Хаггард Генри Сүлеймен патшаның кеніші Орыс тілінен аударған М. Мағауин


VII тарау СҮЛЕЙМЕН ПАТША САЛҒАН ЖОЛ



Pdf көрінісі
бет8/23
Дата03.11.2022
өлшемі0,98 Mb.
#47311
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   23
VII тарау
СҮЛЕЙМЕН ПАТША САЛҒАН ЖОЛ
Үңгірден күн сəулесіне шомған қарлы далаға шыққан бетте-ақ үйіріліп
тоқтай қалдық. Сірə, əрқайсысымыз да өлікті көрген бетте соншама
қорқақтық жасағанымыз үшін қалған жұрттан қысылсақ керек.
– Мен қайта барам, – деді сэр Генри.
– Не үшін? – деп сұрады Гуд.
– Маған бір ой келді, жаңағы... жаңағы – менің інім сияқты, – деді
қатты толқыған үнмен сэр Генри.
Солай болуы əбден мүмкін еді. Шындыққа көзімізді жеткізбек үшін
бəріміз бірдей қайтадан үңгірге кірдік.
Көзіміз ашық күн мен аппақ қарға шағылысып, жарыққа үйреніп
қалған екен, кірген бетте алакөлеңке үңгір ішінен ештеңе аңдай
алмадық. Аз тұрып, қараңғыға көзіміз үйренген соң, демімізді ішімізге
тарта, жайлап басып, бейтаныс мəйіттің қасына келдік.
Сэр Генри тізерлеп отыра қап, өліктің бетіне үңіле қарады.
– Құдайға шүкір! – деді ол сəлден соң дауыстап, арқасынан ауыр жүк
түскендей қуанышты үнмен. – Бұл – Джордж емес!
Енді мен де тақап келіп, өліктің өн бойын бажайлап қарауға кірістім.
Орта жастардағы, ұзын бойлы, қошқар тұмсық, ширатыл-ған ұзын
қара мұртты, боз қырау шалған қара шашты, өте келісті адам екен.
Терісі сап-сары сірі боп кеуіп, бетіне жабыса құрысқан. Мұз боп қатып
қалған өліктің үстінде баяғыда-ақ жалба-жұлбасы шығып, шіріп түсуге
айналған жалғыз шалбардан басқа лыпа жоқ. Мойнында піл сүйегінен
оймыштап жасаған крест салбырап тұр.


– Кім болуы мүмкін мұның, а? – дедім мен таңырқап.
– Шынымен-ақ білмедіңіз бе? – деп сұрады Гуд. Мен басымды
шайқадым.
– Бұл – кəрі Хозе да Сильвестра болмағанда кім деп тұрсыз?
– Мүмкін емес! – дедім мен жан толқынысының əсерінен даусым əрең
шығып. – Ол бұдан үш жүз жыл бұрын өлді ғой!
– Таңданарлық не бар, – деді Гуд жайымен. – Мұндай қатты аязда ол
осы міз бақпаған қалпында, үш жүз емес, үш мың жыл да отыра алады.
Қақаған суықта адамның денесі бейнебір мұз боп қатырылған жаңа
зеландия қойының етіндей-ақ, ешбір бұзылмастан қиямет-машхарға
дейін сақтала береді. Ал бұл шайтан жайлағыр үңгір, өздерің де
байқаған шығарсыңдар, онша жылы емес. Ешқашан күн сəулесі
қыздырмайды. Мұнда ешбір аң жем іздеп келмейді. Қайдан келсін, аяқ
жетер төңіректе тіршілік белгісі жоқ. Сірə, дон Хозе өзінің хатында
айтатын құл осында келіп, қожасының өлігін көрген де, үстіндегі
киімін шешіп алған: мəйітті жерлеуге жалғыз өзінің шамасы жетпеген.
– Қараңдар! – деді Гуд кенет Жерге еңкейіп, бір жағы өткір етіліп
ұшталған əлдебір сүйектің сынығын алды. – Мына сүйекпен
Сильвестра өзінің картасын сызған.
Бұл жаңалыққа тебірене таңырқағанымыз сондай, бір сəт, тіпті
өзіміздің мүшкіл хəлімізді де ұмытсақ керек. Осының бəрі де бізге
ақылға сыймас ғажайып жай болып көрінді. Дем алуға да именгендей,
үнсіз кейіпте сүйектің сынығы мен кəрі португалдың мұз боп қатқан
мүрдесіне қарап қалғамыз.
– Мынаған қараңдар! – деді бір кезде сэр Генри бізге кəрі дон
Сильвестраның сол жақ қолындағы, көзге əрең шалынарлық кішкене
жараны көрсетіп. – Хатты осы арадан алынған қанмен жазған.
Өмірінде дəл осындай ғажайып іске куə болған адам бар ма екен?
Өлі дененің Хозе да Сильвестра екеніне енді ешқандай күмəн қалмады.
Басқаларды білмеймін, шынымды айтайын, менің бойым тітіркеніп
кетті.
Алдымызда бізден он ұрпақ бұрын жасаған адамның мəйіті тұр. Біз
осы адам сызып қалдырған жөн-жоба бойынша сапарға шықтық, осы


адам белгілеген жерден осы үңгірді таптық. Енді сол адам өлім
сағатында қалам орнына пайдаланған сүйектің сынығын өз қолыммен
ұстап тұрмын, сол адамның өлі денесін, өмірмен қоштасар сəтінде
мұздап, қатып бара жатқан ернімен өпкен кресін өз көзіммен көріп
тұрмын.
Өлі денеге қарап мен сол бір трагедияның ең соңғы актісін өз көзіммен
көргендей болдым: аштықтан бұралып, аяз құрсап, мойнына ажал
тұзағы ілінген жалғыз жолаушы жарық дүниемен біржола қоштасар
мезетте бойындағы ең соңғы күшін жиып, артта қалған адамдарға
ғажайып құпияның сырын жариялап кетуге талпынады. Маған, тіпті
бұл адамның түрі өзінің ұрпағы, менің бейшара досым Сильвестраға
өте ұқсас тəрізденді. Бəлки, бұл – тек менің қиялымның ғана жемісі
болар,
Қалай десеңіздер де біздің алдымызда міз бақпай қатып, сіресіп
отырған өлік – жазмыштан озып, ашылмас құпияның сырына
қаныққысы келген адамдар үшін қаһарлы ескерту іспетті еді. Арада
талай ғасыр өтер, бірақ бұл мүрде бойына ажал көлеңкесі қонақтаған
қорқынышты бейнеде, біз жүрген жолмен осы үңгірге келіп, тылсым
тыныштықты бұзған адамдардың бəрінің зəресін ұшырардай кейіпте
отыра бермек.
Суықтан қанша тоңып, аштықтан қанша бұралып тұрсақ та, бұл
көрініс бізді қатты тебірентті.
– Кетейік бұл арадан, – деді сабырлы дауыспен сэр Генри. – Жоқ, тұра
тұрыңдар. Біз оған дəл өзіндей бақытсыз жанды серік етіп қосайық,
жалғызсырамасын.
Сөйдеді де, готтентот Вентфогельдің өлі денесін көтеріп алып, кəрі
дон Хозе да Сильвестраның қасына əкеп отырғызды. Содан соң сэр
Генри оқыс қимылмен қарт португалдың мойнындағы крест асылған
жіпті тартып қалды; шіріген жіп оп-оңай үзілді. Крест те жіптен
өзінен-өзі босады, əйтпесе шешіпалып жатуға сэр Генридің əбден
жаурап, икемі қашқан саусақтарының шамасы келмес еді. Бұл кресті
сэр Генри күні бүгінге дейін сақтап жүрген болуы керек. Ал мен


