Әміров Әбдібек Жетпісұлы Қазақ терминологиясы


Сөз мағынасының өзгеруі (семантикалық тәсіл) арқылы жасалған терминдер



бет11/25
Дата10.03.2023
өлшемі212,85 Kb.
#73196
түріМонография
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   25
Байланысты:
treatise64286

Сөз мағынасының өзгеруі (семантикалық тәсіл) арқылы жасалған терминдер

Баспасөз тілі – жазба тіл. Қай дәуірде болмасын мерзімді баспасөз өзі қызмет ететін халықтың тілін пайдаланып қана қоймайды, оның байып, дамып отыруына әсер ықпалын тигізіп те отырады [77,7].


Соңғы жылдан бергі кезеңде елімізде болып жатқан түбегейлі өзгерістер тіліміздің жан-жақты дамуына жағдай туғызды. Тілімізде болып жатқан жаңалықтар ең алдымен мерзімді баспасөз беттерінде көрінетіні белгілі. Біздің зерттеу нысанамызға алған 1990-2000 жыл аралығындағы «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» газеттері беттерінде көптеген жаңа сөздер пайда болуымен қатар бірқатар сөздердің мағыналары кеңейіп, бұрынғы мағынасының үстіне жаңа мағыналар үстеп отырғаны, яғни семантикалық тәсіл арқылы жасалғаны байқалады.
Тілдің лексика құрамының, ондағы сөз мағыналарының өзгерісі – тілде үздіксіз болып отыратын құбылыс [78,117].
Ғ.Мұсабаев: «Сөз мағынасының пайда болуы, қалыптасуы заттың, құбылыстың қасиетіне, түріне, белгісіне байланысты емес, қоғамдық тәжірибеге, өмірге, дәстүрге байланысты» - дейді [79,10].
Мұндай пікірді ғалым Р.Барлыбаев та айтады: «Жаңа сөздердің пайда болуы, жасалуы, бар сөздердің мағыналарының дамуы, кеңеюі қоғамдық өмірдің өзгерістеріне, өндірістің, мәдениеттің дамуына жаңа ұғымдардың пайда болуына байланысты» [80,6].
Демек, жаңа сөздердің пайда болуына, сөздердің мағынасының кеңеюіне қоғамдағы жаңалық-өзгерістер негіз болады екен. Ал ол сөздердің көпшілігі қазақ тілінің сөздік құрамында бұрыннан бар сөздер арқылы жасалған.
Мәселен, «айып» сөзі бұрын қылмыс, күнә деген мағынада қолданылып келген болатын. Ал соңғы кезде бұл сөздің мағынасы кеңейіп, терминдік мағынаға ие болды. Қазіргі терминдік мағынасы: айып – екі жақтың бірінің шарт бойынша міндеттемелерді бұзғаны үшін төленетін тұрақсыздық айыбының бір түрі, оның мақсаты – шарт тәртібін нығайту және зардап шеккен жақтың шығынын өтеу. Тұрақты сома немесе орындалмаған міндеттеме сомасының пайызы түрінде алынады [53,306]. Мысалы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заңда көрсетілген баптарға сәйкес С.Жұмағалиевтің ісі сотқа беріліп, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айлығының орта көрсеткішінің 100 есе мөлшерінде немесе 66 мың теңге айып төлеуге шешім шығарды (Е.Қ. 1999. №203-204. 10 қыркүйек, - 7 б.).
Көлем, мөлшер мағынасында жұмсалып келген «аумақ» сөзінің де мағынасы кеңейе келе орыс тілі арқылы енген «территория» сөзіне балама ретінде қолданысқа түсті. Термин ретінде аумақ – 1) кесімді шектері бар жердің ішкері және жағалаулы су айдындарының (оларды көмкерген көк күмбезін яки әуе кеңістігін қоса алғандағы кеңістігі (мыс. Қаланың А-ғы; мемлекеттің А-ғы); 2) АҚШ–та, басқа да федеративтік мемлекеттерде: әлі штат құқығына ие бола қоймаған айрықша әкімшілік округтер; 3) басқарудың кейбір орталық жүйесіндегі айрықша әкімшілік бірлік [81,277-278]. Бұл термин латынның territorium – «жер көлемі» деген сөзінен шыққан.
Мысалы, Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс-қағаздарды жүргізу тілі (Қ.Ә. 1997. №32. 12 тамыз, - 2 б.).
Соңғы кездегі газет беттерінде жиі қолданылып жүрген «әкім» сөзінің бір кездегі мағынасы елге билік жүргізуші, әмірші болатын. Қазіргі кезде осы сөздің мағынасы әлдеқайда кеңейе келе нақтырақ мағынада, яғни белгілі бір аумақтық әкімшілік лауазым иесі деген мағынада жұмсалатын болды. Әкім өткен жұмада көрсетілген мәселелердің орындалу барысын тамыздың 4-інде, дәл екі айдан кейін тыңдайтынын мәлімдеді (А.Т. 1999. №23. 10 маусым, - 3 б.). Әкімнің шешімімен қалалық тіл басқармасы және Қазақстан халықтары кіші ассамблеясының атқарушы хатшылығы төртінші желтоқсанда қаланың өзге ұлт тұрғындары арасында қазақ тілін меңгеруіне байланысты конкурс өткізеді (Е.Қ. 1997. №223. 27 қыркүйек, - 3 б.).
«Баж» сөзінің де мағынасы кеңейіп, терминдік мәнге ие болды.
Мысалы, Өзара тиімді негізде тауарлар айырбасына аса қолайлы жағдайды қамтамасыз ету мақсатымен жеңілдікті баж салығын енгізу және шекаралардан өту жағдайын оңайлату мүмкіндігін қарауға тура келеді (Е.Қ. 1992. №109. 12 мамыр, - 1 б.). Сонымен қатар, қазақстанда шығатын дәрі түрлерінің сырттан тасылатынына баж салығын көбейтуді үкіметке мәселе етіп қойып отырмыз (А.Т. 1999. №10. 11 наурыз, - 13 б.).
Бұл сөздің терминденуі негізінде оның тіркесімділік қабілеті арта түсті: айрықша баж, артықшылықты баж, әкелім бажы, биржалық баж, дербес баж, жол бажы, кеден бажы, қазыналық баж, орман бажы, өзгертілмелі баж, өтемдік баж, патент бажы, сот бажы, статистикалық баж, сыртқы сауда бажы, теңгерме баж, мемлекеттік баж, шарттық баж, экспорттық баж т.б.
Тілімізде қолданылып жүрген «бәсеке» сөзінің о бастағы мағынасы егес, талас, күндес дегенді білдіретін. Бұл сөздің де мағынасы кеңейіп, термин ретінде қалыптасты. Бәсеке – өнім өндіру мен өткізудің жақсы, экономикалық жағынан неғұрлым тиімді жағдайлары үшін тауар өндірушілер арасындағы бәсеке [53,134]. Мысалы, қоғамда болып жатқа құбылыстар мен өзгерістерді уақытылы жазып, басылымдардың өз арасындағы бәсекеде озық болу, демократиялық даму талаптарына сай қай мәселені де шындықты жасырмай, дәлелді әрі өткір жазу, жағынан жалтақтамай, ой пікірді еркін әрі ашық айту – бүгінгі біздің мақсатымыз (Қ.Ә. 1997. №37. 16 қыркүйек, -1 б.). Энергия өндірушілер арасында бәсекелестіктің бел артуы нәтижесінде кейбір аймақтарда тарифтердің төмендеуі байқалуда (Е.Қ. 1997. №68. 8 сәуір, - 4 б.).
Бәсеке сөзі үстіне жаңа мағыналық реңк қоса отырып, тіркесу аясын кеңейтті: баға бәсекесі, әулетті бәсеке, заттық бәсеке, нарықтық бәсеке, кәсіпкерлік бәсеке, қарапайым бәсеке, толымды бәсеке, сараланған бәсеке, маркетингідегі бәсеке, таза бәсеке т.б.
Соңғы жылдары қолданылып жүрген «Ғарыш» сөзінің бұрынғы мағынасы «көк аспан» болатын. «Көк аспан» тар мағынада, қазіргі терминдік кеңейген мағынасы «аспан кеңістігі, космос». Мысалы, қазір басқа салалардағыдай, ғарышты игеру саласында да Қазақстан үшін қиындықтар бастан асып жатыр. (Е.Қ. 1994. №11. 15 қаңтар, -2 б.). Әлемде ғарышты зерттемей-ақ, ғарышты игермей-ақ тап-тамаша өмір сүріп жатқан қанша мемлекет бар десеңізші?! (А.Т. 1999. №32. 16қыркүйек, - 6 б.).
