Томас Мор - Қайта өркендеу дәуіріндегі ұлы ағылшын ойшылдарының бірі (1478-1535). Ол - бүкіл өмірін әдебиетке арнаған тұлға. Мор жас кезінде өлеңдер жазып, кейінірек түрлі комедиялар құра бастайды. 1510 ж. Мордың ең атақты шығармаларының бірі көпшілікке танымал «Утопия»42 атты туындысы жарыққа шығады.
Т. Мордың идеалды мемлекет пен қоғам туралы пікірлері әлжуаздығына, қиялдан шығарылғанына қарамастан кейінгі социалистік ілімдердің қалыптасуына әсер етеді. Оның «Утопия» шығармасы баға жетпес туындылардың бірі, мұнда оқиға барысы нақты, ақиқат пен шындыққа сүйеніп жазылған. Шығармада сол жердегі халықтың мінез-құлқы, армандары мен қиялға толы тұрмыс-тіршілігі сипатталады.
ХYІ ғ. екінші жартысындағы ағылшын мәдениеті шексіз билікті одан әрі нығайту мақсатында, феодалдық католиктік Еуропа мен оның қарсыластарының арасында болып жатқан күрестер кезінде дамиды. 1558 ж. Англия мен Испанияның арасында болған ұзақ қырғи-қабақ соғыстың нәтижесінде испан әскері жеңіліс тауып, Англия үлкен күшке ие болады. Бірақ елдегі шаруалар көтерілісі толастамайды. 1590-1600 ж. аралығында қаладағы қолөнершілер мен шаруалар бастаған көтерелістің ошағы одан әрі өрши түседі. Дәл осы уақытта зайырлы мәдениет те биік деңгейге көтеріледі. Гуманист-ғалымдардың қатары саусақпен санарлықтай болғанымен, гуманистік ойлау жүйесі осы дәуірдің үлкен жетістігі болып қала бермек.
Поэзия. Қайта өрлеу дәуіріндегі ағылшын әдебиетінің өзіндік дамуы еліктеуден бәсекелестікке көшу барысында орын алып, сол дәуір адамдары бұл құбылысты жоғары бағалай бастайды. Ертедегі ағылшын поэзиясында Чосер сияқты ұлы ақындардың шығармашылығынан қалған баға жетпес асыл мұралары болғанымен, шамамен 150 жыл бойы ағылшын әдебиеті тоқырау кезеңін бастан кешіріп, ғасырлар бойы сақаталып қалған поэзия құндылықтарынан да айырыла бастаған еді. Чосер ағылшын, италия және француз поэзияларының қағидаларын шебер үйлесімділік арқылы біріктіріп, ағылшын поэзиясында «корольдік» деп аталып кеткен жаңа ұйқас енгізеді. Осылайша, ХYІ ғ. ортасында өмір сүрген ақындардың басты мақсаты ағылшын өлең өлшемін жоғары деңгейге көтеру болған.