38.Тірек-қимыл аппаратыны бұзылған балаларды жалпы білім беретін мектеп жағдайында оқыту. БЦС жағдайында коррекциялық жұмыстың негізгі мақсаттары: балаларға медициналық, психологиялық, педагогикалық, логопедиялық және әлеуметтік көмек көрсету; мейлінше ертерек және толық әлеуметтенуге бейімдеу; жалпы және кәсіби білім беру. Әсіресе олардың өмірге, қоғамға, жанұяға, оқу мен еңбекке деген жағымды көзқарастарын қалыптастыру өте маңызды.
Емдеуші-педагогикалық шаралардың тиімділігі олардың өзара байланыстылығымен, үздіксіздігімен және дер кезінде көрсетілуімен айқындалады. Бұл жұмыстар кешенді түрде жүргізілуі қажет. Кешенді әсер етудің негізгі шарты - әртүрлі мамандық иелерінің (невропатологтың, емдік дене шынықтыру маманының, логопедтің, дефектолог пен психологтың, тәрбиешінің) ақылдасып, кеңесіп жүргізген істері болып табылады. Церебралды сал ауруын емдеудің кешенді шараларына дәрі-дәрмекпен емдеу, түрлі массаждар, емдік дене шынықтыру, ортопедиялық көмек, физиотерапиялық процедуралар жатады.
БЦС-ға шалдыққан балалармен жүргізілетін коррекциялық-педагогикалық негізгі жұмыстардың бірнеше принциптері бар: 1. Баланың үздіксіз даму динамикасына сәйкес, қозғалу, сөйлеу және психикалық кемістіктерінің бір-біріне әсерін үнемі есепке алып отыру коррекциялық- педагогикалық жұмыстың кешенділік сипатын анықтайды. Бұл бала дамуындағы коррекциялық жұмыс нәтижелерінде кері кетушілікке жол бермеу үшін қажет.
2. Баланың аман қалған функцияларына сүйене отырып онтогенетикалық әсер етуді неғұрлым ертерек бастау принципі. Бала өмірінің бірінші айларында-ақ кейбір патологияларды диагностикалауға болатынына қарамастан БЦС-ны емдеуді тек 3-4 жастан кейін ғана бастайтын жағдайлар аз емес, бұл жағдайда мамандарға алдын алу жұмысын емес, қалыптасып үлгерген сөйлеу және психика дефектілерін емдеу жұмыстарын жүргізуге тура келеді. Неғұрлым ерте анықталып, ертерек жүргізілген коррекциялық-педагогикалық жұмыс көп жағдайда балалардың сөйлеу және психикалық кемшіліктерін мейлінше азайтуға, тіпті кей жағдайларда толықтай жоюға мүмкіндік береді.
3. Коррекциялық жұмысты жетекші іс-әрекет аясында ұйымдастыру:
• 1 жасқа дейін жетекші іс-әрекет - үлкендермен эмоциялық қарым-қатынас;
• 1-ден 3 жасқа дейін - заттық іс-әрекеттер;
• 3 пен 7 жас аралығы - ойындық іс-әрекет;
• мектеп жасында оқып-үйрену іс-әрекеттері.
4.Психологиялық және сөздік дамуын динамикада үнемі, үздіксіз бақылау;
5. Баланың ата-анасы және жақын ортасымен тығыз қарым-қатынас, бірлескен іс- әрекет.