Қазақстан республикасы білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті м. О.ӘУезов атындағЫ Әдебиет және өнер институты



бет39/50
Дата01.04.2023
өлшемі1,97 Mb.
#78283
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   50
АҚЫН МҰҚАҒАЛИ МАҚАТАЕВ

Алаш ардақтысы Х.Досмұхамедұлының «Қазақ тіліндегі сингармонизм заңдылығы» зерттеуі бойынша қазақтағы Мұқағали, Махмуд, Мұхтар есімдері Пайғамбарымыз (с.а.с.) атының қысқартылған бір түрі болып табылады. Демек, Мұқағали Мақатаев адамзаттың соңғы Пайғамбары (с.а.с.) атына сай есімге ие болған.


Мұқағали Мақатаев поэзиясымен мен тек 1980 жылдары таныстым. Мәскеуде оқып жүрген кезімде Б.Окуджава мен Вл.Высоцкийдің оқырмандарын көріп қайран қалатынмын. Біздің тура сол кеңес заманында шындықты айтып, кеңестік талаптарға істері мен қылықтары, өлең-жырлары сай емес ақындар қайда екен, – деп ойланатынмын. Мұқағали туралы естідім, бірақ сол кездегі ресми пікірге байланысты болу керек, кітапатары қолға тимеді.
1988 жылы қазақ әдебиеттануында төңкеріс болды: «Алаш» атты асыл әдебиет пен әдебиеттану өз төл арнасына қайта оралды. Менің қатарластарыма бұлар аспаннан түскендей әсер етті. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мыржақып Дулатұлы, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердіұлы, Жүсіпбек Аймауытұлының шығармалары шынайы көркемдіктің үлгісін әкелді. Сол кездегі атақтары жардай көп жазушылардың туындылары бұларға қарағанда ортаңқолды болып шыға келді.
Осы Алаш әдебиетімен танысқаннан кейін мен көпке дейін бүгінгілерді оқи алмай қалдым. Себебі бүгінгі әдебиетте рух жоқ, жігерлік жоқ, бізге керек ой мен бағыт жоқ. Керісінше, ХХ ғасыр басындағы «Оян, қазақ!» ұраны 1986 жылғы оқиғалардан кейін қазақ үшін нағыз қажетті болып табылды!
Мәскеуде бірге оқыған замандастарымның көбі орыстілді екені түсінікті. Мен өзім де қыздар педагогикалық институтының орыс филология факультетін бітіргенімді күні бүгінге дейін мақтаныш тұтамын. Ауылдан келген қыздар тек сабақта ғана орысша сөйлеп, әр жердің жергілікті диалектісінің бар екенін танытушы еді (Арқаның қыздары – бара жатыр, келе жатыр десе, оңтүстіктің – шыли, о ля, т.с. сөздерін естіп мәз боп қалушы едік). Сол мәскеулік математик бір ғалым аспиранттар арасында отырғанда Мұқағалиды жатқа айтатын. 1990 жылдың басында Мұқағали өлеңдерін, тіпті «Райымбек» поэмасын отырыстарда жатқа айтатын замандастарымды көргенде ойлана бастадым. Қолыма «Қош, махаббат» жинағын алып қарасам Алаш әдебиетінің рухы, еңсесі биік тұлғалы ойлар алдымнан шыға келді. Оқыған сайын ақынның сөзді орынды, нақты пайдалана білуі, қазақтың намысын оятатын сөздер таба білуі мойындата түсті. Міржақыптың «Оян, қазақ!» ұранын жалғастырған, осы Мұқағали екеніне көзім жетті! Ол оның әр өлеңінде дәлелденіп тұр. Екеуі тура бір кезеңнің азаматтары іспеттес!
Алаш ұранына кеңес саясаты ресми тыйым салғанымен, тұншықтыра алмайтын оны Қасым Аманжолов пен Мұқағали Мақатаев екен.
Біз Абай дәстүрі деп көп жерде орынды, орынсыз айта береміз. Абайға арналған бірінші ғылыми мақалалардың авторлары кім деген сауалға жауап іздесек, олар Алаш зиялылары. Олар: Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мыржақып Дулатұлы, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы, Ілияс Жансүгірұлы! Мағжан ақынның «Хакім Абай» деп анықтап берген бірауыз сөзі бүгінгі қаншама философиялық еңбектерге арқау болды?! Бұл абайтануға қосылған үлес екенін айтқан Мағжан ақын ғана деп оған да абайтануды қимаймыз.
Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Қазақтың бас ақыны» – Абайдың дәстүрі кеңес кезінде де жалғасын тауыпты. Абайдың қазақтың кей қылықтарына көңілі толмауы, «хақиқатты хақиқат қалпында» танытудың жалғасын Алаш әдебиетінен көрсек, бұл үрдіс Қасым, Сырбайдан басталып Мұқағали өлеңдерінде толығымен орын алыпты.
Мұқағали әндерінен Ахметтің саяси-азаматтық үнін, Мағжанның мұңын, сезімін бейнелеудегі шынайылығы мен дәлдігін байқап, Міржақыптың «Оян, қазақ!» ұраны қайта тірілгендей әсерде қалатынымыз рас! Алаш әдебиеті дәстүрі өз зерттеушілерін күтіп тұрған ғылымға қажет тақырыптар! Себебі ойлары ортақ: қазақ қалай өзін ел болып сақтай алады, қазақ жұрты нені аңсап, неден жиреніп өткен? Ата-баба аманаты деген ұғым қандай? Қасиеті даланың бастан кешкен тарихын біз не үшін жаңғыртып отыруымыз керек? Біз кеңес өкіметті сендіргендей тек ХХ ғасырдың басында қалыптасқан елміз бе, әлде тарихында мол рухани үлгілі істердің басында тұрған асыл Ер тұлғалардың мирасқорларымыз ба? Осы рухтың қазіргі замандағы үні Мұқағали мұрасында тұр.
Өткен жылдары «100 ғасыр жырлайды» атты жинақ құрастырылған еді. Мақсатым – Отан, адамдық иман, ата-баба, атамекеннің құдіретін сезіндіру! Өзін соның асыранды емес, төл перзенті болып толғану дәстүрі кімдердің жыр-өлеңдерінде іске асқан екен деген сауалды алға қойдық. Бұл кітаптың басында Жүсіп Баласағұни тұрса, кітаптың соңғы беттері Мұқағали Мақатаевпен тәмамдалып тұр. Бұл жеке бір ұйымдасқан топтың келісіп алуы емес. Алла, Құбыла, мінәжат, әдеп, намаз, отаншылдық, атамекен, иман сөздерін кеңес кезінде тек Мұқағали өлеңдерінде ғана бар екен!
Атеистер «Дарвин теориясын» алға тартқан заманда: «Мен маймылдан жаралған жоқпын, мен Адам ата мен Хауа ана ұрпағымын деп сол кездегі ресми ілімге өзінің имани сенімін де қарсы қойып кеткен тек Мұқағали ғана!
Мұқағалиды біз не үшін оқуымыз керек? Бүгінгі біздің көңіл-күйіміз, қазақтың мүддесі, оның күйініш, сүйініші, шері ақын лирикасының басты тақырыптары. Бұл біздің өзіміз үшін қажет!
Мұқағалиды оқыған оқырман шынайы әдебиет – асыл сөзбен жалған, бір күндік, не атақ үшін жазылған мәтіндердің ерекшелігін өзі танып алады. Ақын сөздері көркем емес өлеңдерден жиренуге үйретеді. Нағыз әдебиет пен жалған дүниелердің арасын ашып беруімен де құнды. Бүгінгі кейбір жазушылардың атағы жер жарғандай. Өткенде бір ақынның есімінің алдындағы атағы қазақ радиосынан 15 минут айтылды. Бұл кім екен деп шыдаммен күтіп отырдым. Бүгінгі той-думанда жүрген ақынның бірі екен.
Мұқағали да қызғаншақ замандастарының ортасында өмір сүргені анық. Ақындық адамдар берген атақ емес, өз сөзінің нәрі, мазмұны ғана бағалануы қажет екенін Мұқағали бізге бүгін дәлелдеп бергендей. Олай болса өлеңдерін жатқа білетін қазақ халқы бар кезде біз, әдебиетшілер ұятқа қалмай бұл мұраны бүгінгі күн тұрғысынан түсіндіріп, насихаттай білейік. Өзіміздің кісілігімізді де Мұқағалимен тексере білейік. Бұл да нағыз көркем әдебиеттің тағы бір шарты.
Атеизм салтанат құрып, ата-баба дәстүрі толығымен күшпен үзілген заманда Мұқағали ақынның «Райымбек» поэмасын жазып кетуі бүгінгі тұрғыдан ерлік деп саналу керек. «Ер» мен «Ерлік» сөзінің біздің бүгін түбі бір екенін ұмытып кеткен кезде осы поэма өзі бітпеген болса да бұл ұғымдардың егіз екенін және қазақ ер бала туса оны ез емес ер болып өсуін бүкіл әулет намысы деп санағанын еске салады. Райымбек – тарихи тұлға, бірақ тарихшылардың еңбектерінде ол туралы дерек тым аз және нақты емес. Тарих ғылымы саясатқа тікелей бағынған ғылым ғой. Әдебиет болса көркем бейне арқылы тарихи тұлғаның шынайы, халық берген бағасын бейнелі сөздермен келістіріп айта алады. Әрине, бұл Алла Тағала әдебиетке – асыл сөз деп берген қасиеті – тарихи тұлға бүгінгі іспеттес сайлаумен, не жоғарыдан тағайындалмайды. Ол жастайынан отбасы, әулет ішінде мойындасын, бүкіл ұлт үшін, елдің намысы мен абыройы үшін өмір сүретін тұлға. Райымбек батыр бейнесі поэмада толығымен ашылып берілген. Жастық шағынан ерен істерімен өзін мойындата білген батыр өсе келе тұлғаланып, бүкіл қазақ елін жоңғарлардан қаша беру емес, керісінше оларды атамекеннен қуып бастаған тарихи тұлға. Кеңес кезінде ата-бабаның осындай істерін аңсап, оның есімін кеңес тарихшылары жойып жібермес үшін ақын осындай көркем бейнелі поэманың бас кейіпкері етіп ресми заманға көлденең қоя білген! Есіңді жи елім, осындай батырлары болған елдің тарихи жадын жою мүмкін емес дегендей!
Көркем әдебиеттің тарихты сақтай алмай қалған деректері мен нағыз ерлердің істерін осылай сақтай ала алатын қабілетін Мұқағали ақын бізге осылай тағы да дәлелдеп беріп кетті.
Алатауға жақындаған сайын ол төбе-төбе болып кете береді. Алыстан қарасақ, Алланың жерге орнықтырған қазығы іспеттес Алатау боп арулана түседі. Кезінде М.М.Бахтин айтқандай «величие аппелирует к потомкам» Мұқағалидың замандастары күншілікпен «Ту ғып ұстап топастықтың танымын, қаламдастар қазып жатты – қабірін».
Жүсіпбек 42 жыл, Достоевский 60 жылға жуық, Мұқағали 45 жас өмір сүріпті. Олардың мұрасы алыстаған сайын бізге қажет ғибратты ілімге айналды. Олай болса біреуге қиянат жасамай, Мұқағалиша өмірді бағалай білейік. Бұлар «Адал құлы бола білген арының». Сондықтан да біз үшін кісіліктің, әділдіктің, отансүйгіштіктің үлгісі болып қала бермек.
Мұқағали 1931 жылы 9 ақпанда туылған екен. Бұл жылы Жүсіпбек Аймауытұлы Алаш зиялылары ішінен бірінші болып атылған еді. 9 ақпан ресейлік замандастары өздерінің «пайғамбарларына» ұқсатып «Жаңа пайғамбар» атаған Федор Михайлович Достоевскийдің дүниеге келген күні. Әдебиетке де, еліне де осы үш тұлғаның істерін бір күн болса да еске салатынын білген қауым – Мұқағалидың оқырмандары: оқушылары, студенттер, зиялы қауым осы күні аталған тұлғалардың иманды, ғибратты, отансүйгіштіктен туған мұрасын соның иегерлері ретінде таныта білейік! Олар айтарын айтып бізге «арыз жазып кетті». Соны түсініп, бүгінгі тәуелсіз қазақ елінің азаматы екенімізді санамызбен түсіне білейікші...
Осы тұста айта кетер тағы бір жай бар. Біз осындай иманды сөздерді кестелеген, жадымызға кісілік пен тектілікті, әділдік пен шынайылықтың үлгісі болатын ақын-жазушылар, ғалымдар туралы ресми жиындарды сол мұраға сай рәсімдесе деймін. Шетелдерде қайтыс болып кеткен тұлға туралы жиын 1 минуттық үн үзілісі не болмаса Құран, не басқа дін өкілдерінің сөздерімен ашылды. Бұл мәдениеттілік пен парасаттылықтың белгісі және аруақ алдындағы бүгінгі тірі жүргендердің парызы. Бұл тек осы жиынға қатысты ғана емес, бірақ келешекте мұндай ғибратты мұраны қорламас үшін айтылған ой.
«Әдебиет танытқыштағы» мінәжат жайлы мүлдем жоғалған екен деп жүрген едім. Мұқағалидың келесі мінәжаты бұл жанрдың сонау М.Х.Дулатидың «Тарихи Рашидиінде» ғана үзіліп қалмай, кеңес кезінде де жаңғырған үлгісі барына көз жеткізеді.
Мұқағалиды оқиық, бұл жырлармен өзіміздің кісілігімізді тексерейік, бүгінгі тек атақ, лауазым үшін жүргендер кім екенін тани білейік!
Кейбір әдебиетшілер айтқандай, әдебиеттегі асыл сол дәстүрі біреулердің келісімімен таңдалып мирасқор ретінде берілмейді. Кейбір әдебиетшілер айтқандай, Абай дәстүрі Алаш әдебиетіне және кеңес кезінде Мұқағали өлеңдерінде нақты орын алған. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін, бірақ пенделер үшін кәсіби талдаулар арқылы түсіндіруді күтіп тұрған ғылыми мәселе.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   35   36   37   38   39   40   41   42   ...   50




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет