2.Делбе ауруының клиникалық белгілері. Жылқының делбесі немесе жұқпалы энцефаломиелит (Encephalomyelitis enzootica equorum, инфекционный энцефаломиелет лошадей) – орталық жүйке жүйесі мен ішек-қарынның зақымдануымен, дененің сарғаюы және жоғары өлім көрсеткішімен сипатталатын, жіті өтетін ауру. Делбенің қоздырушысы тоговирустар тұқымдастығының альфа және флавивирустар туыстастықтарына жататын арбовирустар.
Жасырын кезең 40 күнге дейін созылады. Бастапқы кезде жылқы тез болдырады, бірақ, оның қызуы әдеттегі қалыпта қалады не тіпті төмендеп кетеді, ол демігеді, азықтан бас тартады, ішектің жиырылып-созылуы баяулайды; ауыз бен танаудың, көздің кілегейлі қабықтары сарғайған, рефлекстері баяу.
Бұдан әрі есінеу, басын шалқайту, еріндерін жыбырлатып, жақ еттерін дірілдету сияқты қозу (гиперкинез) белгілері пайда болады. Аурудың аласұрған кезеңінде жылқы бой бермей, әрдайым алға қарай ұмтылады, әбден әлсіреп діңкесі құрығанша шыр айналады, не жүзу қимылдарын жасайды.
Күйзеліс кезеңінде жылқы мең-зең болады, оның жалпы күйі өте-мөте нашарлайды. Аурудың бұл түріне шалдыққан жылқы әдетте өледі. Делбе көбінесе аралас түрде өтеді. Бұл жағдайда мал біресе аласұрып қозады, біресе мең-зең болып әлсірейді. Энзоотия аяқтала бергенде белгілері көмескіленіп, аурудың беті қайтады.
Ауру жылқы жүріп келе жатып, кенеттен тоқтап, ұзақ уақыт мүлгіп, аяқтарын талтайтып, басын төмен түсіріп тұрып қалады да, кенеттен алға ұмтылып, кедергіге тіреліп немесе жарға құлап, әйтпесе айналшықтап бір орында жүре береді. Орталық жүйке жүйесі қатты зақымданса, терінің сезімталдығы артып, жұтынуы бұзылып (дисфагия), көздің көруі нашарлайды.
Достарыңызбен бөлісу: |