Қазақстан республикасының білім және ғылым министрлігі қ. ЖҰбанов атындағы ақТӨбе өҢірлік мемлекеттік


 Кеңестік қазақстанның тарихи бастаулары



Pdf көрінісі
бет15/105
Дата26.01.2022
өлшемі2,03 Mb.
#24406
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   105
Байланысты:
abdullaev na kazakstannyn kazirgi zamangy tarikhy

3. Кеңестік қазақстанның тарихи бастаулары: 
қазақтандыру қиыншылықтары. 
3.1. ХХ ғасырдың 20-30 жж. саяси – экономикалық 
және әлеуметтiк өзгерiстер. 
 
Азамат соғысы аяқталғаннан кейiн қазақ жеріндегі экономикалық, саяси-
әлеуметтік  ахуал  Кеңес  мемлекетiнiң  орталық  аудандарымен  салыстырып 
қарайтын  болсақ  аса  күрделі  (ауыр)  болған.  Бейбiт  құрылысқа  көшудiң 
шаруашылық  және  саяси  қиындықтары  санқилы  кедергілері  болғған.  1920 
жылдың аяғында Қазақстан тұрғындар саны 4,7 миллион адам болған, ал оның 
iшiнде қазақтар 50,3, орыстар-31,1, украиндар 14,4 пайызға теңелген. Халықтың 
басым  көпшiлiгi  ауылдық  жерлерде  тұрды.  Егiншiлiкте  жердi  бiраз  тыңайтып 
алып  қайта  жырту  жүйесi,  ал  мал  шаруашылығында  көшпелi  және  жартылай 
көшпелi шаруашылық басым болған. Егiстiң көлемi азамат соғысы жылдарында 
едәуiр кемiп, астықтың жалпы түсiмi үш есеге жуық төмендеген. Бұндай көрініс 
басқа да шаруашылықта болды. 
 Мысалы, мал саны елеулi түрде қысқарып, осы жылдары 10,8 млн. басқа 
қысқарды. 1914-1922 жж. аралығында iрi қара мал саны 2,1 миллионға, жылқы-
2  млн.-ға,  қой-ешкi  6,5  млн.-дай,  түйе-0,3  млн.-ға  азайған.  Осының  бәрi  қазақ 
жерiндегi  ХХ  ғасырдағы  үлкен  апат  -  бұрын-соңды  болмаған  ашаршылыққа 
соқтырды.  1921-1922  жж.  ресми  статистикалық  мәлiметтер  бойынша  елiмiзде 
2,3  млн.  адам  оның  iшiнде:  Орынбор  губернiсiнде  445  мың  адам,  Қостанай 
губернiсiнде  225  мың  адам,  Оралда-400  мың,  Ақтөбеде-360  мың,  Бөкей 
жерінде-100  адам  аштық  азабын  тартқан.  Бұл  қатерлi  қасiрет  1,1  млн.  жуық 
қазақтың  елiн,  ата-тегiнiң  қонысын  тастап  бет  алдына  көшiп  кетуге  мәжбүр 
еттi.  
 
Әлеуметтiк-экономикалық  мәселелердiң  тұғырыққа  тiрелуiмен  қатар 
саяси өктемдiлiк жаңа бағыт алған мемлекеттiк құрылымға  керi әсерiн тигiздi. 
Мемлекет  әмірімен  күштеу  саясаты  ауыл  халқының  наразылығын  туғызып, 
елде  толқу  ошақтары  пайда  болды.  Кейбiр  жерде  үкiметке  қолданған 
әкiмшiлiктiң  шаралары  шаруаларды  қарулы  қарсылыққа  дейiн  апарды. 
Мысалы,  1920  жылы  Семей  облысының  орта  және  дәулеттi  шаруаларының 
едәуiр  тобы  мемлекетке  қарсы  көтерiлiп,  өздерiнiң  талаптарын  ашық  қойды. 
Бұндай  толқу-көтерiлiстер  1921  жылы  Батыс  Қазақстанда,  Ақмолада, 
Петропавлда, Көкшетау, Маңғыстауда да өттi. 
 
Елде орын алған жағдай өлкедегi экономикалық және саяси дағдарыстың 
жалпы  сыңайын  танытқандай  болды.  Бүкiл  Кеңес  мемлекетiнде  сияқты,  қазақ 
жерiнде де шаруашылық құрылымы мен оны басқару саясатының жаңа әдiсiне 


(принципiне)  көшу  қажеттiгi  айқын  көрiндi,  оның  негiзгi  арқауы  -  тауар-ақша 
қатынастарының  объективтілігін  орнына  келтіру  болатын.  Соғыс  коммунизмі 
саясаты  жаңа  қоғамдық  құрылым  орнатудың  неғұрлым  таяз  түсiнiгi  екенiн 
өмiрдiң  өзi  анықтады.  Азық-түлiктi  күштеп  алу,  iрi,  орта  және  ұсақ 
кәсiпорындарды  қоғамдастыру,  сауда-сатыққа,  рыноққа  мемлекет  тарапынан 
тосқауыл  қою,  ақша  айналымын  тоқтатып,  сол  арқылы  жаңа  қоғам  орнатуға 
болмайтындығына  бұл  саясаттың  алғашқы  екi  жылы  анық  көрсеттi.  Билеушi 
партия  жетекшiлерi  соғыс  коммунизм  саясатын  шұғыл  өзгерту  қажеттiлiгiне 
көздерi  жеткендей  болып,  оны  жаңа  экономикалық  саясатпен,  төтенше 
жағдайда енгiзiлген салғыртты салықпен ауыстыруға бағыт алады. 
 
Елiмiзде жаңа экономикалық саясатты (ЖЭС-НЭП) iске асыру 1921-1923 
жылдарда Қазақ АКСР Орталық Атқару Комитетiнiң азық-түлiк салығына көшу 
туралы шешiмi негiзiнде жүргiзiлдi. Салықтың мөлшерi салғыртқа қарағанда аз 
болды  және  өндiрушiлерде  ендi  артық  өнiмiн  өз  мүддесі  аясында  рынокқа 
шығаруға  мүмкiндiгi  туып,  оларда  ынта  туғызатыны  көзделдi.  Мәселен,  1920 
жылы Жетiсу мен Сырдария облыстарында астық салғырты бойынша 10,4 млн. 
пұт  дәндi  дақыл  жиналса,  1921  жылы  салық  арқылы  шаруалардан  жиналған 
астық  6  млн  пұттан  асқан  жоқ.  Шаруалардан  алынатын  ауыл  шаруашылығы 
өнiмдерiнiң  мөлшерiн  салықпен  шектеу  ауыл-селолардың  қалалармен 
байланысын  нығайтуға  жол  ашты.  Бұл  тұста  шаруалар  басы  артық  өнiмдерiн 
қалаға апарып сатып, тұрмыс жағдайын түзеуге мүмкiндi алды.  
 
Уақыт өткен сайын жаңа қатынасқа шаруалар мен жалпы өндiрушiлердiң 
сенiмi  кеңңее  түстi.  Бұл  тұста  Кеңестердiң  өлкедегi  шараларын  нығайтуға 
байланысты  бiраз  саяси-ұйымдастыру  жұмыстары  жүргiзiлдi.  1921  жылы 
уездер  мен  губернияларда  Кеңестер  съезi  болып  өттi.  Алайда,  Қазақстандағы 
Кеңестер  құрылысында  бiрқатар  қиыншылықтар  мен  кемшiлiктер  кездестi. 
Кейбiр  жерде  белсендiлер  жаңа  экономикалық  саясаттың  мәнiн  түсiнбедi, 
бұрынғысынша соғыс коммунизм әдiстерiн қолданды. Кеңестер құрамына жаңа 
саясатты енгiзуге қарсы, iштен бүлдiру әрекетiне бейiм адамдардың кiрiп, керi 
үгiт  жүргiзу  көрiнiстерi  де  көп  болды.  Дегенмен,  кеңестердi  құрып  нығайту 
жұмыстары  мақсатты  жүргiзiлдi.  Оған  белсене  қатысқан  Қазақ  КАСР 
Комитетiнiң  тұңғыш  төрағасы  С.Меңдешев,  орынбасары  Ә.Жангелдин,  ҚАСР 
iшкi  iстер  халық  комиссары  Ә.Әйтиев  және  басқалары  Кеңестердiң  жұмысын 
жандандыруға елеулi еңбек сiңiрдi.    
 
Билеушi  партияның  (РК/б/П)  Х  съезi  (1921  ж.  наурыз)  шаруашылық 
мүддесiн  iске  қосудың  пәрмендi  жүйесiн  жасау,  азық-түлiк  салымынан  азық-
түлiк  салығына  көшу  туралы  шешiм  қабылдады.  Iлкi  әзiрде  бұл  шара  жаңа 
экономикалық  саясат  шеңберiнде  жүзеге  асырылғанымен,  жаңа  реформалық 
кешенiн  түгел  қамти  алмады.  Салық  саясатында  шаруашылық  саласындағы 
белсендiлiкке  жаңа  серпiн  берген  аса  мәндi  өзгерiстермен  бiрге,  қаржыда, 
несиеде,  ақша  шаруасында,  арендалық  қатынастың  басқа  да  бiрқатар 
көрiнiстерiнде пәрмендi шаралар жасалды. 
 