сүйектің сынығынан жасалған қаламды алдым. Бұл қалам қазір менің
үстелімнің үстінде жатыр. Анда-санда, қол қойған кезде пайдаланам.
Көне ғасырдан қалған тəкаппар ақ адамды жəне өзімізге аз күн серік
болған байғұс готтентотты мəңгілік тылсым буған қарлы əлемге
мəңгілік қарауылға тастап, сыртқа шықтық та, сол бұрынғы əл
таусылған, жүйке құрыған зағип халде, күн сүйген қарлы жотамен
ілбіп, ары қарай жылжыдық. Сол сəтте əрқайсымыздың да жан
түкпірімізде біздің де дəл жаңағы екеуінің кебін киер сағатымыз алыс
емес-ау деген ой жатқаны анық еді.
Жарты мильдей жүрген соң қырқаның құлама жарқабағына жеттік.
Сонда ғана білдік, шыңның ұшар басы, яғни бөбешік шоқы бізге шөл
жақ беттен көрінгендей, таудың қақ орта тұсында емес, одан көп əрі
екен. Біз келген жақ беткей түйетайлы да, қарсы бет – құлама тəрізді.
Бірақ төңіректі таңғы қалың тұман басып жатқандықтан, төменде не
барын анық көре алмадық.
Көп ұзамай тұманның үстіңгі қабаты сейіле бастады да, біз
жарқабақтың құлама түбінде, қар біткен тұста көкпеңбек қалың шөп
басқан жасыл алаңқай барын көрдік. Шамамен бізден бес жүз ярдтай
жер. Алаңқайды қақ жарып, бұлақ ағып өтеді екен. Оны аз десеңіз,
бұлақтың жағасында күнге қыздырынып жусап, бір үйір ірі бөкен
жатыр. Саны он-он бес шамалы. Екі ара алыс болғандықтан, олардың
нақты қай тұқымға жататынын анықтай алмадық.
Бұл жануарларды көрген кезде көңілімізді қандай қуаныш кернегенін
сөзбен айтып жеткізу қиын. Өйткені бұл тамақ еді жəне мол тамақ еді.
Рас, əзір ас емес, алдымен қолға түсіру керек. Алдымызда бұл істі
қалай жүзеге асыру мəселесі тұрды.
Бөкендермен екі арадағы қашықтық – алты жүз ярдтан кем емес. Бұл –
құралайды көзге атқан мергеннің өзі үшін тым алыс жер, ал біздің
өміріміз оқтың нысанаға дару, дарымауына қарап тұрған.
Сол сəтінде-ақ не істеу керектігі жөнінде кеңесе бастадық. Бөкендерге
жасырынып жақын бару туралы ойлап жатудың өзі артық: жел біз
жақтан, иісімізді сезіп қалуы анық; оның үстіне аппақ, теп-тегіс қар
үстінде жылжып бара жатқан адамның көзге түспеуі тағы мүмкін емес.


– Қайтеміз енді, осы арадан атуға тура келеді, – деді сэр Генри. – Тек
қай винтовкадан атамыз, соны шешіп алайық. “Винчестерден” бе, əлде
“экспрестен” бе? Куатермэн, сіз қалай қарайсыз?
Бұл – ойланарлық, аса маңызды мəселе еді. Магазинді “винчестер”
(бұл винтовка бізде екеу еді: Омбопа өзінікін жəне бейшара
Вентфогельдікін көтеріп келе жатқан), мың ярдтан ұрады; ал қос
ауызды “экспрестің” қарымы – үш жүз елу-ақ ярд. “Экспреспен” бұдан
алыс жерден ату үшін үлкен тəуекел керек; екінші бір есептен алып
қарағанда, егер қосауыз тие қалса, аңды жалпасынан түсірері хақ,
өйткені жарылғыш оқпен оқталған.
Қайсысына болсын шешім қабылдау қиын. Əйткенмен мен тəуекелге
бел буып, “экспреспен” атқанымыз жөн деген тоқтамға келдім.
– Əрқайсысымыз өзіміздің қарсымыздағы бөкенді нысанаға
байлаймыз, – дедім мен. –Қос жауырыннан немесе содан сəл
жоғарырақ жерден көздеңіздер. Ал сен, Омбопа, бізге белгі бер,
барлығымыз бір мезгілде ататын болайық.
Бəріміз де үнсіз тына қалдық. Үшеуміз де мұқият сығалап, бір-бір
бөкенді нысанаға алдық; бар өмірі осы бір оққа байланысты екенін
сезінген адам дəл осылай көздер еді.
– Атыңдар! – деді кенет Омбопа зұлыс тілінде. Сол сəтінде-ақ тау-
тасты жаңғыртып қабаттаса үш мылтық бірдей атылды.
Бір мезет үш мылтықтың аузынан қатар шыққан көк түтін алдымызды
көлегейлеп, ештеңе көре алмадық. Мылтық даусы мəңгі тыныштыққа
бөленген қарлы əлемді дүр сілкіндіріп, бірден-бірге жаңғырығып,
алыстап барып əзер тынды.
Түтін сейілген кезде қарасақ, (бақытты айтсаңызшы!) бөкеннің ірі
текесі тыпырлай тулап, жерде құлап жатыр екен. Аштық азабынан
құтылдық, бəріміз де аман қалатын болдық!
Əліміз құрып, əрең тұрғанымызға қарамастан, бар даусымызбен қуана
айғайласып, қарлы беткеймен төмен қарай жүгірдік.
Арада он минут өткенде біздің алдымызда қаны сорғалап, буы
бұрқыраған жүрек пен бауыр жатты. Тағы бір қиындыққа тап
болғанымызды сол кезде ғана аңдаппыз: от жағып, тамақ пісірер


құрғақ шөпшек жоқ. Торыққан, шарасыз қалыпта бірімізге біріміз
қарадық.
– Аштан өліп бара жатқан адам күй талғамас болар, – деді Гуд. –
Шикідей жейміз.
Шынында да, біздің жағдайымызда басқа амал жоқ еді. Аштық
титығымызға жеткені, бір шайнам асқа зарыққанымыз сонша, басқа
кезде жүрек айнырлық көрінетін бұл ұсынысты бəріміз де қабыл
алдық.
Бөкеннің жүрегі мен бауырын біраз суысын деп қарға көмдік. Содан
соң бұлақтың мұздай суына жуып, қаннан арылттық та, қомағайлана
жеуге кірістік.
Қазір осы жолдарды жазып отырған кезімде мен амалсыз лоқси
жаздадым, бірақ шынын айтсам, сол сəтте мен өмірімде мұндай тəтті
тағам жеп көрмегендей болған ем.
Арада он-он бес минут өтпесте біз адам танымастай боп өзгеріп шыға
келдік: осы сөздің тура мағынасында өліден тірілгендей болдық.
Бойымызға шым-шымдап күш құйылып, əлсіреген
қантамырларымызға жан бітіп, адам кейпіне еніп қалдық. Алайда
ашқарынға тоя жеген тамақтың бас жұтуы да мүмкін екенін естен
шығармаған едік. Байқап-байқап, аз-аздап жедік, Қарынды тойғызбай,
дер кезінде тоқтадық.
– Құдайға тəуба! – деді сэр Генри даусын көтеріп. – Жануар бізді бір
өлімнен құтқарды. Айтпақшы, Куатермэн, осымыздың өзі нендей аң?
Атып өлтіргеніміз бөкен екеніне мен онша сенімді емес едім,
сондықтан орнымнан тұрып, ішек-қарны ақтарылып, теңкиіп жатқан
аңның жанына келдім де, мұқият қарап шықтым.
Үлкендігі тайыншадай бар. Жүні қалың, болар-болмас қызғылтым
жолақты, қоңырқай түсті. Мүйізі үлкен, артына қайқия біткен. Бұрын
мұндай түсті жануарды атпаған да, көрмеген де едім, бұл аң маған
мүлде беймəлім боп шықты. Кейін білдім, осы ғажайып өлкенің
тұрғындары оны “инко” деп атайды екен. Бұл – бөкеннің аса сирек
кездесетін түрлерінің бірі көрінеді; басқа ешбір аң баспайтын құзар
биікті ғана мекендейді.


Бөкеніміз қос жауырыннан тиген оқтан бірден жығылыпты.
Қайсымыздың атып түсіргенімізді айту қиын еді, əйткенмен менің
пайымдауымша, баяғыда жирафты қырымнан қағып түсірген
мергендігін əлі ұмыта қоймаған Гуд, сөз жоқ, бұл жолғы олжа да менің
арқам деп ойласа керек; əрине, біз онымен дауласып жатпадық.
Бар көңіліміз тамақ төңірегінде боп отырып, жан-жағымызға назар
аударуға мұрша келмепті. Аштық азабы басылған соң Омбопаға
бөкеннің ең қоңды жерінен ет кесіп алуды жүктеп, жол азық мəселесін
түбегейлі шештік те, қайда тұрғанымызды аңдау үшін жан-жағымызға
бажайлап қарай бастадық.
Сағат сегіз боп қалған шақ. Ауа тап-таза, мөп-мөлдір. Бізге күле қарап,
жарқырап тұрған күн сəулесі манағы бар тұманды бойына сіңіріп
алғандай. Тұман сейілген соң алдымыздан айқара ашылған ғаламат
көріністі тамашалауға көз тояр емес.
Артымызда төбемізден төніп, көкке таласқан ақ басты тау – Сау-ханша
шоқысы тұр, ал төменде, біз тұрған тұстан бес мың футтай жерде,
аумағы ондаған мильге созылған əсем табиғатты, құнарлы өлке
көрінеді. Қарсы алдымызда көк желек жамылған қырқа, белестердің
арасымен қалың орманды қақ жарып, кең арналы өзен жарқырап ағып
жатыр.
Өзеннің сол жақ қабағы – көгі мол, аумағы көз жеткісіз ұлан-асыр
жазық дала. Бұл даланың теңіздей толқыған бітік шөбіне көміле
малтып, табын-табын, үйір-үйір жануарлар жайылып жүр.
Жабайы аң ба, əлде қолда өскен мал ма – ол жағын алыстан ажырата
алмадық. Жазықтың көкжиекпен астасар тұсында биік таулардың
сұлбасы көзге шалынады.
Өзеннің оң жақ қабағы ондай биік таулардан ада екен. Анда-санда ғана
көзге шалынатын белес-белес қырқалардың арасында егіндік далалар
керіліп жатыр. Дөңгелене біткен шатыр іспеттес күркелерден құралған
елді мекендер бары байқалады.
Бейтаныс өлкенің бар көрінісі бейнебір картадағыдай көз алдымызда
тұр. Күміс жыландай иретіле жалтыраған өзен, Альпі тауларының биік


шыңдарына ұқсаған, ақ мамық қарлы бөрік киіп, салтанатты кейіпте
көкке иек артып тұрған таулар, бар өңірге нұрын төге шұғыла шашқан
алтын күн – осының бəрінен өмірдің, бақытты, дарқан өмірдің жылы
лебі еседі.
Күтпеген жерден алдымыздан шыға келген бай өлкенің өзіміз кесіп
өткен шөлден кем дегенде үш мың футтай биіктікте жатқаны жəне
таудан бас алған бар өзеннің түстіктен терістікке қарай ағатыны бізді
қатты таңырқатты. Азап, михнат үстінде өткерген ауыр саяхатымыз
кезінде біз таудың оңтүстік беткейінен бір тамшы су ізін ұшыратқан
жоқ едік, сөйтсек, солтүстік беткей жамыраған бұлақ, сарқыраған
жылғадан көрінбейді. Бұлардың көпшілігі жіптіктей созылып, елдің
терең түкпіріне қарай ағып жатқан кең арналы өзенге құятын сияқты.
Əсем көрініске сұқтана қарап ұзақ отырдық. Үнсіздікті алғаш бұзған
сэр Генри болды.
– Айтыңызшы, Куатермэн, – деді ол маған қарап. – Да Сильвестраның
картасында Сүлейменнің Даңғыл Жолы да белгіленген бе еді?
Мен осынау бір ғажайып пейзаждан көз алмаған күйімде бас изедім.
– Онда мына жаққа қараңыз! – Сэр Генри оң жақ бетті нұсқады. – Əне,
Сүлеймен Жолы!
Гуд екеуміз сэр Генри сілтеген тұсқа көз жібердік: бізден біраз жерде
иретіле созылып үлкен қара жол жатыр. Бірден байқамаған себебіміз,
жазыққа жете бергенде жол оңға қарай бұрылып, қырқалардың
арасына енеді де, көзден тасаланады екен.
Бір қызығы, сырлы жолдың ашылуы бізге титтей де əсер еткен жоқ.
Сірə, не түрлі хикметтерді көре-көре əлденеге таңырқау дейтін
сезімнен мүлде айырылсақ керек. Тіпті осындай қиян түкпірдегі жан
адам баспаған өлкеге көне рим жолдарына ұқсас үлкен тас жол қалай
пайда бола қалды деп те ойламаппыз; көргеніміздің бəрін əдепкі,
табиғи нəрсе есебінде қабылдадьіқ.
– Менің ойымша, – деді Гуд, – жол оң жақ іргемізден, өте таяу жерден
өтуге тиіс. Іздеп тауып алайық.
Бұл – ақылға қонарлық сөз еді. Бұлаққа жуынып алдық та,
бөгелместен түп көтеріле аттандық.