Баспасөз беттерінде қолданылып жүрген «даңғыл» сөзі де әуелгі кезде сайрап жатқан, біртегіс деген мағынада қолданылып келген болса, қазір «проспект» терминінің мағынасын толық беретін күйге көшті. Мысалы, Алматының айтулы даңғылдарындағы әрбір бағана сайын ілінген, кей жерлерде тек соған бола тұрғызған темекі жарнамалары көздің жауын алады. (А.т.1999.№ 7. ақпанның 18-і, -16 б.). Оның өз қаржысымен Арқалық қаласының Шақшақ Жәнібек даңғылының шығыс жақ шыға берісіне орнатқан батырдың ат үстінде тұрған сәтін бейнелейтін ескерткіші перзент парызының баға жетпес үлгісі болып есептелмек (Қ.Ә.1993.№ 36. 3 қыркүйек,-б4.).
Ал дәріс сөзі әуелде пән деген мағынада жұмсалғаны белгілі. «Пән» тар мағынада, қазіргі кеңейген мағынасы арнаулы оқылған сабақ, лекция. Мысалы, университет басшыларының айтуынша профессор-оқытушылардың 40%-ы қазақша дәріс оқуға толық мүмкіншіліктері бар. (А.т. 1999. №29, шілденің 22-сі, -3 б). Жолдасы Бегалы Жаңбырбаев математика ғылымының кандидаты, өзі дәріс беретін университетте ұзақ жылдар бойы қатар еңбек етіп келеді. (ЕҚ.1998. № 260. 31желтоқсан, -6 б).
1990 жылдардан бері жиі қолданылып жүрген делдал сөзінен де семантикалық құбылысты байқау қиын емес. Бұл сөз о баста сатушы мен алушының арасында жүретін пайдакүнем деген мағынаны білдірген екен, ал қазір экономика саласының термині ретінде қолданысқа түсті. Терминдік мағынасы: делдал – басқа адамдардың атынан тауарларды, ақша номиналдарын немесе акцияларды және т.т. сатып алатын және сататын адам. Делдалдың нақты қандай қызметпен айналысатынына немесе кімнің өкілі болып табылатынына қарамастан ол әрдайым заң жүзінде делдал ретінде тек нақты іс-қимыл жасайды. Делдал әрбір жақты табыстыруды көздейді, өзінің делдалдық етуімен қабылданған келісім бойынша өзіне міндеттемелер алады. Делдал өкіл емес, ешбір жақтың шаттық қатынасына қатыспайды. Жекелеген тапсырмалар негізінде жұмыс істейді. Делдалды әрбір жеке келісімді жасауға арнаулы өкілеттік беріледі, ол сол өкілеттік шегінде ғана әрекет етуге міндетті [56,46].
Мысалы, Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер кейінгі кезде өздері тікелей немесе делдалдар арқылы өнімдерін өндіруге немесе сақтауға талпыныс жасауда (Е.Қ.1999. №25. 5 ақпан, -7б.). Инвестициялық жекешелендіру қорлары купон иелері мен жекешелендірілетін кәсіпорындар арасындағы делдал рөлін атқарады (Қ.Е.1994 . №55. 23 сәуір , -2 б.).
Демек, бұл сөздің мағынасы кеңейді, тіркесу қабілетті артты. Мысалы, бағалы қағаздар делдалы, биржа делдалы, вексельдік делдал, дәрменсіз делдал, дисконттық делдал, кеден делдалы, кеме делдалы, қаржы делдалы, қор биржасының делдалы, қор делдалы, облигация делдалы, патенттік делдал, сауда құжырасындағы делдал, сақтандыру делдалы, табыстаушы делдал, үкімет делдалы т.б.
Қағида, негіз, шарт мағынасында қолданылып келген «ереже» сөзінің бүгінде мағынасы кеңейді, терминдік мәнге ие болды. Терминдік кеңейген мағынасы: ереже – әлдеқандай жағдайларға байланысты нақты бір қылықты жасауға немесе одан тежеліп қалуға рұқсат беретін не талап ететін ұсыныс. Ереженің қарапайым түрі не күрделі түрі бар. Оларды жүйелі түрде зерттеп, зерделейтін пән «нормативтік логика» деп аталады және де ол сан алуан ғылым салаларында, соның ішінде құқықтану ілімінде, заң қолдану тәжірбиесінде маңызды рөл атқарады. Қазақстан Республикасында салалық-тәртіптік ережелер жиынтығы бұрыннан қалыптасқан. Солардың бірі – жол жүру ережелері. [81, 232-233].
