Зейнеткер мен мүгедектер, жәрдем алатындар тиын-тебендерін алмағалы жеті-сегіз айдың жүзі болды (А.Т. 1997. №2. 16 қаңтар, - 5 б.). Қазақ жауынгері өзі туған мемлекеттің тәуелсіздігін қорғап, тыныштығын күзетуден алыс жүрсе, республикаға қоныс тепкен өзге ұлт өкілдерінің ұлдарына қандай талап қоямыз? (Е.Қ. 1993. №129-130, 5 маусым, -3 б.). Сапар барысында ғарышкерлер жермен екі рет теледидар байланысына шығады (А.Т. 1999. №3. 22 қаңтар, - 2 б.). Ардагерлерді әлеуметтік жағынан қорғап әкететін, оған қаржы бөліп отыратын совхоздарымыз да бай емес (Е.Қ. 1992. №1047. 6 мамыр, -2 б.). Құқықтық реформа проблемалары заңгерлер арасында да, жұртшылық арасында да өткір пікірталас туғызады (Е.Қ. 1995. №69. 12 сәуір, - 2 б.).
Кейінгі жылдары өнімділік таныта бастаған қосымшалар қатарына -ым, -ім, -м жұрнағын да қосуға болады.
Ш.Құрманбайұлы кейінгі жылдары біртектес ұғымдардың өзіндік ерекшелігін көрсетіп бере алатын үлгілес терминдердің жасалып жүргендігін айта келіп, солардың қатарына тілші ғалым Ә.Жүнісбек жасаған фонетика терминдерін жатқызуға болатынын, олар -м, -ым, -ім форманттары арқылы жасалған айтылым (акустика), жасалым (артикуляция), қабылданым (восприятие речи), естілім (аудирование) сияқты терминдер екендігін көрсетеді [86,98].
-ым, -ім, -м – зат есім жасайтын өнімді жұрнақтардың бірі. Бұл жұрнақ арқылы салт және сабақты етістіктерден, біріншіден, әр түрлі абстракты заттық ұғымдардың атаулары, екіншіден, мекендік ұғымды білдіретін зат атаулары және конкретті заттардың атаулары туады [87,153].
Мысалы, басылым (издание), келісім (соглашение), сұраным (спрос), түсім (поступление), тіркелім (прописка), әкелім (ввоз) т.б.
Мен кейбір бейресми басылымдардың материалдарды ұшындырып, ушықтырып бергендерін және адам баласының сонша тәлкек етуге дейін баратын әдеттерін құптамаймын (Е.Қ 1999. №78. 23 сәуір, - 6 б.). Осы саладағы салық түсімдерінің шығыны сарапшылардың болжауынша жиырма миллиард теңгеден асып түседі (Е.Қ. 1998. №24. 8 желтоқсан, -2 б.). Ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің құрамында тілдерді дамыту департаманті құрылды (А.Т. 1998. №2, 15 қаңтар, - 4 б.).
Терминжасам қабілеттілігі жағынан –хана жұрнағы да өзіндік ерекшелікке ие.
«Хана» сөзі парсы тілінде «үй, тұрғын үй, бөлме» деген мағынада қолданылады. Ал қазақ тілінде мұндай «хана» сөзі дербес күйінде пайдаланбайтыны мәлім. Қазақ тілінде хана зат есімнің сөз тудырушы жұрнағы рөлін атқарып, белгілі бір үй-жайдың қандай мақсатқа арналғандығын көрсетеді.
«Хана» жұрнағы арқылы сөз тудыру процесі ертеректегі жазба тілде, алғашқы баспасөз беттерінде ұшырасып отырады. Мысалы, «Дала уәлаятының газетінде» баспахана деген сөз редакция мағынасында қолданылған екен.
Бүгінгі баспасөз бетінде «хана» жұрнағы арқылы жасалған перзентхана (родильный доом), дәрісхана (аудитория), дыбысхана (фонетека), мәйітхана (морг) т.б. сөздер кездеседі.
Мысалы, облысымызда перзентхана жайы өзге емдеу-сауықтыру мекемелерімен салыстырғанда жаман емес (А.Т. 1999. №3. 22 қаңтар, - 7 б.). Сабақтан келген Бүркітті іздеп шарқ ұрған анасы бүкіл ауруханаларды, тіпті мәйітханаға дейін аралап шықты (Е.Қ. 1988. №136. 14 шілде, - 4 б.).
Соңғы уақыттарда қазақ тілінің сөзжасам жүйесінде белсенділік танытып жүрген жұрнақтардың бірі – ман жұрнағы. Б.Орузбаева -ман (-мен), -пан (-пен), тұлғалығы иранның –мән, -мәнд, -умәнд жұрнағынан қалыптасқан дейді [88,298].
Осы бір жұрнақ арқылы жасалған жаңа сөздердің мән-мағынасына тереңірек үңілер болсақ ман жұрнағы тек адамға қатысты сөздер жасайтындығы бәрімізді де қызықтырмай қоймайды. Сол себепті ман жұрнағының этимологиясына, яғни шығу тегіне аздаған зерттеулер жасаған едік. Бір қызығыы зерттеу барысында мәлім болғандай тілдік туыстығы және территориялық жағынан бір-бірінен алшақ жатқан ағылшын және парсы тілдеріндегі «ман» деген сөздің адам деген заттық ұғымды білдіретіндігі.
-ман – ағылшын тілінде «адам» деген мағынаны білдіреді: man /mаеn/ n /pl men/ человек [89,404].
Парсы тілінде де ман тұлғасы «кісі» деген мағынада жұмсалады: ман, «Кісі» [90,247].
Бұл не? Тілдер арасындағы туыстық па, немесе жай сәйкестік пе? Бұл арнайы зерттеуді қажет ететін мәселе. Бізді ойландыратын парсы және ағылшын тілдеріндегі «адам» деген мағынаны білдіретін сөздердің бірдей дыбысталу ұқсастығы емес, қазақ тіліндегі ман жұрнағының қайдан келгендігі. Қазақ тілінің сөздік қорындағы кірме сөздердің алатын өзіндік орны бар екендігін есімізге алсақ, кірме сөздердің дені парсы, араб, түрік, орыс тілдерінен енгендігін айтар едік. Ал Еуропалық тілдерден тілімізге тек интернационалдық терминдер ғана енген. Қазақ тілінде ман жұрнағы арқылы жасалған интертерминнің жоқтығын ескерсек, біздің пайымдауымызша, парсы тілінде зат есім болатын ман сөзі тілімізге ман жұрнағы дәрежесінде енді деп батыл айта аламыз.
-ман жұрнағының басқа да сөз тудырушы жұрнақтар секілді газет беттерінде жарияланып келген жаңа терминдерді тудырғандығы төмендегідей көрініс табады: мысалы, оқырман (читатель), оралман (репатриант), көрермен (зритель), тыңдарман (слушатель). Хабар жүргізушілерінің ішкі мәдениеті, білімділігі, көрерменге деген ілтипаты сезіледі (Қ.Ә. 1998. №18. 8 мамыр, -13 б.). Оқырмандардың ой-өрісін дамытуда, кітап оқу жүйесіне бағыт-бағдар беруде, ең таңдаулы жаңа әдебиеттермен танысуда ұсынылатын әдебиеттер көрсеткіштерінің орыны ерекше (Е.Қ. 1992. №66. 19 наурыз, - 3 б.).
Бұл терминдердің туындауына тілімізде бұрынырақта жасалып, қалыптасып қалған шабарман, қаһарман сияқты сөздердің жасалу үлгісі де әсер еткен болуға тиіс.
Термин жасауда белсенділігі жоғары қосымшалар қатарына –ғыш/-гіш, -қыш/-кіш, жұрнағын да қосар едік. –ғыш/-гіш, -қыш/-кіш жұрнағы етістікке жалғанып зат есім тудырады. Бұл жұрнақ арқылы баспасөз беттерінде анықтағыш (определитель), ажыратқыш (выключатель), ерігіш (растворимое), еріткіш (растворитель), дірілдеткіш (вибратор), көрсеткіш (указатель), қабындырғыш (флагогенный), қосқыш (включатель), өнертапқыш (изобретатель), реттегіш (регулятор), талдағыш (анализатор), тозаңдатқыш (опыливатель), іріңдеткіш (гноеродный), қысқыш (сфинктер), бөлгіш (делитель), қоздырғыш (возбудитель), қойылтқыш (сгуститель), т.б. терминдер жасалып, қолданысқа түсіп отырғаны байқалады.
Мысалы, Республика азаматтарының денсаулығының мұншалықты төмен дәрежедегі көрсеткіштері аса маңызды төрт түрлі факторға байланысты (Е.Қ. 1998. №96. 19 мамыр, - 2 б.). Бұрғылау саласында да Ембі мұнайшылары көптеген өнертапқыш – ұсыныстар енгізді (А.Т. 1998. №37. 17 қыркүйек, -10 б.). Мемлекеттік шекарамыздағы халықаралық автокөлік жолдарында қатынас көліктерін түрлі жұқпалы аурулардың қоздырғыштарынан залалсыздандыратын арнайы 35 дизенфекциялық қондырғылар жұмыс істейді (Е.Қ. 1998. №21. 31 қаңтар, - 3 б.).
Сөзжасамдық, терминжасамдық қызметі жағынан өнімді жұрнақтар қатарына -ма(ме), -ба(бе), -па(пе) қосымшасын да жатқызамыз.
Газет беттерінен –ма (-ме), –ба (-бе), –па (-пе) қосымшасы арқылы жасалған мынадай терминдерді кездестірдік: бөртпе (сыпь), ентікпе (одышка), демікпе (астма), қапсырма (скоба), қорытпа (сплав), нұсқама (сноска), тойтарма (заклепка), тізбе (перечень), серіппе (пружина), ұстама (приступь), ұңғыма (скважина), талма (припадок) т.б.
Мысалы, жөтелге және демікпеге – Өгейшөп 3 мысқал, тұт тамыр ақ қабығы 3 мысқал, керилла тұқымы 2 мысқал, қырықбуын қызылша 2 мысқал суға қайнатып ішеді (А.Т. 1998. №27. 9 шілде, - 11 б.). Еліміздің Президенті өткен жылы республика көлемінде тұңғыш рет аталып өткен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні Қазақстан азаматтарына арнайы келген ащы шындықты, ресми, қаралы цифрлар тізбесін жарыққа шығарғаны бәрімізге белгілі (А.Т. 1998. №41. 15 қазан, -13 б.). Бәрі талма ауруымен ауырады, тілі күрмеліп, тұтықпаға шалдыққандар да бар, -деді соғыс ардагері, ауылда ұстаздардың ұстазы атанған қария Әбдіқайым Қуанышев (Қ.Ә. 1999. №40. 1 қазан, -7 б.).
Термин жасауда – у жұрнағының қолданылу ауқымы да өте жоғары.
Етістік негізіне – у жұрнағы жалғанғаннан кейін туатын форма амалдың (қимылдық) атауы есебінде қызмет ететіндіктен бұл форма қимыл атауы деп аталады. Қимыл атауы сементикасы жағынан да, түрленуі жағынан да етістіктен гөрі зат есімге жақын [87,287].
Г.О.Винокур терминдер тек зат есім болуға тиіс деп түйеді. Яғни термин болуы үшін сол сөз заттануы тиіс. Ол әсіресе қимыл атауларына назар аударады. Сөйтіп ол техникалық терминдердің көбі осы қимыл мен процесс атаулары болып келеді деген қорытынды жасайды [55,13].
Мұндай пікірді Н.А.Щеглова да айтқан болатын. Ол терминологиялық жүйедегі қимыл процесі етістік түрінде емес, дерексіз зат есім арқылы білдіріледі дейді [91,89].
Ғалым Ш.Құрманбайұлының айтуынша терминологияда қимыл атау формасымен келетін терминдердің молынан ұшырауының себебі – ең алдымен қимыл әрекетті білдіру үшін етістіктің қажеттілігінен болса, екіншіден терминдердің ұғым атауы ретінде зат есімге тән формада көрінуді қажетсінетіндігінен деп білеміз. Қимыл атауының бойында осы екі қажеттілікті де өтейтін қасиеттер бар [50,46].
Баспасөз беттерінде – у жұрнағы арқылы айналу (вращение), байқау (наблюдать), бақылау (контроль), домбығу (набухание), жазылу (подписка), жариялау (публикация), жекешелендіру (приватизация), жерсіндіру (акклиматизация), зақымдану (поражение), зорығу (переутомление), қадағалау (надзор), қалтырау (озноб), негіздеу (обоснование), нұсқау (инструкция), пайымдау (расуждение), таралу (стенез), тәркілеу (конфискация), тұспалдау (аллегория), түгендеу (инвенторизация), түйілу (колика), тіркеу (регистрация), үйлестіру (координация), улану (интоксикация), ынталандыру (стимулирование) т.б. толып жатқан терминдер қолданысқа түсті.
Мысалы, Жалпы республикадағы жекешелендіру процесіндегі бір ерекшелік жердің сатылмайтындығына байланысты (Е.Қ. 1992. №116. 20 мамыр, - 1 б.). Егер 1986 жылы Өскеменде 48,5 мың қазақ ресми тіркеуде болса, 1998 жылы 56,9 мыңға жеткен (Қ.Ә. 1999. №14. 2 көкек, -12 б.). Төраға келешекте атқарылатын жұмыстарға тоқтала келіп, ең бастысы банк жүйесіне халықтың салымдарын тартуды ынталандыру қажеттігін айтты (Е.Қ. 1999. №229-230. 15 қазан, - 3 б.).
Монғолияға қарсы агенттік үкімет қараша айының соңында Қазақстан Республикасы қарауына енгізетін «Мемлекеттік органдардың бақылау және қадағалау функциялары туралы заң жобасын жасады» (Е.Қ. 1999. №226. 12 қазан, - 3 б.). Республикада жазылу пунктері көбейтілді (А.Т. 1999. №32. 16 қыркүйек, - 1 б.).