Әдебиетті оқытудың негізгі принциптері белгілі-бір іс-әрекеттің бастауындағы негізді білдіреді. Оқыту принцптері – оқушыларға ғылым негіздерінен білім беруде сүйенетін ең басты жағдай. Дидактикалық принциптер білім алушылардың дүниетану заңдылықтары мен оқытуда көзделетін мақсатқа байланысты таным арқылы жаңа бір фактіні ашуды жүзеге асырады, дүниедегі шындықтың жаңа байланыстарын ашады. Ал оқыту процесінде ғылым ашқан жаңалықтардан оқушылардың білімді меңгеруі іске асады. Дидактиканың нақты принциптері әдебиетті оқытуда да ортақ принциптер болып есептеледі. Олар:
1. Оқытудың саналылығы мен белсенділігі принципі оқушылардың ғылым негіздерін үйренуге деген, әдеби шығармамен оның мән-маңызын түсінуге саналы көзқарасымен осы мақсаттағы белсенді іс-әрекеті арқылы сипатталады. Мұғалім қаншалықты шебер түсіндіргенімен, тиімді әдіс-тәсілдер қолданып, шығармашылық әрекет еткенмен, оқушы тарапынан ұмтылыс пен құлшыныс болмаса, көркем әдебиетті меңгеруде жоғары нәтижеге жете қою екіталай. Сондықтан оқушылардың саналы көзқарасы мен белсенді іс-әрекетін туғызып отыру – мұғалім үшін аса маңызды міндет.
2. Оқытудың түсінікті болуы принципі оқушылардың ақыл-ойын жетілдіруде маңызы зор. Бұл принцип оқушылардың жас ерекшеліктеріне тікелей байланысты. Сондықтан оқу жоспары мен бағдарламаны құрғанда да бұл принцип еспке алынады. Өтілетін әдеби материалдың жете түсіндірілуі алдымен мұғалімге байланысты. Оқушыға берілетін білім түсінікті болу үшін белгілі бір оңайлық және оқушының ой-қиялыан дамытуға арналған қиындық та болуы керек. Ол оқушылардың көп іздену, ойлану арқылы шеше алатын қиындық болуы керек. Оқуға берілетін материалдың түсінікті болуы принципі оның оңай болуын қаламайды. Осындай қиындықты шешу жолындағы оқушының ойлануын қажет ететін жұмыс түрін проблема деп атайды.
3. Жүйелілік және бірізділік принципі. Бұл принцип оқытудың өз мақсатынан туады. Әдебиет пәнінің ғылыми логикасынан, оқушылардың ойлау заңдылығынан туады. Негізінде жүйелі, реттеліп берілген білім ғана пайдалы. Бұл принцип бойынша әрбір сыныпта берілетін материалдардың өзінен бұрынғы және кейінгі оқытылатын материалдармен тығыз байланыста болуы керек. Әдеби шығармаларды мазмұн, тақырып жағынан немесе хронологиялық тәртіп бойынша жаңа сабақты өткен материалмен байланыстырып отыру – мұғалімнің міндеті. Әрбір сабақ арасындағы мазмұндық байланыстың болып отыруы да бірізділік принципіне жатады.
4. Білімнің беріктігі принципі оқушылардың алған білімін саналы ұғынғаны және және оны практикалық істе қолдана алатыны көрінгенде ғана орындалған болып табылады, яғни бұл принцип оқытудың басқа принциптерімен тығыз байланыстықта ғана орындалады. Көркем шығарманың мазмұны мен тақырыбы тереңірек ұғынылып, оқушы санасында берік орнығып, оның әсері мінез-құлқы мен өмірлік іс-әрекетінде кәдеге асып отырса, білімнің беріктігі принципі жүзеге асқаны болып табылады. Білім берік болуы үшін жүйелі, оқушы ойы белсенді жұмыс істеуі керек және соған мүмкіндік туғызарлық берілетін білімнің лайықты қиындығы мен проблемасы болуы лазым.
5. Білімнің өмірмен байланыстылығы принципі әдебиеттің өмірмен, қоғамдық практикамен байланысын іске асырады. Қандай білім болмасын, өмірден, практикадан алшақ жатса, тығыз байланыста болмаса, ол жадағай, жалаң білім болмақ. Өйткені ғылыми тұжырымдар мен өмірлік тәжірибелер өмірдің өзінен алынып қорытылады. Сондықтан, алған білімді баланың өмірмен, практикамен байланыста ұғынуы есте ерекше орнығып, бекітіле түседі.
6. Білімнің ғылымилығы принципі. Мұғалім жаңа сабақты өткенде, жалпы оқыту процесінде оқу бағдарламасы мен оқулыққа сүйенеді. Ал бағдарлама мен оқулық нақты ғылыми тұжырымдар негізінде жасалынған. Демек, білімнің ғылымилығы принципі оқытылатын материалдың ғылыми тұжырымдалған, сұрыпталған, нақтыланған болуын көздейді. Ғылыми негізделмеген, дүдәмал, екіұшты пікірлерді балаға жеткізуден аулақ болу керек.
7. Оқудың тәрбиелік принципінің әдебиетті оқытудағы маңызы ерекше. Өйткені, әдебиет – тәрбие құралы, жас адамды қалыптастыратын көркем өнер түрі. Сондықтан әдеби көркем шығарма балаға білім берумен қатар, міндетті түрде, тәрбие-тағылым беруге тиіс. Осы мақсатта әрбір ұстаз әдеби шгығарманың тәрбиелік мәнін үлгі-өнегелік, жеке басты қалыптастырушылық қуатын жете ұғындырып отыруы керек. Сонда ғана әдебиеттің тәлімгерлік функциясы орындалады.
8. Көрнекілік принципі бойынша мұғалім сабақты ұғынықты да әсерлі ету үшін түрлі-түсті бояулы сурет, кітап, карта, кесте, схема, портрет, техникалық құралдар, кейбір заттардың өзін де пайдаланады.
Көрнекіліктерді пайдаланудың тиімді жолдарын мұғалім сабақтың мазмұны мен мақсатына қарай айқындайды. Әдебиетті оқыфтудың бұл принциптері бір-бірімен тығыз байланыста, сабақтастықта жүреді. Сабақтың мазмұнына қарай принциптер кейде басты (негізгі), кейде қосалқы орын алады. Оларды орынды қойып, өзщара үйлестіріп, оқыфтудың басты принциптерін орайластырып отыру – мұғалімнің міндеті.