Франсуа Рабле. Рабленің жан-жақтылығы, білімдарлығы мен шығармаларының көркемдігі оның француз Ренессансындағы басты тұлға болуына әсер етеді. Рабле қаламы арқылы ұлы әдеби төңкеріс болып, жаңа заман романының әдеби жанры, жаңа проза дүниеге келеді. Ол ежелгі және жаңа тілдерді жетік біліп, гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарын терең меңгерген. Рабле тек дарынды ақын ғана емес, сонымен қатар дәрігер де болған, елдің қоғамдық саяси өміріне белсене араласып, елшілікте де қызмет атқарған.
1533 ж. Сорбон теологтары оның шығармаларына тыйым салады. Бұған жауап ретінде жазушы өзінің «Гаргантюа» атты келесі туындысын жарыққа шығарады. Бұл туынды Ренессансқа тән жауынгерлік рух пен утопиялық арманға толы шығарма болып табылады.
Ал «Пантагрюэль» шығармасы, ең алдымен, орта ғасырлардағы жанрлар: рыцарьлық роман, патшалар, әскербасылар жылнамасы, әулиелер өмірбаяны және схоластикалық ойлауға пародия ретінде жазылған. «Пантагрюэль» өмірді баяндау мен жылнамалар стилінде басталып, сайқы-мазаққа айналады. Ол тек жылнамаларды ғана емес, сонымен қатар киелі Жазбаларды да келеке етеді. Пантагрюэль мен Анарх патшаның уәзірлері арасындағы өзара күрес сипатталатын кітаптың соңғы тарауларына да рыцарьлық романдардың соңғы өңделген үлгілеріне пародия формасы тән.
Рабле француз әдебиеті тарихында алғаш рет классиктер Вийон мен Маролардан қалған ирония тәсілін кең қолданып, Лафонтен, Вольтер, Франс секілді жазушылардың дәстүрлі негізін қалыптастырған.
Тақырып бойынша дайындалуға арналған сұрақтар
Неміс гуманизмі мен оның басты сипаттары.
ХY ғасыр мен ХYІ ғасырдың басындағы гуманистер.
Нидерландық әдебиеттің қалыптасуы.
Франсуа Вийон шығармашылығының басты сипаттары.
ХY ғ. екінші жартысындағы француз прозасы мен драматургиясы.
Ағылшын және испан әдебиеті
ХІY ғасырдың соңына қарай Англияның қоғамдық және мәдени өмірінде озық бетбұрыстар пайда болғанымен, олар ұзақ уақыт қалыптасады. ХІY ғ. соңындағы көне және жаңа салт-дәстүрлер арасындағы күрес қоғамдық күрестің шиеленісуімен тығыз байланысты болады. Бұл жағдайларға, Уот Тайлердің көтерілісіне Джон Гауэрдың (1330-1408) латын тілінде жазылған «Айқын дауыс» атты поэмасы тікелей үндеу болған. Джон Гауэр ауқатты жер иеленушілердің отбасынан шыққан білімді, дана ақындардың бірі. Оның көлемді әрі атақты бұл поэмасы ақынның классикалық поэзиядағы салт-дәстүрлер туралы білімі мен сол замандағы көптеген маңызды мәселелердің куәсі ретінде жазылған шығарма.
Гауэр өз шығармаларында дәстүрлі формалар мен аллегорияны кеңінен қолданады, ондағы жануарлар мен құстар әлемі арқылы айналада болып жатқан түрлі қоғамдық құбылыстарды сипаттайды. Мысалы, оның шығармасындағы «кенттік қабан» көтеріліске шыққан шаруаларды білдерсе, ондағы мылжың сауысқан Уот Тайлердің өзі. Шығармадағы аллегориялық мысалдар «Түлкі туралы романды» еске түсіргенімен, онда сол кездегі ағылшын қоғамдық өміріндегі дағдарыс жағдайы суреттеледі.
Уильям Ленглендтің (ш. 1330-1400) ортағасырлық дәстүрлер негізінде жазылған «Уильямның Петр Пахар туралы түсі» атты поэмасы көтеріліске дейін жарық көріп, елдегі жаппай толқулар кезінде халық арасында кең тараған. Гауэр сияқты Ленгленд те өз шығармаларында аллегориялар мен кейінгі орта ғасырға тән басқа да поэзиялық тәсілдерді қолданады. Поэманың авторы Мальверн төбесінде ұйқыға батып, түс көреді. Осылайша, бір мезгілде ол қоғамда орын алған жағдайлардың бәрін анық көріп, шаруалардың қиын жағдайын дәл суреттейді.
Достарыңызбен бөлісу: |