Джек Лондон. Мартин Иден



Pdf көрінісі
бет2/48
Дата22.09.2023
өлшемі1,5 Mb.
#109789
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   48
Екінші тарау
Асханаға бару да қиямет екен. Мартин бірдемесін қағып кетем бе деп,
жолындағы жыпырлаған нəрсенің бəріне секунд сайын сестене қарап,
кібіртіктеп, əлсін-əлі кідіріп, сүрініп, бөгелумен болды, асханаға аман-есен
жете алсам болар еді деп зəресі қалған жоқ. Ақыры қыздың қасына барып
отырды-ау. Стол үстінде пышақ пен шанышқы тым көп екен, осынан бір
ши шығарып алатындай есі кетіп, көз алмай қарап отыр. Ақыры
жарқыраған көп заттан көзі бұлдырады. Бұлдыр бірте-бірте көрініске
айналды, көзіне матрос кубригі елестеді. Міне, ол жолдастарымен бірге
тұздаған етті бəкісімен турап немесе қолымен жұлмалап жеп, қою бұршақ
көжені бəрі бір ыдыстан майысқан қалайы қасықпен ұрттап отыр. Мұрнына
борсыған еттің иісі келді, құлағына матростардың сылп-сылп тамақ жегені,
кеменің сықыры естілді. «Біз тамақты да шошқаша жейді екенбіз-ау.
Жарайды, бұл жерде абай болармын. Ac ішкенде ысылдап-пысылдамауым
керек екен ғой, бұл есте болсын»,— деп ойлады.
Сонсоң қасындағыларды айнала шолып өтті. Қарсы алдында Артур мен
оның інісі Норман отыр. Сірə, қыздың ағалары болар деп ойлады да, іші
жылып кетті. Бұл үйдің жандары бірін-бірі қандай қадірлейді! Руфьтің
шешесін қарсы алғаны, екеуінің сүйіскені, құшақтасып қасына келгені
есіне түсті. Өзінің туып-өскен ортасында ата-ана мен баланың арасында
мұндай елжіресу деген дəстүр емес. Бұл да бір жаңалық, дегдарлар
табының əдептілігіне, нəзіктігіне дəлел, мынау жаңа көрген жат дүниенің
тамашасы. Бұл оған үлкен əсер етті, əбден риза болып жүрегі елжіреп кетті.
Мартин ғұмыр бойы сүйіспеншілікке ынтызар жан еді. Оның аңсағаны да,
арманы да сүйіспеншілік. Бірақ бұл кезге дейін махаббат бұйырмай, үнемі
жалғыздықпен күн кешіп, қатыбас, қатал болып кетуі рас. Тіпті, жаны
махаббат тілейтінін ешуақытта елеген де емес. Қазір де сезіп отырған жоқ.
Тек мына кісілерден жылы мейір, жарастық белгілерін көріп, көңілі
толқып, міне, нағыз сыпайыгершілік, адамгершілік осы деп ойлады.
Мартин мистер Морздың болмағанына қуанды. Руфьпен, оның
шешесімен, ағасы Норманмен танысқаным да жетер, Артурды аз да болса
білем ғой, ал бұл жолы əкесімен де танысуым артығырақ шығар деп отыр.


Бүгінгідей ешуақытта да ауыр міндет атқармаған секілді. Тірінің азабы
екен. Маңдайы тершіді. Бұрын дағды қылмаған жайлардың əрдайым қыбын
табамын деумен əбігер. Ең əуелі алдындағы асын сұғынбай əдеппен ала
білуі керек, қолы тиіп көрмеген құралдарды ретті жерінде ғана орнымен
пайдалана білмек керек, ол үшін ешкімге сездірмей əуелі бəрін байқап
алуға тиіс. Айналасынан алған əсері мен байқаған жаңалықтың бəрін ақыл
елегінен өткізіп үлгеруі де шарт; бір жағынан Руфьке көңілі ауып отыр;
қыздың дəрежесіндей биікке қалай көтерілемін деп ойы шарқ ұрады. Көңілі
алыста, көз айналасындағы кісілерде: пышақ пен шанышқының қайсысын
қалай ұстар екен деп ара-тұра алдындағы Норманға немесе өзге біреуге көз
қиығын тастап қояды. Бір жағынан əркімнің түр-сипатын, мінез-құлқын
зердесіне тоқып, оның Руфьке қатынасын əбден анықтауға тырысты.
