Б.з.б. II мыңжылдықтың ортасында Қытайда Хуанхэ өзенінің төменгі ағысында бір-біріне өктемдік жүргізген тайпалар өзара билік үшін күресті. Чэн Тан деген адам Шань-Инь мемлекетінің негізін қалады. Біраз уақыттан соң Вэй өзенінің бойындағы чжоу тайпалары осы мемлекетті талқандап, жаңа мемлекет құрды. Оны Чжоу мемлекеті деп атады. Ол б.з.б. III ғасырға дейін өмір сүрді. Б.з.б. III ғасырда Қытайда өзара жауласып тұратын бірнеше мемлекет бар еді. Цинь патшалығы олардың ішіндегі ең күштісі болды. Цинь патшалығы күшпен, айлакерлікпен қимыл жасап, бүкіл Қытайды өзіне бағындырды.
Қытайлар үшін ең жоғарғы күш аспан көгі деп есептелді. Сондықтан Қытайды «Аспан асты елі», «Көктің ұлы» деп атайды.
Б.з.д III мыңжылдықта Қытайда жібек маталар жасалынды. Бұл жұп-жұқа, үлбіреген жібек маталарды ойлап табу үлкен жетістік болды. Ақсүйектер мен байлар жібектен тоқылған киімдерді алтынға сатып алды. Ежелгі Қытайда қола мен тастан жасалған ыдыстары сан алуан болды. Ыдыстардың сыртында айдаһарлар бейнеленген.
Қытай халқы шамамен б.з.д екі мың жылда жазу ойлап тапты. Жазу үшін иероглиф таңбасы қолданылды. Әрбір иероглиф бір сөзді білдірді. Қытай жазуында бірнеше ондаған мың иероглиф бар.
Кун-Фуцзы (Конфуций) – Ежелгі Қытай данышпаны. Ол б.з.д. 551 жылы дүниеге келген. Жас кезінен көп оқыды. Өз халқының салт-дәстүрлерін, өлең-жырларын жақсы білді. Жастар өздерін Конфуций шәкіртіміз деп есептеген. Ал ұстаздарын Кун-фуцзы, яғни данышпан Кун деп атады.
Сяма Цянь – Қытай тарихының атасы. Б.з.д. 151 жылы дүниеге келген. Ол қыруар көп жазба құжаттарды жинап – зерттеген. Бүкіл Қытайды дерлік аралап, тарихи оқиғаларды зерттеп жазды. Ол өз өмірінің соңына дейін Қытай тарихының жазбаларын жазды. Кітабын «Тарихи жазбалар» деп атады. Еңбегі 130 тараудан тұрады. Сыма Цянь жақсыны бұрмаламай, жаманды жасырмай жазды.
Б.з.д II ғасырдан б.з. II ғасырға дейін Қытайды билеген Хан әулеті үлкен шапқыншылық соғыстар жүргізді. Негізгі жорықтары батысқа қарай бағытталды. Жер көлемін көбейтіп, жаңа жерлер қосты. У Ди патша екі үлкен жорық жасады. Біріншісі – Лобнор көліне дейін, екіншісі Ферғананы басып алды. Қытай қолбасшысының бірі – Бань Чао Шығыс Түркістанға аяусыз тонаушылық жорықтар жасады.
Хан әулеті кезінде алым-салық көбейді. Бұл халықтың халін ауырлатып жіберді. Халық наразылығы күшейді. Көтерілісшілер қастарын қызыл бояумен бояп алғандықтан, көтерілісті «Қызыл қастылар» көтерілісі деп атады. Ол б.з. 18 жылы болды. Б.з. 184 жылы көтеріліс жасаушылар бастарына сары орамал тақты. Тарихта оны «Сары орамалдылар» көтерілісі деп атады. Көтерілісшілер жеңілгенмен, халыққа жексұрын болған Хан әулетінің күш-қуатын әлсіретіп кетті. Патшалық бірнеше ұсақ мемлекеттерге бөлініп, ыдырап кетті.