1921 ж. 4-10 қазанда аралығында өткен Қазақ АКСР Кеңестерiнiң II съезi 
республиканың  өмiр  сүрген  алғашқы  жыл  iшiндегi  мемлекеттiк  және 
шаруашылық  құрылыстың  қорытындыларын  шығарды.  Оның  жұмысының  


басты  мақсаты  -  жаңа  экономикалық  саясат  жолында  ел  iшiндегi  этностар 
арасындағы  қарым-қатынасқа  талдау  жасап,  оны  түсiнушiлiк,  достастық 
жолымен дамыту бағыттарын белгiлеп беру едi. 1921 жылы жазда Бүкiлорталық 
Ресейдегi сияқты Қазақстанда да ғасырдың қатерi стихиялық апатқа  - аптапты 
қуаңшылыққа  ұшырады.  Орал,  Орынбор,  Ақтөбе,  Бөкей  және  Қостанай 
аймақтарындағы  егiстiң  көбi  күйiп  кеттi.  Малға  азық  болмай  оның  бiразы 
қырылды.  Егілген  дәнді  дақылдың  күйіп  кетуі  тек  қана  қуаңшылықтан  емес, 
сонымен  бiрге  ауыл  шаруашылығының  жалпы  артта  қалушылығы  мен 
экстенсивтiгi салдарынан, мұның үстiне шет ел басқыншылығы мен қоғамдағы 
азамат  қарсыластығының  зардабы  және  билеушi  саяси  күштер  мен  мемлекет 
басшыларының  оралымсыз  уйымдастыру-саяси  қызметінен  болғанын  белгілі 
зерттеші ғалымдар дәлелдеген. 
 
Қазақстанда  ашаршылық  көлемi  зор  болды.  1921  жылы  қыркүйекте 
жүргiзiлген толық емес есеп бойынша 8,4 млн. десятина жалпы егiс көлемiнiң 
2,1 млн. десятинасында егiн көктемей қалды, ал қалған алқапта өнiм өте-мөте 
төмен  болды.  Жүз  мыңдаған  адамдар  ашаршылыққа  ұшырады,  ал  көшпелi 
қазақтар  үшiн  қуаңшылық  аса  ауыр  қасырет  болып  келіп  өте  қатты  соққы 
болып  тиеді.  Бейбiт  халыққа  озбырлық  жасап,  азақ-түлiк  және  тұқымдық 
қоймаларын  тонаған  жаңа  үкiметке  қарсы  топтармен  бiрге  осы  кезде олардың 
қатарына ағымды жағдайға наразылық бiлдiрген жәй азаматтар да қосылды.  
 
Ашаршылыққа  қарсы  мемлекет  пен  билеушi  саяси  күштер  өздерiнше 
әрекеттер  ұйымдастырды.  Ресейден  осы  жылдары  Қазақстанға  4,5  млн.  пұт 
астық,  183  мың  пұт  картоп  келдi.  Қазақстан  шаруалары  тек  1922  жылы  егiс 
көлемiнiң 60 пайызынан астамына тұқымды аталған аймақтан алып септi. Елге 
ондаған  дәрiгерлiк-  тамақтандыру  топтары  келдi.  Бұндай  қамқорлық  Кеңес 
мемлекетiнiң әр халықтар арасында кеңiнен тарады. Мысалы, Қазақстанға түркі 
халықтары  және  Украина  көп  көмектестi.  Түркiстан  республикасы  1921-1922 
жылдары  қазақ  елiне  2  млн.-ға  т.  жуық  астық  бөлдi.  Түрлi  мемлекеттiк, 
қоғамдық  қамқорлық  шараларына  қарамастан  Қазақстан  республикасының 
жалпы  әлеуметтiк-экономикалық  жағдайы,  соның  iшiнде  шаруалар  күйi  өте 
ауыр болып қала бердi. 
 
XX  ғасырдың  20-жылдарында  Қазақстанда  жер  реформасы  елдегi 
әлеуметтiк топтардың арасын нығайтуда орасан зор рөл атқарды. Ресей патша 
үкiметi  кезiндегi  отаршылдық  саясат  нәтижесiнде  жердi  жаппай  және  жөнсiз 
тартып алуы шаруаға қажеттi жерлердiң көлемiн күрт тарылтты, жер пайдалану 
шекаралары  ауысты,  малды  жая  жүрiп  көшетiн  және  суға  жететiн  жолдар 
жабылып  қалды.  Көшпелi  қазақтардың  үлкен-үлкен  топтарының  пайдаланып 
отырған  үлкен  шүйгiн  жайылымдары,  ал  отырықшы  аудандарда  -  суармалы 
жерлер мен оның құбырлары тартылып алынды. 
 
Әсiресе  жаңа  үстемдiк  саясаттың  зардаптары  Жетiсу,  Сiбiр  және  Орал 
казак  әскерлерiне  алып  берген  өңiрлерiнде  ерекше  ауыр  болды. 
Жайылымдарды, 
шабындықтар 
мен 
егiс 
алқаптарын, 
қыстауларды 
пайдаланғаны  үшiн  жергiлiктi  халық  көп  жалдама  ақы  төледi,  егiн 
алқаптарында  еңбек  етiп,  қазақ  ұлықтарының  малын  бақты,  астықтың  недәуiр 
бөлiгiн  сыйға  бердi.  Гурьев  (Атырау)  уезiнiң  Еспол  және  Сiмбiртi 


болыстарының  тұрғындары  1921  жылы  ҚАКСР  Жер  Халық  Комиссариатына 
өтiнiш жолдап, онда Кеңес өкiметiнiң орнауы қарсаңында “бiзге егiншiлiк пен 
шөп шабуға ғана емес, тiптi жайылым үшiн де жарамсыз кiлең сортаң жерлер 
қалды” деп жазған. Ертiс пен Жайық бойындағы, Жетiсудағы басқа аудандарда 
да жағдай осындай болды.  
 
Кеңес үкiметiнiң алғашқы жер реформасы саласындағы шаралар негiзiнен 
жалдамалы  ақы  мен  жердi  пайдаланғаны  үшiн  еңбекпен  өтеудi  заң  жүзiнде 
жойып  қазақтарға  жер  құқын  бердi.  Алайда  азамат  соғысы  және  одан  кейiнгi 
жылдарда  көптеген  жерлерде  бұрынғы  ауылдағы  үстем  топтар  жердi 
пайдаланудағы  шиеленiсушiлiктi  барынша  пайдаланып,  жалдама  ақысын  одан 
әрi  ала  беруге  тырысты.  1920  жылдың  аяғында  ҚАКСР  Орталық  Атқару 
Комитетi  жанынан  жер  комиссиясы  құрылып,  ол  1921  жылдың  басында 
жарияланған  Үкiметтiң  жердi  ұлттандыру  Декретiне  сәйкес,  бүкiл  жердi 
мемлекеттiк  қор  деп  жариялады  да,  жердi  өз  бетiмен  алу,  сатып  алу  және 
жалдау атаулыға тыйым салды. 
 
1921  жылдың  ақпан  -  сәуiр  айларында  жер  реформасына  байланысты 
қосымша қабылданған мемлекеттiк құжаттар, қазақ шаруаларына дәстүрлi ата-
тегiнен  қалған  тиесiлi  жерлердi  өздерiне  қайтаруға  негiз  болды.  Осы  жылы 
жазда  Жайықтың  сол  жағалауындағы  жерлер  межелеп  бөлiнiп,  қазақтарға 
қолайлы жайылымдар тидi. 1922 жылы Орал губерниясының қазақ тұрғындары 
барлығы  208  мыңнан  астам  десятина  жер  алды.  Семей  губерниясында  әскер 
қорының  жерлерi  қазақтардың  пайдалануына  көштi,  межелеп  бөлуге  184  мың 
десятина  жер  әзiрлендi.  Ақмола  губерниясында  Ертiс  бойындағы  он 
шақырымдық  алқапқа  1922  жылдың  шiлдесiне  дейiн  35  iрi  қоныс  аудару 
учаскесiне 350 қазақ шаруашылығы  - бұрынғы жалдаушылар мен бақташылар 
көштi. Көкшетау уезiнде барлық бос жер қорын Кеңестер қазақтарға бердi. 
 
1921  жылы  Жер-су  реформасы  Түркiстанның  көптеген  аудандарында, 
оның  iшiнде  Алматы,  Қапал,  Шымкент,  Әулиеата  уездерiнде  жүзеге  аса 
бастады.  Осы  кездерде  бұнда  қазақ  кедейлерi  мен  жатақтарының  тұңғыш 
бұқаралық  ұйымы  -  Қосшы  одағы  ұйымдасып,  оның  қызметiнде  бұқараның 
өскен үлесi айқын көрiндi. Оңтүстiкте Қосшы одағын құруда, оның іс жүзіндегі 
шараларына С. Асфендияров, С. Атабаев, Т. Рысқұлов, В. Познер, И. Сольц, Ж. 
Бәрiбаев, А. Розыбакиев және басқалар көрнектi рөл атқарды. 
 
Сөйтiп, 20-шы жылдардың басындағы аграрлық реформалар ондаған мың 
қазақ шаруаларын жермен қамтамасыз еттi, оларды кiрiптарлық тәуелдiлiктен, 
жалдамалы 
ақысының 
ауыртпалықтарынан 
құтқарды, 
олардың 
шаруашылықтарының 
бiршама 
аяғына 
тұруына 
себепкер 
болды, 
отырықшылыққа және егiншiлiкке көшуiне жағдай туғызды. Реформалар қазақ 
халқының iс жүзiндегi теңсiздiгiн жоюға маңызды қадам болды. 
 
Сонымен  1921-1922  жылдарда  Ресей  империясының  жер  мәселесiндегi 
отарлау  саясатының  зардапты  мұраларын  жоюға  ұмтылған  Қазақстан  мен 
Түркiстандағы аграрлық реформалардың жергiлiктi халық пен қоныс аударған 
басқа ұлт өкiлдерi үшiн елеулi маңызы болды. Көшпелi және жартылай көшпелi 
ауылдардағы  тұрғындардың  салықтан  босатылып,  жеңiлдiктер  алуына  жол 
ашылды. Мұнымен бiрге оларда ұжымдастырудың алғашқы қарапайым түрлерi, 


сауда-саттық, 
жабдықтау, 
қарыз 
пайдалану, 
кейде 
мәдени-ағарту 
жұмыстарының  басын  бiрiктiретiн  қарапайым  кооперативтендiрудi  дамытуға 
жол ашты. 
 
Осындай  қалың  бұқара  белсенділік  таныта  білген  Кеңес  билік 
орындарының  ұйымдастыру,  саяси-экономикалық  шаралары  Қазақстанның 
ауыл  шаруашылығына  елеулi  өзгерiстер  әкелді.  Бiрыңғай  ауыл  шаруашылық 
салығы енгiзiлiп, оның жалпы көлемi 100 мың сомға төмендетiлдi. 1925 жылы 
46  мың  кедей  және  әл-ауқаты  кем  шаруашылықтар  мал,  құрал-сайман  алуға, 
жер  жырту  мен  егiстікпен  айналысуға  қарыз  алды.  1922-1925  жылдар 
аралығында  мал  басы  екi  есе  көбейiп,  26  миллионнан  асты.  Осы  шаралардың 
нәтижесiнде  республиканың  ауыл  шаруашылығында  орташаландыру  процесi 
бой көрсете бастады.  
 
Тұтас  алғанда  республика  бойынша  1925  жылы  қазанда  ауыл 
шаруашылық  кооперациясының  жүйесiнде  332,7  мың  мүшесi  бар  2811 
бiрлестiктер жұмыс iстедi, олардың iшiнде 62,6 мың мүшесi бар бiр мың қазақ 
бiрлестiктерi  де  болды.  Cонымен  қатар  қоныс  аударып  келген  шаруалардың 
төрттiң бiрiнен артығы (27,1 пайыз) бiрлестiктерге қамтылды. 
 
1922 жылы Кеңестер сайлауы өттi, Олардың құрамына жергiлiктi ұлттың 
бiршама өкiлдерi өттi. Бөкей, Орал, Ақтөбе, Семей губернияларында болыстық 
атқару  комитетiнiң  сайлауынан  кейiн  депутаттардың  жартысынан  астамы 
қазақтар  болды.  Бұқара  арасында  саяси  жұмыс  жүргiзу  мақсатында  Қызыл 
керуен  және  жылжымалы  Қызыл  отау  сияқты  жұмыстың  жаңа  түрлерi 
пайдаланылды.  ҚАКСР  Орталық  Атқару  Комитетiнiң  тұңғыш  Қызыл  керуенi 
1922  ж.  Ә.  Жанкельдиннiң  басқаруымен  ел  аралауға  шықты.  9  мамырдан  12 
маусымға  дейiн  керуен  Орынбор  мен  Семей  аралығындағы  26  болыстың  37 
ауылында, сондай-ақ Екiбастұз және Спасскi зауытында болды.  
 
1922 жылы 30 желтоқсанда Мәскеуде Кеңестердiң Бүкiлодақтық Бiрiншi
 
съезiнде  Кеңестердiң  Социалистiк  Республикалар  Одағы  құрылғанын 
жариялады.  Осы  құжат  бойынша  Қазақ  АКСР-i  Кеңестiк  Ресей  Федерациясы 
құрамына  кiрдi.  Бұл  тұста  республикада  өнеркәсiптi  қалпына  келтiрiп, 
өркендету iсi өрiс алды. Мұнай, тұз өндiру жолға қойылып, жеңiл және тамақ 
өнеркәсiп орындары қалыптаса бастады. Петропавл-Көкшетау темiр жолы iске 
қосылды. Орынбор-Ташкент және Сiбiр темiр жолдарында жүк айналымы өстi, 
Жетiсуда темiр жол салу құрылысы тездетiлдi. 
 
Қазақстанның  iрi  өнеркәсiбiнде,  қатынас  саласында,  мемлекеттiк  ауыл 
шаруашылық  орындарында  1925  жылы  40  мыңға  жуық  жұмысшы  мен 
қызметшi  болды.  Жалпы  жұмысшылардың  iшiнде  қазақтардың  саны  артты. 
Олардың  көбi  мұнай  өнеркәсiбiнде,  кен  орындарында-45  пайыз  тоқымашылар 
iшiнде-30 пайыздан астам болды. Республика өнеркәсiбiндегi жұмысшылардың 
жалақысы  1921-1925  жылдарда  (салыстырмалы  көрсеткiшпен)  1,5  есе  өсiп,  ал 
ауыр өнеркәсiптегi жұмысшылардың жалақысы одан да көп болды. Әлеуметтiк 
сақтандыру,  тегiн  дәрiгерлiк  көмек,  еңбектi  қорғау  жөнiнде  мемлекеттiк
 
бақылау  жүйелерi  құрылды.  Риддер,  Доссор  т.б.  қалалар  мен  өнеркәсiп 
орындарында мемлекет есебiнен тұрғын үйлер салына басталды. 


 
1924 жылы сәуiрде Кеңестiк Ресей үкiметi Қазақ АКСР-iнiң көшпелi және 
отырықшылыққа  көшкен  халықтарын  жерге  орналастыру  туралы  жарлық 
шығарды.  Жерге  орналастыруға  байланысты  шығынды  мемлекет  өз  мойнына 
алды.  Отырықшыланған  шаруаларға  салық  жөнiнен  бiршама  жеңiлдiктер 
берiлдi. 
 
Орта  Азияның  Кеңес  республикаларын  ұлттық  -  мемлекеттiк  жағынан 
межелеу  республика  өмiрiнде  елеулi  оқиға  болды.  Оның  нәтижесiнде  ендi 
бұрынғы  Жетiсу  және  Сырдария  облыстарының  жерлерi  Қазақ  АКСР-iне 
қайтарылды. Cоның нәтижесiнде Республика жерi 700 мың шаршы шақырымға, 
ал  халық  саны-1  млн.  468  724  адамға  өстi.  Қазақстаннан  халқы  негiзiнен 
орыстар  болып  табылатын  Орынбор  губерниясы  бөлiнiп,  республиканың 
астанасы  Ақмешiтке  (Қызылорда)  көштi.  ХХ  ғасырдың  осы  тарихи  оқиғасы  - 
Қазақ  жерi  мен  халқын  бiртұтас  ұлттық  мемлекетке  бiрiктiру,  ұлтымыз  үшiн 
зор әлеуметтiк және экономикалық маңызы бар оқиға болды.  
 
1925  жылы сәуiрде Қызылордада республика  Кеңестерiнiң V  съездi өтіп 
онда    “Ауылға,  қыстаққа  және  деревняға  бет  бұрыңдар”  деген  ұран  көтерілді, 
жерге  орналастыру  жұмыстарының  келелi  жоспары,  суландыру  құрылысын 
дамыту,  мемлекеттiк  және  кооперативтiк  сауданың  рөлiн  одан  әрi  күшейту, 
өндiрiстiк серiктестiктердi қолдау, сондай-ақ халықтың байырғы атын мемлекет 
атауына қайтару және Республиканы Қазақ АКСР-i деп атау туралы мәселелер 
қаралып,  қаулы  қабылдады.  1925  жылы  Кеңестер  сайлауында  ауылдық 
кеңестерге 60 мыңға жуық депутат сайланды. 
 
Осы  жылдары  елдің  мәдени-әлеуметтік  өмірінде  елеулі  жаңалықтар 
болған. 1925 жылы өлкеде 76 клуб, 72 кiтапхана мен қызыл бұрыштар, ауылдар 
мен  селоларда  584  оқу  үйi,  93  болыстық  кiтапхана  жұмыс  iстедi.  Егер 
республика  құрылған  кезде  үш-ақ  газет  шықса,  ал  1925  жылы  “Еңбекшi 
Қазақстан”,  “Народное  хозяйство  Казахстана”,  “Советская  степь”,  “Қызыл 
Қазақстан” т.б. сияқты 13 газет пен 5 журнал жарық көрдi. 
 
Кәсiподақтардың  қатары  100  мың  адамнан  асты.  1925  жылы  тек  қаңтар-
қыркүйек  айлары  аралығында  оның  қатарына  мүше  болып  20  мыңға  жуық 
еңбекшiлер, соның iшiнде 6 мыңнан астам қазақтар қабылданған

Осы жылдары 
жастар  бiрлестiктерi  қалыптасып,  өзiнiң  қатарына  51  мың  жiгiттер  мен 
қыздарды  бiрiктiрдi.  Жастардың  көптеген  танымал  жетекшiлерi  арасында  С. 
Жақыпов, Қ. Әмiров, С. Нұрпейiсов, Ф. Рузаев, С. Сафарбеков, С. Тәтiбеков, А. 
Шымболатов  т.б.  болды.  1925  жылы  Қазақстан  жастары  өздерiнiң  дарынды 
басшыларының бiрi Ғани Мұратбаевтан айрылды. Зор қабiлеттi, ғажайып күш-
жiгерi мен еңбегi арқасында ол Түркiстан республикасының, ал кейiннен бүкiл 
елiмiздiң  жастар  ұйымында  басшы  қызметте  болды.  1921  жылы  қыркүйектен 
бастап Ғ. Мұратбаев Түркiстан Комсомолы Орталық Комитетiнiң хатшысы, ал 
1922 жылғы мамырдан бастап РКЖО Орта Азия бюросының хатшысы болды. 
 
Қазақ  әйелдерi  қоғамдық-саяси  жұмысқа  белсене  тартылды.  1925  жылы 
қала  мен  ауылдағы  еңбекшi  әйелдердiң  6,6  мыңы  жергiлiктi  кеңестерге  мүше 
болып сайланды.  Қазақ  әйелдерiн басыбайлықтан  құтқаруға  бағытталған iстер 
атқарылды. Республикадағы әйелдер қозғалысына Алма Оразбаева, Сара Есова 
т.б. ұйытқы болды.   


 
Шаруашылық  салаларын  қалпына  келтiрудi  бiршама  деңгейге 
жеткiзгеннен  кейiн,  билеушi  партия  мен  үкiмет  орындары  экономиканы  жаңа 
жолмен  құрып,  оның  iргетасын  қалау  бағдарламасын  қабылдады.  Бұл 
бағдарламалық  мiндеттi  орындаудағы  шешушi  буын  елдi  индустрияландыру 
немесе  бiрiншi  кезекте  барынша  шапшаң  қарқынмен  ауыр  өндiрiстiң  негiзiн 
жасау болатын. 
 
Бұл  бағдарламаны  орындаудың  өзiне  тән  ерекше  әдiсi  -  iрi  өнеркәсiптi 
қалыптастыру  үшiн  қаржыны  ел  iшiнен  табу  керек  едi.  ¤ндiрiс  құрал-
жабдықтарын  ұлттандыру  (национализациялау),  меншiктi  иемденушiлердiң 
тұтынуын жою, еңбек өнiмдiлiгiн үздiксiз арттыру, iшкi және сыртқы саудадан 
түскен  кiрiстi  үнемдеп,  экономика  салаларын  жоспарлы  түрде  дамыту, 
мемлекеттiк  заемдар  арқылы  халықтың  жинақ  қорын  мемлекеттiк  экономика 
құрылысына тарту, қатаң үнем тәртiбi - индустрияландыру үшiн пайдаланылған 
қорлардың негiзгi көздерi осындай болды. Жалпы елдi индустрияландыру әдiсi 
туралы  саяси  басшылар  арасында  үлкен  пiкiрталас  туды,  ал  оның 
қорытындысында 
елде 
И.Сталиннiң 
тоталитарлық 
билік 
ұстанымы 
(концепциясы) басым болып, нығая түскен.  
 
Қазақстандағы  күрделi  қоғамдық-саяси  жағдай  20-шы  және  30-шы 
жылдар басында республиканың болашағы, әсiресе оны индустрияландырудың, 
ұлттық  жұмысшы  кадрларын  қалыптастырудың  жолдары  жөнiндегi 
мәселелердiң  төңiрегiнде  өткiр  пiкiрталастық  күрес  туғызды.  Негiзгi  күрес  екi 
көзқарастың  арасында  өрiстедi.  Ф.И.Голощекин  Қазақстан  елдiң  өнеркәсiбi
 
дамыған өңiрлерi үшiн шикiзат базасы болуға тиiс деген пiкiрдi жақтады. Саяси 
қайраткер 
С.Сәдуақасов 
оған 
карсы 
шығып, 
индустрияландыруды 
республиканың  экономикалық  мүмкiндiктерiн,  табиғи  және  адам  қорларын 
ескере  отырып,  ол  үшiн  барынша  пайдалы  тұрғыдан  жүргiзу  қажет  деген 
пiкiрде  болды.  Ол  шет  аймақтарды  жедел  қарқынмен  индустрияландыруды 
ұсынды.  Өнеркәсiптiң  сан-салаларын  республикада  жан-жақты  үйлесiмдi 
дамытуға  керектi  шикiзат  пен  басқа  да  алғы  шарттар  бар  және  миллиондаған 
кедей  шаруалары  оған  жұмысшы  күшi  бола  алады  дедi.  Сәдуақасов  алып 
өнеркәсiп  орындарына  Кеңес  елiнiң  басқа  аудандарынан  “қолы  бос” 
жұмысшыларды жаппай көшiрiп әкелуге қарсы болған.  
 
Индустрияландыру  басталған  кезде  елiмiздегi  көмiрдiң,  мұнайдың,  түстi 
металдардың және басқа қазба байлықтардың аумақты кенiштерi жаңа зерттеле 
бастаған  болатын.  Сондықтан  жаңа  өнеркәсiптiк  және  жол  қатынасының 
құрылыстары  көбiнесе  тиiстi  даярлықсыз  жүргiзiлдi.  Мәселен,  баршағ  аян 
даңқты  Түрксiб  Қазан  (1917  ж.)  оқиғаларына  дейiнгi  жобалар  бойынша 
жүргiзiлiп,  құрылыс  жұмыстарының  барысында  жолдың  оңтүстiк  бөлiгiндегi 
Қордай және Шоқпар, ал солтүстiк бөлiгiндегi Балқаш және Лепсi жоспарларын 
жақтаушылар  арасында  шиеленiстi  пiкiралыс  өршiдi.  Осындай  айтыстардың 
әрқайсысында  тиiмдi  жобаларға  бiраз  уақыт  пен  көп  қаржы  кеттi.  Жаңа 
құрылыстар  жүрiп  жатқан  жерлерде  маман  жұмысшы  күшi,  құрылыс 
материалдары,  техника  мен  техника  құралдары,  сондай-ақ  ақша  қаражаттары 
және т.б. тапшы болды.  


 
1926-1940  жж.  елiмiздiң  индустриялық  дамуындағы  қалыптасқан 
әлеуметтiк-экономикалық  жағдайына,  халықтың  демографиялық  сипатына, 
сондай-ақ  республиканың  табиғи  байлықтарына  және  т.б.  байланысты  өзiнiң 
ерекшелiктерi  болды.  Осыған  қарамай  әрбiр  республика  өзiнiң  нақты 
жағдайына  байланысты  ауыр  өнеркәсiптi  баса  дамытқан  бүкiлодақтық 
индустрияландыру  барысына,  әсiресе машина  жасау  өнеркәсiбiне өз  үлестерiн 
қосты.  
 
Қазақстанның  табиғи  қойнауындағы  құнды  минералдық  элементтердің 
жүзге  жуық  түрлері  мен  олардың  мол  қорының  болуы  өнеркәсіптің  тау-кен 
саласын, әсiресе, оның кен шығару, мұнай, көмiр, түстi металлургия өндірісінің 
дамуына  негiз  болды.  Бұл  салалар  республиканың  индустриялық  бейнесiн, 
оның  өнеркәсiбiнiң  шикiзаттық  бағытын  ұзақ  уақытқа  белгiлеп  бердi.  Риддер 
полиметалл,  Қарсақпай  мыс  комбинаттары,  Ертiс  мыс  қорыту  зауыты  және 
басқа  қайта  құрылған  кәсiпорындар  жергiлiктi  жер  қорларының  базасында 
жұмыс  iстедi.  Шымкент  қорғасын  зауыты,  Балқаш  мыс  қорыту  және  Ащысай
 
полиметалл  комбинаттары  салынды.  Текелi  полиметалл  және  Жезқазған  мыс 
қорыту  комбинаттары,  Өскемен  қорғасын-мырыш  зауыты  ж.б.  алыптардың 
құрылысы жүрiп жатты Мұның көпшiлiгi кейiн тек республикадағы ғана емес, 
КСРО-дағы түрлi-түстi металлургияның ең iрi кәсiпорындары есебiнде болды. 
 
Көмiр  өнеркәсiбiнiң  даму  қарқыны  өстi,  1940  жылы  оның  90  пайызы 
Қарағанды аймағында болды, ол Донбасс пен Кузбасстан кейiнгi елдiң үшiншi 
отын қорына айналды. Қазақстан мұнай шығару жөнiнде үшiншi орынға (Ресей 
мен  Әзербайжаннан  кейiнгi)  шықты.  Химия  өнеркәсiбi  дамып  әсiресе 
оңтүстiктегi  Шымкент  химфарм  зауыты  қайта  құрылды.  1931  жылы  Ақтөбе 
химкомбинаты қатарға қосылып, ол фосфор тыңайтқыштарын шығара бастады. 
Аралсульфат  бiрлестiгi  жұмыс  iстедi,  Қаратау  фосфорит  кенiшiн  игеруге 
даярлық  жасала  бастады.  Осы  жылдары  ауыр  индустрияның  құрамдас  және 
шешушi  бөлiгi  -  негiзi  қалыптаса  бастады.  Iрi  өнеркәсiп  орындарының 
салынуына байланысты  Қарағанды  ОЭС-i,  Ульба  СЭС-i,  Балқаш  мыс балқыту 
комбинатының, 
Ақтөбе 
химкомбинатының, 
Ащысай 
полиметалл 
комбинатының  және  т.б.  жылу  электр  станциялары  салынды.  Осыған 
байланысты электр қуатын өндiру республикада 1913 ж. салыстарғанда 486 есе 
өстi. 
 
Елiмiздi  индустрияландырудың  тағы  бiр  ерекшелiгi  түстi  металлургия, 
мұнай және басқада негiзгi тау-кен салаларымен бiрге ауыр өнеркәсiптiң және 
темiр  жол  қатынасының  бiрiншi  сатыда  дамуы  болды.  1928-1940  жж. 
Қазақстанның темiр жол желiсi 50 пайызға өстi. Осы жылдары Түркiстан-Сiбiр 
арасында  темiр  жол  байланысы  орнап,  ол  Орталық  Қазақстанның  табиғи 
байлықтарын  игеруде  үлкен  рөл  атқарды.  Рубцовск-Риддер  тармағы  Шығыс 
Қазақстанның  түстi  металлургия  саласын  дамытуға  елеулi  үлес  қосты.  Орал-
Елек  тармағы  Қазақстанды  оңтүстiк  Орал  және  Ресейдiң  басқа  өнеркәсiбi 
дамыған аудандарымен байланыстырды. 
 
Қазақстан индустриясының жоғарғы қарқынмен дамуы Кеңес Одағының 
өнеркәсiбi дамыған басқа республикаларының жан-жақты көмегiнiң арқасында 
мүмкiн  болды.  Бұл  көмек  барынша  кеңiнен  және  сан-алуан  түрде  жүргiзiлдi.
 


Бiрақ  Қазақстанның  индустриялық  дамуындағы  қол  жеткен  ауқымды 
табыстармен  қатар  бұл  аумақты  iсте  елеулi  ағаттықтар  мен  кемшiлiктер  де 
орын алды. Олардың негiзгiсi республика өнеркәсiбi шикiзатты игеру жағынан 
баса дамытылғандығы болатын. 
 
Республика индустриясының құрамында машина жасау, мұнайды, газды, 
түстi  металдарды  өңдейтiн,  әсiресе  машина  жасау  жетекшi  салалары  (станок, 
өлшегiш  және  болжамдаушы  техника,  автомобиль,  трактор),  ауыл  өндiрiсiне 
қажеттi машиналарын жасайтын кәсiпорындар жүйесi сол кезден назардан тыс 
қалған.  Жеңiл  өнеркәсiп  және  тұтыну  заттарын  шығаратын  салаларды 
қалыптастырып  дамыту  iсi  де  түсінбестік  жәйтте  билеуші  орындардың 
назарынан тыс қала берген. Бұрынғы кеңестік замандағы зерттеулер мен жарық 
көрген әдебиетте бұл өзекті мәселені КСРО мемлекеті біртұтас және жоспарлы 
экономика деген тұжырыммен түсіндіреді. 
 
Сайып  келгенде,  елiмiздiң  ХХ  ғ.  20-40-шы  жылдардағы  индустриялық 
дамуы одан бұрын қазақ тарихында кездеспеген экономикалық және әлеуметтiк 
жаңалықтарға толы болды. Олардың қатарына ең алдымен оның аграрлы елден 
индустриялы-аграрлы  елге  айналуын,  қалалардың  өсуiн  және  республика 
халқының  құрамында  қала  халқы  үлес  салмағының  көбеюiн,  жұмысшы 
табының,  әсiресе  ұлт  кадрларының  қалыптасуын,  инженер-техникалық 
интеллигенцияның  дайындалуын,  сондай-ақ  халықтың  құрамындағы  басқа  да 
әлеуметтiк-демографиялық өзгерiстердi жатқызуға болады.  Өнеркәсiп өнiмiнiң 
халық шаруашылығындағы үлес салмағы 60 пайыздан асты. Сол жылдары бұл 
саланы дамытуға аса көп көлемдегі күрделi қаржы жұмсалған. 
 
Дегенмен,  елiмiздiң  ауыр  өнеркәсiбiн  қалыптастыру  ешбiр  кемшiлiксiз 
және қайшылықсыз болған екен деген қорытынды жасауға болмайды. Негiзiнде 
елдi  экономикалық  артта  қалушылықтан  шығару  сияқты  игi  мақсатпен 
басталған  бұл  жұмыс  әкiмшiл-әмiршiл,  бұлтартпайтын  әдiстермен  жүргiзiлдi. 
Асығып-аптығудың  нәтижесiнде  жаңа  өндiрiс  орындарын  салу,  өнiм  өндiру 
жөнiнде  үстемелеген  тапсырмалар  берiлiп,  сондай-ақ  оларды  бұлжытпай 
орындау  талап  етiлдi.  Көптеген  жаңа  құрылыстар  қудаланған  адамдардың  қол 
күшiмен  көтерiлiп  және  ондай  жұмысшылар,  орта  және  жоғары  буындағы 
мамандардың қатары үнемi толықтырып отырды.  
 
Индустрияландырудың барлық ауыртпалығы шаруалардың иығына түсті. 
Олар салық төлеу, заемға жазылу, қолда бар қаржыларын, бағалы бұйымдарын 
индустрияландыру  қорына  өткiзу  арқылы  өнеркәсiптiң  дамуына  барша 
мүмкiндiгiнше  атсалысты.  Шаруалар  астық,  мал  шаруашылығы  өнiмдерiнiң 
басым  көпшiлiгiн  мемлекетке  өткiзу  арқылы  индустрияландыру  iсiн  толық 
қолдады. Бұл саясатқа қарсы шыққандар ұсталып, айдалып және туған жерiнен 
алыстатылып  отырды.  Мұндай  қуғындалғандардың  негiзгi  бөлiгi  ауқатты 
шаруалар болатын. 1927-1928 жылы ауқатты кулак шаруашылықтары шаруалар 
қожалықтарына  есептелген  ауыл  шаруашылығының  салығының  бүкiл 
мөлшерiнiң 33 пайызын өтеген, ал мал өсiретiн 0,6 процент iрi шаруашылықтар 
мал өсiретiн аудандар бойынша есептелген салықтық бүкiл сомасының төрттен 
бiр  бөлiгiн  өтеген.  Келесi  1928/29  жылы  салық  төлеу  1927-1928  жылмен 


салыстырғанда  салық  ауыртпалығы  98,8  пайызға  арқан.  Билік  тарпынан 
күштеудiң бұндай әдiстерi көптеген шаруалардың наразылығын туғызды.  
 
Кеңес  дәуiрi  мен  дүниежүзiлiк  зерттеушiлерiнiң  ғылыми  еңбектердiң 
көбiнде 
Еуразия 
аймағындағы 
индустрияландыру 
саясаты 
олардың 
экономикасын  артта  қалушылықтан  шығарды  деген  қорытынды  анық 
жазылған.  Ал  осы  елдердiң  еңбекшiлерi  еселенген  күш-жiгермен  еңбек  еттi. 
Өндiрiстегi  және  еңбектегi  белсендiлiк  бұрын-соңды  болып  көрмеген  жоғары 
дәрежедеге өрбіп, индустрияландыру iсiнiң табыстарына жетуде қалтқы болды 
деуге болады.  
 
Қазақ  елiнiң  төл  тарихында  шаруалар  арасындағы  құбылыстар  ерекше 
орын  алады.  Cондықтан  елдегi  индустрияландыру  саясатымен  қатар 
шаруаларды ұжымдастыру саясаты қатар жүргiзiлдi. Әрине оның ел жағдайына, 
саяси  құбылыстарға,  экономика  даму  дәрежесiне  орай  өзiнше  ерекшелiктерi 
болды. Бұл саясаттың iске асырылуына шаруалардың тiлегi мен ықыласы себеп 
болған  жоқ,  ол  билеушi  саяси  орындардың  шешiм  -қарарлары  мен  әмiр-
нұсқаулар негiзiнде жүргiзiлдi.  
 
Кооперация  индустрияландыру  iсiмен  өзара  байланысты  қаралды. 
Кеңестік  билік  пен  билеуші  партияның  қоғамдағы  реформасы  жаңа 
экономикалық  саясаттың  концепциясындағы  бiр  жәйт,  индустрияландыру  да, 
кооперация  да  өзiндiк  мәнi  бар  мақсат  деп  қаралып  қана  қоймай,  халықтың 
материалдық әл-ауқаты мен мәдени дәрежесiн арттыруға жеткiзетiн мүмкiндiк 
ретiнде  қаралады,  мұның  өзi  жаңа  қоғам  құрылысының  шешушi  негiзi  деп 
түсiнiлдi. 
 
Бiрақта  20-шы  жылдардың  аяқ  кезiнде  жаңа  экономикалық  ойлау 
шеңберiнде қалыптасқан шынайы бағыт түбiрiнен өзгередi. Индустрияландыру 
қам-қарекетiн  қамтамасыз  ететiн  қорды  жинауды  шаруалар  қауымын  тiкелей 
және жанамалап экспроприяциялау есебiнен жүргiзу көзделген болатын. Бiрақ 
бұл мемлекет өндiрiс құралын тотальдi түрде озбырлықпен  ауыздықтап алған 
кезде  ғана  жүзеге  асар  едi,  мұны  шаруалардың  аса  қуатты  қарсылығын 
тудырған астық дайындаудың күшпен жүргiзiлген әдiсi айқын көрсеттi. Ал бұл 
мақсат 
мемлекеттiндiрiлген 
колхоз 
жүйесiн 
жасау 
арқылы 
яғни 
ұжымдастыруды  жаппай  өткiзу  арқылы  iске  асырылды,  мұның  өзi  өнiм 
өндiрушiлердi өндiрiс құралынан да, өндiрiстiң өзi мен өнiмдi бөлуден де толық 
шеттету деген сөз едi. 
 
Сөйтiп 20-30-шы жылдардағы жаңа экономикалық саясаттың жан-жақты 
тұйықталып, оның орнын экономика мен саяси-қоғамдық өмiрде тек “күштеу” 
шараларының  рухы  үстемдiк  етуi  ауыл  өмiрiне  қасыреттi  зардабын  тигiздi. 
Аграрлық  саясаттың  ең  басты  шарты  -  әмiршiл-әкiмшiл  ықпал  немесе  күшке 
негiзделген экономикалық заңдылықтарға қайшы мемлекеттiк жарлықтар және 
шаруалар  қауымын  ұжымдастыру  идеясын  дұрыс  түсiндiрмеуіне,  оның 
пайдалы  жақтарында  құртып  жiбередi.  “Ұлы  бетбұрыс”  ауылдағы 
құрылымдарды  қатығез-қаталдықпен  аяусыз  қиратумен  қатар    қоғамды 
тығырыққа тiрейтiн бағытқа әкеле жатты.  
 
Еуразиядағы  ең  iрi  елдiң  ХХ  ғ.  тарихындағы  аса  маңызды  саяси, 
әлеуметтiк-экономикалық  оқиға  -  оның  ауыл  шаруашылығын  ұжымдастыру 


болды.  Билеушi  партия  және  мемлекеттiк  басқару  орындарының  қаулы-
қарарлары  шарты  бойынша  Қазақстанда  ұжымдастыруды  негiзiнен  1933  ж. 
көктемiнде  (көшпелi  және  жартылай  көшпелi  аудандардан  басқасы)  аяқтауға 
тиiстi  аймақтық  топқа  жатқызылды.  Яғни,  ақиқат  аясында  бағалайтын  болсақ 
осынау тым қысқа мерзiмнiң өзi қайткен күнде де “секiрiп өтiлуге тиiс” кедергi 
болып көрiнедi. Бұл тұжырымның негiзiнде ұжымдастырудың аяғы дереу қоғам 
ағзасының  пайыз  қуалаушылық  дертiне  шалдықтырып,  жазылмайтын  бiр 
ауруға  саяси-әлеуметтік  сырқатқа  апарып  ұрындырды.  Жер-жерден 
ұжымдастыру  “жоспарын”  орындаудағы  қолдан  жасалған  ақпар  жеңiске 
жеткенi  туралы  бiр-бiрiмен  жарысқа  түскен  хабарлар  үгiт-насихат  құралдары 
арқылы “колхоз майданынан” күн сайын жария болып, тiптi өзге жаңалықтарды 
басып үлгiре алмайтындай күйге түстi. 
 
Ұжымдастыру  саясатын  орындаудағы  тағы  бiр  жалпы  адамгершiлiкке, 
оның ізгілендіруші рухына қайшы көрiнiс - зорлық-зомбылық, жойқын күштiң 
басым  болуы.  Жергiлiктi  орындарға  жеткiзiлген  нұсқауларда  жойылуға  тиiстi 
меншiгi мол немесе орта деңгейдегi шаңырақтар күллi шаруашылықтың жалпы 
санының  3-5  пайызынан  аспауы  керек  деген  ұсыныс  ерекше  ескертiлдi. 
Ұжымдастыруда да әмiршiл-әкiмшiл жүйенiң жоғарыдан жiберген жарлықтары 
ешбiр  ойланып-толғануынсыз-ақ,  қолма-қол  екпiндi  қарқынмен  орындалып 
отырған. Сол себептi де тәркiге салынғандар саны кез келген жерде ең жоғарғы 
көрсеткiшке “жеткiзiледi”. 
 
Шаруаларды ұжымдастыру желiсiмен билеушi сатылардың атқамiнерлерi 
жазықсыз  мыңдаған  ары  таза,  жаңа  үкiметке  ниетi  дұрыс  адамдарды  түрлi 
әбiгерге  салды.  Мысалы,  тек  1930-1931  жж.  елден  тыс  жерге  бай-кулак  деп 
“жер аударылып” жiберiлген шаруалар саны 6,8 мың адамға жеттi және ондаған 
мың  адамдар  ғасырлар  бойы  отырған  ата  қоныстарынан  басқа  жаққа  күштеп 
көшiрiлдi.  Тағы  бiр  ерекше  жәйт  -  елiмiздiң  өңiрi  Кеңес  одағының  түпкiр-
түпкiрiнен зорлап көшiрiлген халықтар үшiн “ауып келетiн” жерi деген атаққа 
ие болды. Осы жылдары Қазақстанға 46,1 мың отбасы, яғни 180 015 адам ауып 
келiп қоныстанды. 
 
Тәркiлеу  идеологиясы  шаруаларға  келгенде  кең  көлемдегi  қуғын-сүргін 
шараға  айналып  кетедi.  “Мемлекеттiк  кәсiпорындарының,  колхоздар  мен 
кооперацияның  мүлiктерiн  сақтау  және  қоғамдық  (социалистiк)  меншiктi 
тәркілеу туралы” Заң (7 тамыз 1932 ж.) бойынша айыпты деп танылғандар ату 
жазасына,  ал  “жұмсарту  жағдайлары”  бола  қалған  күнде  10  жылға 
тұтқындалып,  оның  мал-мүлкi  тәркiлендi.  Осы  адам  құқына,  елдегi 
конституцияға  қайшы  шара  iске  асырылған  алғашқы  жылдың  өзiнде-ақ, 
Қазақстанда 33,4 мың адам абақтыға салынды. 
 
Бес жыл iшiнде (1929-1933 жж.) Қаз.АКСР Бiрiккен Бас саяси Басқармасы 
өкiлеттi  өкiлдiгiнiң  үштiгiмен  толық  емес  мәлiметтерге  қарағанда,  9805  iс 
қаралды да, 22933 адам жөнiнде шешiм қабылданды, олардың iшiнен 3386 адам 
атылуға,  тұтқын  лагерiнде  3  жылдан  10  жылға  дейiн  қамалуға  13,2  мың  адам 
кесiлдi. Күштеп ұжымдастырудың апатты зардаптары көшпелi және жартылай 
көшпелi  шаруашылықтарды  жоспарлы  түрде  отырықшы  етуi  барысында 
жасалған  әкiмдердiң  зорлық-зомбылығы  салдарынан  мүлде  асқынып  кеттi. 


Отырықшыландыру  идеологиясы  шаруашылық  түрлерiн  толық  өзгерту 
шарасымен  тығыз  байланысты  болды,  ал  қазақ  шаруалары  қауымының  iлгерi 
басу  жолын  олар  тек  мал  өсiрумен  айналысатын  шаруаларды  егiншiлiкке 
немесе тұрақты мал өсiру шаруашылығына бiрте-бiрте айналдыру iсiнен көрдi. 
 
Жеке  малды  қоғамдастыру  нәтижесiнде  колхоз  буындары  құрылды,  ал 
онда  малға  дұрыс  күтiм  де  болмады.  Кейбiр  жерлерде  алып  коммуналар 
құрылып,  олар  өте  көп  шаруашылықтарды  бiрiктiрдi.  Бұндай  iс-әрекеттер 
барысында ұжымға жиналған қисапсыз мал күтiмiнiң төмендеуiне, дұрыс жем-
шөппен  қамтылмаған  малдардың  қырылуына  әкелiп  соқтырды.  Қолхозға 
кiрмеген  жеке  шаруашылықтар  да  мал  күтуге  ықыласты  болған  жоқ.  Осының 
бәрi  1928-1932  жж.  елдегi  мал  санының  орасан  зор  шығынына  әкелдi. 
Қазақстанның  осы  жылдарда  одақ  бойынша  тауарлы  астық  өндiрудегi  үлес 
салмағы  үш  есе  кемiдi.  Мұның  өзi  халық  арасындағы  бiршама  толқуларға 
апарды.  1929-1931  жылдарда  372  шаруалардың  қарсылық  көтерiлiсi  болып, 
оған  80  мыңдай  адам  қатысқан.  Созақ,  Шемонаиха,  Бұқтырма,  Ырғыз, 
Оймауыт,  Баршақұм,  Сағыз,  Қазалы,  Қармақшы,  Самар,  Абыралы,  Балқаш, 
Шұбартау,  Маңғыстау  т.б.  жерлердегi  щаруалар  көтерiлiсi  аяусыз  басылып,  6 
мыңға жуық адам қылмыстық iске тартылды. 
 
Қазақ  елiнiң  экономикасының  құлдырап  төмендеуi  1932-1933 
жылдардағы  қуаңшылықпен  тұстас  келедi.  Осындай  елдi  арылмас  қайғылы 
жағдайға  душар  еткен  қолдан  жасалған  қастандық  пен  табиғаттың 
рақымсыздығынан  екi  жылда  республикада  аштықтан  өте  көп  адам  қырылып, 
Қазақ  елi  орны  толмас  қайғыға  ұшырады.  Соңғы  жылдардың  нақтылы 
мәлiметтері бойынша 2,2 млн. адам яғни, қазақтардың жартысына жуығы опат 
болған.   
 
Оның  үстiне  өлкелiк  партия  комитетiнiң  бiрiншi  хатшысы  болып  Ф.И. 
Голощекиннiң  келуi  “жығылғанға  жұдырықпен”  бiрдей  болды.  Билеушi  саяси 
ұйымның  жетекшiсi,  әкiмшiл-әмiршiл  басқару  жүйесiнiң  жарқын  бейнесi 
ретiнде  небiр  сұмдық  амал-айла,  зымияндық  әдiс  қолданып,  қазақ  арасынан 
рухани  бой  көтерген  зиялыларын  өзара  қақтығыстырып,  “халық  жауы”  деген 
жала  жауып,  мыңдаған  қазақ  азаматының  түбiне  жеттi.  Олардың  iшiнде 
А.Байтұрсынов, А.Бөкейханов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Халел 
және  Жанша  Досмухамбетовтар,  М.Тынышпаев,  К.Кемеңгеров  сияқты  т.б. 
ұлттың  бетке  ұстар  саңлақтары  бар  болатын.  Голощекиннiң  тiкелей 
басшылығымен  1929-1931  жылдарда  193  “революцияға  қарсы  ұйымдардың 
қызметi” ашылып, олардың мүшесi болды деген жаламен, он мыңға жуық қазақ 
интеллигенциясы мен басқа ұлт өкiлдерi қамауға алынды. 
 
Осындай  озбырлы,  халық  бостандығы  мен  құқына  қарсы  саясат  қалың 
бұқара  арасында  қарсылық  пен  наразылық  туғызды.  Ресми  деректер  бойынша 
Қазақстанның  сол  кездегi  12  округтерiнiң  және  1  облысының  (Қарақалпақ 
автономиялық  облысы)  7  округi  мен  1  облысында  халықтың  бас  көтерулерi 
болған.  Оны  Қазақстан  ПП  ОГПУ-ның  осы  мәселеге  байланысты  қорытынды 
мәлiметтерiнен  де  анық  көремiз.  Мысалы,  1929  жылы  өкiмет  өкiлдерiне  және 
кеңес,  партия  белсендiлерiне  қарсы  қарулы  143  әрекет,  54  бандалық  бас 
көтерулер, 17 колхоздар мен совхоздар мүлiктерiн өртеу болса; ал 1930 жылы - 


ондай әрекеттер түрi бойынша 139, 241, 42 болған; 1931 жылы - ретiмен 178,77, 
68-ге теңелген. 
 
Адай көтерiлiсi. Бұл көтерiлiстiң орталығы Маңғыстау ауданы болды. Бұл 
аймақтардағы көшпелi шаруалар әлi кеңес органдары туралы толық мағұлматы 
жоқ  олардың  не  үшiн  күресiп,  нендей  мiндеттердi  жүзеге  асыру  үшiн  әрекет 
ететiнiн толық та ұғып үлгермеген болатын. 
 
Жалпы алғанда көшпелi қазақ қоғамының, соның iшiнде Адай даласының 
рулық  қатынастарға  негiзделген  әдет-ғұрып,  салт-дәстүрлерiнiң  бәрi  мұнда 
қылмыс ретiнде бағаланған. 1929 жылы жаппай ұжымдастырудың нәтижесiнде 
адайлардың  Түркiмен  және  өзге  елдерге  жаппай,  амалсыз  көшулерi  де  Кеңес 
үкiметiне  қарсы  қастандық  ретiнде  терiс  бағаланған.  Нақты  фактiлердi 
бұрмалап, “зиянкестiк” және “контрреволюциялық” әрекет деп таныған ОГПУ-
дың  көпiрме  өтiрiк  құжаттары  арқылы  көптеген  азаматтар  жазықсыз 
сергелдеңге  салынып,  жазаға  тартылды.  ОГПУ  өздерi  ойлап  шығарған 
контрреволюциялық  ұйымды  басшылықсыз  қалдыруға  болмайтынын  түсiнiп 
оның идеологиялық-ұйымдастырушылық жетекшiсi ретiнде өздерi “Адай ханы” 
деп  ат  берген  Алланиязов  Тобаниязды  атап  көрсеттi.  Осыған  байланысты  бұл 
мәселемен ұсталғандар кейде “Алланиязов iсiмен” айыпталғандар деп аталады. 
 
Маңғыстауда Кеңес өкiметi әлдеқашан орнаса да, мұнда ұзақ жылдардан 
берi  ревком  төтенше  басқару  органы  болып  келдi.  Онсыз  да  қатал  тәртiптен 
қажалып  бiткен  халық,  “ауылды  кеңестендiруге”  күдiктене  қарады.  Оның 
үстiне  ревкомдар  жоғарыдағы  алғашқы  1930  жылы  болған  кеңестерге  сайлау 
кезiнде  халықты  қараңғы  тобырға  балап,  ойларына  келгендерiн  iстеп  бақты. 
Сайлауға  дауыс  беру  құқынан  орта  шаруалардың  қалың  бұқарасы  ғана  емес, 
кедейлер  де  айрылған  жағдайлар  кездестi.  Ал  байлардың  кейбiрi  керiсiнше 
сайлауға  дауыс  беру  құқын  еркiн  пайдаланды.  Осындай  көңiлге  қаяу  түсiрер 
жайсыз  да  көңiлсiз  көрiнiстер,  жоғарыдағылар  аз  болғандай,  сайлау 
комиссияларының келiсiмiсiз-ақ жүгенсiздiкпен орын алумен болды. 
 
Ұжымдастыруды  бастамас  бұрын,  қай  әлеуметтiк  тап  өкiлдерiн 
ұжымдастыру  қажет  екенiн  дәлме-дәл  бiлiп  алу  керек  едi.  Кедей  кiм?  Орташа 
қайсы?  Бай  қайда?  Бәрiнен  бұрын  мiне  осы  сұрақтарға  жауап  беру  керек  едi. 
Басқаны  былай  қойғанда  ұжымдастырудың  алғашқы  жылдарында  бұларға  ел 
билеушiлердiң  өздерi  де  нақты  жауап  бере  алмады.  Маңғыстаудың  ұшы-
қиырсыз кең сахара даласын сенделе кезiп мемлекетке мал даярлау, ет тапсыру 
жоспарларын  шаруалардан  табанды  түрде  талап  еткен,  шолақ  белсендiлер, 
“атып  кетемiн”  деп  шошындырған  уәкiлдер  жергiлiктi  жерлерде  бай  мен 
кедейдi  ажырата  алмай  басы  қатты.  Уәкiлдердiң  жергiлiктi  жерлерде 
ұйымдастырған  “социалистiк  жарыстары”  да  халықтың  ашу-ызасын  туғызды. 
Көшiп  кетсек,  қашып  кетсек  “әлi  жеткеннiң  талауынан  құтылармыз”,-  деп 
үмiттенгендер  де  аз  болмады.  Сондықтан  да  1931  жылдың  көктемiнен  бастап 
Қарақалпақ  пен  Түрiкпен,  тiптен  Кавказ  жерiне  босқан  адайлар  мен  табындар 
легi үдей түстi. 
 
7700 шаруалар қожалықтарынан тұратын Маңғыстау ауданы 1931 жылы 
шiлдеде  шамамен  мынадай  топтарға  бөлiндi:  халықтың  30  паызы  бейбiт 
жағдайда  еңбек  етiп  жатты,  ал  60  пайызы  көтерiлiсшiлермен  бiрге  болды, 


сондай-ақ 10 пайызға жуығы кiмдердiң жағына шығарларын бiлмей тоқырады. 
Сонымен  қатар,  бiр-екi  ауыл  болмаса,  Табын  ауданындағы  халық  түгелдей 
дерлiк көтерiлiсшiлерге қосылды. Олармен сондай-ақ Жылықос /кәзір Жылыой-
авт./ ауданының 11 әкiмшiлiк ауылдары және Доссор ауданының екi ауылының 
кейбiр азаматтары көтерiлiп, қолға түскен нәрсемен қаруланып, көтерiлiсшiлер 
қатарын толықтырды. Адай даласына самсаған әскер түсiрiп жатқанын көрген 
көтерiлiсшiлер  кәсiпшiлiктерге,  кооператив  ұяларына,  дайындау  пункттерiне 
әдiлетсiз өкiмет ошақтары деп қарап, жиi-жиi оларды талқандауға, өртеп кетуге 
ашық көштi.   
 
1937 жыл қазақ елiнде қаралы жылдардың бiрi болатын. Бұл кезде саяси-
әлеуметтiк  жағдай  шиеленiсiп  халқымыздың  бетке  ұстар  азаматтары  қудалана 
бастады.  “Халық  жауы”  деген  айып  тағылып,  Л.И.Мирзоян,  О.Исаев, 
Ұ.Құлымбетов, 
С.Меңдешев, 
Н.Нұрмақов, 
Т.Рысқұлов, 
С.Қосжанов, 
О.Жандосов,  С.Есқараев,  Т.Жүргенов  ақын-жазушылардан  С.Сейфуллин, 
Б.Майлин,  I.Жансүгiров,  Ғ.Тоқжанов,  А.Қоңыратбаев  тағы  басқа  ғылым  мен 
мәдениеттiң, өнердiң көптеген өкiлдерi ұсталды. Cол жылы қазақ елi бойынша 
105 мың  адамға  НКВД  тарапынан  тергеу  болып, оның  22 мыңы ату  жазасына 
кесiлдi.  Тiптi  бұлардың  отбасындағы  әйел,  балаларына  дейiн  қудаланып,  олар 
да туған жерiнен көшiрiлдi. Осы жылдардағы зобалаң қазақ халқының жүрегiне 
жазылмас жара салды, келешек ұрпақтарды қайғыға тұндырды. 
 
1937  жыл  бүкiл  Кеңес  одағының  халқы,  оның  iшiнде  қазақстандықтар 
үшiн  қайғылы-қасыреттi  кезең  есебiнде  тарих  бетiне  жазылды.  Тiптi 
тоталитарлық жүйенiң қыспағы ХХ ғасырдың 60-шы жылдарына дейiн жанұяда 
мемлекеттiк орындар тарапынан үрей мен қорқыныш сезiм туғызып келдi. Осы 
кездегi  оқиғалар  шамамен  70-шi  жылдарда  ел  аузындағы  жеңiл-әзiл  әңгiмеде 
(анекдотқа)  айналып  кеткен.  Ауылдағы  егде  тартқан  пысықтау  бiр  қазақты 
ұстап, НКВД-ға әкелiп тұрса, оның бастығы - бұл не iстеп едi? - деп сұрайды. 
Сонда  белсендi  болып  көзге  түскiсi  келiп  жүрген  милиция  қызметкерi:-  Бұл 
ештеңе  жасап  үлгерген  жоқ,  бiрақ  жау  екенiн  бiлiп  тұрмын,-  деген  екен. 
Осындай  бір  әзіл-әңгіме,  бірақ  аржағында  шындық  бар  екенін  сол  заманғы 
нақтылы  оқиғалар  анықтайды.  Бір  қазақ  мал  бақташысы  таңертең  сиырларды 
өріске  шығарып  бара  жатқанда  жол  жүрмей  қашқақтаған  сиырға:  ”Әк,  иттің 
малы”  деген екен. Кешкісін ауылға келгенде оны ұстап: “Бағып жүрген малың 
кімдікі? Қоғамның малы. Қоғамды басқарып отырған кім. И.Сталин. Онда сен 
көсемді итке теңедің”- деп соттап жіберген. Ал осы заманда “сақ құлақтық” рөл 
атқарған  өз  ағайындарымыз  ел  белсенділерінің  болғанына  қайран  қаласын. 
Заман  солай  болды  ғой  деп  сол  кездің  куәгерлері  күрсінеді  де  қояды.  “Елдегi 
белсендiлер” бұл сияқты озбырлықты бұдан да қатыгезiрек  жүргiзген жоқ па ?  
 
Қуғын-сүргiн  жылдары  Кеңес  Одағында  40  млн.  адам  қудаланған. 
Олардың  3,8,  млн.  сотталып,  642980  атылған,  ал  Қазақстанда  олар  103  мың 
құрап  25  мыңы  құрбан  болған.  1992  жылғы  жарияланған  құжаттар  бойынша 
Қазақ  елi  тарихындағы  зобалаң  қуғын-сүргiн  заманын  төрт  кезеңге  бөлуге 
болады.  Бiрiншi  кезең  1918-1924  жылдар  арасындағы  азамат  қарсыластығы, 
1922-1923 
жылдардағы 
аштық, 
жаппай 
кеңестендiру 
және 
қазақ 
интеллигенциясының құдалану нәтижесiнде 800 мыңға жуық адам қаза болды. 


Екiншi кезең 1925-1933 жылдар Ф.И.Голощекиннiң “қызыл қырғын” - “Кiшкене 
Қазан”  заманына  келедi.  Бұл  кезде  байлар  тәркiленiп,  жат  жерлерге  көштi; 
күштеп отырықшыландыру, ұжымдастыру саясатын батыл жүргiзу нәтижесiнде 
мал  басы  азайды.  Осылардың  зардабынан  қазақ  жамағаты  қырылды,  басқа 
елдерге,  қаша  қоныс  аударды,  21,2  мың  таңдаулы  ел  азаматтары  партиядан 
шығарылып, айдалды, атылды.  
Осы  кезеңде  Н.Ежов  бүкiл  қазақ  кадрлары,  қазақ  коммунистерi 
ұлтшылдық  ауруымен  дiмқастанды,  оларды  сауықтыру  бағытын  темiрдей 
ширақ  жүргiзу  керек  деген  ұран  тастады.  1935-1939  жылдарды  қамтитын 
үшiншi  кезеңде  Қазақстан  бойынша  25  мыңнан  аса  адам  қуғын-сүргiнге 
ұшырады,  атылды,  қудаланды.  Төртiншi  кезең  1940-1953  жылдарды  қамтиды. 
Тек  қана  Актобе  облысы  бойынша  30-50  жылдары  7000-ға  тарта  адам  қуғын-
сүргiнге  ұшыраған.  Шалқар,  Ырғыз,  Байғанин  аудандары  революцияға 
қарсылар,  ұлтшылдық,  панисламистiк,  пантюркистiк  қозғалыс  ұйымдарының 
орталықтары  деп  табылды.  Сондықтан  да  осы  аймақтардан  ұсталғандарының 
басым көпшiлiгi  ату жазасына кесiлген. 
 
Мысалы,  Гурьев  (Атырау)  облысының  Сағыз  елді  мекен  тұрғындары 
Ақишан  Абдоллаұлы  мен  Молдаш  Әшiрұлы  және  бiр  топ  ешқандай  жазығы 
жоқ адамдар Кеңес мемлекетiнiң қылмыстық iстер кодексiнiң 58-бабы бойынша 
(мемлекетке қарсы насихат) 10 жылға сотталып, оны түгелдей өтегеннен кейiн 
Орынбор  облысының  Орск  қаласына  он  жылға  қайтадан  жер  аударылған. 
Олардың  “айыбы”  -  бiрiншiсiнiң  казіргі  Сағыз  станасасының  күншығыс 
бағытындағы 18 шақырымда Шибұлақ деген жерде көшпендiлердiң балаларын 
оқыту үшiн патша заманында мешiтті басқарған Абдолла баласы  болғандығы, 
ал  екiншiсiнiң  кезінде  сол  мешiттің  шәкірті  болып  дәріс  алуы.  Мұндай 
жазықсыз  жапа  шегiп,  қасырет  тартқандар  туралы  мысалдар  елiмiздiң  әр 
аймағында көптеп кездеседi. 
 
ХХ  ғасырдың  20-30-шы  жылдарындағы  Қазақстанның  мәдениетi.  Қазан 
революциясынан  кейiн  билеушi  партия  мен  жаңа  үкiмет  құрылымдары 
халықтың  мәдениетiн  дамытып  жетiлдiру  бағытында  түбегейлi  өзгерiстерге 
толы бағдарламаларды талқыға салып оны жүзеге асыру үшiн нақтылы шаралар 
қабылдап  отырды.  Бұндай  бағдарламалардың  мазмұны  мен  бағыты  сан-алуан. 
Мәдени-саяси  жұмыстардың  әдiстерi  бiрте-бiрте  жетiлдiрiлдi.  Тұрақты 
кiтапханалар,  клубтар,  оқу  және  мәдениет  үйлерi  мен  сарайларының  маңызы 
елдiң  өмiрiнде  ауқымды  орын  ала  бастады.  Мысалы,  30-шы  жылдардың 
басында  Алматы  және  Батыс  Қазақстан  облыстарында  129  клуб  және  210  оқу 
үйi халыққа қызмет еттi.  
 
Кiтапхана  iсi  дамыды.  1937  жылы  кiтапханалар  саны  2073  -ке  жетiп, 
олардың қорында 2,5 млн дана әдебиет болған. Ауылды жерде 1240 мың кiтабы 
бар  1747  кiтапхана  жұмыс  iстеген.  Алматыдағы  мемлекеттiк  көпшiлiк  (Кеңес 
мемлекетi  тұсындағы  А.С.Пушкин  атындағы,  казір  ҚР-ның  Мемлекеттік 
Ұлттық  кітапханасы)  кiтапхананың  қоры  жарты  миллион  данадан  асты,  оның 
оқу залында 40 мыңға жуық оқушылары болды.  
 
Республикада  мерзiмдi  баспасөз  және  кiтап  шығару  iсi  саяси  билеушi 
идеологияның  арнасымен  дамыды.  “Степная  правда  ”(қазiргi  “Казахстанская 


правда”)  және  “Еңбекшi  қазақ”  (Егемен  Қазақстан)  газеттері,  “Қазақстан” 
журналы  шыға  бастады.  Кеңестік биліктiң  алғашқы жылдарында  газеттер  мен 
журналдар көбiнесе мемлекеттiк, кәсiподақтық, кооперативтiк қордың есебiнен 
бұқараға  таралатын  болды  және  мәдени-ағарту  желiсiне,  кеңестiк  және 
кооперативтiк ұйымдарға алынатын болған. 1925 жылы республикада небәрi 31 
газеттiң  13-шi  қазақ  тiлiнде  басылды.  Олардың  саны  жыл  сайын  өсiп,  он 
жылдан жалпы саны 280-ге жетсе ал, оның 62-і қазақ тiлiнде басылған.   
 
Республикада  әдебиет  және  ғылыми  шығармалар  шығару  iсi  жүйелі 
қарқынмен  дамыды.  Шығарылатын  кiтаптардың  таралым  данасы  өстi.  30-шы 
жылдардың ортасында үш миллион даналық 200-ден аса кiтаптар шығарылды. 
Олардың 
арасында 
билеушi 
партияның 
саясатын 
насихаттайтын 
басылымдардың саны жылдан-жылға шексіз өсiп отырды.  
 
Кеңес  үкiметiнiң  мәдени  саладағы  ауқымды  және  тиянақты  iсi  - 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   11   12   13   14   15   16   17   18   ...   105




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет