Қызық, біреу – қысты, біреу – көктемді, біреу – жазды, біреу – күзді ұнатады, қалғанын жек көреді. Бауыржан үшін жыл мезгілінің, ең жаманы – күз. Əлбетте, Бауыржан қаладан екі адым аттап шықтың болды, егіс алқаптарының басталатынын, оларда көкөністің алуан түрі өсетінін, күз келді екен – олардың, пісетінін, бəрін қалаға тасып жеткізетінін, дүкендердің сөрелерін қайыстырып тұратынын жақсы біледі. «Балалар көкөніс жеу керек» деп əжесі де, апасы да, көкесі де алма, жүзім, қауын-қарбыз, қызан, шабдалы дегендеріңізді кезек-кезек себет-себет қылып көтеріп келіп жатқаны. Күздің осынысы рақат-ақ қой, шіркін!
Жаманы қайсы сонда? О-о, ол көп! Ең алдымен, күзбен бірге оқу басталады, енді ал кеп күніге мектепке салпақта. Одан соң, күн суытып, үске қабат-қабат киім кию керек болады. Осының екеуі де Бауыржанға барып тұрған азап. Киім деген жыл мезгіліне қарай адамның үстіне өз-өзінен келіп лып етіп қона қалатын, білгің келген сабақ сарт етіп миыңа кіре кететін болса, нағыз өмір деп соны айт.
Ал мынау не? Азап.
Міне, тағы да күз келді. Басында айттық қой, бұл – жыл мезгілінің ішіндегі Бауыржанның ең жек көретіні. Оның анық-қанығына жету үшін алысқа бармай-ақ, осы жуырда ғана болған мына бір жайларды əңгімелеп қана қояйық.
Бауыржан ала жаздай аяғына жеп-жеңіл сандал киіп жүретін, шұлықтың қажеті болмайтын, бауы жоқ, байлап əуреге түспейтін, аяғын сұға салатын да, тарта беретін. Күз келді де салқын түсті. Аяққа енді бəтеңке кию керек. Бəтеңке киетін болған соң шұлық кию керек екені өз-өзінен түсінікті. Бəтеңке біткеннің шұрық тесік көзі, оған аумақ-саумақ өткізіп шандып байлайтын сала құлаш бауы болады. Киген сайын белді үзіп еңкейіп, екі аяқпен алысып жату азап емей, немене? Азап, əрине.
Бірақ адамнан амал артылған ба? Бауыржан да ондай анау-мынаудан құралақан емес, бірқақпайы бар. Бəтеңкені аяққа шұлықсыз-ақ сұға салып, бауын байламай-ақ, бір тартып қап, қара табанның астына қарай сүңгітіп жіберіп, тартып отыруды жақсы біледі. Ал көйлектің, костюмнің, шалбардың түймелерін жартылай салсаң – өмірің жеңілдеп, азап азая түседі.
Бауыржан мұны жақсы біледі, сондықтан да мектепке дəл өстіп келіп жүрген. Ештеңе жоқ, бəрі дұрыс еді.
Кеше Рахима апай Бауыржанды тақтаға шақырды. Бар пəле осыдан басталды. Бауыржан ойында ештеңе жоқ, тақтаға құлшынып-ақ шыққан, «Беретін сұрағыңызды беріңіз» деген батыл кейіппен апайға қарай берген. Апайдың сұрағы сабақ турасында емес, мүлде басқаша болды:
– Бауыржан, мұның не? Үсті-басың не боп кеткен? Түймең салынбаған, бəтеңкеңнің бауы байланбаған.
Бауыржан не айтарын білмей, қипақтап қалды. Не десін, апайдың айтқанының бəрі дұрыс.
– Мұның дұрыс емес екен, Бауыржан. Кəне, алдымен көйлегіңнің түймесін салып қой.
Қайтеді, Бауыржан көйлегінің түймесін салды.
– Костюміңнің түймесін сал.
Амал қайсы, Бауыржан костюмінің түймесін салды.
– Ал енді бəтеңкеңнің бауын байла.
Лаж жоқ, Бауыржан бəтеңкесінің бауын байламақ болып еңкейе берді. Аяғында шұлық жоғын көрсетпейін деп, жасқаншақ тартып, бүгежектеп қалды. Рахима апай Бауыржанның бəтеңкені жалаңаяғына киіп жүргенін көріп қойды.
– Бауыржан-ау, немене, шұлығың жоқ па? Бауыржанның екі құлағы ду ете қалды. «Ұялған тек тұрмас» деген рас. Бауыржан қатты ұялған. Бірақ амал қайсы, бірдеңе деу керек.
– Бар. Өзім кимей жүрмін, – деп шынын айтты.
– Неге?
– Ерінем.
– Қалайша? Сонда түймені салуға да ерінеді екенсің ғой.
– Иə, ерінем.
Балалар аң-таң, ішінара күліп жібергендері де бар.
– Бұл не болғаны сонда? Балалар, айтыңдаршы, не дейміз Бауыржанның мұнысына?
– Не дейміз?
– Ерінбе – дейміз.
– Иə, сөз біреу – ерінбе. Бір бұл емес, еріншек болсаң, əлі талай ұятқа қаласың.
– Мақұл. Ендігəрі ерінбеймін, апай.
Уəде беру – о бастан оңай, ал оны орындау – қашаннан-ақ қиын. Бауыржан кейінгісін ойлап жатпады, оңайына қарай қашты. Ал Рахима апай болса, Бауыржанның айтқанына сенді.
Əрине, Бауыржан да – өз сөзінде тұратын бала. Ертеңіне мектепке мұнтаздай болып, тап-таза киімдерін киіп келеді. Сонда жан адам бұны тергемейді, ешкім таңырқап қарап, күлкіге айналдырмайды. Бірақ адамның ойға алғанының бəрі орындала бермейді. Қолдан келмеске лаж жоқ, қолдан келіп тұрғанның орындалмағанына, əрине, адамның өзі кінəлі.
Бауыржан ойын қызығымен жүріп, сабақ басталуға жақын қалғанда даладан үйге ентіге кірді. Мұндайда кей нəрсенің ұмыт қалатыны – заңды. Ұмытпайтын біраз нəрсе: алдымен апыл-ғұпыл ауызға бірдеңе салу керек, содан соң сабаққа дайындал, дайындалма, қолға портфельді алу керек. Қалғаны не, аяққа бəтеңкені сұға сал да – есіктің тұтқасына жармас, сөйт те, баспалдақпен заулап кеп жөнел. Сөйтті. Бəтеңкесі күндегісінше тарп-тарп етіп, екінші қабатқа жете бергенде барып, есіне шұлық кимегені түскені. «Не істемек керек?» деп үлгергенше, екпінін тоқтата алмай, далаға атқып шықты. Кері бұрылайын десе, үйдегі əңгіме сыныптағыдан аз болмайды.
– Ой, осы бала-ақ ұмытшақтығын қоймайды-ау! – дейді апасы.
Екі қарындасы апасынан қалыспайды:
– Бұл шұлықсыз бəтеңкесін қалай киеді? – дейді Раушан, кəдімгі бір мұның шұлықсыз жүретіндігін бірінші рет көріп тұрғандай-ақ.
– Бауыржанда ешқашан шұлық болып көрген емес, – дейді Лəйлə, бұл тіпті қыста да шұлық кимейтіндей-ақ.
Тоқташы, шынында, шұлық бар ма өзіңде? Иə, бар, қыстай киіп шыққан. Бірақ олар қазір қайда, қай қуыста? Оңайлықпен табу қайда? Ал мектепке шұлықсыз бару... Жо-жоқ, айта көрме!
Бауыржан жалма-жан жан-жағына қарады... Шеткі бірінші подъездің алдындағы орындықта ерте көктемнен суық күзге дейін əр нəрсені бір ермек етіп аулада жүретін Айбала мен Ұмытшақ əжейлер отыр екен. Соларға қарай берді де, қатты ыңыранып, ішін ұстап, бүк түсіп отыра кетті. Екі көзінің қиығы əжелерде. Əжелер де орындарынан атып-атып тұрды. Бауыржанға да керегі осы, қисалаң етіп жата кетті.
– Ойпырым-ай, мына балаға не боп қалды? – деді Айбала əжей.
– Соқырішек болған шығар, – деді Ұмытшақ əжей.
Екі əже ентелей басып келіп, Бауыржанды екі қолтығынан демеп, үйіне алып жүрді. Мына жайды көргенде Зияда əжей шошып кетті.
– Ойбай-ау, не боп қалды? Жаңа ғана сап-сау кеткен бала еді. Бауыржан, Бажабай, не болды саған?
Бауыржанда үн жоқ.
– Далаға жүгіріп-ақ шығып еді, ішін басып отыра кетті, – деді Айбала əжей.
– Сөйтті де тыраң етіп жата кетті, – деді Ұмытшақ əжей. Үшеуі қаумалай əкеліп Бауыржанды диванға жатқызды. Лəйлə шкафтағы дəрілерге жүгірді. Раушан телефонға жармасты. Əжесі Лəйлə əкеп берген дəрі-дəрмек салынған қобдишаны апыл-ғұпыл ашып жатыр, Раушан «Жедел жəрдемге» жалғасып үлгерді.
– Алло... Жедел жəрдем...
Осы сəт Бауыржан орнынан атып тұрды.
– Мен ауру емеспін!
Əжесінің қолындағы қаңылтыр қобдиша қаңғыр етіп еденге ұшып түсті. Дəрі-дəрмектің бəрі шашылып кетті, Раушан телефон тұтқасын өз орнына тастай салды. Лəйлə селтиіп тұрып қалды.
Айбала жəне Ұмытшақ əжейлер сытылып шыға берді. Екеуі:
– Əкем-ау, мұнысы несі?
– Бұл бір қызық болды-ау! – десіп таңдайларын қағып бара жатыр.
Зияда əжей:
– Мұның нең, қарағым-ау! Жаңа ғана түр-түсің бұзылып, ауру болатынсың. Ал қазір екі көзің жайнап барады. Саусың. Мұның аты не? – деп немересін тергей бастады.
– Түк те емес. Маған дəрі де, дəрігер де емес, шұлық керек.
– Сол-ақ па бар болғаны? Ойпырым-ай, бұл не сөз?
– Əже, қорықпай-ақ қой. Мен əдейі ауырдым.
– Е-е, неге?
– Сол. Шұлық кию керек болды. Ауырдым.
– Міне, қызық! Түсіндірші, ауруың не, шұлығың не?
– Кеше мен апайға аяғыма шұлық киіп келем дегем. Ұмытып кетіппін. Мектепке барсам – Рахима апай, бармасам, сендер ұрсасыңдар. Сонан соң ауырдым.
– Ой, тентегім-ай, сол бір жапырақ шұлыққа бола елді осыншама дүрліктіргенін! Раушан, Лəйлə əкеліңдер ана шкафтан шұлық біткеннің бəрін. Барсын мектебіне, таңдағанын киіп.
– Жоқ, мен бүгін аурумын.
– Қой əрі, біресе – ауру, біресе – сау. Бұл қай сасқаның сонша? Ертең мен зейнетақыма онын əкеліп қояйын ол шұлық деген пəленің. Қазір, кəне, табылғанын ки де, жөнел окуыңа.
Киетін киімді күні бұрын дайындап қоймаған соң осы да, жуық арада шұлық табыла қоймады. Енді əжесі де, Раушан да, Лəйлə да үйдегі зат салатын шкаф, шифоньер, суырма біткеннің ішін астан-кестеңін шығарып іздеп жатыр.
– Сен бұрын да өстіп бір рет өтірік ауырғансың, – деді Раушан.
Бауыржан шоршып түсті.
– Қашан?
– Анада, тазалық күнінде, – деді Лəйлə.
Айтып тұрғандары рас. Құтылып көр енді! Сонда да бірдеңе деу керек қой.
– Мейлі. Көп сөйлегенше, табыңдар шұлықты.
– Табамыз.
– Барасың мектепке.
– Барам.
Несі бар, табылған шұлықты киіп кету керек мектепке. Алдымен табылсыншы сол шұлығы құрғыр. Табылды болды – аяққа сұға сап жөнейді. Уəде бердің екен, қайтсең де орындауың керек. Ал Бауыржан – сөзіне берік бала. Бас-аяғын байыптай алмай, елді сəл-пəл дүрліктіріп алғаны болмады, əрине.
Достарыңызбен бөлісу: |