Әліпби мен емлені тең ұстау Қазіргі таңда мемлекеттік тілге деген сұраныс артып, керегесін кеңге жайып, егеменді елімізбен қатар дамып келеді. Қазақстан сияқты бүкіл әлемге танылған елдің мемлекеттік тілінің жазуы да заман талабына сай мінсіз болып келуін күнделікті өмірдің өзі талап етіп отырғаны баршаға аян. Сондықтан осы мәселеге байланысты өткізілген шараларда түрлі кәсіп мамандары латын негізді қазақ тілі әліпбиіне алынатын әріптердің тіліміздегі дыбысқа сай келуін және қосымша белгілер алғанда ерекше мұқият болу туралы ұсыныстар көп айтылды. Олар қазақ әліпбиінің «бір әріп–бір дыбыс» ұстанымға сай жасалуын жақтап отырды. Жұртшылықтың қатысуымен өткізілген талқылаулар нәтижесінде әліпби нұсқалары да жетілдіріле түсті. Мүмкіндігінше, «бір әріп – бір дыбыс» деген ұстанымда тұрсақ, оқу-жазуға жеңіл болатыны, цифрлық технология деп компьютер пернетақтасының жағдайын алға ұстап, тілдің оқу–жазу мәселелерін одан кейін қоюға болмайтыны туралы әр түрлі басқосуларда мамандар тарапынан айтылды. Әліпбиге диграфтарды алмауға қалай қарсы болсақ, дәйекшіні қолдану да өткен кезең үшін жетістік болғанмен, қазіргі графикалық лингвистика жетістіктері «бір әріп – бір дыбыс» ұстанымын жақтайтынын ғалымдар қайта-қайта айтып келеді. Бүгінгі таңда әліпбиде әр дыбыстың өз таңбасы болмаса, олар жаһандану екпініне қарсы тұра алмай қалады. Жазу тарихына зер салсақ, әліпбилерде алғашқы кезде ағылшын жазуындағыдай қосарланған таңбалар қолданылса, одан кейін жазу жетілген кезеңде әліпби қабылдаған елдер диграфтан бас тартып, диакритика қолданғаны байқалады. Себебі екі әріппен бір дыбысты таңбалау оқу– жазуға салмақ түсірді, ал оған қарағанда түрлі қосымша белгілермен (диакритикамен) өзгертіп алынған әріптер тиімді болды екен. Ал кейбір жерлерде әліпбиде апостроф пайдаланылды. Бірақ бұның әріптен тыс белгі ретінде ұмыт қалатын кездері көп еді. Одан кейін «бір әріп –бір дыбыс» графикасын ұстанған нағыз жетілген әліпбилер дүниеге келді. Бұл жетістікке ие болғандар қатарында орыстың қазіргі кирилл әліпбиін айтуға болды. Кирилл таңбалары арқылы алынған біздің де төл дыбыстардың таңбаларындағы қосымша белгілері сол әріптермен жалғасып жатқандықтан олар бір бүтін ретінде танылды. Мысалы, «ө» дыбысына алынған «о» таңбасының ортасы сызылып, бүтін бір әріп болып қабылданып тұрады. Бүгінгі күні компьютерде жоқ таңбаны алмаймыз деп, төл дыбыстарымызды таңбалауды қиындатып жіберуіміз мүмкін. Бас–басына таңбасы болмағандықтан күнделікті жазылымда адамдар апострофты немесе әріпүсті белгіні бірде жазып, бірде қалдырып жазуға жол беруі мүмкін. Осылай болса, әрі тартсақ, компьютер пернетақтасына сыймаймыз, бері тартсақ, «бір әріп – бір дыбысқа» келмей қалады. Қалай болғанда да, әріпүсті белгіні алудан басқа шара жоқ, сондықтан ендігі жұмыс, шама келгенше, әріпүсті белгіні жүйелі түрде қолдануға және азайтуға көңіл бөлінуі керек.
Елбасының 2018 жылғы 19 ақпандағы № 637 Жарлығымен өзгеріс енгізілген әліпбидің соңғы нұсқасы бұрынғыға қарағанда жетілдіріле түскені көрініп тұр. Әліпбидің бұл нұсқасының ерекшелігі-апостроф орнына әріпүсті ноқат алынуы. Әріпүсті ноқат жазуға, қабылданымға оңтайлы екені байқалады. Бұл әліпбиіміздің жетістігі деп білеміз. Әліпбиде 34 дыбысқа 32 әріп алынған. Оның ішінде кірме сөздердегі 6 фонема (и, в, ф, һ, х, ч), және бір әріппен екі дыбысты таңбалап тұрған Hh-[х], [h] және Ii-[и], [й] екі әріп бар, сонда барлығы 34 дыбыс таңбаланған. Сонымен қатар әліпбидегі 6 дыбыс әріпүсті ноқат арқылы (ә, ө, ү, ғ, ң, у) және екі дыбыс қос әріппен, сh-[ч]; sh-[ш], таңбаланған. Қазақ тілінде «ш» белсенді дыбыс ретінде жазуда көп қолданылатындықтан, оның екі әріппен берілуі жазуымызды қиындата түсуі мүмкін деп ойлаймыз. Кезінде профессор Қ.Жұбанов өзі ұсынған әліпбиінде «ш» дыбысын таңбалау үшін латынның «С» әрпін қосымша белгімен ( Ҫ ) қолданған еді. Әліпбидің бұрынғы нұсқасында I i -[и], [й] апострофпен берілсе, әліпбидің соңғы нұсқасында ешқандай белгісіз таңбаланған екен. Сонда әліпбиде 10-11 қатарда тұрған «і» және «и, й» әріптері ұқсас таңбаланған деуге болады. Бұл жағдай адамды шатастырып, оқу-жазуда қиындық келтіреді.
Жалпы алғанда, әліпбидің соңғы нұсқасы талапқа сай, көңілге қонымды жасалғанмен әлі де жетілдіре түсуді қажет етеді. Сондықтан бұл әліпбиді жетілдіре түсу үшін төмендегідей ұсыныс айтқым келеді. Әліпбидегі әріптер дыбыстардың өзіндік фонетикалық ерекшеліктеріне сай жүйелі таңбалануы тиіс. Әліпбиде өздерінің жуан-жіңішкелігімен бір-біріне қарама-қарсы қойылатын дауысты дыбыстар «А» мен «Ә», «О» мен «Ө», «Ұ» мен «Ү» тек әріпүсті белгілермен ажыратылып, бірдей әріптермен берілуі өте дұрыс жасалған деп есептейміз. Бірақ жуан-жіңішкелі «Ы» мен «І» дауыстыларының I i -[і], Y y- [ы] болып екі түрлі таңбамен берілуі осы жүйеге сай келмей тұр. Сондықтан бұл екі туыс дауысты да Y y- [ы], Y`y`-[і] болып, бірдей әріппен таңбаланып, басқа дауыстылар сияқты жүйемен, тек әріпүсті белгілермен ажыратылуы тиіс. Егер осылай алсақ, қазақ тіліндегі барлық тоғыз дауысты да жүйелі таңбаланар еді: A а – [а], A`а`- [ә]; O o – [о], O`o` – [ө]; U u- [ұ], U`u`-[ү]; Y y- [ы], Y`y`-[і], Ее-[е]; Сонымен қатар дауыссыз дыбыстар жүйесінде бір-біріне жақын дыбыстар да бірдей әріптермен таңбаланып, тек әріпүсті белгілермен ажыратылуы тиіс. Бұл талапқа сай N n – [н], N`n`- [ ң] және G g-[г], G` g` -[ғ] әріптері де дұрыс алынған деп есептейміз. Ал дауыссыз «й», «у», «ш», «ғ», «х», «ч», «Һ» дыбыстарын таңбалауға төмендегі графемаларды қолдануды ұсынамын: I i – [й]; W w- [у]; C c- [ш], C`c`- [ч]; H h- [h]; X x – [x ]; Латын әліпбиіндегі барлық әріптердің қызметі барлық елде бірдей емес, әр ел әріптерді өз тілдерінің дыбыс жүйесіне қарай бейімдеп таңбалаған. Сондықтан латынның «с» әрпін қазақ сөзіндегі «ш» дыбысы үшін алу керек, оны «це» немесе «к» деп оқып кетеді деп қорқуға негіз жоқ.
Осы ретпен өзгеріске түсірілсе, әліпбидегі дыбыстардың таңбалары да қолдануға жүйелі болар еді. Бұл жерде әріпүсті белгі тек бір-біріне жақын дауыссыздарды ажыратуға қызмет етеді. Сонымен қатар C`c`- [ч] кірме дыбыс мақсатты түрде әдейі әріпүсті белгімен алынды, себебі бұл кірме дыбыс өз тіліміздегі дауыссыздарға қарағанда белсенді қолданылмайтыны ескерілді. C`c`- [ч] қолданысында әріпүсті белгі қойылмай қалған жағдайда да, «чемодан-шемодан-шабадан», «чемпион-шемпион», «чайник-шайнек» болып оқылып, қазақы айтылымға ыңғайлана түседі. Жоғарыда айтылған ұсыныстарым бойынша әліпбиге төмендегідей өзгеріс енгізу керек: