Экзаменационные вопросы Тіл біліміне кіріспе пәнінің мақсаты мен міндеті


Тіл білімінің басқа ғылымдармен байланысы



бет6/50
Дата27.01.2022
өлшемі57,76 Kb.
#24419
түріЭкзаменационные вопросы
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   50
Байланысты:
ТБК емтихан жауаптары (копия)

5. Тіл білімінің басқа ғылымдармен байланысы.

Тіл білімі – филология, тарих, археология, этнография, әдебиеттану, психология, педагогика, логика, философиямен байланысты.
Тіл білімі жаратылыстану ғылымдары: физиология, физика, математика, география, кибернетикамен байланысты.
Тіл білімінің әртүрлі ғылым салаларымен байланысынан туындайтын түрлері: социолингвистика (әлеуметтік лингвистика), этнолингвистика, психолингвистика, паралингвистика, лингвоэкология, лингвостатистика, лингвистикалық философия, логикалық грамматика, қолданбалы лингвистика, лингвистикалық география, когнитивтік лингвистика, лигвомәдениеттану, лингвоелтану, интерлингвистика, компьютерлік лингвистика және т.б.
Тіл білімі және филология. Тіл білімі, бірінші кезекте, әдебиетпен байланысты. Өйткені «тіл - әдебиеттің бірінші элементі». Әдеби шығарма лингвистер үшін өте құнды материал. Әсіресе тіл білімінің стилистика саласы әдебиеттанумен тығыз байланысты.
Тіл білімі және философия. Тіл білімі философиямен тығыз байланысты. Философия тек тіл білімінің ғана емес, күллі ғылымдардың методологиясы болып саналады. Философия да, тіл білімі де барлық құбылыстарды бір-бірімен өзара байланыста қарастырады. Философия табиғат пен қоғам өміріндегі барлық құбылыстар қозғалу, өзгеру, даму күйінде болады деп үйретсе, тіл білімі де тілдік кұбылыстарға солай қарайды. Өйткені тіл де басқа коғамдық құбылыстар сияқты өзгереді, дамиды. Бірақ, ескертетін нәрсе: тілдегі өзгеру тым баяу өтеді. Ал қоғам мен жаратылыстағы өзгерістер тілге қарағанда тезірек өтеді.
Философия өмірдегі барлық заттар мен құбылыстарда форма мен мазмұн бар, олар өзара байланыста, бірлікте болады, - деп үйретеді. Мазмұн өмір сүру үшін, белгілі бір формаға ие болуы керек. Яғни форма - өмір сүрудің шарты. Тіл де - дәл осындай құбылыс. Тілдегі формалардың да (сөздердің, сөз тіркестерінің, грамматикалық тұлғалардың) мағына, мазмұны бар. Олар да бір- бірімен тығыз байланысты.
Тіл білімі және логика. Тіл білімі логикамен тығыз байланысты. Көпшілікке белгілі, логика - ойлау зандары мен ой формалары туралы ғылым. Ал ойлау, әдетте, тіл арқылы іске асады, тіл арқылы жарыққа шығады. Анығырақ айтқанда, адамның ойы тілдегі сөздер мен сөйлемдер арқылы айтылып, түсінікті болады.
Тіл білімі және психология. Тіл білімі психологиямен де байланысты. Психология түйсік пен қабылдауды, ес пен ойды, сезім мен зейінді зерттейді. Ал бұлардың сөйлеу процесіне (оны қабылдап, түсіну процесіне) тікелей қатысы бар. Өйткені біреудің айтқанын қабылдау, оны ұғыну процесі болмаса, қарым-қатынас жасасу, пікір алысу да болмаған болар еді. Адам сөз арқылы белгілі бір затты атап қана қоймайды, сонымен бірге, сол затқа (іске, құбылысқа) өзінің қатынасы мен оған қалай қарайтындығын да білдіреді. Яғни тіл ойды білдірудің ғана құралы емес, сезімді де білдірудің құралы. Мысалы; жаман, жексұрын, сұмпайы, сұмырай немесе құмар, іңкәр, ынтазар т.б. Бұл сөздер (синонимдер) бір-бірінен эмоциялық бояуы жағынан ажыратылады.
Сөйлеу процесіне жоғары нерв жүйесі де қатысады, яғни сөйлеу жоғары нерв жүйесінің қызметімен байланысты. Жоғары нерв жүйесі жақсы жетілсе, сөйлеу де жақсы жолға қойылған ден есептеледі. Тілдің күрмелуі, кекештену, жақсы сөйлей алмау - мидың зақымдануынан болады. Психиаторлар, дефектологтар, логопедтер сөйлеуді жоғарғы нерв жүйесінің, мидың қызметімен байланыстыра қарастырады. Қазір адамның сөйлеу қызметін арнайы зерттейтін ілім, психолингвистика дамып келеді.
Тіл білімі және физиология. Лингвистиканың тіл дыбыстарын зерттейтін саласы - фонетика физиологиямен байланысты. Өйткені сөйлеу – дыбыстау мүшелерінсіз (ауыз, тіл, тіс...) мүмкін емес. Тілдің шығуының өзі алғашкы адамдардың сөйлеу мүшелерінің жетіліп дамуына тәуелді.
Тіл білімі және физика. Тіл білімі физиканың акустика саласымен де байланысты. Адам баласыньң тілі - дыбыстық тіл. Тілдегі дыбыстар жүйесін тіл білімінің фонетика саласы зерттейді. Ал жалпы дыбыс атаулыны физиканың акустика саласы қарастырады. Ендеше, бұл екеуі де бір- бірімен байланысты.
Тіл білімі және тарих. Тіл білімінің тарих ғылымымен, оның ішінде этнографиямен, археологиямен байланысы бар. Тіл тарихы - сол тілді жасаушы, сол тілді қолданушы халықтың тарихымен байланысты. Олар бірін-бірі байытады, бірін-бірі толықтырады. Тілдік деректерді - тарих, тарихи мәліметтерді - тіл пайдалана алады. Айталық, тіліміздегі кірме сөздерді зерттеу арқылы қазақ халқының бұған дейін қандай халықтармен аралас-құралас болғандығын білуге болады.
Тіл білімі және этнография. Этнографтар халықтың ерте кездегі салтына, дәстүріне, әдет- ғұрпына, тұрмысына байланысты материалдық байлықтарды зерттегенде тіл фактілеріне соқпай өте алмайды. Өйткені тіл - соларды ұзақ уақыт бойы сақтап қалған құралдардың бірі.
Тіл білімі және антропология. Тіл білімі антропологиямен де жақындасады. Антропология - адамның биологиялық табиғаты, морфологиялық типтері туралы ғылым. Адам баласы тілінің пайда болу дәуірін айқындауда әсіресе палеантропологияның деректері айрықша маңызды.
Тіл білімі және география. Тілге кейде географиялық факторлар да әсер ете алады. Мысалы, аралда тұрған халықтардың тіліне ешкім әсер ете алмауы мүмкін. Болмаса кең аймақта тұратын халықтың тілдері диалектілерге бөлініп кетуі мүмкін, ал тар аймақта тұратын халықтардың тілдеріндегі диалектілер бірігіп, жойылып кетуі ғажайып емес.
Тіл білімі мен географияның өзара байланысы ғылымның жаңа бір саласы - лингвистикалық географияның тууына әкеп соқты. Лингвистикалық география тілдегі фонетикалық, лексикалық грамматикалық құбылыстардың қай территорияға тарағанын көрсетеді. Бұл, әсіресе, диалектілік ерекшеліктерді зерттегенде ерекше маңызды. Сол арқылы, белгілі бір тілдің немесе диалектілердің лингвистикалық картасы (атласы) жасалынады.
Тіл білімі және семиотика. Тіл - таңбалар жүйесі. Осыған орай тіл білімі жалпы таңба атаулыны қарастыратын - семиотика ғылымымен байланысқа түседі. Таңбаларға Морзе әліппесі, жазу мен цифрлар, жол белгілері, тағы басқалар жатады. Жазусыз (әріптерсіз) тіл жоқ екендігі белгілі. Ондай шартты белгілер – материалдық жағынан да, білдіретін хабарының мазмұны, оны беру тәсілі мен таңбаның құрылымдық сипаты жағынан да алуан түрлі, ол – ғылым нысаны болуға әбден жарайтын, мейлінше күрделі құбылыс. Осы себептен 20 ғасырдың 30-шы жылдарынан бастап, таңбаларды зерттейтін семиотика деп аталатын дербес ғылым қалыптасты. Семиотика – грек сөзі, мағынасы – белгілі дегенді білдіреді.
Семиотика (гр. semeion - белгі, танба) (семиология) - таңбалық белгілер жүйесі туралы ғылым, адамзат қоғамына қызмет ететін салалардағы (тіл, мәдениет, салт-дәстүр, кино т.б.), табиғаттағы (жануарлар дүниесіндегі коммуникация) немесе адамның өз қызмет-қабілетіндегі (заттарды көру, есту арқылы қабылдау, логикалық пайымдау) ақпараттың сақталуы мен қабылдануына қатысты әртүрлі таңбалық жүйелердің құрылымы мен қызметінің жалпы мәселелерін зерттейтін ғылыми пән.
Тіл білімі және мәдениет. Мәдениеттің бастауы тілдің пайда болуымен тұспа-тұс келеді. Мәдениет тілі дегеніміз адамдардың коммунаикативті байланыс жасап, мәдениет кеңістігіндегі бағдарын айқындауға мүмкіндік беретін құралдар, таңбалар, рәміздер мен мәтіндер. Мәдениет тілі – бұрын болған не жаңадан пайда болатын түсініктер, қабылдаулар, ұғымдар, бейнелер және басқа да осы тектес мәндік құрылымдар ұйымдасатын нақтылықты түйсінудің әмбебап формасы болып табылады.
Тіл – мәдени мұраларды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырушы құрал. Тілші-ғалым Ә. Қайдар: «Кез келген тілдің қоғамда өзара байланысты үш түрлі қызметі бар. Оның басты қызметі – коммуникативтік, яғни қоғам мүшелерінің өзара қарым-қатынас жасап, бір-бірін түсінуі, пікір алысуы үшін қажетті қызметі. Оның екінші қызметі – көркем шығарма тіліне тән, адам баласына образ арқылы ерекше әсер ететін, ләззат сыйлайтын эстетикалық қызметі. Тілдің бұл қызметі, әрине қаламгердің шеберлігіне, сөз саптау мәдениетіне тікелей байланыс­ты. Ал тілдің үшінші бір қызметі, ғылыми терминмен айтқанда аккумулятивті қызметі деп аталады. Ол – тілдің ғасырлар бойы дүниеге келіп, қалыптасқан барлық сөз байлығын өз бойына жиып, сөйтіп оны келешек ұрпаққа асыл мұра ретінде түгел жеткізіп отыратын қасиеті… Тіл фактілері мен деректері – тұла бойы тұнып тұрған тарих. Сондықтан этностың өткендегі тарихы мен этнографиялық байлығын біз ең алдымен содан іздеуіміз керек» дейді.
Олай болса, мәдениет пен тілдің бір-бірімен байланысы күрделі, өте тығыз. Мәдениет адам қолымен жасалатын материалдық құндылық болғандықтан, ол таза табиғи үдеріс ретінде таныла алмайды. Себебі тіл адам баласына берілген рухани құндылық. Бір қырынан алғанда, мәдениет пен тілдің байланысы мазмұн мен пішіннің байланысы секілді. Тіл – мәдениеттің өмір сүру формасы болса, мәдениет – оның ішкі мазмұны. Сондықтан да, тіл мен мәдениетті бір-бірімен бөліп қарауға болмайтын құбылыс деуімізге болады.
Тіл білімі және математика. Тіл білімі белгілі дәрежеде математикамен де, кибернетикамен де байланысты. Тіл білімі математика ғылымымен, біріншіден, машиналық аударма мәселелері бойынша байланысса, екіншіден, тілді зерттеуде математикалық статистика әдістерінің қолданылуы жағынан байланысады. Математикалық статистика сөздердің, дыбыстардың қолданылу жиілігін айқындауға көмектеседі. Осының нәтижесінде тіл білімінің математикалық лингвистика деп аталатын саласы қалыптасты.
Тіл білімі және кибернетика. Ал тіл білімі мен кибернетика ғылымының байланысы тың және әлі де толық шешімін таппаған мәселе. Бұл екі ғылым саласын байланыстыратын қабылдау, ақпарат беру, еске сақтау, тілдік мәліметтерді өңдеу, жүйелеу процестерінің тіл білімі мен кибернетикада ұқсас қызметтері болып табылады. Кибернетикада электронды машиналардың негізгі міндеті – хабарды қабылдау, меңгеру, сақтау, өзгерту, қайта хабар беру. Тіл білімі үшін кибернетиканың маңызды ісінің бірі – материалды, мәтінді электронды машина арқылы бір тілден екінші тілге аудару мәселесі. Бұл мәселе 1954 жылы алғаш рет Америкада басталды, бірақ машинамен аудару ісі жан-жақты шешілді деуге болмайды.
Қорыта келе, тілі білімінің көптеген ғылымдармен байланысты екендігін, бұл байланысты жете білудің териялық жақтан болсын, практикалық жақтан болсын айқын маңыздылығын көруімізге болады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   50




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет