Томас Уайт (1503-1543) пен Генри Серрей (1517-1547) және олардың ізбасарлары француз саңлақтар тобына тең келетін поэтикалық мектеп ұйымдастырған. 1557 ж. осы ақындардың өлеңі жинақталған, дәстүрлі түрде құрастырушының есіміне байланысты Тоттелдік деп аталатын бұл жинақ Қайта өрлеу дәуіріндегі ағылшын поэзиясының алғашқы ескерткіші болады.
Терцин, катрин, рондели мен сонет сияқты жаңа еуропалық өлең өлшемдері ағылшын поэзиясының негізінде қалыптаса бастайды. Тек өлең құрылысы ғана емес, сонымен қатар поэтикалық ойлау жүйесі де жаңа дәуірдің талаптарына байланысты өзгеріске ұшырап, азаматтық рух әрбір адамның жүрегінде орын алады. Петрарка жырлаған Лаураның өшпес бейнесін үлгі ете отырып, ағылшын ақындары да жүректерінде сезім отын жаққан өз ғашықтары туралы, жер бетіндегі құдіретті махаббат сезімі сияқты тақырыптарды өз шығармашылықтарына арқау етеді. Олардың өлеңдерінде белгіленген дәстүрлі шектер бұзылып, сағыныш сезімдер мен ынтызарлық жалпы халықтың қайғы-қасіретімен, ал махаббаттан туындаған тәтті, пәк сезімдер елжандылықпен ұштасып жатады.
Келесі тарихи кезең Қайта өрлеу дәуіріндегі ағылшын әдебиетінің гүлдену кезімен тығыз байланысты болып, осы кезде замандастары «ақындардың ақыны» деп атап кеткен Эдмунд Спенсердің (ш. 1552-1599) шығармашылығы үлкен табыстар мен зор жетістікке жетеді. Лондондық қарапайым тігіншінің отбасында дүниеге келген ол өзінің ана сүтімен дарыған табиғи таланты мен дарыны арқылы биік шыңдарға да жетеді. Ол өзінің замандастарына қарағанда әуел бастан «жаңа тұлға» еді.
Филипп Сидней (1554-1586) білімді гуманист, мемлекет қызметкері, жауынгер, сол дәуірдегі ұлы тұлға болған. Оның ақын және теоретик ретінде жазған еңбектері ағылшын әдебиетінің дамуына айтарлықтай әсер еткен. Ол ағылшын поэзиясының алғашқы теоретигі болған. Оның 1580 ж. жазылып, ақынның өлімінен кейін 1595 ж. жарық көрген «Поэзияны қорғау» атты еңбегі тек поэзияда ғана емес, сонымен қатар жалпы әдебиет саласында да ең құнды шығарма болып есептелінеді. Сидней халық дәстүрлері мен жоғарғы шеберліктің қағидаларына сүйене отырып, жаңа дәуірге тән поэзияны жан-жақты қарастырады. Ол ақын ретінде «Аркадия» романы (1590) мен «Атрофель мен Стелла» (1591) жинағының құрамына кірген сонеттер мен махаббат өлеңдерінің жаңа үлгілерін жазады. Оның бұл шығармалары ағылшын әдебиеті тарихындағы жаңа кезеңнің басталуына негіз болған.
Спенсер өмір сүрген ХYІ ғ. 80-90 жылдары Англияда сапасы мен саны жағынан поэтикалық төңкерістер толқыны болады. Англия поэзиясы шарықтау шегіне жетеді.
Лирикалық ақындардың қатарына Шекспир де жатады. Шекспир сонеттері43 өз заманындағы жаңа батыл қадам, әлем лирикасының биік шыңы болған. Шыншыл әрі психолог болған Шекспир өз замынын баса озып, әлем әдебиетінің дамуына үлкен үлес қосқан. Шекспир көптеген сонеттер жазған. Сонет (сыңғырлау, сылдырлау деген италия сөзінен шыққан) – әр шумағы 14 тармақтан құрылатын өлең түрі. Тармақтар екі рет төрт-төрттен, одан соң екі рет үш-үштен топтасады. Оның 154 сонеттен тұратын жинағы сақталған. Бұл жинақ ақынның алғашқы, оның көзі тірі кезінде жарық көрген жинағы болып табылады. Кітапқа кірген 126 сонет ақынның досына, ал 128 қарашашты сұлуға арналған. Зерттеушілердің ойынша, Шекспирдің досы ретінде шығатын бейне – граф Саутгемптон, ал қарашашты сұлудың кім екені белгісіз, оның аты тарихта сақталмаған. Сонеттерді бірнеше циклға бөлуге болады. Олардың тақырыптары – достық, сүйіспеншілік, қызғаныш, тағдыр туралы толғау. Сонеттерінде ақын достықты, сұлулықты, махаббатты мадақтап, бақытсыз махаббат пен әлеуметтік, философиялық мәселелерді сөз етеді. Оның сонеттері өзінің философиялық тереңдігі жағынан «Гамлет», «Ромео мен Джульетта», «Дауыл» пьесаларынан кем түспейді.
Сонеттер - Шекспирдің артында қалған жалғыз ғана лирикалық мұрасы. Өзінің драмаларында өз кейіпкерлерімен бірге, біте қайнап кеткенімен, бірде-бір пьесасында өзі туралы ашып ешнәрсе айтылмаған. Ал сонеттерінде өзі, өзінің көңіл күйі, ішкі жандүниесі, қуаныш-реніштері туралы айтып ағынан жарылады. Шекспир өмірін зерттеушілердің де оның сонеттеріне көбірек үңілетіні осыған байланысты.
Қала мәдениетінің гүлденуіне байланысты негізі ертеден бастау алатын түрлі театрланған ойындар мен көріністер дами бастайды. Қала өміріндегі маңызды тарихи оқиғаларға байланысты ұйымдастырылған ойындар халық арасында кең тарай бастайды. ХІY-ХY ғ. ерте ортағасырлық діни жанр миракль (латын тілінен miraculum - таңғажайып) жанрының әлсіреп, мистериялар дами түсіп, кейін бұл жанрлардың орнына моралите (танымдық драмалық көрініс) келе бастайды. Мистерия, әдетте бірнеше күнге жалғасып, жүздеген орындаушыларды қамтыған.
ХYІ ғ. екінші жартысында, дәлірек айтқанда, 1570 жылдан Англияда театр мен драматургияның қарқынды даму кезеңі болады. «Гамлетте» көрсетілгендей ағылшын театры бастапқы кезде кезбе әртістер тобы арқылы қалыптасқан. Қойылымдарда кәсіпқой әртістерден басқа өнер ұйымдары мен университет студенттері де белгілі бір рөлдерде ойнаған. Театр жоғары тап өкілдерінің арасында да үлкен беделге ие болады. Италия князьдарының өзін-өзі ұстау мәнері мен олардың сарайдағы көңіл көтерер ойын-сауықтарын толық қабылдаған ағылшын сарайында үлкен шеберлік пен кәсіпқой әртістерді талап ететін кең көлемді маскарад-қойылымдар жиі орындалған. Осындай қойылымдардың әсерін күшейте түсу үшін мәтіндер қажет бола бастайды. 1561 ж. жас ғалымдар Томас Нортон мен Томас Секвил көпшіліктің алдына «Горбодук» трагедиясын қояды. Бұл трагедия ежелгі дәстүрлер мен кельттіктерден мұра болған британдық эпикалық материалдардың қосындысынан пайда болған.
ХYІ ғ. 70 жылдары ағылшын театры қарқынды дамып, қалалық жерлерде орныға бастайды. Лондонда кезбе әртістер топтары тұрақтаған түрлі театр ғимараттары пайда болады. Сол кезде Лондонда үш түрлі театр болған: жалпыға ортақ, жеке және сарай маңындағы театр. Ағылшын театрының даму жолында да көптеген кедергілер кездеседі. Себебі театр буржуазия мен монархияның қақтығысу алаңы болып, сонымен қатар театрды жоғарыдан басқарып отырған король билігі де түрлі сылтауларды желеу етіп, пьесаларды қоюға рұқсат бермей, тіпті театрлардың жұмысын тоқтатып та отырған. Ағылшын театры мен драматургиясының дамуында Томас Кидтің (ш. 1558-1594) 1587-1600 жылдарға дейін Лондон сахнасынан түспеген «Испан трагедиясының» алатын орны зор.
Театр мен драматургияның зор қарқынмен дамуы Шекспир секілді аса дарынды, біртуар азаматтың сахна төрінде пайда болуына ықпал жасайды. ХYІ-ХYІІ ғ. Шекспир шығармашылығы қалыптасады. Шекспир - қарапайым халық арасынан шыққан дарынды тұлға, орта деңгейлі мектепті бітірсе де, өз қаламынан туған туындылары мен асқан шеберлігінің, бойындағы талантының арқасында халықтың біртуар азаматы болған. Шекспирдің асқан дарындылығы оның алғашқы еңбектерінен-ақ белгілі болады. Шекспир шығармашылық ортадан өзіне демеу тауып, аз уақыттың ішінде драматургия саласында биік тұлға ретінде танылып, театрдың королі атанады.
Ағылшынның әлемге аты әйгілі драматургы әрі ақыны Уильям Шекспир 1564 ж. 23 сәуірде Эйвон өзенінің бойындағы Стратфорд деген кішкентай қалада дүниеге келген. Оның әкесі айтарлықтай ауқатты қала тұрғыны еді (саудагер болған, қала мэрі болып та сайланған). Уильям Джон Шекспирдің үшінші баласы еді, одан басқа тағы жеті баласы болған. 7 жасында Уильям ең жақсы деп есептелетін Стратфорд грамматикалық мектебінде 1671-1678 жылдары білім алып, латын және көне грек тілдерін терең меңгереді. Әкесінің кедейленуіне байланысты мектепті бітіре алмай, 16-ға толар-толмас жасында жұмыс істеуге мәжбүр болады (ет сатушының шәкірті, ауылдық мектепте репетитор т.б.). 18 жасында Уильям өзінен 8 жас үлкен Анна Хесуэй деген шаруаның қызына үйленеді.
1585-1612 ж. Лондонда әуелі театрға келушілердің атын бағушы, соңынан әртіс, режиссер, драматург болады. Лондонға келген алғашқы күндерінен-ақ Шекспир студенттермен тығыз байланыс орнатады. Оның пьсалары алғаш рет студент-жастардың күшімен қойылып, сол кезден бастап Уильям Шекспирдің барлық өмірі театрмен байланысты болады. 1590 ж. Лондондағы «Глобус» театрының актері болады. Оның драматургтық қызметі осы жылдан басталады. 1590-1600 ж. аралығындағы пьесалары оптимистік сарында болып келеді.
Өзінің «Гамлет», «Отелло», «Король Лир», «Ромео мен Джульетта» және басқа трагедияларында Шекспир қайырымдылық пен әділеттілік туралы ізгі, батыл адамдар армандарының жүзеге аспайтындығын көрсеткен. Ол күшті, ер жүрек кейіпкерлерді, олардың жоғары сезімдерін – сүйіспеншілік пен достықты, адалдық пен ерлікті мадақтайды. Шекспирдің кейіпкерлері тағдырдың әлсіз құрбандары емес, олар қиналады және күреседі, бірақ дүниені өзгертуге қабілеті жетпейді.
Жалпы алғанда, Шекспирдің шығармашылығын үш кезеңге бөліп қарастыруға болады. Бірінші кезеңге «Ромео мен Джульетта», «Юлий Цезарь» (1590-1599) секілді алғашқы туындыларын жатқызамыз; екінші кезеңге «Гамлет», «Тимон Афинский» (1600-1608) сияқты туындылары, яғни, трагедиялары жатады. Соңғы кезеңге «Боран», «Генрих YІІІ» (1609-1613) жатады.
Шекспирдің барлық трагедияларының ішіндегі ең күрделісі – «Гамлет»44. Әлем әдебиетінде ешбір шығарма мұндай әр алуан пікір туғызған емес.
Көптеген ғасырлар бойы Гамлет образы түрлі пікірлер туғызады. Ол әдебиетте әлі адамдарды толғандыратын образдардың бірі болып қала бермек.
Шекспир 1616 жылы дүниеден өтеді, алайда артынан өшпес мұра қалдырады. Қазіргі таңда Шекспир шығармашылығы әлем әдебиетінің баға жетпес мұрасы болып қала бермек.