Отырған кісілермен сөйлеспей, айтылып жатқан əңгімеге құлақ қоймай,
ретті жерінде тиісті жауабын қайтармай тағы болмайды, біреумен
əңгімелескен кезде бұрынғы бейпіл ауыз болып үйренген əдеті бойынша
жарамсыз сөз айтып қалмауын қадағалауы да керек. Осының бəрі аздай
даяшы деген тағы бір бəле қыр соңынан қалмайды, ол дыбысын сездірмей
қасына төніп келіп, үнсіз мөлие қарағанда не айтып, не қоярын білмей
сасады. Саусақ шылайтын ыдыс есінен шықпай қойды. Қайта-қайта ойына
оралып: қандай болады екен, қашан əкелер екен деумен болды. Бұған дейін
естігені болмаса, көргені жоқ-ты, енді мүмкін бір-екі минуттан кейін көріп
те қалар — ас артынан саусағын сумен шылайтын мырзалармен қазір бір
столда отырған жоқ па — олай болса, өзі, иə, өзі де саусағын жылы суға
малатын шығар. Оны ерекше абыржытқан тағы бір хал: өзін-өзі қалай
ұстауы керек, қандай қалып көрсеткені жөн. Осыны ойлап əбден басы
қатты. Кейде бұларға өзгеше бір мінез көрсетсем қайтеді деген ой келеді,
бірақ өмірімде монтанысып көрмегенмен үйлестіре алмай құр бекер
ақымақ болып, ұятқа қалармын деп жүрегі дауаламайды.
Осылайша ойы əр тарапқа жүгіріп, Мартин түскі ас үстінде біраз уақыт
тым-тырыс тұйық отырып қалған. Тегі, бұл қалпы Артурдың сөзін бекерге
шығарғандай. Өйткені, ол түскілікке бір тағы адам əкелем, абыржып
жүрмеңдер, мінезі өте қызық жігіт деп үй ішіне ескертіп қойған-ды. Мұны
Мартин білген жоқ. Руфьтің ағасы, бір өлімнен арашалап қалған серігі
ұятқа қалдырар деп күткен жоқ. Тек өзін-өзі құбыжық көріп жабырқап, əрі
төңірегіндегінің бəріне таң-тамаша болып стол басында отыра берді.
Ас адамның арқауы ғана емес екенін жаңа түсініп отыр ол. Бұрын не
ішіп, не жегенін елемейтұғын ғой. Ac ішу тек құрсақ толтыру, тойыну деп


білетін. Ал мұнда, мынау дастарқан басында, өзінің көркемдікке деген
талғамына қанағат тапқандай, ол ас алудың да эстетикалық мəні барын
аңғарды. Айта берсе, парасатқа да жатқызуға болатын тəрізді. Өйткені, ас
үстінде ақыл-ойы дамыл көрген жоқ. Осында түсініксіз немесе тек кітапта
ғана кездесетін көп сөз естіді, өзі ортасынан шыққан пақырлардың оған тілі
де келмес еді. Ал мына қыздың семьясы мүдірмей сөйлесіп отыр. Кітаптан
оқыған не тамашаның бəрі шындық екен ғой деп ойлады ол. Арманына
бүгін қолы жеткендей, қиялы өмір шындығына айналып кеткендей көрді.
Бұрын тұрмыстың биік сатысына көтеріліп көрмеген Мартин өзіне жұрт
назарын аударғысы келмей көп тыңдап, аз сөйледі, қыз тіл қатса: «иə,
мисс» не «жоқ, мисс» деп, қыздың шешесі бірдеме айтса: «иə, мэм», немесе
«жоқ, мэм» деп қысқа жауап қайырып отырды. Қыздың ағаларымен
сөйлескен кезде теңіз тəртібі бойынша: «Құп болады, сэр» деп те қала
жаздаған. Бұлай десе жұрт алдында бишаралығын көрсетіп алмақ, ендеше
қызға ұнау үшін аузына сақ болуы абзал. Асылы, кісі алдында кішірейетін
не бар? Құдай біледі, осылардың ешқайсысынан кем емеспін деп ойлады
ол; олар менен гөрі білімді, көп нəрседен хабардар екені рас, бірақ мен де
өмір тəжірибесінен осылардың бəріне сабақ беруге жараймын. Сөз
арасында қыз немесе оның шешесі: «мистер Иден»,— десе көңілдегі
кикілжіңін ұмытып, жайраңдап қалады. Қазір ол тоқтаулы, мəдениетті кісі
болып отыр — иə, иə, əлбетте, солай деп қойды ол ішінен,— жəне бұрын
кітаптан ғана білетін адамдардың қауымында қатар түзеп отыр. Өзі де
солар сықылды кітапқа жазылып, том бетінде шалқып жүргендей болады.
Мартин Артур айтқандай тағы адам сияқты емес, қойдан да қоңыр
көрінді, қайта қай жерімнен мін табады деп ылғи қобалжумен болды. Тек
сыр бергісі келмей, аузын сараң ұстағаны болмаса ол сондайлық момын,
ынжық, күйкі кісі емес; жүріс-тұрысы секілді сөйлеген сөзі де оғаш. Минут
сайын мүдіріп, күмілжіп, əр елдің тілімен шұбарланған сөз қорынан
лайықты сөз таба алмай, тапса дұрыстап айтып бере алмай, айтса ерсі
көріне ме, немесе түсініксіз болып жүре ме деп жүрексінумен болды. Тілі
күрмеліп, ойындағы пікірін, көрген-білгенін айтып бере алмағанына
қынжылды. Қатырған жағасының қылғындырғаны сықылды тіл қысқалығы
да еркін сөйлетпей, аузын буып отыр. Осылай тұншығып отыра беруге төзе
алатын емес. Шарқ ұрған қиялы мен ой сезімі ішін өртеп, белгілі бір сөз
бейнесіне келуге асықты; осылай алағызып отырғанда аузынан үйреншікті
бір сөздің қалай шығып кеткенін абайламай қалды.


Ту сыртында ебелек қаққан даяшы бір асты қайта-қайта алдына
тықпалай бергесін оны ысырып жіберіп:
— Пау,— деп қысқаша қайырып тастады оны.
Бағанадан бері аңдып отырған жұрт кенет тына қалысты, даяшы
табалаған адамдай жыртаң етті. Мартин біреу төбесіне ұрғандай секиді де
қалды. Бірақ өзін-өзі тез билеп:
— Бұл канака лұғаты, «болды», «жетер» деген мағынада. Абайсызда
аузымнан шығып кетіпті,— деді.
Руфьтің қолына таңдана қарап отырғанын байқап:
— Таяуда Тынық мұхиты арқылы почта таситын бір пароходпен келген
едім,— деді ол тағы да.— Кемеміз жолда кешігіп қалып, Пюджет
шығанағындағы порттарда жанталасып жүк тиеуге тура келген. Тегі, сонда
мынау қолдарым жырым-жырым болып қалған ғой.
— Мен оныңызға қарап отырған жоқпын,— деді қыз жалма-жан.—
Мынау балуан денеңізге қарағанда, қолыңыз тым нəзік екен, соған қарап
отырмын.
Тағы бір кемістігін бетіне басқандай жігіт қызарып кетті.
— Иə, жұдырығым кішкенелеу екені рас,— деді ол қынжылғандай.—
Бірақ бұлшық етім тастай, сілтегенім құр кетпейді. Біреуді ауыздан
опырайта соқсам, қолым қанайды.
Мартин бұл сөзді айтып салды да, аңдаусыз əлдене сөйлеп кеттім-ау деп
өкінді.
— Бұрын көрмеген-білмеген Артурға ара түсіп, ерлік жасапсыз,— деді
Руфь ұялтпайын дегендей. Жігіт қызарып кетті, бірақ оның себебін қыз
түсінген жоқ.
