанның,
Ештеңені естімей-ақ ақталдың.
Мен отырмын сая таппай ішінде,
Ұят қысып солып қалған бақтардың.
Бар, бара ғой,
Дабылыңды даңғырат.
Болсын дей бер ұлы көштің алды бақ.
Қалай көшпек ғасырлардан ғасырға,
Бір көпірде, мың қазаққа жалғыз ат?!..
332
333
* * *
Өмір сүрдім оның несі жаңалық.
Əрбір таңда, ескі сырқау, жаңа жүк.
Уақыт сорды рухымның дəрменін,
Таскенеше қадалып.
Қара бұзау – қара тұрмыс санамыз,
Мөңіреп жүр, екі көзі аларып.
Еміп жатыр,
Жүрегімнің түбінен,
Жан берісіп, жан алып.
Мына халық талай көрген сұмдықты.
Жыр мен туыс мұңдық-ты.
Өлең сенің бірақ енді не теңің,
...Жоқ, жазбаймын, жыр бітті!
* * *
Ел сіңгесін санаға,
Ер жолынан танама!?
Ұлыңыздың бойында,
Қазақ бар ма, жан аға!?
Осы сөзім ойын ба!?
Тұрмыз, міне, тойында.
Қалай саған ұл болмақ,
Ұлт болмаса бойында.
Ұл ұжданың, арың да,
Ұлт бойында барында!
Ұлт болмаса жанында,
Тек бір бас пен қарын да.
* * *
Шөлдедім саған сазды жыр,
Өрілген өлең наз ғұмыр.
Қамшыдан қысқа өрімі,
Тамшыдан мөлтек аз ғұмыр.
Арпалыс пенен аңдысып,
Қыңсылап өтер жан күшік.
Ындындар жатыр тойымсыз,
Ылдиға құлап қан құсып.
Балағын жыртып жабысып,
Мың бəле жатыр табысып.
Сүйеніп отыр балдаққа,
Иманның іші қабысып.
Тірліктің сəні кеткен бе,
Ойлайтын солай тек мен бе?
Артыңа бір сəт қарарсың,
Алдыңнан ажал жеткенде.
* * *
Көпті жұтқан бұл аңғар,
Шыңғырысқан құлан бар,
Шын тектіден ұлан бар,
Соның бəрін білетін,
Алып біткен жыр есін,
Таңдайында торғайдың,
Біз білмейтін бір əн бар.
Сорлы торғай сорлады,
Өледі енді ол дағы.
Елдің сырын сұраңдар.
Ердің құнын сұраңдар.
Қырдың есін шығарды,
Қызыл-жасыл ұрандар.
Таңдайында торғайдың,
Біз білмейтін бір əн бар.
334
335
* * *
Алтын-ды дəндей қырманың.
Алғаусыз мөлдір сырларың.
Жетім де менен жесірді
Жебеп жүр сенің жырларың.
Жүктесең маған жыр жүкте,
Жыр күтер бізден бір күтсе.
Мұқаңдар
1
барда бұл Қазақ,
Панасыз болмас тірлікте!..
* * *
Тұңғиыққа кірпік қадап алқындым,
Жұлдызынан сəлем айтып əр түннің.
Мен басқаша тілек тілей алмаймын,
Көп сұрадым бақ-баянын халқымның.
Айды көрдім, есен көрдім еліммен,
Төрт құбылам, ұлан-байтақ жеріммен.
Сені сүйген жан лəззатын кім білер,
Айырмашы сезімім мен сенімнен.
Таңды қара тамашасы нұрында,
Туған елсіз ғұмыр ма!?
Кесілген бас, төгілген қан тым қымбат,
Тұр ма туым тұғырда?!
Жаным менің ұлан-асыр мақтаныш,
Көрсетпедім жатқа күш.
Табан ет пен маңдай тердің өтеуі,
Кім болсаңда адал сөйлеп, ақтан іш.
Отаным ғой, қалың қазақ егізім,
Тай басады, тұлпар туған ер ізін.
1
Мұқаңдар – М. Мақатаев.
Түп тамырым ұлы Тұран-Ақ Ордам,
Қалың Түркі қағанатшыл негізім.
Ордам менің алтын зерім, ақ тілек,
Өттік-кеттік, міне, біз де бақ тілеп.
Өз даласын сүйіп өскен сүрлеуде,
Итаяққа құл болмаған қасқыр ек.
* * *
Кім береді өткен күнді қайтадан,
Жөн болады байқаған.
Жөткірініп көксау бұлттар мұң шақты,
Күбі қарын шайқаған.
Ол есесін таңнан алмақ жаңбырлы,
Жан тамшысын қалдырды.
Тəңір шебер уысында тағдырың,
Жоқ кезіңнен бар қылды.
Бар күніңнің бағасын біл, құнға-құн,
Иман айтып, ұят меңзеп тұр мəнін.
Отанды сүй, ел дегенің бір жұмақ,
Тек сонымен баяндысың ұлдарым!
* * *
Бір жақсылық күтіп тұрмын
ақ таңнан,
Күдік қылып, сақтанғам.
Жапырағы
Жылда қайта көгерген,
Үміт деген аумайды екен ақ талдан.
Бір жақсылық,
Бір қуаныш кешкім кеп,
336
337
Арман қуып ақша бұлт боп көштім көп.
Қайран ақын
Аңқаусың-ау, аңқаусың,
Тілегіңді кім Тəңірге жеткізбек?!
Жыр жазайын,
Жырым ғана жанашыр,
Мынау өмір мізбақпайтын қарасұр.
Етегіңді
Түріп ала қашасың,
Саған айтсам аға сыр.
Тегін ақыл –
Теке сынды сасыған,
Селкеу сақал, мүйіз шыққан басынан.
Жүрегіңді жібереді
Айнытып,
Өтсең болды қасынан.
* * *
Көшіп жүрміз,
Есіп жүрміз самал боп,
Есіркеуге, есінеуге шамаң жоқ.
Қайдағыға
Қолын созып жүгірмек,
Енді, қайтсін, туылған соң адам боп.
Жүгіріп жүр,
Əр қиялға қонақтап,
Маңдай терін майдан кешіп сораптап.
Қайда барса
Қара түнек қаптаған,
Дүниеде бар ма өзі жол аппақ?!
Əне, анау,
Жүгірді де құлады,
Есі кетіп тұр əлі.
Ал, ананың,
Еңбегі еш, тұзы сор,
Жаңбырлатып бұлтпен бірге жылады.
* * *
Əлсіздерге атқан жоқ-ты таң əлі,
Құрбан болар əлсіздерің сан əлі.
Пілдің жолы –
Түссе үстінен илеудің,
Құмырсқаға көшу ғана қалады.
Қара байғұс
Хан мен жолдас болмайды,
Естігем жоқ ондайды.
Қой дос болып
Жарытпайды қасқырмен,
Қазаққа айтып керегі жоқ ол жайды.
Хан туласа қан шашылып тынады,
Қабыртқаңыз сынады.
Жер бетінде
Құмырсқаның барлығын,
Білмейтін де болар, тіпті, піл əлі.
Билік барда болар оның бір зілі,
Ақиқатпен өлшенеді тіл құны.
Халық – шыдам!..
Шыдамда да шек болмақ,
Бір асқанға, бір тосқан бар шындығы.
338
339
Достарыңызбен бөлісу: |