Қойтасты, қия алаңқайларды басып, бір мильдей жер жүрдік те, ойға
қарай төне біткен шағын шоқының басына шықтық. Жол дəл
аяғымыздың астында жатыр екен.
Бұл – жартасты қақ жарып салынған, ені кем дегенде елу футтай
келетін тамаша тас жол боп шықты. Сірə, үнемі жөнделіп тазартылып
отыратын сияқты, ескіріп, тозған, топырақ көмген сыңайы
байқалмайды.
Əуелде біз жол нақ осы арадан басталатын шығар деп ойлағамыз.
Бірақ төменге түскен кезде байқадық, жол Сау-ханша тауына қарай
өрлей бере, біз тұрған тұстан жүз қадамдай жерде шорт кесіледі екен.
Одан ары ештеңе көрінбейді, тау беткейін тегіс ретсіз үйілген
қойтастар, ойдым-ойдым қарлы алаңқайлар басқан.
– Неге бұлай болды екен, қалай ойлайсыз? – деп сұрады сэр Генри. –
Жол қайда кетті?
Неге бұлай боп кеткеніне түсінсем бұйырмасын деген қалыпта
басымды шайқадым.
– Бəрі де түсінікті! – деді Гуд. – Мен білсем, бағзы бір заманда бұл жол
тауды да асып, одан ары шөлді де кесіп өтетін болған. Бірақ уақыт оза
келе, жанартаудың атқылауы кезінде жолдың таудағы бөлігі лаваның
астында қалған, ал шөлдегі бөлігін құм көмген.
Бұл болжам шындыққа өте жақын еді. Қайткенмен де, жолдың ортан
белінен үзілуіне басқа себеп таба алмағандықтан, біз расында осылай
болар деп топшыладық.
Кідірмей жолға шықтық. Бірақ бұған дейінгі сапарымыз бен ендігі
сапарымыздың арасындағы айырмашылық қаншама десеңізші! Бұрын
биікке өрлесек, енді төмен түсіп келеміз. Бұрын аш болсақ, қазір
тоқпыз. Бұрын сүйектен өткен аяз ызғары бір жақтан, тізеден қарға
бата, шыңға тырмысқан жол азабы бір жақтан қысып, сілеміз құрып,
əрең ілбіп жүрсек, енді еңіске қарай құлдилаған тақтайдай қара
жолмен келеміз. Вентфогель байғұстың қайғылы қазасы жəне оны кəрі
да Сильвестрамен бірге тастап кеткен құбыжық үңгір туралы ауыр
естеліктер қаяу салмаса, біздің көңіл күйіміз өте көтеріңкі болған
болар еді. Тіпті мүлде беймəлім, құпия сырлы елге, бəлки, ажалдың


арандай ашылған аузына қарсы аттанып бара жатқанымыздың өзі
ұмытылғандай.
Төмен қарай құлдилаған сайын ауа жұмсарып, күн жылынып, төңірек
хош иіске бөлене берді; жаңадан жүрген əрбір миль сайын табиғат
көркі бізді бұрынғыдан əрмен сұқтандыра түсті. Ал біз жүріп келе
жатқан жолға келсек, сэр Генри бұл жол – Швейцариядағы Сен-Готард
асуы арқылы өтетін жолға өте ұқсас екен деп тапты, ал мен өмірімде
мұндай нəрсе көрмеген едім.
Жолдың жобасын сызған көне заман құрылысшыларын жол өтпек
өңірдегі ешбір бөгет, ешбір қиындық тоқтата алмапты. Бір жерде біз
ені үш жүз, тереңдігі кем дегенде жүз футтай шатқалға кеп тірелдік.
Құрылысшылар шатқалдың екі қабағын үлкен-үлкен тастармен
шегендеп бекітіпті де, астынан суағар қалдырып, алып көпір салыпты;
көпірді қақ жарып өтетін даңғыл жол əсем де асқақ кейіпте. Енді бір
жерде жол биік құзды қапталдай қашалыпты, асқарға асылып,
жыланша иретіліп жатыр. Ал үшінші бір жерде жол көлденең қырқаны
тесіп жасаған, ұзындығы үш жүз футтай үңгіртас арқылы өтеді екен.
Үңгіртастың қабырғасы барельефтен көрінбейді. Дені сауыт киіп, қос
дөңгелекті əскери арбаға мінген жауынгерлер. Барельефтердің бірі
ерекше шеберлікпен жасалған екен: алдыңғы жақта ұрыс көрінісі
бейнеленген, арыда жеңімпаздар тұтқынға түскен жауларды айдап
барады.
Сэр Генри қадым заманда жасалған осы бір үздік өнер туындысына
тамсана қарады.
– Əрине, – деді ол, – бұл жолды Сүлеймен патшаның Даңғыл Жолы
деп атауға болады. Бірақ бұл салада онша білгір болмасам да мен өз
пікірімді айтайын: сөз жоқ, бұл араға Сүлеймен заманынан көп бұрын
египеттіктер келіп кеткен. Мына жұмыстардан көне египеттік сыпат
айқын танылады.
Түске дейін-ақ талай жер ұтып тастаппыз. Таудың ой бетіндегі
орманды алапқа жеттік.
Əуелде бізге ара-тұра ұсақ шіліктер ғана ұшырасқан. Төмен
құлдилаған сайын жиілей берді, биіктей берді. Ақыры біз ен орманға
іліндік. Жол ирелеңдеп барып, қалыңға сіңеді екен.


Бір таң қалғаным, мұнда дəл Кейптаун түбіндегідей күміс түстес
жапырақты ағаштар өсетін көрінеді. Бұрын талай жерді шарлағанда
мұндай əсем ағаштарды Каптан басқа ешбір жерден ұшыратпаған едім.
– О! – деді Гуд сұлу ағаштың əсем жапырақтарына тамашалай қарап. –
Мол отынның ортасына жеттік. Келіңдер, аялдап, ас пісіріп жейік.
Манағы шикі етті менің асқазаным қорытып бітуге жақындады.
Бұл ұсынысқа ешкім де қарсылық білдірмеді. Жолдан шықтық та,
анадайда сылдырап ағып жатқан бұлақтың жағасына тоқтадық.
Қолма-қол шөмшек жинап, лаулатып от жақтық. Мана өзімізбен бірге
алып шыққан еттен үлкен-үлкен бірнеше кесек кесіп алдық та, оны
кафрларша, бұтақтардан жасалған істіктің басына шаншып, отқа
қақтай бастадық.
Үлкен тəбетпен тамақтанып, лықа тойып алған соң қалияндарымызды
темекіге толтырып, шылым шегуге кірістік. Соншама сергелдең,
соншама бейнеттен соң осы жай жатыстың өзін рақат күйге балаған
едік.
Біз аялдаған жылғаның екі өңірі алып папоротниктерге толы. Ара-
арасынан шілтердей төгілген үлпілдек, шоқ-шоқ спаржалар көрінеді.
Мөлдір су күміс күлкімен сылдырап ағып жатыр; төңірегімізде уілдеп
көгершіндер жүр, түрлі-түсті қауырсынды бейтаныс құстар ағаштан
ағашқа қонып, асылтастай жалт-жұлт етеді. Өзімізді бейнебір ұжмақ
ішіне енгендей сезіндік.
Жолда көрген барлық қиындықтар, басымызға төнген қатер артта
қалды, енді жерұйықтың өзіне жеттік деген ой, сиқырлы сұлулыққа
бөленген əсем табиғат көңілді қуанышқа толтырған. Тіліміз байланып
қалғандай, бəріміз де бақытқа мас боп, үнсіз отырмыз.
Сэр Генри мен Омбопа шəлдіріктеп ағылшын жəне зұлыс тілдерін
аралас пайдаланып, баяу үнмен сыбырласып əңгімелесіп отыр. Мен
жұпар иісті папоротник төсектің үстінде, көзімді бір ашып, бір жұмып,
рақат күй құшағында жатырмын.