Мартин қыздың сыпайыгершілік жасап отырғанын сезді, риза болды,
бұған онан сайын масайрап:
— Түк емес, тəйірі,— деді ол.— Менің орнымда кім болса да сөйтер


еді. Бейбастақ əулекі шайка өз-өзінен алабұртты емес пе. Артур оларға
тиіскен жоқ. Қайта бəрі бірдей жабыла кеткен өздері. Мен де бара киліктім,
ой, сазайын бердім-ау, не керек! Қолым жара болғанша соқтым, бəлем біраз
тісін қақсам керек. Тегі, өзім дұрыс жасағанмын, соған енді қуанып
жүрмін. Менің бір жақсы жерім осындайда...
Мартин ағат кеткенін аңғарып, кілт тоқтады, аузын жабуға шамасы
келмей, аңырайды да қалды, қызбен қатар отыруға, бір ауамен дем алуға
татымайтын жексұрын екенін сезді. Оның абдырап қалғанын байқаған
Артур сөзін дереу іліп əкетті де, паромда болған оқиғаны бастан-аяқ тағы
баяндады: бір топ мас бұзақы Артурға бас салған, Мартин Иден оған
болысып, бұзақылармен қыран-жақпан болған. Осы əңгіме үстінде
мақтаулы жігіт, оқиғаның бас қаһарманы қабағын қарс жауып,
аңғалсоқтығына ызаланып отырды, қадірмен кісілер алдында қайтерін
білмей бұрынғыдан бетер қысылды, ойға қалды: мыналарға қылығымның
бəрі ерсі, өзім де жат, сөзім де жат. Бұл күмəнсіз. Ендеше еліктеуім керек
пе? Жоқ, ешкімге еліктей алмаймын. Расында да мəймөңкелеу, екіжүзді
көріну оның əдетінде болмаған нəрсе. Ондайға ары бармайды. Мейлі,
тəуекел, деп ойлады ол, өз ауаныма көшейін, əзірше мырзалардан гөрі сұлу
сөзге шорқақ екенім рас, жүре-бара жетіліп кетемін ғой, қазір үн-түн жоқ
отыра беруге болмас! Сөйлеу керек, əрине, ел құлағын елеңдете бермеу
үшін сыпайы, жұмсақ сөйлеуге тиіс. Жұрт білмегенді — біліп, түсінбегенді
— түсініп отыр деп жалғанға жорымасын... Сондықтан ағайынды екі жігіт
университет жайын сөз ете отырып, «триг» деген сөзді қайта-қайта айта
бергесін, Мартин Иден:
— «Триг» деген немене?—деп сұрап қойды.
— Тригонометрия деген сөз,— деді оған Норман.— Жоғары
«матиканың» бір саласы.
— Ал «матика» ше?—Жұрттың бəрі Норманға қарап күлді.
— Ол математика, айталық, арифметика деген сөз.
Мартин Иден басын шұлғыды. Ғылымның шетсіз шеңберіне көзі түсіп
кетіп, қолы тигендей болды. Оның ұшқыр қиялы осы дерексіз ұғымды
нақты бейнеге келтірді. Миындағы алхимиялық амал тригонометрия мен
математиканы жəне осы сөздер арқылы бейнеленген жалпы білім саласын


табиғат көрінісіне айналдырды. Көзіне жасыл желектер мен орман
алаңқысы елестейді. Жапырақ арасынан күн нұры төгіледі, біресе өрмектің
жібіндей селдірейді. Осының бəрі үлбіреген қырмызы перде жамылған,
перденің ар жағында керемет кең дүние, ғажайып романтика дүниесі
жатыр. Ерлік іс жасауға еркіншілік беретін, ой-қиял мен арманға өріс
беретін кеңшілік сонда, талапты жауынгерлердің жаулап алуына жетерлік
мол дүние сонда. Тағы бір ой қосарланды: соның бəрін кім үшін жаулап
алмақ — əлбетте, алдында отырған лала гүлдей аяулы ару үшін.
Бағанадан бері Мартин Иден тағылығын көрсетсе екен деп ұтылап
отырған Артур көз тұндырған осы көріністерді бұзып жіберді. Мартиннің
серті есінде еді. Тартынбай ойына келген бір əңгімені бастап кетті.
Алғашында азырақ күрмелгені рас. Көп ұзамай творчествоның қызығына
еріп, өмірді өз білігінше баяндауға тырысты. Ол контрабандистердің
«Алкион» атты желкемесінде матрос болыпты. Бір күні бұларды таможня
катері ұстайды. Мартин өмірді көре де, көргенін айта да білетұғын.
Буырқанған 
теңізді, 
кемені, 
ондағы 
адамдарды 
суреттегенде
тыңдаушыларын еліктіріп, ертіп əкетті. Сезімтал нағыз суреткерге тəн
шеберлікпен оқиғаның алуан қилы құбылысы мен бұлтарысынан ең
қызығын, əсерлісін танып, таңдап алып, жарығы мол, бояуы қанық, қимыл-
қозғалысы қауырт сурет жасады, өзіне ғана тəн шешендігімен, шабытымен,
құдіретімен жұртты баурап əкетті. Кейбір сорақы өмір шындығы, сөз
тіркестері тыңдаушының құлағына қатқылдау тигенімен, əңгіменің дөрекі
жері сұлулықпен, қайғылы халдер күлдіргі сөзбен, өткір тілді теңізшілердің
əзіл-оспағымен араласып, үйлесіп жатты.
Мартин сөйлеп отырғанда Руфь оған таңырқай қарады. Жігіт қызуы
жанына жылы тиді. Көп жылдан бері өзіне осындай жылы мейір жетіспей
келгенін сезді. Жанар таудай жігері тасып төгілген мынау дені сау денесі
палуан албырт жасқа асыла кеткісі келеді. Бірақ бұла сезімге бой бермей,
əзер отыр. Бір жағынан жігіттен жерінеді де. Оның күс-күс қолдарынан,
қолының терісі мен жарық-жұрығына сіңіп кеткен тұрмыстың тосабы мен
кірінен, тырсиған тастай бұлшық еттерінен, жағасы қажаған мойнынан,
доғал мінезінен кірпідей жиырылады. Əрбір дөрекі сөзі құлағына, əрбір
тұрпайы əдеті сезіміне түрпідей тиеді. Дегенмен, қыз ойынша, жігітте
еріксіз тартатын бір сиқырлы күш бар. Санасына берік ұялаған бұрынғы
түсінігі бытыса бастағандай. Мартиннің романтикалық қызық өмірі қыздың
дағдылы шартты ұғымын бекерге шығарғандай. Жігіттің күлкісін, хауіп-
қатер туралы кекесінін естігенде оған өмірдің өзі бір қиынсыз қызық ермек


секілді, қаласа қынжылмай-ақ біреуге бере салатын ойыншық сықылды
көрініп кетті. Ішкі үн: «Кəнеки, сен-дағы өмірді ермек ет, азырақ алданып
көр, еркелеп асыла кет мына жігітке, зауқың соқса, мойнынан қысып-
қысып құшақта» дегендей болады. Бұл желік, жеңіл сезім қорқытайын деді,
өзінің, тазалығын, мəдениеттілігін, жігіттен өзге артықшылығын есіне
алып барып беркінді. Бірақ алданыш таба алған жоқ. Айналасына қараса,
бəрі де əңгімені қызыға тыңдап отыр екен, бірақ шешесінің көзінде бір
үрей бар. Иə, бəсе, мынау қараңғылық дүниесінен келген келімсек — əзəзіл
ғой. Оны шешесі де аңғарыпты. Руфь қашаннан шешесі не айтса, соған
бейілді. Мартиннің жалыны енді өртемейтін болды, қыздың көңіліндегі
қобалжуы саябырлады.
Түскі астан кейін қыз жігітті қасына алып, рояль ойнады, ондағы
бұлдыр ниеті жігітке екеуінің арасындағы зор айырмашылықты аңғарту еді.
Қыз саусағының күмбірі Мартинді мас қылды, төбесіне жасыл түскендей
болды, жойқын күш жеңгенімен, жан дүниесін тəтті тебірентті де. Руфьке
ол сұқтана қарады. Қыз сықылды бұған да екеуінің арасындағы терең op
кеңейе түскендей көрінді, бірақ жігіттің ер көңілі сол ордан өтемін деп
өршелене түскендей. Албырт жас, əсіресе, сай-сүйекті сырқыратқан музыка
ойнап тұрғанда, алдымда əлдебір тосқауыл бар деп, ұзақты кеш соған үңіле
қарап отыра берсін бе?! Музыка əрқашан да асау шараптай сезімін қозғап,
алағызған қиялын аспанға алып ұшар еді. Өзіне құдды қанат бітіргендей
болатын. Өмірдің сұрғылт тұманы серіліп, көз алдында қызықты сұлу
дүние жарқырайтын. Əрине, ол Руфьтің ойын ұққан жоқ. Тек оның ойнаған
музыкасы бұрын матростар кешінде естіп жүрген қинауы қашқан ескі
пианиноның 
немесе 
керней 
оркестрінің 
құлақ 
тұндырған 
ащы
шыңғырығына ұқсамайтыны анық. Бұл тəрізді музыка туралы кітаптан
оқығаны да бар. Сондықтан үйреншікті би ырғағын естімегенімен, Руфьтің
ойнағандарын да ұнатты. Ара-тұра осы музыканың ырғағына ілесіп,
мəнерін аңғарғандай болады. Көз алдында толқыған образдарды музыка
толқынына үйлестіруге тырысады, бірақ көп ұзамай екеуі екі жаққа тартып,
быж-тыж болып, бытырайды да кетеді, аспандаған қиялы топшысы
қайырылған құстай құлап түседі.
Бірде Мартинге осы қыз келемеж қылып отырған жоқ па деген ой келді.
Себебі, құлағына өшпенді үн естілгендей болды. Алайда клавишті қайта-
қайта ұрған қыз саусақтарының не айтпақ болатынын түсінген жоқ. Бұл
ойын лайықсыз, əдепсіз көріп музыканы беріле тыңдауға тырысты. Міне,
музыканың жан тербеткен сазы бірте-бірте билеп əкетті, аспанға алып


ұшты, тəні рухқа айналды, көз алдында күн нұры құлпырды. Бəрі
ұмытылды. Көптен көксеп жүрген белгісіз ғажайып дүниенің биігінде
шарықтады. Танитын, танымайтын көріністер араласып, жарқыраған ой
шытырманы көз алдынан кетпей қойды. Ол жері ыссы белгісіз бір елдердің
гаванына барды, дерегін ешкім білмейтін тағы тайпалардың қонысында
болды, халқы өріп жүрген қотандарын аралады. Теңіз төрінде түн
тымырсығында тəтті ауасын талай сімірген оңтүстік аралдарының жұпар
иісі келді. Төбесіне пальма ағаштарынан үкі қадаған маржан рифтері
көгілдір мұхиттың қиырынан біресе көрінеді, біресе бұлдырап жоқ болып
кетеді, өзі аралдар арасында тропиктің ұзақ күндерінде бұрынғысынша
пассатпен арпалысып жүргендей көрінеді. Көріністер қиялдай зымырап
өтіп жатыр. Біресе ол күн күйдірген, шаңытқан Аризона шөлінде ат
ойнатып, айғай салып шауып келеді, енді бір сəтте ыссы ауасы сағымдай
толқыған Калифорнияның Ажал аңғарында мүлгіген ақ молаларды көреді
немене зəулім биік мұз таулары күмістей күнге шағылысқан Мұзды мұхит
бетінде салқын толқындарды ескегімен ұрып келеді. Біресе маржан
аралында құрма ағашының саясында жатып, жағаға соққан мұхит
толқындарының бір қалыпты гүрілдеген, пысылдаған тынысына құлақ
тігеді. Əне, бір кезде апатқа ұшыраған ескі кеменің су шығарып тастаған
қаңқасын сүйреңдеген жасыл жалын жалап жатыр, осы сиқырлы сəуленің
жарығымен əлдебіреулер əншілердің түнгі сарынына, гавайя гитарасының
сыңғыр күңгіріне, тамтамның дабыр-дүбіріне қосылып, «гулу» биін
билейді. Тамылжыған тропик күні. Жырақта, жұлдызды аспан фонында
қараңдағаң жанар тау. Əуеде қалықтаған жарық ай, көкжиегінде
жарқыраған Оңтүстік Крест жұлдыздары.
