373-бап. Радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттеріне қойылатын экологиялық талаптар
1. Радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттерін құру және олардың жұмысын ұйымдастыру жөніндегі барлық жобалар санитариялық-эпидемиологиялық сараптамаға және Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүргізілетін сараптамаға жатады. Жобалау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітілген құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкес жүзеге асырылуға тиіс.
2. Жобада:
1) радиоактивті қалдықтарды түзу көздері, радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттерінің болжамды әрекет еті радиусында қоршаған ортаға радиоактивті әсер етудің басқа да көздері, олардың сандық және сапалық сипаттамалары;
2) радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттерінің ұйымдық құрылымы, өндірістік радиациялық бақылау жүргізу көлемі мен тәртібі;
3) халыққа дозалық жүктеменің есеп-қисаптары радиоактивті қалдықтардың болжамды әрекет ету радиусындағы барлық радиация көзінің жол берілетін және бақыланатын деңгейлері мен қоршаған ортаға және халыққа ықпалын бағалау көрсетілуге тиіс.
3. Жобада халықтың тәуекелді тобына дозалық жүктемені бағалау қамтылатын, қоршаған ортаға әсер ету ескеріле отырып, арнайы іздестірулер мен экономикалық бағалаулар негізінде балама нұсқалар қатарынан сақтау және (немесе) көму пункті салынатын орынды таңдау негізделуге тиіс.
4. Геодезиялық, геологиялық, гидрогеологиялық және гидрометеорологиялық іздестірулерді қоса алғанда, инженерлік іздестірулер:
1) радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пунктін салу және орналастыру орнының таңдалуын және оның табиғи және техногендік факторлардың қолайсыз әсерлерінен инженерлік қорғалуын;
2) қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларды негіздеуді қамтамасыз етуге тиіс.
5. Радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пункттерін құру және олардың жұмысын ұйымдастыру жөніндегі жобаларда дезактивациялаудан немесе басқа да қызметтен кейін бүлінген жерлерді рекультивациялау көзделуі керек.
6. Радиоактивті қалдықтарды көму пункттерінің айналасында Қазақстан Республикасының халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы туралы заңнамасына сәйкес айқындалатын шекаралары бар санитариялық-қорғаныш аймағы белгіленеді.
7. Радиоактивті қалдықтарды көму пункттерін:
1) тұрғын үй құрылысын салу аумақтарында;
2) жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келіспей пайдалы қазбалар жатқан алаңда;
3) активті карст аймақтарында;
4) шөгулер, сел тасқындары, қар көшкіндері және басқа да қауіпті геологиялық процестер аймақтарында;
5) батпақты жерлерде;
6) жерасты ауызсу көздерінен су алу аймақтарында;
7) курорттарды санитариялық қорғау аймақтарында;
8) қалалардың жасыл аймақтарының аумақтарында;
9) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда;
10) шаруашылық-ауызсумен жабдықтаудың жерасты және жерүсті көздері, су құбыржолдарын тазарту құрылысжайларын, магистральдық сутартқыштарды санитариялық қорғау аймақтарының I, II, III белдеулері аумағында;
11) су бөлу аумақтарында;
12) ормандар, орман саябақтары және қорғаныш және санитариялық-гигиеналық функцияларды орындайтын және халықтың демалу орындары болып табылатын басқа да жасыл екпелер алып жатқан немесе олардың алып жатуына арналған жерлерде орналастыруға жол берілмейді.
8. Радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пунктін салуға жер учаскесін таңдау кезінде мынадай шарттар сақталуға тиіс:
1) ауызсу, бальнеологиялық және техникалық мұқтаждықтарға жарамды ызасудың болмауы;
2) жанасқан жыныстардың жоғары сорбциялық-сыйымдылық қасиеттері;
3) жерасты суының айтарлықтай тереңдікте (алпыс және одан көп метрде) жатуы;
4) ызасу деңгейінің радиоактивті қалдықтарды сақтау және (немесе) көму пунктінің түбінен төрт метрден жақын болмауы;
5) сулы белдеулер болып табылмайтын және төмен жатқан сулы белдеулермен гидравликалық байланысы жоқ геологиялық қабаттардың болуы;
6) опырылым тектоникасының және қарқынды жарықшақтықтың болмауы, сейсмикалық қауіпті опырылуға дейінгі арақашықтық қырық километрден асуға тиіс;
7) төгінділер түзуге, шөгуге, құлауға сезімталдықтың өте төмен болуы;
8) эрозияның болмауы;
9) геоморфологиялық тұрақтылық;
10) іргетас топырағы мен жынысының қатты және өте тығыз болуы;
11) іргетастың мықтылығы он метрден асатын су өткізбейтін жыныстан болуы;
12) жергілікті жердің еңістілігі бес пайыздан аспайтын шағын төбелі болуы;
13) жақын жердегі жерасты суы мен ызасу су тартқышқа дейін немесе жер бетіндегі су көздерінен арақашықтықтың төрт километрден жақын болмауы;
14) жерді іс жүзінде пайдаланудың айтарлықтай экономикалық тиімділік бермеуі және оны әлеуетті пайдаланудың да танылған бағалауының болмауы;
15) төрт километр арақашықтықта мәдени және ұлттық маңызы бар құндылықтардың болмауы;
16) жергілікті жердің туристік құндылығының болмауы және оған жақын маңдағы елді мекендер тұрғындарының сирек келуі.
Көлік құралдары мен өзге де жылжымалы құралдарды жасап шығару және пайдалану кезінде атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі экологиялық талаптар
Достарыңызбен бөлісу: |