Кенет арамызда Гудтың жоғын аңдадым. Төңірекке көз сап,
байқастасам, су жағасында отыр екен; үстінде жалғыз фланель жейде,
жаңа ғана шомылып шыққаны байқалады. Үнемі таза жүріп, таза
тұрып үйренген капитан жұртпен бірге дем алудың орнына, ежелден
қалыптасқан əдет жетегімен бой күтуге кірісіпті.
Алып-салмалы ақ жағасын жуып қойған екен; пиджагін, желетке мен
шалбарын да қағып, сілкіп, тазалап үлгеріпті. Бірақ саяхат үстінде
бұлардың түймесі үзіліп, ұйпа-тұйпасы шығып, бірінің ана жері
жыртылып, бірінің мына жері тесіліп, əбден сыны кеткен еді. Гуд
өзінің бір кездегі əдемі, енді адам көргісіз киімдеріне қарап, шарасыз
қалыпта басын шайқап көп тұрды. Содан соң бəрін де мұқият бүктеп,
жағаға қойды. Ендігі кезек – бəтеңкенікі екен. Алдымен
папоротниктің бұтағын алып, балшықтан арылтты. Содан соң мана
бөкеннің қоңынан сылып алған бір жапырақ маймен сылады да,
шүберекпен үйкелей бастады. Тазарып, аз-маз жөнге келді-ау деген
кезінде бəтеңкеге монокль арқылы шұқшия қарап алды да,
қанағаттанған сыңаймен аяғына киді. Мұнымен де бітпепті. Капитан
үнемі жанынан тастамайтын жол дорбасының аузын ашты да, ішінен
бір жақ беті жалпақ тарақ боп келетін кішкене айнасын алып, өзінің
бет-аузына қарай бастады. Сірə, өз түріне көңілі толмаса керек, көп
бөгелмей, шашын тарап, сəнденуге кірісті. Сосын айнаға тағы бір
қарады да, кейісті жүзбен талай күннен бері қырылмай, əбден өсіп
кеткен сақалды иегін умаждай бастады.
“Жоқ! – деп ойладым мен. – Жоқ, мүмкін емес! Шынымен-ақ
қырынғалы жатыр ма?”
Күмəнім шындыққа айналды. Гуд жаңа ғаңа бəтеңкесін сылаған бір
жапырақ майды алып, суға жуып, кірден əбден тазартты. Кішкене
қапшығын қайтадан ақтарып, ішінен жұрт əдетте теңіз саяхаты кезінде
пайдаланатын қауіпсіз ұстарасын тауып алды. Содан соң иегі мен бетін
мұқият майлады да, сақал алуға кірісті.
Ерапайсыз өсіп кеткен сақалды мұндай əдіспен қыру оңай болмаса
керек, Гуд аһілеп-уһілеп, əрең қырынып жатты. Мен болсам оның жоқ
жерден жанын қинағанына, дүрдиген қалың сақалын сəніне келтіріп
қыра алмай, соншама машақат шеккеніне қарап, шегім қатып күлдім.


Ақыры бір алған жерін əлденеше рет қырғыштап, оң жақ бетін
тазартты-ау. Дəл сол сəтте əлдененің жарқ етіп, Гудтің басынан асып
жоғалғанын көзім шалып қалды.
Гуд сықпырта балағат айтып, атып тұрды (менің ойымша, егер осы
сəтте қапитанның қолында кəдімгі ұстара болса, ол өзін-өзі тамақтан
орып алатын еді). Ешкімді балағат-тамағаныммен, мен де орнымнан
ұшып тұрдым.
Менен жиырма, ал Гудтен он қадамдай ғана жерде бір топ адам пайда
болып қалыпты. Тегіс еңгезердей ұзын бойлы, жез тəрізді қоңырқай
қызғылтым өңді. Кейбіреулері басына қымбат қара қауырсындардан
жасалған əсем де биік айдар қадап, иықтарына қабылан терісінен
тігілген жақы жамылған. Дəл сол сəтте менің бар аңдағаным осы-ақ
еді.
Ең алдында жасы он жетілер шамасындағы бала жігіт тұр; көне
заманғы диска лақтырушының мүсіні іспеттес, қолы жоғары
көтерілген қалпында. Жаңа ғана капитанның басынан асып, жарқ етіп
жоғалған нəрсе – осы жігіт лақтырған қанжар боп шықты.
Сол сəтінде топтан, қимыл-қозғалысына қарағанда əскери адам болса
керек, тəкаппар кейіпті, қартаң кісі шықты да, қолынан ұстай алып,
жігітке бірдеңе деді. Содан соң бəрі бізге қарай жүрді.
Сэр Генри, Гуд, Омбопа, бəріміз бірдей мылтыққа жармасқан едік;
қаруларымызды жоғары көтеріп, “тоқтаңдар!” деген кейіпте айбат
шегіп тұрмыз. Бірақ түземдіктер бұған, тіпті ешқандай назар аударған
да жоқ, жайлап бері қарай жүріп келеді.
Мен бұлардың отпен атылатын қару жайынан мүлде бейхабар адамдар
екенін бірден аңдадым. Əйтпесе, төніп тұрған мылтықты елемеу
мүмкін бе.
– Қаруларыңды тастаңдар! – деген əмір бердім өзімнің серіктеріме.
Өзіміздің бұл елге бейбіт келгенімізге түземдіктердің көзін жеткізу,
сөйтіп, олардың сеніміне ие болу керегін аңдағам. Жан сақтаудың
жалғыз жолы осы.


