Ертегіні оқыту Қазақ халқының өмір бойы сақталып келе жатқан құнды, рухани қазыналарының бірі – ауыз әдебиеті. Қазақ әдебиетіне байланысты айтылғанда бұл ұғымның көлемі , ауқымы өте кең. Ертеден келе жатқан сөз өнерінің өзі осы ауыз әдебиеті болған. Сол себепті ауыз әдебиеті қазақ әдебиетінің үлкен бір саласы болып табыладжы. Қазақ халқының жадында орасан зор поэзиялық, прозалық туындылар сақталған. Осындай рухани байлықтың халық өмірінде жасалуы,сақталуы үлкен ерекшелік. Сол тәлімдік, тәрбиелік мәні үлкен мұраның бүгінгі күнге дейін сақталып жетуі айта қаларлықтай құбылыс.
Әдебиет, әдебиет мұралары халық өмірінің айнасы. Халық ғұмырындағы, ондағы халық тіршілігінде болып жатқан әр түрлі жағдайлар әдебиеттің негізгі арқауы. Халық бар жерде оның тарихы, мәдениеті, сенімі, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі болады. Сонымен қатар әдебиеті мен тілінің болатыны да заңды құбылыс. Ал әдебиет сол халық өміріндегі жәйттердің көрінісі. Түркі тілдес халықтардың ішінде қазақ ауыз әдебиеті орасан бай. Есепсіз өлең, қисса-дастандар, эпостық, лиро-эпостық, тарихи жырлар, ертегілер, аңыздар, жаңылтпаштар, жұмбақтар, бесік жыры – бұлардың бәрі қазақ ауыз әдебиетінде сан түрлі, сан қырлы болып келеді.
Тәрбиенің басын тал бесіктен бастаған қазақ халқы бала тәрбиесіне айрықша назар аударған. Бүгінгі жас ұрпақ, ертеңгі ел, халық қоғамының азаматы. Елдің елдігін ойлайтын, қазақтың қамын жейтін арқалы азаматының тәрбиесі бесіктен басталатынын білген ата- бабаларымыз « Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп бала тәрбиесі үшін барлық рухани құндылығын арнаған. Бала тәрбиесіне арналған сол рухани құндылықтың бірі – халық ауыз әдебиеті екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Халық ауыз әдебиетінің бала тәрбиесіне қосатын үлесі шексіз. Нәтижесінде жас буын қазақ халқының құнды мұрасы ауыз әдебиеті туралы білімдерін кеңейтіп, ауыз әдебиеті мұраларының ерекшеліктерін біледі. Өз бетінше оқып, үйреніп, еркін сөйлеу, мәнерлеп оқи білу, сонымен қатар өз ойын жүйелі жеткізе білуге, тіл байлығының шұрайлы болуына, сөздік қорының молаюына үлкен мүмкіндік туғыза алады. Ауыз әдебиетінің тәлімдік мәні бір арналы саласының бірі тұрмыс-салт жырлары. Тұрмыс-салт жырлары – қазақ ауыз әдебиетінің жанрлық бір түрі. Тұрмыс-салт жырлары халықтың рухани-әдеби құндылығы. Тұрмыс-тіршілігінің сөз өнеріндегі көрінісінің жемісінің бірі. Тұрмыс-салт жырларының беретін өзіндік тәрбиелік мәніне тоқталар болсақ үлкен мағына жатқанын көреміз. Төрт түлікке байланысты өлең-жырларды алсақ, Қамбар ата, Шопан ата, Ойсыл қара, Шекшек ата деген тілек өлеңдерінде қазақ халқының тұрмыс, экономикалық тіршілігі төрт түлікке байланысты екендігі ерте кезден бері аян.Осыған орай туындаған жырлар малды күту, баптай білу ниетінен дүниеге келген. Халық төрт түлік малдың төлін анасы қалай сүйсе, адам солай сүйе білу тиіс деп жас ұрпақта төрт түлік мал баласын құрметтей білуге үндейді. Бұл ұғымды халық даналығынан туған мақал-мәтелдер дәлелдей түседі. Мысалы: «Малды теппе, ақты төкпе» деген қанатты сөз мазмұнында малға деген құрметтің нышанын байқаймыз.
Сонымен қатар мал бағу саласында еңбекқорлық, шыдамдылықтың қажет екендігін ескерте отыра тыңдаушыны еңбек сүйгіштікке шақырады. Бұл өлеңде былайша өрнектеледі:
Ешкі бақты – еңіреп бақты.
Қой бақтым – Қоңырау тақтым.
Сиыр бақтым – сидаң қақтым.
Жылқы бақтым – жорғалаттым.
Түйе бақтым – түйме тақтым,-
деген өлең жолдары жас ұрпақты еңбексүйгіштікке шақырған ойларының жатқандығын көреміз.
Төрт түлік малға байланысты өлеңдердің көтеретін негізгі идеясының бірі сақтық шарасына байланыстылығын аңғару қиын емес. Осы жайында айтылған тәрбиелік мәні бар жырдың бірінде қасқырды сөйлету арқылы көрініс береді:
Бала қойшы алыста ойнап қала қойшы.
Атты қойшы ашуы қатты қойшы.
Түйелі қойшы – тұрған қойшы.
Төбесінен ұрған қойшы.
Өгізді қойшы - өлген қойшы
Жем болғанда – көрген қойшы,-
деген өлең жолдарында өз ісіне ұқыпты, мұқият бол деген ойдың, өнгегенің жатқандығын жоққа шығара алмаймыз.
Малдың төлі болса адамның перзенті бар. Оларды ойлы да, тілді етіп еңбекке баулу халықтың үлкен қуанышы болып саналады. Дүниеге жаңа келген сәби өсе келе, жетіле келе ертегі, аңыз, жұмбақ, жаңылтпаштар үйреніп ойы мен тілінің дамуына мүмкіндік туғызған. Мұның бәрі халықтық рухани тәрбие деп аталады.
«Ти десем тимейді, тиме десем тиеді» деген жұмбақ баланың тілін, әрбір дыбыстың қайдан шығатынын білдірсе, саусақтарын бүгіп санамақ санау баланың тіл байлығын дамытуда қолданылатын халықтық әдіснамалық құрал ретінде қолданған. Санамақтың құрылымында формалық шарттар қатаң сақталмайды. Ол кейде ұйқасқа, кейде ырғаққа негізделеді. Ересек балалар санамақты ойын тәртібін айқындау үшін қолданады. Баланың жадын, санасын жаттықтыру үшін құпия сөздер де қосылады.
Бала тәрбиесіне әсерін тигізетін ауыз әдебиетінің тағы бір саласы жұмбақтар. Көлемі қысқа, есте сақтауға қолайлы халық ауыз әдебиеті жанрларының бір түрі.
Шәкірім Құдайбердіұлы жұмбаққа үлкен мән беріп « жұмбақ ермек үшін, уақыт өткізу үшін айтылмайды, адам баласының тапқырлық, сезімталдық қасиеттерін үшін тәрбиелік мақсатта айтылуы қажет, сондықтан оның айтылуы мен шешілуі де өзара дәл келуі керек» деп өз пікірін білдіреді. Бұл жанрдың өзіне тән бірқатар ерекшеліктері бар. Ең алдымен тапқырлыққа , ой өткірлігіне бағытталады. Қазақ жұмбақтары көп жағдайда өлең түрінде болып келеді. Көркемдік суреттеу құралы ретінде жұмбақ өлеңде теңеулер, метафоралар ерекше орын алады. Жұмбақталып жасырылған құбылыс басқа бір нәрсемен теңеліп салыстыру арқылы жасалған бейне болып шығады:
Біреудің бір ұлы бар және қызы.
Біледі ол екеуін дүние жүзі.
Ұйықтайды ұлы түнде ,қызы күндіз,
Жүргенде білінбейді басқан ізі.
(Күн мен ай)
Жұмбақтауда дыбыс қайталаушылық пен тыңдаушының көңілін бөлушілікке көп мән беріледі. Жұмбақталып айтылған нәрселер қосарланып, өзіне сәйкес заттармен теңеліп келеді. Негізгі ойды ұшқыр сөз арқылы білдіреді. Мысалы: « Ай далада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» (жұмыртқа).
Жұмбақ өмір шындығынан алынады. Заман, қоғам дамыған сайын айтылар жұмбақтың мәні де жаңарып отыратындығы заңдылық. Жұмбақ – бостан-босқа айтыла бермейді, оның да өзіндік ойлары, түйіні болады. Осының барлығы жас ұрпақты тапқырлыққа, ой ұшқырлығына тәрбиелеуде үлкен роль атқарады.
Халық ауыз әдебиетінің арналы бір саласы – ертегілердің тәрбиелік мәні мен маңызы жас ұрпақтың өміріне берер тағылымы халықтық педагогика негізінде дәлелденген.
Ертегінің айрықша мәні, құндылығы оның халық тұрмысымен байланысты болуынан, ойлау, сөйлеу, баяндау өзгешелігінен халықтың арман мен мүддесінен көрсетуінен айқын танылады. Ертегінің бүгінгі таңға дейін халықпен қатар жасасып келе жатқан өміршеңдігінің құпиясы да осында жатыр. Ертегілердегі негізгі көтерілетін басты тақырыптар адалық, адамгершілік, ерлік, бірлік, ынтымақ, мақсатқа жету мәселелері. Ертегі кейіпкерлерінің мінез-құлқы, іс-әрекеті, сөз сапатауы арқылы оқушы, тыңдаушы қауымын жамандықтан жирендіре, жақсылыққа үйрете отырып, белгілі бір мақсатқа жетелейді. Ертегі жанрының жас буынды тәрбиелеудегі атқаратын басты қызметі өз ойын анық, нақты жүйелі түрде жеткізе білуге жетелеумен қатар жас ұрпақты ой ұшқырлығына тіл байлығының қордаланып, қазақтың бай көркем тілін меңгеруіне ықпал жасайды. Бүгінгі таңда да ертегі бала тәрбиесінде қолданылатын халық даналығының көрнекті жемісі.
Қазақ халық ауыз әдебиетінің тарихи сипаты басым көркем де құнды саласы – батырлық жырлар. Эпостық жырлар барлық әдебиетіне тән жанрдың бірі. Ел хылық санасымен жасалған «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын» сияқты батырлар жырларында ел бірлігі мен тәуелсіздігін сақтау, сыртқы жаулардан қорғану сарыны жатыр. Осы себепті қазақ эпосы халық тарихының көркем секерткішіне айналған. Батырлар жырының образдары мен тілі көтеріңкі стильде жырланады. Батырлар көбінесе ірі, тұлғалы болып келеді, бәрі дерлік мақсат-мұратына жетеді. Батырлар жырының образдарын жазба әдебиетіндегідей типтендіоілген тұлға деуге болмайды. Оны көбінесе поэтикаланған қаһармандық образ деп түсіну қажет. Олардың бәрі дерлік бүкіл ру, тайпа, ел атынан сөйлеп әрекет жасайды. Батырлар жырында жеке мүддеден гөрі ел мүддесін жоғары қою басым. Қазақ батырлар жырының
Негізгі тақырыбы елдік, ерлік, досқа адалдық, ел мұңын жоқтау болып келеді. Осы жырлармен сусындап өскен жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттердің оянатындығы белгілі.
Жағымды кейіпкерлердің мінез-құлқын, іс-әрекетін, сөз саптауын үлгі ете отыра жас буынның өз бойына адамгершілік қасиеттерін сңіретіндігі ақиқат.
Қазақ эпосының үлкен бір саласы – лиро-эпостық жырлар. Бір жағынан лирикалық,сыршылдық сарыны болса, екінші жағынан оқиғалы болып келеді. Батырлық жырларының тақырыбы - ерлік болса, ғашықтық жырларының тақырыбы -сүйіспеншілік. Сонымен қатар лиро-эпоста қазақ қоғамының ішкі қайшылықтары, халық өмірінің шынайы суреттері көрсетіледі.
Лиро-эпостық жырлармен танысқан оқушы қауым жас ұрпақ адалдық, уәдеге беріктік, өз мақсатына жете білу, өмірде кездесетін әрбір қиыншылықтарды жеңе білу сияқты қасиеттерді өзінің бойына жинақтайды.
Эпостық, лиро-эпостық жырлар мектеп бағдарламасына енгізіліп, оқытылуы егеменді еліміздің ертеңгі айбыны мен айбары болатын бүгінгі жас буынның адамгершілік қасиеттерінің молаюына , парасат, пайымдарының артуына ықпалын тигізетін тәрбиелік мақсатты көздейді.
Балалардың тілін жаттықтыру мақсатында қолданылатын ауыз әдебиетінің бір түрі жаңылтпаштар. Бала тілінің жетілуіне, оралымды анық сөйлеуіне, ана тілінің үн сұлулығын мінсіз меңгеруіне, шебер сөз саптауға баулиды. Сәкен Сейфуллин « Балалардың тілге ұстартуларына, ойнақы, қырлы сөздерді қтқпақша айтқызып, билеп, еркін сөйлеуге төселулеріне өз әлінше әдемі сабақ тәжірибе болатын ойын»,- деп баға берді. [9,18].Ол жаңылтпаштардың бала тілінің жаттығуына тигізетін әсерін ерекшелеп көрсетеді. Мысалы:
Есет атам ет асатар.
Ет асатса бес асатар,-
деген жаңылтпашты қолдану арқылы қиыннан құралған қырлы сөздерді жаңылмай айту міндеті жүктеледі.
Қазақ өмірінде өнер мектебінің бірі болған айтыс жанры. Айтыс-өмірдегі әлеуметтік тартыстар мен адам қатынастарына негізделген желіге құрылып, кезектесе айтылатын қисынды, дәлелді ұтқыр өлең. Оған көбінесе жүйрік, ақпа-төкпе, суырып салма ақындар қатысады. Қарсылас екі ақын суырып салмалық тәсілмен табан астында өлеңмен сайысып, бір-бірін сөзбен жығуға тырысады. Қайсысы тапқырлық пен бұлтартпас уәж танытса, сол жеңіске жетеді. Айтыс әрдайым шаршы топ алдында өткізілген. Оның төрешісі – тыңдаушылар, көпшілік қауым. Көптің, халықтың сынына түсу ақынның қаншалықты өткір,тапқыр, жүйрік екендігін айқындап, шынайы дарын иесінің шабытына қуат беріп, шеберлігін шыңдап, ширықтырып отырған. Өмір шындығы, жетістік-кемшіліктер ашық айтылған. Жеңілу, жеңу де қисынды, аталы сөз түйініне келіп тіреледі.
Аталы сөзді жүрегіне сақтай білген жас буын имандылыққа, парасат, білімге, ой ұшқырлығына, сөз ұшқырлығына, баулуда өнер мектебінің бір саласы болып саналатын айтыс өнерінің тағылымдық мәні өте зор.
Жалпы алғанда ауыз әдебиетінің барлық салалары бір арнаға жинақтала келе қазақ ауыз әдебиетінің негізін құрайды. Өміршең қазақ деген халық жас ұрпақ тәрбиесіне айрықша назар аударып, көңіл бөлген. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген қанатты сөздің маңызына тоқтала келе ұрпағының саналы, парасатқа толы ғұмырына ізгілі нәрін, адамгершілік дәнін сеуіп ел үмітін ақтайтын абзал азамат болуына үлесін тигізер тәрбиелік мәні бар ауыз әдебиеті үлгілерін тәрбиенің басты құралына айналдыра білген.
Халық ауыз әдебиеті бүгінгі жас буынның, ертеңгі ел келешегі болып саналатын ұрпағын адалдық, ізгілік, парасаттылық, білімділік жолында тәрбиелеудегі қуатты әдістемелік құралдың бірі болып қала бермек.