Қосымша жалғану (морфологиялық тәсіл) арқылы жасалған терминдер
Түркі тілі, оның ішінде қазақ тілі тіл білімінде жалғамалы тілге жатқызылатыны белгілі. Сол себепті қазақ тілінің сөзжасам жүйесінде қосымшалардың, яғни оның ішінде жұрнақтардың жаңа сөз тудырудағы рөлінің ерекше екендігі еш уақытта күмән тудырмайды.
Соңғы жылдары ұлт тілінде термин жасау ісі ерекше қарқынмен дамуда. Ұлт тілінде терминжасауда басқа да тәсілдер сияқты қосымшалар арқылы терминжасау тәсілінің де өзіндік алар орны айрықша. Тілімізге қосымшалар арқылы көптеген терминдердің (айырым, апталық, белсенділік, есімнама, дыбысхана, дәрісхана, демеуші, жарнама, тарихнама т.б.) қалыптасып, қолданысқа енуі осының айғағы.
Дегенмен қосымшалардың ұлт тілінде терминжасаудағы белсенділік деңгейі бірдей дәрежеде емес. Себебі қоғам дамуы, қоғамдағы болып жатқан түбегейлі өзгерістер, жаңалықтар қосымшалардың да атқаратын қызметіне өз әсерін тигізбей қоймайтыны даусыз. Мәселен, ұлт тілінде термин жасауда кезінде белсенділігі төмен делініп келген біршама жұрнақтардың бүгінгі күні белсенділігі артып отырғандығы көрінсе, бұрын белсенділік танытып келген екінші бір қосымшалар жаңа сөз жасауда өнімсіздік танытып отыр, ал кейбір қосымшалардың термин жасаудағы белсенділігі барлық уақытта бір деңгейде.
Сондықтан біз газет беттерінде қалыптасқан терминдердің қосымша жалғану арқылы жасалуын сөз еткенде, оларды терминжасам деңгейіне қарай өнімді, өнімсіз түрлері деп бөліп қарастырамыз.
Өнімді жұрнақ. Кейінгі онжылдықта жасалып, қолданысқа ене бастаған жаңа терминдер мен сөздерді тудыруда белсенділік танытып жүрген жұрнақтардың бірі –шы /ші.
Бұл жұрнақтың тіліміздегі сөз тудыруы бұрыннан-ақ белгілі. Оған осы жұрнақтың көмегімен туындаған (малшы, сақшы, тілші, еңбекші т.б.) көптеген сөздер куә бола алады. Бұл жұрнақтың жаңа сөз тудырудағы өнімділігінің бүгінгі таңда сақталып отырғандығы байқалады.
-шы /-ші жұрнағы есім түбірлер мен етістіктің туынды түбірлеріне жалғанып, адамның кәсібі, мамандығын, әлеуметтік жай-күйін білдіретін зат есім жасайды.
Ө.Айтбаев -шы /-ші жұрнағы газет бетінде негізгі түбірге де, туынды түбірге де, біріккен сөздерге де, тіпті тіркесім сөздерге де жалғана беретінін және бұл қосымшаның көбіне көп орыстың –ист,-ун,-тель,-щик,-ник,-ик,-чик,-атор қосымшаларының жалғануымен жасалған сөздерді аударуға келгенде тіпті өнімділік танытып жүргендігін айтады [11,168].