Жолдастарым қолма-қол айтқанымды орындады; мен алға шықтым да,
жаңа ғана жас жігітті одан арғы оқыс қимылдан тоқтатқан қарт
жауынгерге сəлем бердім.
– Сəлем сізге!
Бейтаныс адамға қай тілде сөйлеу керегін білмесем де, зұлысша
амандастым.
Бір таң қалғаным, қарт жауынгер менің не айтқанымды қалтқысыз
түсінді.
– Сəлем! – деді ол да.
Рас, ол зұлыс тілінде амандасқан жоқ. Бірақ айтқан сөзінің зұлыс
тіліне жақындығы сонша, біз Омбопа екеуміз бірден ұқтық.
Кейін білдік, бұл кісілер көне зұлыс тілінде сөйлейді екен. Көне зұлыс
тілі мен қазіргі зұлыс тілінің арасындағы айырма Чосердің1 тілі мен
XIX ғасырдағы ағылшын тілінің арасындағы айырма шамалас.
– Қайдан келдіңдер? – деді қарт жауынгер бізге қарап. – Кімсіңдер?
Сендердің үшеулеріңнің бетің аппақ болуы қалай? – Содан соң
Омбопаны нұсқады. – Ал ана төртін-шілеріңнің түрі неге біздің елдің
əйелдерінен туған ұлдар сияқты?
Мен өзіміздің зұлысқа қарадым, шалдың сөзі қисынды еді. Омбопаның
ұзын бойы, зор денесі ғана емес, бүкіл түр-тұлғасы, бет-бейнесі мына
түземдіктерге ұқсас көрінді. Бірақ дəл сол сəтте бұл туралы бажайлап
ойланып жатарлық мұрша болып па.
– Біз шет жерлік адамдармыз, сіздің елге достық көңіл, бейбіт ниетпен
келдік, – дедім мен, сөзімді жақсы ұқсын деген оймен, барынша баяу
сөйлеп. – Ал мына кісі, – дедім сосын Омбопаны көрсетіп, – біздің
қызметшіміз.
– Жалған айтасың! – деді қарт жауынгер. – Ешбір пенде таудан асып
өте алмақ емес. Ешбір жан иесі бұл жақтан келмек емес. Əйткенмен
өтірік айт, айтпа – бəрібір. Ешбір шет жерлік адамның Кукуанстанға
келуге хақысы жоқ. Сендердің бəрің де өлуге тиістісіңдер. Корольдің
əмірі солай. Ажалға əзірленіңдер, о, жат жерлік адамдар!


Шынымды айтайын, бұл сөздер мені қатты абдыратты. Алдымызда
тұрған түземдіктер бөгелместен белдеріне байланған, селебе сияқты
үлкен, ауыр пышақтарына қол салған кезде, тіпті зəрем зəр түбіне
кетсе керек.
– Не айтып тұр мына кəрі маймыл? – деп сұрады Гуд.
– Қазір бəрімізді өлтірмек, – дедім мен түнеріңкі кейіпте.
– О, жаббар ием! – деді Гуд аһ ұрып. Өзінің əлденеге қатты толқыған
кезіндегі əдетінше қолын аузына апарып, үстіңгі қатардағы салмалы
тістерін суырып алды. Содан соң онысын қайтадан орнына салды да,
тістерін тілімен жөндеп, таңдайын қақты.
Бұл өте сəтті жасалған қимыл тəкаппар кукуандарға қатты əсер етті.
Бəрі бірдей зəресі ұша шулап, жапырыла кейін шегінді.
– Не бұл? Не боп қалды? – деп сұрадым мен сэр Генриден.
– Мыналар Гудтың тісінен шошып кетті! – деді сэр Генри даусы
дірілдей сыбырлап. – Гудтың тісін суырып алғанынан қорықты.
Алыңыз, Гуд, тағы да алыңыз, тісіңізді түгел алыңыз.
Капитан сэр Генридің сөзін қалт жібермей, сол сəтінде-ақ қолын лып
еткізіп аузына апарды. Астыңғы, үстіңгі екі қатар тіс бірдей фланель
көйлектің жеңі ішінде кете барды.
Келер мезетте бойларындағы үрейді əуестік сезімі жеңген түземдіктер
сақтықпен, жайлап басып, қайтадан бері қарай жылжыды. Сірə, жаңа
ғана бізді қорқыратып бауыздамақ болғандарын ұмытып кетсе керек.
– Айтыңдаршы бізге, о жат жерліктер! – деді қарт жауынгер
таңырқауға толы салтанатты əуезбен, үстіне жалаң жейде киіп, манағы
жарты беті қырылған, жарты беті сақалды қалпында тұрған Гудты
көрсетіп. – Бұл қалай? Кеудесіне киім киген, ал аяғы жалаңаш, ақ
бетінің бір жағына сақал өсіп, екінші жағына қылтанақ шықпаған, бір
көзінің үстінде жалтыраған жып-жылтыр тағы бір көзі бар мына жуан
мырзаның аузындағы тіс түбірімен қопарылып қалай алынады, сол
қалпында қалай өз орнына барып қайтадан орнай қалады?


– Аузыңызды ашыңыз! – дедім мен сыбырлап Гудқа. Капитан аузын
ашты да, кəрі джентльменге қарап, бейнебір ырылдап тұрған итше, екі
езуін екі құлағына жеткізе ырсиды. Бір тіс жоқ қып-қызыл иектерін
қайшылап қояды.
Түземдіктер тегіс таңырқап, шегін тартты.
– Тісі қайда кетті? – десті бойларын қорқыныш билеп. – Жаңа ғана өз
көзімізбен көріп едік қой!
Гуд жабайылардан жиіркенген кейіпте мойнын бұра бере, қолымен
бет-аузын сипап өтті.
Содан соң көпшілікке қайта қарап, аузын ашты – о ғажап! –
түземдіктер тағы да екі қатар боп, маржандай тізіліп тұрған тістерді
көрді.
Міне, осы кезде мана Гудқа пышақ лақтырған бала жігіт зəресі ұшып,
бақырған қалпы шөкелеп жата кетті. Ал кəрі джентльменге келсек,
қорқыныштан ол кісінің де тізесі дірілдеп тұр еді.
– Енді көзім жетті, сендер не аруақ, не періштесіңдер! – деді ол тұтыға
күбірлеп. – Анадан шырылдап туған ешбір тірі пенденің жарты
сақалы, дөп-дөңгелек жылтыр көзі жəне жылжымалы тісі болмайды.
О, кешіріңдер, кеше көріңдер ұлық мəртебелі əміршілерім!
Бұл сөздерді естігенде қаншалық қуанғанымды айтып жатудың өзі
артық. Əрине, істің бұл сəтті беталысын қолма-қол пайдалана қойдым.
Мүсіркеген түрмен жымиып алдым да, даусымды қатайтып, асқақ
үнмен сөйлеп кеттім.
– Өтініштеріңе орай, сендерге кешірім жасауға əзірміз. Енді
шындықтың өзін біліп қойыңдар: түр-тұлғамыз сырттай сендерге
ұқсас болғанымен, біз ерекше жаратылған жандармыз. Басқа бір
əлемнен, жеті қат көктің ар жағынан келдік. Сендердің жерлеріңнің
үстінен жарқырап тұратын ең үлкен, ең жарық жұлдыздан түстік.
– О! О! – десті түземдіктер жамырай таңырқасып. Халқымды кешірген
мейірбан да тəкаппар кейіпте жымиып


алып, сөзімді одан ары жалғастырдым.
– Иə, біз жұлдыздардан келдік. – Өз өтірігіме өзім таңырқай бастаған
сияқтымын. – Біз сендердің елдеріңе қонақ болып халыққа
шапағатымызды тигізу үшін жерге түстік. Көріп тұрсыңдар ғой,
достарым, осында келер алдында мен сендердің тілдеріңе дейін
үйреніп алдым.
– Иə, дəл солай! – деді түземдіктер шуласып.
– Иə, айна қатесі жоқ! – десті.
– О, əмірші ием! – деді кəрі джентльмен менің сөзімді бөліп. – Оның
рас, бірақ тым нашар үйреніпсің!
Ыза болғаным соншалық, тапап жіберердей ашулы жүзбен қарап ем,
ол зəресі ұшып, жым болды.
– Ал енді, достарым, – дедім мен сөзімді сабақтап. – Ізгі ниетпен
осыншама ұзақ жол жүріп, ел шетіне жеткен кезде бізді жаулықпен
қарсы алдыңдар, бұл үшін біз сендерден қарымта қайтарады деп
ойлауларың мүмкін; жылжымалы тісі бар қасиетті адамға қанжар
лақтыруға батылы барған басбұзарды өлім жазасына...
– Кеше көріңдер оны, əмірші иелерім! – деді қария жалбарынған
үнмен менің сөзімді бөліп. – Бұл – біздің короліміздің жалғыз ұлы, ал
мен корольдің інісімін. Алда-жалда бұл бала бірдеңеге ұшырай қалса,
корольдің бар қаһары маған түседі, өйткені бала үшін жауапкер –
менмін, оның қанын өз қаныммен ғана жуа алам.
– Бұған зəредей күмəның болмасын, – деді бала ызбарлы үнмен, əрбір
сөзін шегелей сөйлеп.
– Бəлки, сендер кек қайыруға біздің шамамыз келмейді деп ойлайтын
шығарсыңдар, – дедім мен балаға да, оның сөзіне де ешқандай назар
аудармастан: – Онда қазір біздің күш-құдіретімізге көздеріңіз жетеді. –
Əй, құлақ кесті құл, салпаң құлақ ит! – дедім Омбопаға қарап,
мейлінше ашулы кейіпте, үніме шамам келгенше айбар бере сөйлеп. –
Сөйлей білетін сиқырлы түтікті əкел бермен! – Жұртқа аңдатпай
көзімді қысып, өзімнің “Экспресс” винтовкамды нұсқадым.
Омбопа менің ойымды жазбай ұқты. Өмірімде тұңғыш рет мен оның
тəкаппар жүзінен күлкіге ұқсас бірдеңе аңдағандай едім.
Қолыма мылтықты əкеп берді.


– Мінекиіңіз, о, əміршілердің əміршісі! – деді басы жерге жеткенше
иіліп.
Жаңа бізден жетпіс ярдтай жерде, жартастың басында тұрған
кішкентай бөкенді көзім шалып қалған еді, енді соны атып түсірмек
болдым.
– Анау аңды көрдіңдер ме? – дедім түземдіктерге бөкенді нұсқап. –
Əйелден туған пенде сол бөкенді құр айқаймен өлтіре ала ма?
– Бұл – мүмкін емес нəрсе, əміршім, – деді қария.
– Алайда мен өлтірем, – дедім салмақты, маңғаз үнмен. Қарт жауынгер
жымиып күлді.
– Олай ету, əміршім, тіпті сендей құдіретті жанның да қолынан
келмейді.
Мен мылтықты кезеніп, бөкенді нысанаға алдым. Бөкен өте кішкентай
еді, аралық əжептəуір жер, сондықтан мүлт кету оп-оңай. Бірақ
қайткенде де дəл тигізуге тиіспін.
Мұқият көздеп, демімді ішіме тарттым да, жайымен шүріппені
бастым.
Тарс! – мылтықтың құлақ жарған үні естілді, іле бөкен де көкке
шапши бере ұшып түсті. Зəрелері ұшқан түземдіктер шу етті де, тына
қалды.
– Егер ет керек болса, – дедім мен салдыр-салқам үнмен, – бөкенді
алып келіңдер.
Қарт берген белгі бойынша түземдіктердің бірі жартасқа қарай
жүгірді. Сəлден соң өлген бөкенді арқалап, ентіге басып оралды.
Оқтың дəл өзім көздеген жерге, жауырынның үстінен тигеніне
əжептəуір масаттанып қалдым. Байғұс жануардың өлі денесін қоршап
алған түземдіктер тылсым үрей буған, естері шыққан қалыпта оқ тесіп
өткен жараның орнын көріп жатыр.
– Көрдіңдер ғой, – дедім оларға қарап. – Мен албаты сөйлемеймін.
Ешқайсысы да тіл қатып жауап бермеді.
– Əйткенмен біздің құдірет, күшіміздің қаншалық екеніне əлі де
күмəндарың болса, – дедім мен сөзімді одан ары жалғастырып, –


біреуің барып, ана жартастың басына шығып тұрыңдар. Мен сол
сəтінде-ақ оны бөкеннің соңынан аттандырам.
Бірақ ешкім тіленіп шыға қоймады. Бəрі де тым-тырыс бола қалды.
Тыныштықты корольдің ұлы бұзды.
– Тыңдашы, аға! – деді ол. – Қатты өтінем, бар да жартасқа шығып
тұршы. Аңға дарыған сиқыр адамға дарымаса керек.
Алайда кəрі джентльменге баланың бұл ұсынысы онша ұнай қойған
жоқ. Ол тіпті ренжіп қалды.
– Жоқ! Жоқ! – деді шошына дауыстап. – Менің кəрі көзімнің осы
көргені де жеткілікті. – Содан соң нөкерлеріне қарап сөйледі. – Бұл
кісілер – сиқыршылар. Бұларды енді корольге апару керек. Ал егер
іштеріңде жат жерден келген əміршілердің сиқырының күшін өз
денесімен сезінгісі келетін
адам бар болса, ана жартастың басына шығып тұрсын. Содан соң мына
сиқырлы түтікпен тілдесе жатар.
Бірақ кукуандардың арасынан сиқырлы түтіктің даусын естігісі келетін
адам табыла қоймады.
– Өзіңнің сиқырлы күшіңді біздің арам денемізге жұмсап қайтесің, –
деді ақырында түземдіктердің бірі. – Осы көргеніміз де жетерлік.
Біздің барлық дуагерлеріміз жиналса, осының көлеңкесіне татырлық
ештеңе жасай алмайды.
– Ақиқатын айтып тұрсың, – деді арқасынан ауыр жүк түскендей бойы
жеңілейіп қалған кəрі джентльмен. – Шынында да солай! Тыңдаңдар,
жай отын ойыншық етіп ойнайтын, қаһары түскен кісіні қиянда тұрып
жер қаптыра алатын жұлдыз елінің ұлдары! Менің атым – Инфадус,
кукуандардың бұрынғы королі Кафаның ұлы Инфадус. Ал мына жігіт
– Скрагга.
– Бұл Скрагга мені о дүниеге аттандыра жаздады, – деді Гуд
сыбырлап1.
– Скрагга, – деді Инфадус салтанатты үнмен сөзін одан ары сабақтап,
– Тваланың баласы. Ал ол – ұлы король, кукуан елінің əміршісі жəне
иесі, мың əйелдің серкесі, Ұлы Жолдың қожасы, дұшпанға құбыжық,


барлық тылсым күштің сырына қанық дана, жүз мың əскерге көсем
Жалғыз көз Твала, Қара Твала, Қаһарлы Твала!
– Онда, – дедім мен, бұрынғыдан əрмен ірілік көрсете сөйлеп, – бізді
Твалаға жеткіз. Оның нөкерлерімен, қызметшілерімен сөйлескіміз
келмейді.
– Не тілесеңдер де орындалады, əміршілерім! Біз сендерді корольге
бастап апарамыз. Бірақ жол ұзақ. Біз мұнда аңшылық құрып келген
едік. Ал король астанасы бұл арадан үш күндік жол. Сабыр етіңдер,
əміршілеріміз, үш күннен соң ұлы Тваланы да көресіңдер.
– Жақсы, – дедім немқұрайды үнмен. – Біз уақыт кеспейміз жəне
ешқашан асықпаймыз, өйткені біз ешқашан өлмейтін, мəңгі жасайтын
жандармыз. Ал жолға əзірміз. Аттанайық. Бірақ айтқан сөзімді ұғып
ал, Инфадус, сен де тыңда, Скрагга! Бізді алдаймын деп ойламаңдар!
Ор қазып əуреленбеңдер! Сендердің торғайдың миындай миларың
жамандық ойлап, оны жүзеге асырғанға дейін жандарың жаһаннамға
кетеді, өйткені адамның не ойлап тұрғанын білетін сиқырлы күш бар
бізде! Жалаң балтырлы, жарты сақалды жанның жалтыр көзінен
шыққан сəуле ондай арамза адамды сол тұрған орнында сеспей
қатырады, ел-жұртыңа арылмас ылаң əкеледі. Оның жылжымалы
тістері аузынан атқып шығып, сендерді тегіс тамақтап өлтіреді,
өздеріңді ғана емес, бүкіл бала-шаға, қатын-қалаш ағайын-
туғандарыңды тегіс жалмап жейді, ал сиқырлы түтіктер сендердің
денелеріңді шұрқ-шұрқ етіп тесіп, сау-тамтықтарыңды қалдырмайды,
тегіс харап боласыңдар!
Менің бұл шабытты сөздерім көпшілікке қатты əсер етті. Рас,
осыншама сөйлемесем де болатын еді: жаңа достарымыз онсыз да
зəрелері ұшып, біздің сиқырлы күшімізге бас ұрып, тегіс қалтырап
тұрған.
Қарт жауынгер біздің алдымызда басы жерге жеткенше иілді.
– Куум! – дейді жалбарынышты үнмен.
– Кейін білдім, бұл – зұлыстардың “байэтэ” деген сөзіне мағыналас,
тек корольге жəне король отбасына ғана арнай айтылатын сəлем екен.


Содан соң Инфадус өз адамдарына қарап бірдеңе деді. Сол мезетте-ақ
нөкерлер біздің барлық дүние-мүлкімізді қолдарына алды. Тек ұстап
көрудің өзінен қорқатын мылтықтарға ғана тимеді. Оқушымның есінде
болар, Гуд мана бар киімін мұқият бүктеп, судың жағасына жинап
қойған еді ғой, түземдіктердің бірі соларды да құшақтап алыпты.
Мұны көре салысымен капитан өзінің киімдеріне жармасты. Бірақ
түземдіктер бұған көне қоймады.
– Жалтыр көзді əміршім өзінің киімдеріне тимесе екен, – деді
Инфадус. – Иесінің мүлкін көтеру – құлдарының ісі.
– Ойбай-ау, мен шалбарымды кимеймін бе! – деді Гуд бақырып,
ағылшын тілінде.
Омбопа бұл сөздерді жұртқа тəржімалап берді.
– О, тақсыр! – деді Инфадус тебірене дауыстап. – Шынымен-ақ өзіңнің
сүйріктей сұлу, аппақ аяғыңды көнбіс құлдарыңның көзінен
тасаламақпысың? (Қылаңдау болғанымен, Гудтің денесі аппақ еді).
Мұншама тарылып, қаһарың түсердей не жазып едік, əмірші ием?
Айран-асыр болған Гудтың түріне қарап, күлкіден шегім қатты. Бұл екі
ортада түземдіктердің бірі Гудтың бар киімін алып, тайып отырды.
– Қарғыс атқыр! – деді Гуд ашуы терісіне сыймай. – Ана қара шайтан
менің шалбарымды алып кетті.
– Тыңдаңыз, Гуд! – деді сэр Генри. – Сіз бұл елдің табалдырығын
алғаш аттағанда белгілі бір рольде болдыңыз, енді соны аяғына дейін
ойнап шығуыңыз қажет. Осы елдің шегінен кеткенше шалбар кие
алмайсыз. Бұдан былай жалаң жейде, жалғыз бəтеңке жəне
монокльмен ғана жүріп, бой түзейтін боласыз.
– Иə, – дедім мен бұл сөздерді қостап. – Жəне жарты сақалмен. Ендігі
жерде кукуандардың алдында басқадай бейнеде көрінсеңіз, олар біздің
бəрімізді де алдамшы екен дейді. Сізге жаным ашиды-ақ, бірақ не
шара, үнемі осындай кейіпте жүруге тиіссіз. Мен қалжыңдап тұр деп
ойламаңыз, Гуд. Бізде басқа амал жоқ. Егер олардың көңілінде сəл-пəл
күмəн туса бітті – біздің өміріміз көк тиын күрешке татымай қалады.
– Сіздер шынымен-ақ осылай ойлаймысыздар ? – деді түнеріп кеткен
Гуд.


– Əрине! – дедім мен. – Сіздің “сүйріктей сұлу, аппақ аяқтарыңыз” бен
монокліңіздің арқасында ғана жан сақтай аламыз. Сэр Генридің рольді
аяғына дейін ойнаңыз деп айтуы тегін емес. Көнуге тура келеді. Қайта,
бəтеңкені киіп үлгергеніңіз үшін құдайға тəуба айтыңыз. Бұл жақтың
жылылығына шүкіршілік етіңіз.
Гуд ауыр күрсінді де қойды, тіс жарып үндемеді. Өзінің ерекше
киінісіне арада екі жетідей уақыт өткенде əрең үйренген еді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   23




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет