1.Ньюкасл ауруы туралы эпизоотологиялық мәліметтер, өту кезеңдері. Ньюкасл ауруы (Morbus Newcastle, ньюкаслская болезень, псеводчума) – тауық тұқымдастығына жататын құстардың бәріне тән тыныс жолдары, ас қорыту мүшелері мен жүйке жүйесін зақымдайтын аса жұғымтал ауру.
Тарихи деректер. Бұл ауруды алғаш рет 1926 жылы Англияның Ньюкасл қаласы маңында байқап, зерттеген ағылшын ғалымы Доиль оны осы қаланың атымен «Ньюкасл ауруы» деп атады.
Қоздырушысы – Newcastle disease paramyxovirus, парамиксті вирустар туыстастығына жататын РНҚ-лы вирус. Оның көгершін, тауық, күрке тауық және теңіз тышқанының эритроциттерін агглютинациялайтын қабілеті бар.
Биологиялық ерекшеліктеріне қарай Ньюкасл ауруы қоздырушысының штаммдары лентогенді, мезогенді және велогенді деп бөлінеді. Лентогенді түрі – табиғи әлсіреген, қай жастағы балапандарға болса да зиян келтіре алмайтын штамдар. Мезогенді түрі – табиғи немесе қолдан әлсіретілген штаммдар, Бұлар жұмыртқа ішіндегі ұрықты өлтіреді, сонымен бірге 25-30 күндік нәзік балапандарды зақымдай алады. Велогенді түрі – індет таратқыш аса уытты штаммдар. Бұл барлық жастағы құстарды зақымдай алады.
Ньюкасл ауруымен барлық жабайы тауық тұқымдастар ауырады, ал күрке тауық, қырғауыл, мысыр тауығы, бөденелер пәлендей көп ауыра бермейді. Бұл ауру қаз бен үйрек, көгершіндерде де кездеседі. Әсіресе қауіпті вирусты тоты құстар көп таратады. Сау құстар көбінесе ауруға шалдыққан құстармен аралас жүргенде немесе вирус жұққан жем-судан, құрал-сайманнан, балапан шығатын жұмыртқадан жұқтырып алады.
Ауру қоздырушысының бастауы – негізінен ауру құстар, ауруға қарсы тұратын иммунитеті жоқ әлсіз балапандар мен осындай сақа құстар болып табылады. Ал қоздырушының берілу факторлары: өлекселер, зарарсыздандырылмаған құс еті, қасап қалдықтары, балапан шығаруға арналған немесе сауда орындарына түсетін жұмыртқалар.
Достарыңызбен бөлісу: |