Микроклиматты бақылау. Шаруашылықта ауылшаруашылық дақылдарын дұрыс орналастыру үшiн, ауылшаруашылық жерлерiнiң метеорологиялық режимiнiң ерекшелiктерiн бiлу қажет.
Жылу режимiн, ауаның ылғалдылығын, желдiң жылдамдығы мен бағытын зерттеу рельеф бойынша әртүрлi шағын участкелерде жүргiзiледi. Мысалы: танап, бау-бақша, орман – олардың микроклиматқа әсерiн арнайы жасалған бағдарлама бойынша, бақылаулар жүргiзiледi:
Микроклиматтық бақылаудың 3 түрi бар:
Көзбен, жобалап микроклиматты анықтау;
Инструменталды;
Микроклиматтық бақылауларды картаға түсiру.
1. Радиациялық үсiктер уақытында танаптарға көзбен-инструментсiз байқау жүргiзiледi де, үсiкке қауiптi учаскелер анықталады.
2. Ал инструменталды әдiсте термометр, аспирациялық психрометрлер, анемометрлер және күн радиациясын өлшеу үшiн актинометрлер, пиранометрлер мен балансометрлер пайдаланылады. Құралдар өсiмдiктер арасында 20 және 200 см биiктiкте бiрнеше нұсқаларда орналастырылады. Нұсқалар әртүрлi болуы мүмкiн: себу мөлшерi, сорттар түрлерi, суару режимдерi т.б. Сол нұсқалардың (агротехникалық шаралардың) микроклиматқа әсерi зерттеледi.
Ол үшiн 200 см биiктiкке аспирациялық психрометр және анемометр орналастырады, ал егер өсiмдiктердiң биiктiгi 150 см болса приборларды осы биiктiкке орналастырады. Топырақтың беткi қабатына максималды және минималды термометрлер орналастырады. Бақылауларды тәулiкте үш рет 6 (9), 12 (15), 18 (21) сағаттарда жүргiзедi.
3. Осы жүргiзiлген бақылаулар көрсеткiштерiне сүйене отырып шаруашылық картасын жасайды. Ол картада қай учаскеде үсiк болуы мүмкiн, ылғалдық қоры қандай, желдiң жылдамдығы мен бағыты қалай және т.б. мәлiметтердi картаға түсiредi. Бұл мәлiметтер ауылшаруашылығы маманына келесi жылы қай учаскеге қандай дақыл егуге болатынына ой салады.
Климатты мелиорациялау (жақсарту) – бұл климатты оңтайлы жағдайға өзгерту (жақсарту), ол адамның iс-әрекетiне байланысты: орман отырғызу, су қоймаларын жасау, суару, қар тоқтату. Осы агротехникалық, орман-мелиоративтiк шараларды өндiрiске енгiзiп жергiлiктi ауданның немесе учаскенiң климатын жақсартуға болады, өйткенi ол шаралар сол учаскелердiң температуралық, ауа және топырақ ылғалы режимдерiне әсерiн тигiзедi.
Достарыңызбен бөлісу: |