1990-2000 жылдар аралығындағы баспасөз бетттерінде –шы/-ші жұрнағы арқылы: хатшы (секретарь), жалдаушы (арендатор), демеуші (спонсор), төреші (арбитр), тіркеуші (регистратор), жалдамашы (наемник), жетекші (ведущий), қолдаушы (фундатор), шежіреші (летописець), шолушы (обозреватель), байқаушы (наблюдатель) т.б сияқты терминдер қолданылған. Мысалы, қазіргі ауылда қалыптасқан қиын жағдайды тығырықтан шығарудың тағы бір жолы – қалталы азаматтардың демеушілік жасауына байланысты. (Е.Қ. 1996. №28, шілденің 9-ы, -12 б.). Қолөнер шеберлерінің туындыларын егжей-тегжейлі аралап көрген мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаевтан осы туындылар жайында ішке түйген ойларын айтып беруін өтіндік. (Е.Қ. 1997. №128, шілденің 2-і, -5 б.). Қалай болғанда да, қоғамдық ұйымдардың, танымалдығы олардың жетекшісінің беделіне байланысты екенін осыдан-ақ пайымдауға болады. (Е.Қ. 1997. №75, 20 сәуір, -2 б.). Жергілікті байқаушылардың пікірінше, олар екі жақты қатынастарды ойдағыдай дамыту үшін іргетас қалайды (Е.Қ. 1994 №243, 14 желтоқсан -1 б.).
Қадыр Мырза Әліге ұшырасқан шежірешілердің қай-қайсысы болмасын көрмеге асыққан тұлпардай өзі айтып тұрған тарихи деректерді тура қолмен ұстағандай, көзбен көргендей етіп баяндай жөнелгенде: «Шіркін кейде адамның өзі айтқан өміріне өзінің сенгені қандай жақсы» -деп сыбырлағандай етіп айтып қалып еді (Ана тілі 1997. №27, 3-і, -8 б.).
Газет беттерінде термин жасауда нама жұрнағы да белсенілік танытып отыр.
-нама, (-дама,-нама) – иран тілдерінде «жазу», «шығарма», «кітап» мағынасын білдіретін дербес лексема.
«Нама» сөзі көбінесе жазба түрінде өмірге келген, авторы белгілі шығармалардың тақырыбына қосылып оған анықтамалық мағына береді. Мәселен – «Бабур –наме» – «Бабыр кітабы», «Шах-наме» – «Шах туралы кітап», «Мұхаббатнаме» – «Махаббат жайындағы дастан», «Оғыз-нама» – «Оғыз жайындағы дастан» т.б.
«Нама» қазақ жазбаларындағы жұрнақ ретінде негізінен XIX ғасырдың бірінші жартысынан былай көріне бастады. Оның әдеби тілімізде қолданыла бастаған кезі –1920-30 жылдар аралығы.
Сөзжасамдық жұрнақтардың тілдегі қызметі әр кезеңде түрліше дәрежеде болуы жиі кездесетін құбылыс. Бір кезеңде белсенді қызмет атқарған жұрнақтар келесі бір кезеңде енжарлық танытуы мүмкін. Кейде өлі, өнімсіз жұрнақтардың қызметі күшейіп, өнімділігі артуы да кездеседі. Мәселен, бұрын мейлінше тар мағынада қолданылып келген «нама» сөзінің қазіргі кезде өрісі артып, қазақ тіліндегі қолдану аясы едәуір ұлғайған. Ендігі жерде бұл сөз бұрынғыдай «хат», «кітап», «шығарма» деген тар көлемде ғана жұмсалмай, оның сөзжасамдық қызметі бүгінде біршама кеңейіп және соған байланысты ол арқылы жасалған туынды зат есімдердің семантикасы түрлене түскендігімен ерекшеленеді.
Біз қарастырған газет беттерінде нама жұрнағы арқылы жасалған мынандай терминдер кездеседі. Мысалы, есімнама (персоналие), жарнама (реклама), жаднама (памятка), тарихнама (историография), тұғырнама (платформа), қазанама (некролог), жылнама (ежегодник), кепілдеме (рекомендация) т.б.
Жалғыз «Атамұра» қазақтың қай мұрасының жыртығын жамайды: айтуы азайып бара жатқан «Айтысты» аламандатып, кешегі қазақтың тұңғыш есімнамалық «Абай энциклопедиясы», енді міне М.Әуезов энциклопедиясымен ешкім таппаған аға газет «Егемен Қазақстан» екеуі бірлесіп тапқан қос батыр Бақтыораз Бейсекбаев туралы айтсақ та жеткілікті.(Е.Қ. 1994. №154. 7 тамыз, -3 б.). Фирмалар миллиондаған доллардың өнімін жарнамалауға жұмсайды. (А.т. 1996. №25. Маусымның 20-сы, -6 б.). Жаңа кітапты оқи отырып қазақстанның шетелдік тарихнамасының өзі бір іргелі еңбек құрайтындығын айқын аңғарасыз (Е.Қ. 1994. №189. 3 қараша, -4 б.).
Жаңа сөз тудыруда -лық/-лік жұрнағының алар орны төмендегідей. Туынды сын есім жасайтын аффикстердің бірі және осы қызметте ең жиі қолданылатын -лық/-лік (бұлардың фонетикалық варианттары -лыг, ліг; -лы, -лі). - Лық/-лік аффиксіне қатысты ескеретін бір жай – көне түркі, ескі түркі (орта түркі) тілдерінде, бұл аффикс көбіне –лығ (соңғы дыбысы ұян -ғы) сипатында айтылған да, әрі зат есім, әрі сын есім жасалған. Бұл аффикстің -лық варианттарының қалыптасуы – фонетикалық өзгерістердің нәтижесі [83,120].
Ғалым Б.Момынованың айтуынша -лық/-лік, -дық/-дік қосымшасының сөзжасамдық парадигмасының шеңбері өте кең. Газетте көбіне абстрактілі кеңістік (отвлеченные) тұлғалар тудыруға бейім [84,172].
Газеттерде –лық/-лік жұрнағымен жасалған белсенділік (активность), жарлық (указ), кепілдік (гарантие), куәлік (удостоверение), мердігерлік (подряд), қос тілділік (билингвизм), өкілеттілік (правомочие) т.б. терминдер кездеседі.
Мысалы, еліміздің құнды қағаздар нарығындағы белсенділікті арттыру үшін 1997 жылы көп жұмыстар атқаруға тура келеді (Е.Қ. 1997. №1. 1 қаңтар, - 5 б.).
Жаңа жарлық шетелдерде тұратын отандастарымыздың әлеуметтік-мәдени қажеттіктерін қанағаттандыруды қамтамасыз ететін нақты көмек ұйымдастыруға тікелей көшуімізге мүмкіндік береді (Е.Қ. 1997. №32. 7 қаңтар, - 2 б.). Белгіленген жеңілдіктер мен берілген кепілдіктер шетелдік инвесторлардың ынтасын арттыруда (Е.Қ. 1997. №1, 1қаңтар , - 4б.). Жалдық мердігерлікті ұйымдастыруда жер құнарлылығы мен мал өнімінің сапалылығы ерекше орын алады. (С.Қ.1990. №273. 28қараша, -2б.). Астрахань айналып, ауылға жеткенше «Ақ» деп ауыз ашқан адамға куәлігімен қосып алақанындағы анықтаманы көрсетеді де отырады.(А.Т.1996. №32, 8 тамыз, -3б.).
Баспасөз бетінде кездесетін өнімді жұрнақтардың бірі – есім сөзден есім жасайтын –кер/-гер қосымшасы.
Парсы тіліндегі «қар» «каридән» және «кәштән» себу, сеуіп шығу етістіктерінің осы шақта тұрған негізімен «кәр», «гәр» жұрнақтары парсы және тәжік тілдерінде сөз тудырушы жұрнақтар қызметін атқарады. Фонетикалық тұлғасын біршама өзгерткен күйінде бұл жұрнақтар қазақ тілінде де жалғанған сөзіне жаңа мағына үстейтін сөз тудырушы аффикстік морфемалар болып табылады [85,125].
Қазақ тілінде -кер /-гер жұрнақтары сөзге жалғанып, адамның белгілі бір қызметінің атын білдіреді.
Баспасөз беттерінде -кер/-гер қосымшалары жалғану арқылы жасалған терминдер қатары мол: зейнеткер, жауынгер, ғарышкер, мерейгер, ардагер, заңгер, бапкер, талапкер, кәсіпкер, әдіскер т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |