Әлдихан Қалдыбаев Бауыржан деген бала бар



бет15/17
Дата12.04.2022
өлшемі83,07 Kb.
#30833
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17
Байланысты:
Бауыржан деген бала бар 3-4

ТАЗАЛЫҚ КҮНІНДЕ


Жұма – тазалық күні. Бір күні мектептің барлық оқушылары сияқты үшінші «в» сыныбы да соңғы сабақтан соң түгелдей қалып, өздеріне тиесілі жұмысты атқаруға кірісті. Үшінші сыныптықтар еншілеген жұмыс ауқымы аз да емес, көп те емес, өздеріне жетерлік. Сыныптың есік-терезелерін, парталарды, тақтаны тап-таза етіп жуып, сүрту, аулада өздеріне бөлінген жерді, гүлзарды мұнтаздай қып сыпырып, жайнатып қою – оңай шаруа емес. Бірақ көптің аты көп, сынып болып кірісіп кеп кеткенде, бір сəтте-ақ бітіріп тастайды.

Бөлісте ішінде Бауыржан бар, бес баланың еншісіне шеткі қатардағы парталарды жуу тиген. Бұл дегенің осы бес бала жыл бойы тазалық күнінде алты партаны айнадай етіп жарқыратып жуып тұруы керек. Ал Бауыржан болса, парта жууды жек көреді. Əне бір күні парта жуамын деп пора-пора болып терлеп, былғамаған жері қалмай, рəсуасы шыққаны бар. Сонда партаға қайтып жуымасқа бекінген. Міне, енді парта жуу тағы алдан шығып отыр. Қайтпек? Қараптан-қарап бас тарта алмайсың, бір амалын табу керек.

Бауыржан соңғы сабақ бойы парта жуудан құтылудың жолын ойлаумен болды. Сабақ бітуге жақындаған сайын бір орында отыра алмай, тыпырши берді. Біресе екі шекесін ұстап, біресе ішін басып көрді. Бəрі орнында, ауырмайды.

Рахима апай Бауыржанның мазасызданғанын байқап отырған:

– Смағұлов, саған не болған, тынышың кетіп отыр ғой, – деді.

– Апай, ішім ауырып отыр.

Бауыржан осылай деуге бекініп пе еді, жоқ па, білмей де қалды. Əйтеуір, аузына түскен сөз осы болды.

– Ішің ауырса, бара ғой.

Өзі əрең шыдап отырған адам мына сөзден кейін бір минут аял қылсын ба, Бауыржан лып беріп сыныптан шыға жөнелді. Шынымен ауырмаған соң қиын екен, жалғыздан-жалғыз сопайып қалай бармақ үй жаққа? Танитын біреу-міреу кездесіп қалып: «Басқа балалар оқуда, сен неғып жүрсің мұнда?» десе қайтеді? Қой, үй жаққа баруға болмайды.

Бауыржан көрші аулаға бет түзеді. Қыркүйекте аула баласыз, ойынсыз болған ба? Сəкіде бір топ бала отыр екен. Күнде ойнап жүрген, танитын балалар. Бауыржан келді де, қосылды да кетті. Əңгіме қызығына беріліп, іші ауырғаны мүлдем ұмыт болды.

Өстіп отырғанда бұларға Талғат келіп қосылды. Ол дəл Бауыржанның қасына келіп отырып жатып:

– Бауыржан, ішің ауырғаны қайда? Мұнда не істеп отырсың? – деп мұны шынтағымен бүйірден бір түртіп қалды.

Бауыржан тарс кетті:

– Тапқан екенсіңдер парта жуатын ақымақты! Жуыңдар өздерің! Еш жерім де ауырмайды.

– Солай де, алдаған екенсің ғой.

– Солай. Алдадым.

Бауыржан қолды бір сілтеп, үйіне тартты. Келсе, апасы телефонмен сөйлесіп жатыр екен. Бұл кірген заматта апасы үсті-басын бір сүзіп шықты да, сөзін жалғастыра берді.

– Міне, өзі де келді... Қайдам, еш жері ауырған бала сияқты емес. Көреміз қазір сұрап... Онда шақыртам дəрігер... Жарайды. Сізге көп рақмет, Рахима Тұрсынбайқызы.

Апасы телефон тұтқасын қоя салды да, Бауыржанға ұмтылды:

– Балам-ау, жай ма? Қай жерің ауырады? Іш дегені несі тағы? Жағымсыз бірдеңе жеп қойдың ба?

– Жоқ, апа, еш жерім ауырмайды.

– Қалайша? Мұғалімің айтып отырса, ішің ауырып, сабақта отыра алмапсың. Дəрігер шақыртайын.

Керегі жоқ, парта жуғым келмей, «ішім ауырды» деп амал қылып кеттім.

Апасының екі көзі бақырайып бара жатты.

– Бұл не пəле тағы? Оны кім үйретіп жүр? Бар, апайыңа шындықты айт, парта жуып қайт.

– Олар тарап кетті. Сыныпта ешкім жок,

– Сен не, сонда жолда ойнап жүрген екенсің ғой.

– Иə.


– Мұның болмаған екен, балам. Осы ақырғы рет болсын. Еш уақыт жолдас-жораңнан жырақтанушы болма, бəрің болып бір іске кіріскен екенсіңдер, бөлінбе. Ол жақсылыққа апармайды: жалғыз қаласың. Ертең бара салысымен апайыңнан да, жолдастарыңнан да кешірім сұра.

Өйтпеске шара қайда, апасының айтқанының бəрі рас.

Ертеңіне Бауыржан мектепке бетінен басқандай болып əрең келді. Мұның кеше кешірілмес іске барғанын бəрі білетін сияқты. Не болса соған қуыстанып, зықы шықты. Бəрі Бауыржан қайтер екен деп, əліптің аяғын бағатын тəрізді. Неше рет апайдан кешірім сұрауға оқталып еді, батпады. Жөнді бір оңтайы келмеді. Бар болғаны оқтын-оқтын Талғатқа ұрланып қарай берді. Бірнеше рет көзіне көзі түйісіп қалып еді, неге екенін, ол емес, бұл тайқып кетті. Кінəлі адамның күні құрысын!

Осындай мəре-сəре күймен соңғы сабақ та бітті-ау! Қоңырау үні естілісімен, балалар жапа-тармағай дəптерлері мен кітаптарын жинауға кіріскен.

Осы сəт Рахима апай оң қолын сəл көтеріп:

– Балалар, сəл аял қыла тұрыңдар, – деді. Сынып тына қалды. Бауыржанның өкпесі ауызына тығылды. – Балалар, кеше біз тазалық күнін əбден жақсы өткіздік. Əсіресе Талғат бастаған балалар ерледі. Бауыржанның ауырып қалғанына қарамай, олар жууға тиісті парталарды дер мезгілінде айнадай етіп жарқыратып қойды. Мен оларға рақмет айтамын.

Бүкіл сынып қол шапалақтап жіберді. Бауыржан ғана қосылмай, төмен қараған күйі портфелін шұқылап отырып қалды.

– Ал енді бүгінгі кезекші тақтаны сүртіп, бірен-саран былғанған парта болса, соларды ғана жуып қойса, жарар. Мен қазір келем, – деп апай орнынан қозғала берген.

– Апай! – деді Бауыржан. Рахима Тұрсынбайқызы жалт қарады.

– Апай, бүгін кірлеген парталарды мен жуайыншы!

– Неге? Кезекші ме едің?

– Жоқ. Кеше... Ке-кеше, м-мен өтірік ауырып ем.

– Қой!

– Шын, апай! Бір жолға кешіріңізші! Бүкіл сынып кешірсін!



Апам кешірім сұра деп еді.

– Апаң болмағанда сұрамайтын ба едің?

– Сұрайтын едім.

– Бəсе! Қайтеміз, балалар? Бауыржан жусын ба парталарды?

– Жусын!

Бауыржан жалт қарады. Талғат разы болып күліп тұр.

Бүкіл сынып шулап қоя берді:

– Жусын, жусын!

– Жарайсың, Бауыржан!

Кешке дейін еңсесін басқан зіл қара тас серпіліп, Бауыржанның тұла бойы жеңілдеп сала берді.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   9   10   11   12   13   14   15   16   17




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет