Он бірінші тарау. Жылжымайтын мүлік нарығындағы баға белгілеу.
11.1.Жылжымайтын мүліктің нарықтық құны және оны бағалайтын әдістер.
«Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабына сәйкес, «Жылжымайтын мүліктің құнын бағалау» туралы бағалау стандарттары 2010жылы 09 желтоқсанда №326 бұйрығымен бекітілген. Осы жылжымайтын мүліктің құнын бағалау стандарты халықаралық бағалау стандарттарына сәйкес жылжымайтын мүлікті бағалау әдісіне қойылатын негізгі талаптарды белгілейді және Қазақстан Республикасының аумағында қолдану үшін міндетті болып саналады.
Ол негізінен жылжымайтын мүліктің келесі типтерін бағалау үшін қолданылады: жақсартуға тартылған жер учаскелері немесе ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді қосқанда, бос жер учаскелері; ішкі инженерлік желілер мен жүйелерді қосқанда, ғимараттар мен құрылыстар, сондай-ақ бағаланатын ғимараттар мен құрылыстардың жұмыс істеуін қамтамасыз ететін жабдықтар; құрылысы аяқталмаған объектілер; тарату құрылғылары; көпжылдық екпелер.
Жылжымайтын мүліктің нарықтық құнын міндетті бағалау мынадай жағдайларда жүргізіледі:
1) мемлекеттік қажеттіліктер үшін мүлікті алып қою кезінде;
2) кепіл объектісінің құнын айқындау кезінде, соның ішінде ипотека кезінде;
3) жарғылық капиталға мүліктік салымдардың құнын айқындау кезінде;
4) банкроттық рәсімдер барысында борышкер мүлкінің құнын айқындау кезінде;
5) өтеусіз алынған мүліктің құнын айқындау кезінде.
Осы аталғаннан барлық өзге жағдайларда нарықтық құнды бастамашылықпен бағалау, тапсырысшымен жасалынған шарттың негізінде жүргізіледі.
Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан жылжымайтын мүлікке толық меншік құқықтарын бағалау үшін әдістер тобы пайдаланылады.
Бағалау әдістерін таңдау және қолдану кезінде бағалаушы мынадай негізгі талаптарды сақтайды:
1) бағалау нысанасы мен айқындалатын құн түрін сәйкестендіреді;
2) жылжымалы мүлікке бағалау жүргізу кезінде пайдаланылатын ақпараттың шынайылығын қамтамасыз етеді;
3) құқықтық талдау жүргізеді, мүліктік құқықтар мен ауыртпалықтарды сәйкестендіреді;
4) бағалау әдістерін таңдауды негіздейді;
5) бағалау туралы есепте шынайы деректерді, есептік көрсеткіштерді және олардың екі мағынада түсіндірілуіне жол бермейтін негізделген нәтижелерді толық әрі түсінікті жазуды қамтамасыз етеді.
Бағалауды жүргізу үшін тапсырманы айқындау, алдын-ала деректерді іріктеу және жинау, бағағалау амалдары мен әдістерін таңдау жұмыстары жүргізіледі.
Тапсырманы айқындау үшін келесі жағдайлар қарастырылады:
бағаланатын мүлікті сәйкестендіру (орынға барып тексеру);
Алын ала талдау, деректерді іріктеу және жинау жұмысын жүзеге асыру:
құжаттарды, бағалау объектісі туралы өзге де мәліметтерді жинау, өңдеу және талдау;
өңірдегі, қаладағы және бағалау объектісі жеріндегі әлеуметтік-экономикалық және экологиялық ахуалды жалпы талдау;
осы мүлікке сұраныс пен ұсынысты талдау.
бағаланатын жылжымайтын мүлікті аса тиімді пайдалануды талдау болып саналады.
Бағалау амалдары мен әдістерін таңдау, бағалау объектісінің нарықтық немесе өзге де құнын анықтау бойынша есептеулерді орындау үшін:
нарықтық амал;
кірістік амал;
шығындыға негізделген амал қолданылады.
Бағаланатын мүліктің түріне және басымдықтарды бағалау мақсаттарына қарай әр түрлі әдістер қолданылуы мүмкін. Дамыған нарық жағдайында нарықтық амал өте басым деп есептеледі.
Жылжымайтын мүлікке нарықтық немесе өзге құнды белгілеу табыстық, шығындық және салыстырмалыамалдарға топтастырылған бағалау әдістерін қолдану арқылы жүргізіледі.