Бауыржан əжесі екеуі қала маңындағы кеңшарда тұратын туысқандарының үйіне барған, қайтарында екі көжек көтере келіпті. Көрген бойда үй іші түгел шу ете қалды:
«Ойбай-ау, мұны қайтеміз?»
Əжесі абыржып отырып болған жайды айтты. Бауыржан туысқанының өзіндей баласы – Жақсылықтың қоянын көріпті де: «Маған көжек керек, бер», – деп жата жабысыпты. Жақсылық қонақтың көңілін жықпай екі көжек бермек болыпты.
– Қарағым, Жақсылық, бермей-ақ қой. Үйіміз мынандай болса бірсəрі, қора жоқ, бірінің үстіне бірін жинаған сандық сияқты, сатылы үйде қиын. Бауыржан, қой, балам, құры əуреге түсеміз, – деп əжесі оң рай бермеген.
Көнетін Бауыржан ба, екі көжекті тас қып құшақтап алып, айрылмай қойған. Əжесі амалсыз көнген.
Раушан мен Лəйлə шүпірлеп, көжектерді бас салды.
Апасы тұр не дерін білмей, күлімсіреп.
– О-о, – деді əкесі. Бəрі тына қалды.
– О-ой, бұл болмайды.
Бауыржан да жауабын əзірлеп үлгерген екен, сыдырта жөнелді.
– Өзім асыраймын. Лоджиядағы шайдың жəшігіне салып қоямын. Шөбін өзім жұлып əкелем, жемін өзім берем.
Əкесі қабағын шытып, даусын көтерді:
– Жоқ, болмайды, мынадай үйде қоян асыраған деген не сұмдық? Естіген елден ұят.
Қашан да Бауыржанның ең əуелгі мияты – екі қарындасы.
Соларды алға тартты.
– Раушан мен Лəйлəға да керек.
Раушан мен Лəйлə не дерін білмей, əкелерінің қабағына қарады. Əкелері енді кесіп айтты:
– Қажеті жоқ, апарып тастаңдар! Осы қазір əкетіңдер!
Осылай деуін деді, бірақ көңіл жықпас бір сезім қылаң берген.
Бауыржан ерні салбырап, танауы қусырылып жүдеп тұр. Апасы мен əжесі Бауыржанды аяп кетіпті, жарыса ара түсті.
– Көкесі, қой енді. Не болса соған шектей бермейік баланы. Жан-жануар асырап, араласып өскен бала мейірімді болады. Асырасын.
– Сөйтсін. Баланың меселін қайтара бермеңдер, түге. Апасы да, əжесі де – жақсы адам. Ол жағы Бауыржанға əлдеқашан белгілі. Енді бірдеңе десе, Бауыржанға əкесінен жаман адам жоқ. Əкесі Бауыржанның көңіліне қарады, келісті.
– Мейлі, асырай ғой. Бірақ жақсылап күтетін бол, балам.
– Мақұл, көке.
Бауыржан екі көжектің қамына мықтап тұрып кірісті. Бір қарасаң, даладан шөп жұлып əкеле жатады, енді бір көзің түсіп кетсе, су құйып, жем беріп жүреді.
– Жарайсың, Бауыржан!
– Мен жақсылап бақсам, көжектерім тез үлкен болады. Шындығында, көжектер тез үлкейді. Əне-міне дегенше, бұрын шай салған үлкен жəшіктің əжептəуір биік ернеуінен құлақтары ербиіп көрініп еді, едірейіп шыға келді. Сол сол-ақ екен, шоқшиып отырып сыртқа сығалап қарағанды шығарды. Содан жəшікті бұйым құрлы көрмей, қарғып шығып, лоджияда еркін жортаққа басты. Енді екеуі де талыстай-талыстай қоян болды.
Дұрыс-ақ дедік. Бірақ Бауыржан қояндарға қарауды қойып бара жатты.
– Раушан, шөпті бүгін сен жұлып əкелші.
– Лəйлə, бүгін сенің кезегің. Бар, даладан шөп жұлып əкел, – деп қарындастарын кезек-кезек жұмсауға көшті.
Несі бар, адамның үлкені кішісін жұмсағаны жарасады.
Көп болып қолға алған іс оңады қашанда.
Сөйтсе, Бауыржан қояндардан мүлде жериін деген екен, қол ұшын тигізгенді қойды. Қашанғы шыдасын, екі қыз қыңқыл-сыңқыл шығара бастады. «Кеше шөпті мен əкелгем, бүгін сен əкелге» көшті.
Осындай бір егесте Лəйлə тоқетерін бір-ақ айтты:
– Көжектердің Бауыржанға керегі жоқ болса, бізге түкке қажеті жоқ.
Раушан да зорға шыдап жүр екен, Лəйлəнің сөзін іліп əкетті:
– Шынында, бұлар неге керек? Апарып тастаңдар. Бауыржан да айтатын сөзін жұптап апты:
– Бұлар көжек емес, қоян. Қоян құрысын, сасық. Маған овчарка күшік керек. Əперіңдер.
Көп қабатты үйде үй жануарларын ұстау – болмаған тірлік. Бұрын жайнап тұратын лоджияның əлдеқашан əлек-шəлегі шығып, екі қоянның қорасына айнала бастаған.
Бұл жай, əсіресе, апасына батады екен, бірден келісті:
– Көкесі, сөйт. Күшік тауып бер. Ит – адамның досы.
Бала мейірімді болып өседі.
Əжесі де ығыр боп жүреді екен, қуана құптады:
– О баста-ақ айтып ем, қояны құрысын деп. Болдыңдар ма? Енді таптың нені асырауды, балам, Ит асырау керек. Ит – жеті қазынаның бірі, ырыс.
Раушан мен Лəйлə мұндайда қарап тұрған ба, жарыса қостады:
– О-о, күшік! Күшік жақсы.
– Ура! Біздің итіміз болады.
Бəрі өстіп қаумалап тұрғанда көкесі қайда барсын, келісті. Күшік те табылды.
Ғажап болды. Бұрын сəске түске дейін пырылдап ұйықтап жататын Бауыржан таң алакеуімнен күшігі қыбыр етсе, бірге атып тұрып, далаға атқып шығып бара жатады. Содан ұзақты күнге күшігінен бір елі ажырамай, аулада асыр салып ойнайды да жүреді. Жаз бойы сөйтті.
Күз келіп, мектепте оқу басталғанда көк күшік көкшулан арлан болды. Бұрынғыдай емес, Бауыржан ертеңгісін тұра салып, беті-қолын апыл-ғұпыл жуып, бірдеңе тістеген боп, мектепке тартады. Көкшуланды апасы жетектеп бара жатады далаға.
Көкшулан күндіз де есік тырналайды. Үйде басқа жан жоқ, əжесі алып шығады. Кешкісін серуенге шыққанда көкесі ертіп алады. Бауыржан итіне анда-санда ғана еш құлықсыз бір маңайлаған болады. Бауыржанның мұнысына ең алдымен апасы мен көкесі шыдамсыздық көрсетті.
– Мынауың керек пе, жоқ па өзі? Керегі жоқ болса, құрт көзін.
– Мынадай бірінің үстіне бірін жиған сандық сияқты үйде ит ұстап бола ма? Ит тұрмақ адамның өзі зорға шыдап отырғанда неме керек ол. Əкетіңдер аулақ!
Бауыржанның да айтатын сөзі даяр екен:
– Маған иттің керегі жоқ, күшік керек.
Раушан мен Лəйлə ішек-сілесі қатып күлді. Апасы күйіп-пісіп:
– Ойбай-ау, күшік ит болмай ма? Мынау да басында күшік болатын. Көжек асырасаң қоян, күшік асырасаң ит болады.
– Онда маған аквариум əперіңдер. Балық асыраймын.
Балық – барлық кезде балық.
Бауыржанның мына сөзіне көкесі не дерін білмей, сілейді де қалды.
– Айтып тұрғаны рас, – деді апасы.
– Сөз тапқанға қолқа жоқ. Аквариум, балық əперіңдер, – деді əжесі.
– Аквариум! Аквариум! – деп қуанды Раушан.
– Балық. Біздің үйде алтын балық болады, – деп мəз болды Лəйлə.
– Жарайды, – деді көкесі. – Көкшуланды қайтеміз?
– Қойды адам атпен емес, итпен қайыратын болыпты ғой бүгінде. Əнеугүні Шəкен жата жабысып еді, соған береміз, – деді əжесі.
Солай болды. Көкшуланды қойшы туысқандары алып кетті. Апасы мен Бауыржан зоодүкенге барып, аквариум, балық алып келді.
Аквариум қонақжай бөлменің төргі бұрышына орналастырылды, су құйылып, ішіне балық жіберілді. Əдемі малта тастар, алуан түрлі су өсімдіктерін салып құлпыртып қою керек. Су ішіне оттегі жіберетін кондиционер қажет. Ойдан-қырдан дегендей, осылардың бəрі табылды. Аквариум сурет болды да шыға келді.
Бауыржан қашан көрсең, аквариум маңында жүреді. Əңгімесі – балықтардың қызық қылығы. Бəсе, Бауыржан – жан-жануарды жақсы көретін бала.
Бірақ үй ішінің бұл қуанышы да алысқа бармады. Көп ұзамай-ақ ол:
– Раушан, мен ойнауға барам. Теледидар көріп болған соң ажыратқышқа кондиционерді жалғай сал. Күнде сөйтесің, – деп тете қарындасын жұмсап жатты.
Келесі кезек Лəйлəнікі, əрине. Бауыржан ертесіне дəл солай етті:
– Лəйлə, балықтарға жемді енді сен шашып тұрасың. Ертеңгілік бір, кешкілік бір азғантайдан шаш. Балық аштықтан емес, тоқтықтан өледі. Шын, кітапта солай жазылған.
Бауыржан өстіп аквариум айналасындағы барлық тірлікті екі қарындасына бөліп берді де, өзі жай сырттай бақылаушы болып шыға келді. Мейлі, тағы бір өнерді бастамай, тыныш жүрсе бопты, əйтеуір. Балық дегеніңіз қоян да, ит те емес, азабы жоқ жануар екен. Ал аквариум болса, үйге жарастықты болып орнын тауып тұр.
– Көке, мен аквариумды Раушан мен Лəйлəға бердім, – деді Бауыржан бағана.
– Өте дұрыс істегенсің. Неге өйттің?
– Балық, торғай асырау – қыздардың жұмысы. Маған фотоаппарат əпер. Фотограф болам.
– Балам, əрненің басып бір шалған болмайды. Апасы мен əжесі көкесін жақтырмай қалды.
– Қой, папасы. Əпер сұрағанын. Болсын фотограф.
– Сөйт. Суретке түсіру де үлкен өнер. «Өнерді үйрен де жирен» деген. Үйренсін.
Раушан мен Лəйлə қуанып тұр:
– О-о, Бауыржан фотограф болады.
– Ол мені күнде-күнде суретке түсіреді.
Көкесі енді бұдан əрі қыңырайса, үлкендердің көңілі қалып, балалардың меселі қайтады, көнді.
Ал Бауыржан шынымен фотограф бола ма, жоқ па, оны кейін көреміз.
Достарыңызбен бөлісу: |