Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі А. Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты



бет2/7
Дата09.02.2023
өлшемі202,63 Kb.
#66549
1   2   3   4   5   6   7
Дискурс ұғымы ең алғаш рет XX ғасырдың 70-жылдарынан бастап философияда кеңінен қолданыла бастады. Тұңғыш болып «дискурс» ұғымын Ю.Хабермас өзінің «Коммуникативтік құзіреттілік теориясына дайындық» атты еңбегінде қолданды. Өз еңбегінде Хаберманс «дикурсті» мына белгілері арқылы ажыратады: 1) қарым-қатынасқа сұхбатқа имманентті, яғни тиесілі болады, 2) қалыптасқан нормалар, ережелер және құндылықтар жиынтығынан тұрады. Дискурс ұғымын алғашында Ван Дейк, Дж.Остин, Дж.Серль, М.Фуко, Э.Гофман, С.И.Виноградов, Б.П.Паршин, В.З.Демьянков, Ю.С.Степанов және т.б. сияқты шетелдік зерттеушілер әртүрлі көзқарас тұрғысынан қарастырды. Отандық тілтанымдық зерттеулерде, оның ішінде тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігінде берілген анықтама бойынша дискурс (фр.discours) – тілдік коммуникация түрі. Кең мағынада бұл сөзді «уақыттың мәдени тілдік мәнмәтін» деуге болады. Сонда оның мазмұнына рухани-идеологиялық мұра, көзқарас, дүниетаным кіреді. Тар мағынада дискурс деп қандай да болмасын мағыналы, құнды іс-әрекеттің нақты тілдік шындығын айтады. Жалпы айтқанда, дискурс – лингвистикалық мәтіндегі көпмағыналы термин. Олардың ішінде ең маңызды мағыналары мыналар: 1) байланысқан мәтін; 2) мәтіннің ауызша-жазбаша формасы; 3) мән-мағынасы бірдей пікір алысушы топ; 4) диалог; 5) ауызша немесе жазбаша сөйлеу. Қазіргі таңда кең тараған дискурс түрлері: 1. Әскери дискурс; 2. Газеттік дискурс; 3. Саяси дискурс; 4. Педагогикалық дискурс; 5. Ғылыми (академиялық) дискурс; 6. БАҚ дискурсы; 7. Жарнамалық дискурс; 8. Электрондық дискурс; 9. Заң дискурсы; 10. Экономикалық дискурс т.б. Сонымен, қазіргі таңда дискурс тек мәтін немесе сөйлеу әрекетімен ғана емес, адам өмірінің түрлі саласымен тығыз байланысты экстралингвистикалық түрткіжайттарды қамтитын күрделі коммуникативті жағдаяттағы сөйлеу коммуникациясы болып табылады.
Экономикалық дискурс түсінігі. Экономикалық дискурс экономистер, саясаткерлер, әлеуметтанушылар, журналистер мен тілтанушылар тарапынан сан қырлы ғылыми зерттеулер нысанына алынып келеді. Осы бағыттағы еңбектерде зерттеушілер экономикалық ойлау, экономикалық әрекет пен экономикалық тілдік құрылым бір-бірімен тығыз байланыста деп топшылайтын пікір көп айтылады. Тілтанымда экономикалық дискурс зерттеулеріне көптеген лингвистикалық еңбектер арналған (М.Ликунь, Е.Ю.Махницкая, А.Т.Дейк, М.Л.Макаров, А.А.Шереметьева және басқа зерттеушілердің еңбектері).
Е.Ю. Махницкая экономикалық дискурсты экономикалық реалийлерді сипаттауда қолданылатын бүкіл сөйлеу әрекеттерінің жиынтығы ретінде түсіндіреді. Автор экономикалық тәжірибені бейнелейтін ауызша және жазбаша, толық және үзік (фрагментті) мәтіндерді экономикалық дискурс деп атайды. Ал Е.Д. Степанова экономикалық дискурсты қаржы-несиелік, салықтық, коммерциялық, кәсіпорындық қарым-қатынастар аяларындағы қатысушылардың интерактивті әрекеттестігі деп түсіндіреді. Экономикалық дискурсты зерттеушілердің пікіріне сүйенсек, экономикалық мәтіндерді оқуға деген қызығушылықты бірнеше түркіжайт негізінде түсіндіруге болады. Біріншіден, экономикалық ойлаудан туындаған экономикалық мәселелер және олардың сипаты; экономикадағы алдын ала болжау үлгілерін құру қажеттігі. Екіншіден, экономикалық мәтіндерді талдау әдістерін жасау жатады. Экономикалық дискурстың қатысушылары мемлекет, журналистер, ғалымдар, оқытушылар, ғылыми қызметкерлер бола алады. Ал экономиканың қандай да бір секторына байланысты бұл дискурс аясында бірнеше типтері анықталынады. Мысалы, қаржы немесе несиеге қатысты қаржы дискурсы, бухгалтерлік есептерге қатысты бухгалтерлік дискурс, сауда-саттық, кәсіпкерлікке қатысты іскерлік дискурс. Осыған байланысты Май Ликунь, экономикалық дискурсты қаржы-экономикалық, өндірістік-экономикалық, сауда-экономикалық, экономикалық-теориялық, экономикалық-статистикалық деп бөледі. Оның пікірінше, экономикалық дискурстың аясындағы экономика саласының секторларына байланысты бірнеше дискурстар құрылады: қаржылық дискурс (қаржы және несие), бухгалтерлік дискурс (бухгалтерлік есеп және аудит), салықтық дискурс (салық ісі және сақтандыру), іскерлік дискурс (бизнес және сауда) т.б. Отандық тіл білімі саласында экономикалық дискурсты зерттеген А. Боханова экономикалық тақырыптардағы газет мақалаларын қарастыра келе, Қазақстан Республикасындағы газет беттерінде орын алған экономикалық дискурсты мынадай факторлар арқылы анықтайды: 1) тәуелсіз мемлекеттің тарихи-мәдени дәуірі; 2) газеттердің идеологиялық көзқарастары; 3) дискурс құрушы позициясынан экономиканы тұрақтандырудағы жеке және тәуелсіз мемлекеттің әрекеттері; 4) диалог құрудағы ашықтық.
Сонымен, экономикалық дискурс түсінігін біз экономика саласындағы сөйлеу әрекеттерінің қосындысы және кәсіпқой мамандар, қарапайым адамдар және журналистер арқылы экономикалық қарым-қатынастың алуан түрлі жағдаяттарында туындаған ауызша және жазбаша мәтіндер мен олардың үзінділері деп түсінеміз, олар өз кезегінде экономиканың казіргі таңдағы ахуалын бейнелейді. Экономикалық дискурстың тақырыптары кең, ұйымдардың типіне байланысты өзгеріп отырады.
Қазіргі уақытта ғылыми білімнің өсуі, жаһандану үрдісіне сай ел экономикасының қарқынды дамуы заманауи талаптар мен түбегейлі өзгерістер алып келді. Осыған орай, әр салада қолданылатын терминдер, арнайы сөздер, лексикалық-семантикалық жаңалықтар мен ұғымдар саны күннен күнге артып келеді. Мақалада экономикалық дискурста қолданылып жүрген кейбір лексика-семантикалық жаңартпалар (инновациялар) қарастырылады. Мұндағы біздің ұстанған негізгі мақсатымыз – белгілі бір жаңа сөздің бұрынғы және қазіргі қолданысына, яғни сөз мағынасының өзгерісіне, эволюциясына назар аудару және талданған кейбір сөздердің жаңартпа екенін ашып көрсету.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет