Б.з.д. II мыңжылдықтың басында Үндістанда қалалар мен ірі елді мекендер пайда болды. Үйлер әдетте екі қабатты етіп салынды. Оларды тас тұғырға орнатты.
Б.з.д. II мыңжылдықтың соңында Үндістанға солтүстіктен арий тайпалары көшіп келді. Арийліктерді таза қанды, асыл текті адамдар деп атады.
Үндістанда алғаш қауымдық, сосын ру-тайпалық құрылым болды. Үнділіктердің арасындағы мүліктік және әлеуметтік жағынан жіктелу бай мен кедейлердің шығуына әкелді. Өз билігін мұраға қалдырып отыратын тайпа көсемдерін раджалар деп атады.
Үндістанда б.з.б VI ғасырда бірнеше мемлекеттер: Гандхара, Хинду, Магадха, Кошала, Ватса, Аванти өмір сүрді. Б.з.б. IV ғасырдан бастап Ганг өзенінің төменгі ағысы бойындағы Магадха тез күшейе бастады. Чандрагупта атты билеуші Маурия (б.з.б. 317-180 жж.) әулетінің негізін қалады.
Үнді қоғамы үлкен төрт топқа бөлінді. Әр топтың өз міндеттерін орындауын патша мен оның қызметшілері бақылап отырды. Каста дегеніміз – қатаң түрде белгіленген құқықтары мен міндеттері бар адамдардың топтары.
Үндістанда халық арасында қолдау тапқан – будаға табыну болды. Оның негізін салған Сиддхардһа Гаутама атты шакья әулетінен шыққан патшазада. Аса білімділігі үшін халық оны Будда – «жарық сәулелі» деп атап кетті.
Б.з.б I мыңжылдықта үнді халқы батырлардың ерліктері туралы көптеген өлеңдер шығарды. Соның бірі – «Махабхарата» дастаны. Дастанда раджалардың екі әулеті арасындағы күрес туралы баяндалады. «Рамаяна» дастанында Рама есімді жігіт ерлік, қайырымдылық, намысшылдық үлгісін көрсетті. Ракша деп аталатын құбыжықтар елінде жиырма қолы бар Равана Рамаға қарсы болып, оның әйелі Ситаны ұрлап әкетеді. Хануман атты ақылды, әрі білгір маймыл Рамаға көмектесіп, Равананы екеуі бірігіп жеңеді. Равананы жеңген күні Үндістанда бүгінге дейін мереке ретінде тойланып келеді.
Үндістан – шахмат ойының отаны. Сүйектен ойып жаслған шахмат фигуралары ежелгі Үндістан әскерін бейнелейді. Шахмат ойынын Үндістанда «әскердің төрт түрі» деп атаған.
Б.з.б. II мыңжылдықтың ортасында Қытайда Хуанхэ өзенінің төменгі ағысында бір-біріне өктемдік жүргізген тайпалар өзара билік үшін күресті. Чэн Тан деген адам Шань-Инь мемлекетінің негізін қалады. Біраз уақыттан соң Вэй өзенінің бойындағы чжоу тайпалары осы мемлекетті талқандап, жаңа мемлекет құрды. Оны Чжоу мемлекеті деп атады. Ол б.з.б. III ғасырға дейін өмір сүрді. Б.з.б. III ғасырда Қытайда өзара жауласып тұратын бірнеше мемлекет бар еді. Цинь патшалығы олардың ішіндегі ең күштісі болды. Цинь патшалығы күшпен, айлакерлікпен қимыл жасап, бүкіл Қытайды өзіне бағындырды.