Бір сөзбен екінші сөзді біріктіру арқылы жасау сөз тілімізде бұрыннан қолданылып келген тәсілдердің бірі.
Біріккен сөздер дегеніміз – кем дегенде екі сөзден құралып, лексикалық жаңа бір мағынаға ие болған сөздер [93, 206-207]. Мысалы, тілімізде қолданылып жүрген асқазан біріккен терминінің мағынасы ас немесе қазанболып тұрған жоқ, осы екі сөздің бірігуінен басқа бір заттық ұғымды білдіріп тұрған жаңа мағына – дене мүшесі пайда болған.
Ал соңғы кездері қолданылып жүрген кейбір бірігу арқылы жасалған терминдердің бұрынғы мағыналары сақталғандығы көрінеді. Мәселен, пікірсайыс, пікірталас деген терминдерден үшінші бір мағыналы сөз жасалынбаған және олардың екі сыңарларының да бастапқы мағыналары сол күйінде сақталған.
Демек, жаңадан қолданысқа түскен біріккен термин мен бұрынғы жасалған біріккен терминдер арасында айтарлықтай өзгешеліктер бар екені байқалады.
Жаңадан жасалып жатқан біріккен терминдердің мағынасының ауытқымайтын себебі – олардың көпшілігі дерексіз нәрселер. Терминдік мағыналық ерекшелігіне орай ондай терминдерді аударған кезде басты назар негізінен қимыл әрекеттік сипатына аударылады да тиісінше оларды беруде тілімізде бар тілдік бірліктер таңдап алынады.
Соңғы кездері қолданысқа түскен біріккен терминдердің құрамын сөз таптары жағынан жіктей келгенде олардың көрінісі төмендегідей болып келеді:
Зат есім мен зат есімнің бірігуі арқылы жасалған терминдер, сын есім мен зат есімнің бірігуі арқылы жасалған терминдер, сан есім мен басқа сөз таптарының бірігуі арқылы жасалған терминдер, зат есім мен қимыл атауы арқылы жасалған терминдер, басқа сөз таптарының бірігуінен жасалған терминдер.
Бір ескере кететін жайт – кейбір біріккен терминдердің құрамын сөз табы жағынан анықтауда қиындық та туып жатады, оның себебі – олардың бір сыңар түбірі мағынасы жағынан әр сөз табына да ауытқып отырады. Сондықтан да кейбір топтастыруларымызды шартты түрде қарау керек.
Осы орайда шарттылықтың кең мағынада алғанда термин жасаудың барлық тәсілдеріне тән екендігін айта кету керек.
Ш.Құрманбайұлының айтуына қарағанда жалпы термин шығармашылығында шарттылық сөзжасамның барлық тәсілдері арқылы жасалған терминдерге тән [50, 55-56].
Ғалым бұл орайда шарттылық дегенде терминдерге атау беру үшін таңдап алынатын дыбыстар кешенінің термин мағынасына тікелей тәуелді емес екендігін айтады.
Біз де осы орайда терминдерге атау беруде бұл атаулардың бірнеше сөз табына тиесілі болу мүмкіндігін, яғни оны бір ғана сөз табымен шектеу әрқашан мүмкін бола бермейтіндігін көрсетеміз.