37-бап. Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері
1. Қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері (бұдан әрі – сапаның нысаналы көрсеткіштері) деп қоршаған ортаның жекелеген құрамдастары жай-күйінің сандық және сапалық сипаттамаларының және қоршаған ортаны қорғау және белгілі бір уақыт кезеңінде қол жеткізілуге тиіс қалдықтарды тиімді басқару жөніндегі шаралардың қамтамасыз етілу деңгейін сипаттайтын өзге де көрсеткіштердің жиынтығы түсініледі.
2. Сапаның нысаналы көрсеткіштері әрбір облыс, республикалық маңызы бар қала және астана деңгейінде белгіленеді.
3. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары әрбір бес жылдық кезеңге арналған сапаның нысаналы көрсеткіштерін әзірлеуге міндетті.
4. Әзірленген сапаның нысаналы көрсеткіштері қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісілуге жатады және оларды тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің жергілікті өкілді органдары бекітеді.
5. Әрбір облыс үшін әзірленетін және бекітілетін сапаның нысаналы көрсеткіштері тұтас облыс үшін де, облыс шегіндегі мына аумақтар:
1) аудандар;
2) халық саны 100 000 адамнан асатын елді мекендер;
3) өздерінің шегінде қоршаған орта жай-күйінің мониторингі нәтижелері бойынша сапаның экологиялық нормативтерінің бұзылуы анықталған өзге де елді мекендер;
4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар;
5) өздерінің шегінде қоршаған орта жай-күйінің мониторингі нәтижелері бойынша сапаның экологиялық нормативтерінің бұзылуы анықталған өзге де аумақтар (акваториялар) үшін де тиісті көрсеткіштерді қамтуға тиіс.
6. Сапаның нысаналы көрсеткіштерін әзірлеу қағидаларын, оның ішінде өздері үшін сапаның нысаналы көрсеткіштері белгіленетін индикаторлардың ең аз тізбесін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Экологиялық Кодекстің ережелерін ескере отырып бекітеді.
7. Өздері үшін сапаның нысаналы көрсеткіштері белгіленетін ең төмен индикаторлар тізбесіне міндетті түрде:
1) атмосфералық ауаның сапасы;
2) жерүсті және жерасты суларының сапасы;
3) жердің және топырақтың сапасы;
4) әрбір жеке өңірдің климаты мен топырақ жағдайлары ескеріле отырып, ормандардың және жасыл екпелердің жиынтық алаңдары;
5) жердің тозуын және шөлейттенуін қысқарту;
6) ластағыш заттардың түрлері бойынша шығарындылардың жиынтық көлемі;
7) ластағыш заттардың түрлері бойынша және әрбір жеке су объектісі мен бассейні бойынша төгінділердің жиынтық көлемі;
8) коммуналдық қалдықтардың түрлері бойынша – оларды бөлек жинау, қайта пайдалануға дайындау, қайта өңдеу, кәдеге жарату және жою (құрту және (немесе) көму) үлесі;
9) парниктік газдардың шығарылуын қысқартудың жиынтық көлемі енгізіледі.
8. Сапаның экологиялық нормативтері сақталмайтын әкімшілік-аумақтық бірліктер, аумақтар (акваториялар) үшін сапаның нысаналы көрсеткіштері он жылдан аспайтын мерзімде сапаның экологиялық нормативтеріне кезең-кезеңмен қол жеткізуді қамтамасыз ететіндей етіп белгіленуге тиіс.
9. Сапаның экологиялық нормативтері сақталатын тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктердің аумақтарында сапаның экологиялық нормативтерімен салыстырғанда қоршаған орта сапасының неғұрлым жоғары деңгейін қамтамасыз ететін, оның ішінде өздері үшін сапаның нысаналы көрсеткіштері белгіленетін ең төмен индикаторлар тізбесіне кірмейтін индикаторлар үшін сапаның нысаналы көрсеткіштері белгіленуі мүмкін.
Қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізудің міндеттілігі
65-бап. Қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізудің міндеттілігі
1. Қоршаған ортаға әсерді бағалау:
1) осы Кодекске 1-қосымшаның 1-бөлімінде санамаланған қызмет түрлері мен объектілер үшін, онда көрсетілген сандық шекті мәндер (олар болған кезде) ескеріле отырып;
2) егер осындай қызметке немесе осындай объектілерге қатысты қоршаған ортаға әсерге бағалау жүргізудің міндеттілігі белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг нәтижелері туралы қорытындыда белгіленсе, онда көрсетілген сандық шекті мәндерді (олар болған кезде) ескере отырып, осы Кодекске 1-қосымшаның 2-бөлімінде санамаланған қызмет түрлері мен объектілер үшін;
3) осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген, өздеріне қатысты бұрын қоршаған ортаға әсерін бағалау жүргізілген объектілердің қызмет түрлеріне және (немесе) қызметіне елеулі өзгерістер енгізілген кезде;
4) өздеріне қатысты бұрын белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг нәтижелері туралы қорытынды берілген, осы Кодекске 1-қосымшаның 2-бөлімінде санамаланған объектілердің қызмет түрлеріне және (немесе) қызметіне елеулі өзгерістер енгізілген кезде, осындай елеулі өзгерістердің қоршаған ортаға әсерін бағалауды жүргізудің міндеттілігі белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг нәтижелері туралы қорытындыда белгіленген жағдайларда, қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізу қажеттігінің жоқтығы туралы тұжырыммен қоса, міндетті болып табылады.
2. Қоршаған ортаға әсерді бағалау немесе белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг жүргізу мақсаттары үшін қызметтің елеулі өзгерістері деп нәтижесінде:
1) өндіріс көлемі немесе қуаты артатын;
2) қызметте пайдаланылатын табиғи ресурстардың, отынның және (немесе) шикізаттың мөлшері ұлғаятын және (немесе) түрі өзгеретін;
3) қоршаған ортаға әсерді бағалау немесе белгіленіп отырған қызметтің әсеріне скрининг жүргізу кезінде бұрын ескерілмеген бұзылатын жерлердің алаңы ұлғаятын немесе жердің бұзылуына әкелетін;
4) нәтижесінде эмиссиялардың сандық және сапалық көрсеткіштері нашарлауы, осындай эмиссиялардың әсер ету аймағы өзгеруі және (немесе) түзілетін қалдықтардың көлемі артуы мүмкін технология, өндірістік процесті басқару өзгедей түрде елеулі өзгеретін кез келген өзгерістер түсініледі.
3. Қоршаған ортаға әсерді бағалау осы баптың 1-тармағында көрсетілмеген қызметтің түрлері мен объектілері үшін міндетті болып табылмайды және мұндай қызмет бастамашыларының немесе объектілер операторларының қалауы бойынша ерікті түрде жүргізілуі мүмкін.
4. Белгіленіп отырған қызмет немесе оның бір бөлігі, сондай-ақ оған өзгерістер, оның ішінде елеулі өзгерістер енгізу, егер оны жүзеге асыру немесе оған тиісті өзгерістер енгізу авариялық немесе төтенше жағдайдың алдын алуға, салдарларын жоюға немесе кетіруге, соғыс жағдайын енгізуге байланысты немесе Қазақстан Республикасының қорғанысын немесе ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі шұғыл шараларға байланысты қажет болса, қоршаған ортаға әсер етуін міндетті бағалауға жатпайды.
5. Егер қоршаған ортаға әсерді бағалауды жүргізу Экологиялық Кодекстің талаптарына сәйкес белгіленіп отырған қызмет үшін міндетті болып табылса, осындай бағалауды алдын ала жүргізбей, белгіленіп отырған қызметті іске асыруға, оның ішінде белгіленіп отырған қызметті жүзеге асыру үшін экологиялық рұқсат беруге тыйым салынады
Радиоактивті қалдықтар және оларды сыныптау. Радиоактивті қалдықтарды басқару саласындағы экологиялық талаптар
Достарыңызбен бөлісу: |