Мартиннің өзі эол арфасына айналып кетті десе болар еді. Өмірінде
көрген-білгендерінің бəрі соның сым шегі. Қыз ойнаған музыка осы шекті
тербеткен жел. Сым шек діріл қағып, өткен-кеткенді есіне түсіреді, арман-
қиялын қозғайды. Ол музыканы жай сезіп қана қойған жоқ. Оның түйсігі,
əрбір түсінігі белгілі түрге, бояуға айналып, əлдеқандай хикметтің күшімен
образ туғызды. Қазіргісі, болашағы біртұтас тұлғаға айналды; өзі
таңғажайып, ыссы, кең дүниеде еркін жүр. Қарап жүрген жоқ, қыз үшін
айтып жеткісіз ерлік жасайды. Miне, қызға қолы жетті, қасында қатарласып
отыр, оны иемденіп, құшақтап, қиял дүниесіне өзімен бірге алып ұшты.
Руфь жігітке бұрылып қараған еді, көркінен көңіліндегісін танығандай
болды. Ол мүлде өзге адам сияқты болып кетіпті. Жарқ-жұрқ еткен үлкен
көздері сазды үн пердесінен əрі өтіп, жанды өмір тіршілігінің қан тамыры


қалай соғып тұрғанын естігендей, қиялдың ақылға сыймастай алып елесін
анық көріп отырғандай. Қыз таң қалды. Жаңа ғана қасында отырған дөкір,
орашолақ, оралымсыз жігіт ғайып болып кеткендей көрді. Үстіндегі олпы-
солпы киімі, жара-жара қолдары, күн қаққан беті өзгермегені рас, бірақ
осының бəрі енді сырт көрініс, түрменің торы тəрізді. Қыз сол тор ішіндегі
мылқау, дəрменсіз ұлы жан дүниесін сезеді, көңілін қобалжытқан сезімін
айтып жеткізерлік сөз таба алмайды ол. Осының бəрін Руфь кірпік
қаққанша көріп үлгірген. Ебедейсіз, ерсі жігіт заматта бұрынғы қалпына
қайта келді. Бəсе, қиял екен деп күлді қыз. Бірақ əсері тез тарқаған жоқ.
Мартин өз-өзінен қорашсынып, қоштасу үшін қасына келгенде, қыз
Суинберннің бір томын, оған қоса Браунингінің тағы бір томын берді. Осы
тұста оның ағылшын əдебиеті курсынан Браунингіні оқып жүрген кезі-ді.
Қасына келіп, рахмет айтып, дыбдырлап тұрған Мартин бала сияқты еді,
қыз апасындай аяп кетті оны. Дөрекі жігіт, торға түскен жан, өзіне ерекше
сұқтана қарап, əрі елжіреткен, əрі сескендірген еркек есінен шығып кетті.
Алдында тұрған бір бала. Бала қожыр-қожыр тастай қатты қолымен қолын
қысып, тұтыға сөйледі:
— Бүгінгі сəт өмірімдегі ең бір тамаша күнім болды. Мұндайға мен
үйренбеген адаммын,— дейді ол сасқалақтап, жан-жағына қарап,—
мынандай кісілермен, мынандай үйде бірге отырып бойым үйренбеген.
Осының бəрі мен үшін жаңалық... ұнайды.
— Тағы да келіп тұрыңыз,— деді қыз ағаларымен қоштасып жатқан
жігітке.
Мартин кепкасын баса киіп, табалдырыққа тарс етіп бір сүрініп, шыға
жөнелді.
— Ал, айтшы кəне, ұнады ма саған?— деді Артур.
— Өте қызық екен өзі. Біз үшін мұндайлар таза ауа, салқын самал
сияқты. Нешеде екен жасы?
— Жиырмадан жиырма бірге қарайды. Бағана сұрап білгем. Бұрын
мұншама жас болар деп ойлаған жоқ едім.
«Демек, мен үш жас үлкен екенмін ғой онан»— деген ой келді қызға
жатар алдында жақсы тілек айтып, ағаларымен сүйісіп жатқанда.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   48




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет