Егер тұрмыстық мердiгерлiк шарты бойынша жұмыс тапсырысшының материалынан орындалатын болса, түбiртекте немесе шарт жасасу кезiнде мердiгер тапсырысшыға беретiн өзге де құжатта материалдың дәл атауы, саны, сипаты мен тараптардың келiсiмi бойынша белгiленетiн бағасы көрсетiлуге тиiс. Түбiртектегi немесе сол сияқты өзге де құжаттағы материалды бағалауға тапсырысшы жазбаша дәлелдемелер ұсыну арқылы кейiн сотта дау айтуы мүмкiн.
Тұрмыстық мердiгерлiк шартында жұмыстың бағасы тараптардың келiсiмiмен белгiленедi және ол мердiгер жарияланған прейскурантта көрсетiлгеннен жоғары болмауы керек. Тапсырысшы жұмысқа ақыны мердiгер оның нәтижесiн түпкiлiктi тапсырғаннан кейiн төлейдi. Тараптардың келiсiмi бойынша жұмысқа тапсырысшы шарт жасасу кезiнде толық немесе аванс беру арқылы ақы төлеуi мүмкiн.
650-бап. Шарттағы тараптардың бiрiнiң қайтыс болуының зардабы
Тұрмыстық мердiгерлiк шарт тараптардың бiрiнiң қайтыс болуы негiзiнде тоқтатылған жағдайда (осы Кодекстiң 376-бабы) шарттың тоқтатылу зардабы тиiстi тараптың құқықтық мирасқоры мен оның келiсiм-шарт жасасушы агентiнiң арасындағы келiсiм бойынша, ал олар келiсiмге келмеген кезде орындалған жұмыстың мөлшерi мен оның бағасы, жұмсалған және сақталған материалдың құны, сондай-ақ басқа да елеулi жағдайлар ескерiле отырып сот арқылы айқындалады.
651-бап. Құрылыс мердiгерлiгiнiң шарты
Құрылыс мердiгерлiгiнiң шарты бойынша мердiгер тапсырысшының тапсырмасы бойынша шартта белгiленген мерзiмде белгiлi бiр объектiнi салуға не өзге де құрылыс жұмысын орындауға мiндеттенедi, ал тапсырысшы мердiгерге жұмысты орындауы үшiн қажеттi жағдайлар жасауға, оның нәтижесiн қабылдап алуға және ол үшiн келiсiлген бағаны төлеуге мiндеттенедi.
Құрылыс мердiгерлiгiнiң шарты кәсiпорынды, үйдi (оның iшiнде тұрғын үйдi), ғимаратты немесе өзге де объектiнi салуға немесе қайта жаңартуға, сондай-ақ монтаждау, iске қосу-жөнге келтiру және салынып жатқан объектiмен тығыз байланысты өзге де жұмыстарды орындауға жасалады.