68 тақырып Алаш қозғалысы және ұлттық мемлекет идеясы Алаш тарихы. Еліміз Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын атап өту жөніндегі ұсынысты бірер жылда ғана кәдеге жаратты. Азуын айға білеген қуатты мемлекет болу үшін тарихта сенің мемлекеттілігің болу керектігін саясат мойындатты. Алаш үкіметі бұл рухани қайнарды сол уақытта ойға сараптады. Тіпті олар құрған мемлекеттің атын «Алаш Орда» атады. Оның бұлай аталуы жөнінде тарихшы ғалым М. Қойгелді өз зерттеуінде: «Ұлы Қытай қорғанынан бастап орыс ормандарына дейінгі ұлан-байтақ далада негізінен қазақ халқының этногенезін құрайтын тайпалардан тұратын аса қуатты мемлекет Алтын Орда дәуірін аңсаудан туындағанын аңғару қиын емес. Қазақ хандығы сол қуатты мемлекеттің үзігі еді», – дейді.
«Мыңдаған жылдық тарихы бар Қытай империясына шабынып, азуын айға білеген жолбарыс – Жоңғар мемлекетіне лайықты тойтарыс беріп, ата қоныстан түре қуған Қазақ хандығы сол тұстағы Орталық Азиядағы бірден-бір қуатты мемлекет болды», – дейді профессор М. Қойгелді. Сол қуатты мемлекет Ресей отарына айналып, пұшайман халге түскенде, Алаш Орда үкіметі Қазақ хандығының аңсар-арманын серпілтіп, керегесін кеңейтіп, шаңырағын биіктетуді мақсат етті. Алаш зиялылары ұстанған ұлттық идея мен елдік мұрат ұстанымы сонау сақ, үйсін, түркі кезеңдерінен бастау алған, қазақ хандары мен батырларының, билерінің, ақын-жазушыларының елдік ұстанымынан анық көрініс тапқан жер тұтастығы, ұлттық мемлекеттілік, қауі ХХ ғасырдың бас кезіндегі Алаш қозғалысының негізгі мақсаттарының бірі де қазақ халқының мүддесіне сай қызмет ететін, ұлттық мемлекеттілікті қалыптастыру жоспары да Қазақ хандығымен байланыста өрбіген. Алайда тарих үрдісі көрсеткендей ол жүзеге аспай қалды. Ал советтік негізде құрылған Қазақ АССР-ы, одан кейінгі Қазақ ССР-да қағаз жүзінде егеменді деп аталғанымен, іс жүзінде орталықтың толық бақылауында болып, ұлттық мүддеден гөрі орталықтың мүддесіне сай саясат жүргізілді.
«Отар елдің тарихын отарлаушы елдің өкілі жазады» деген қағидаға сай советтік авторлар қазақ тарихын жазуды өз қолдарына алып, қазақ халқының ұрпақтарына өз мемлекеттілігінің болмағанын дәлелдеумен өтті. Қазақ қоғамындағы хандықты мемлекет емес, ру-тайпалық ұйым ретінде түсіндірді. Сөйтіп, қазақтардың санасына мемлекетсіздік, мемлекеттілікті Ресейдің әкелгендігі сияқты идеялар бірте-бірте қалыптаса бастайды. Ол тіпті Тәуелсіздік алған жылдардың алғашқы жылында да советтік сана-сезімнің идеясында болды. Былтыр ғана әлем тарихына ойып тұрып, мерейтой белгілеп, қазақ мемлекеттілігін тарихын 550 жылға артқа шегеріп, ұлы тарихқа бет-бұрыс жасадық. Кешегі советтік кезеңнің мемлекетсіздік идеясын тұншықтырып, Алаш идеясы көтерген ұлттық тарихтың бар екенін көрсеттік. Осы орайда айтарымыз Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы аясында шектеліп қалмай, қазақтың тарихындағы Алаш Орда, Алтын Орда, Түрік қағанаттарының тойларын өткізсек.
Кешегі қылышынан қан тамған советтік империяның саясатына ұлы тарихы бар мемлекет екенімізді мойындатсақ. Оған бірден-бір екі үлкен себеп бар. Алдымен 2042 жылы Батудың құрған мемлекеті Алтын Ордаға 800 жыл толады екен. Екіншісі – Түрік қағанатына 2052 жылы 1500 жыл толады. Осы мерейтойларды ұлттық тарихымыздың қайнары деп, Алаш идеясы сол ұлы тарихтың жалғасы, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің құраушысы деп насихаттасақ, басы артық мәселе емес-ті. Жоғарыда сөз еткендей мықты, қуатты мемлекет екенімізді сан ғасырлық тарихымызбен дәлелдеп, ұлы Алаш идеясын дәріптеген империя екенімізді айтпай-ақ дәлелдейміз. Қауіпсіздік идеясымен сабақтастықта өрбіді.
Алаш идеясы. Алаш қозғалысының негізгі идеясы демократиялы қоғам қалыптастырып, сөзсіз еркіндік пен дамудың алғышарты ретінде қазақтың ұлттық мемлекетін құру болатын. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті – сол идеяның жемісі. Алаш идеясы әсірешіл ұраншыл қазақтың ойы емес, жалпыадамзаттық құндылық этикасын сақтай отырып, отарлық езгінің құрсауында тұншыққан жұртын азаттыққа шақыру болатын. Тарихшы Мәмбет Қойгелді «Тарих - күрес алаңы» кітабында Алаш идеясы жайында: «Қазақ ұлтшылдығының өзекті жібі, діңгекті ойы «менің ұлтым өзгеден ерекше, артық» сияқты мазмұндағы ұран болған жоқ. Ол елім деген қазақтың оқыған азаматының надандық пен отарлық езгінің құрсауында тұншыққан жұртын азаттыққа шығару, өзгемен тең ету жолындағы қызметке әзірлігін білдіретін шешімі және осы мақсат үшін күреске шақырған үндеуі болатын», – дейді. Және сондай-ақ «Қазақ ұлтшылдығының концептуалдық деңгейде және жалпыадамзаттық құндылықтар арнасында қалыптасып, оны ұлт зиялыларының сенім және күрес қаруы дәрежесіне жеткізу ісінде Әлихан Бөкейхан жетекші рөл атқарды» дегенді де М. Қойгелді зерттеулерінде жиі келтіріп отырады.
«Әлихан Бөкейхан жай қатардағы ұлт азаттық қозғалысысының белсенді тұлғасы емес. Ол – жаңа мазмұн, сипаттағы қазақ азаттық қозғалысының негізін қалаушы көш бастаушысы, лидері. Оның азаттық қозғалысын жаңа интеллектуалдық деңгейге көтеру ісіндегі еңбегін кезінде бүкіл ел-жұрты, патшалық және советтік биліктер мойындаған», –деп жазды алаштанушы ғалым М.Қойгелді.
Алаш үкіметі үшін жетекші рөл атқарған Әлихан Бөкейханның қызметін тіптен қарсыластары да мойындады. Сондай оппенттердің бірі Бақытжан Қаратаев Бөкейханға жолдаған хатында: «Меніңше жалғыз сен ғана халықтың ықыласына лайықсың. Жалғыз сен ғана халқым үшін қызмет жасадым деп айтуға хақылысың», – деп жазды. Алаш идеясы ұлттық бірігу концепциясына алып келді. Ол тұста қазақтың оқыған, саяси орталықтарда білім алған, мемлекет құрылысын қалыптастыру жөн-жосығын білетін ұлт зиялыларының басын біріктірді. Соның арқасында Алаш идеясын аясында мыңдаған қазақтың басы бірікті. Мұхтар Құл-Мұхаммед «Алаш қайраткерлері саяси-құқықтық көзқарастарының эволюциясы» атты еңбегінде: «Қазақстанның Ресейге бодан болғаннан бергі тарихындғы жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегін «саяси күрестер мен рухани жаңғыру кезеңі» деп айтуға әбден болады. Бұл кезеңде саяси күрес сахнасына Ресейдің аса үлкен ғылыми, саяси орталықтарында білім алған, сол кезеңдегі Еуропадағы саяси күрестің бет алыс бағдарларынан әбден хабардар, экономика, құқық тарихы мен теориясын терең меңгерген қазақ зиялыларының үркердей озық ойлы тобы шықты. Олардың басым көпшілігі ғылымға емес – утопияға, демократияға емес – авторитаризмге негізделген большевизм идеясын қабылдамай, баррикаданың арғы бетіне шығып, өз елінде, өз жерінде отырып азап шеккен қазақ халқының мұң-мұқтажын қорғауды мақсат еткен «Алаш» партиясын ұйымдастырды. Ел алдындағы ұлы мақсаттарды жүзеге асыратын атқарушы билік органы – «Алаш Орда» үкіметін құрып, ұлттық-аумақтық негіздегі «Алаш автономиясы» мемлекеттігін жариялауға талпыныс жасады».
Бұл идея сол уақыттағы советтік-тоталитарлық жүйеге ұнамады. XX ғасырдың басында қалыптасқан Ұлттық идеяны советтік билік өз қолымен тұншықтырып, саяси көшбасшылар мен ұлт зиялыларына қуғын-сүргін ұшыратты. «Қазақ халқының ұлттық, саяси санасын қалыптастырудағы ең биік белес болған XX ғасыр басындағы осы бір қазақ зиялылары алдыңғы қатарлы тобының саяси қызметі де, құқықтық көзқарастары да, тіпті ғылыми, әдеби мұралары да ұзақ жылдар бойы жабық тақырып саналып, зерделі зерттеулерге обьект бола алмады», – дейді алаш қайраткерлері тақырыбында сүбелі үлес қосқан ғалым Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Әлихан Бөкейхан Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құру идеясы қазақтың ұлттық ерекшеліктерін сақтай отырып, халықтың сана-сезімін оята жүріп, бодандық құрсауын бұзып шығуға болатынын көрсетті. Жемісін Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті көрді. Бүгінгі билік сол идеяны мойындамаса да, Әлиханды ұлт көсемі ретінде тани алмаса да, Алаш көсемінің құрған мемлекетінде өмір сүріп отыр. Ұлы «Орыс идеясы» іспетті ұлттың саналық рухани болмысын анықтайтын «Алаш идеясы» қазақ топырағында қалыптасты. Өркенін жайды.
Ұлттық идея негізінен XX ғасырдың басында әлемдегі, Ресейдегі геосаяси жағдайдың өзгеруімен жүзеге асқанымен, оның әлеуметтік, саяси, рухани тамыры ғасырлар тереңінен бастау алғанын ұмытпаған абзал.