Мысалы, Келісім туралы ереженің біздің еліміздің іс жүзіндегі заңдылығына қаншалықты сәйкес келетінін қосымша зерттеу үшін бірлескен топ құру жөнінде шешім қабылданды. (Е.Қ. 1998. №8. 14 қаңтар, -1б).
«Ереже» сөзінің терминденуі нәтижесінде аукцион ережелері, бәсеке ережелері, жол жүру ережелері, несие беру ережелері, өтелім ережелері, үйлесімділік ережелері т.б. қолданыла бастады.
Экономикалық термин ретінде қолданылып жүрген «жал» атауынан да жоғарыдағыдай өзгерісті байқаймыз. Бұрынғы ақы алу үшін жалданып істейтін уақытша жұмыс деген мағынасы қазіргі уақытта нақтыланып, кеңейіп, терминдік мағынаны иеленді. Термин ретінде: жал – шаруашылықты жүргізу формасы, бұл жағдайда жалға беруші мен жалгер арасындағы шарт негізінде жалгерге жер, табиғат қорлары, кәсіпорындар, олардың бөлімшелері, сондай- ақ шаруашылық қызметін дербес жүргізу үшін қажетті басқа да мүліктер белгілі мерзімге уақытша пайдалануға беріледі. Жалгерлікке халық шаруашылығының барлық саласында рұқсат етіледі және меншіктің барлық формалары мен түрлеріндегі мүлік жөнінде қолданылады. Мүлікті жалға беру құқығы меншік иесіне берілген. Меншік иелері мүлікті жалға берушілер бола алады [53,25-26]. Түйіндей айтқанда, жал-мүлікті ақы қарсылығында уақытша пайдалануға беру.
Жал сөзі де жаңа мағынаға ие бола отырып, тіркесу аясын кеңейте түсті: бірлестікті жалға беру, жерді жалға беру, кәсіпорынды жалға беру, қайтарылмалы жалдау, несиелік жалға беру, тұрғын жайды жалдау т.б.
Қоғамдық ғылымдар терминінде қолданылатын «жоба» сөзінің де мағынасы кеңейді. Бұл атау бұрын түр, кескін, пішін дегенді білдіретін, ал қазір орыс тілінен енген «проект» деген сөздің мағынасын толық береді: жоба – бір нәрсені іске асыру үшін жасалған үлгі, жоспар, нұсқа. Мысалы, Астана мен Ақтау осы заманғы өнеркәсіп құрылымын жасаудың ықтимал үлгісі ретіндегі аймақтар санатына жатқызылып, оның жобасын әзірлеуді жапон жағы міндетіне алған екен (Е.Қ. 1999. №234-235. 22 қазан, - 1 б.). Қолданыстың жобалардың мінсіз болуы оларға жүргізілетін алдын-ала талдау және сараптау жұмыстарының сапасымен тығыз байланысты (Е.Қ. 1997. №68. 8 сәуір, - 4 б.).
Газет беттерінде жиі қолданылып жүрген «кеден» сөзі ертеде ұрыс-керіс, қақтығыс мағынасында қолданылған. Кеден кеден болды, кедергі неден болды (Мақал). Ал бүгінде «кеден» сөзінің мағынасы кеңейе келе арнаулы термин ретінде қолданысқа еніп кетті. Терминдік мәні: кеден – мемлекеттік мекеме, барлық импортталушы және экспортталушы тауарлар, оның ішінде жүк пошта жөнелтімдері мен басқа да жүктер; оларға кеден бақылауын жасау және белгіленген кеден баж салықтары мен алымдарын алу мақсатымен осы кеден арқылы елге әкелінуге және елдің аумағынан әкетілуге міндетті [56,274]. Мысалы, Мемлекеттердің тиісті заңдарын біркелкілендіру бүкіл экономикалық интеграцияның өзекті арқауы болып табылады (Е.Қ. 1997. №3. 7 қаңтар, - 1 б.).


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   7   8   9   10   11   12   13   14   ...   25




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет