Әдебиеттер
1. «Аңыз адам» №23 (59) желтоқсан 2012 жыл
2. Аманжолов А. С. История и теория древнетюркского письма. Алматы, 2002.
3. Батманов И. А. Язык енисейских памятников древнетюркской письменности. Фрунзе, 1959.
4. Малов С. Е. Памятники древнетюркской письменности. М.; Ленинград, 1951.
КЛАССИК ЖАЗУШЫЛАР ТУЫНДЫЛАРЫНДА
АНА БЕЙНЕСІНІҢ БЕРІЛУ ЕРЕКШЕЛІГІ
Мансурова Эльнара
Абай атындағы ҚазҰПУ,
Ғылыми жетекшісі: Асқарова Гауһар, ф.ғ.к.
Ана бейнесі – нұрлы, биік тұлға. Аналар тұлғасын кең көлемде, көп байланыстармен танытып, көркемдік жинақтаулары мықты қандай шығармаларды атай алар едіңіз? деген сұраққа мен ойланбастан, қазақ әдебиеті тарихының алтын қорынан ойып орын алатын Ғ.Мүсреповтің шығармашылығындағы ана жайлы жазылған әңгімелерін айтар едім. Ғ.Мүсіреповтың ана туралы жазылған әңгімелері талай зерттеу еңбектеріне нысан болары сөзсіз. Себебі, әрбір қаламгердің өзіндік стильдік өрнектері, өздері сүйіп қолданатын тәсілдері, жазу машығы болады. Қаламгер сонысымен дара, сонысымен ерекше, сонысымен өзгеше.
Ал мұндай даралық Ғ.Мүсірепов шығармашылығының алтын қазығы. Жазушының ана туралы әңгімелерінде қазіргі уақытта да өзінің мазмұндылығын, маңыздылығын жоймаған, қанатты сөздер мол кездеседі. «Мақтасақ – әйелді мақтайық та, құрметтейік те әйелді. Әйел – ана, барлық қиындықты жеңетін сарқылмайтын күш, көзді бұлақ емес пе!» [1, 145]. «Күнсіз гүл өспейді. Сүюсіз бақыт жоқ. Әйелсіз сүю жоқ. Анасыз ақын да болмайды, батыр да болмайды» [1, 151]. Жазушы әңгімелерінен осындай қанатты сөздерді молынан кездестіруге болады.
Ғ.Мүсіреповтің аналар тақырыбына арналған әңгімелері жайлы академик Серік Қирабаев: «Жазушының ана туралы әңгімелері осы дәуірдегі үлкен жаңалық болып табылады. Оларда Ғабит М. Горькийдің әсерімен, ананы ардақтау, ананы қадірлеу идеясын көтеріп, оны романтикалық пафоспен жырлай білді. Ол Горькийден «Өлімді жеңген ана», «Адамның анасы» әңгімелерін еркін аударып, қазақ өмірінің шындығы негізінде «Ананың арашасы», «Ашынған ана», «Ананың анасы» тәрізді әңгімелер жазды. Бұлардың қай-қайсысы болсын, өмір иесі – ананың парасатын, күш-қайратын, асқақ сезімін паш етті» деп өте орынды тұжырым жасайды [2].
Жазушы асқақ ана бейнелерін қиын тартыстар үстінде көрсете отырып, қоғамдағы алатын орнын, рухтарының мықтылығы мен анаға тән тамаша қасиеттерін қызғылықты оқиғалар үстінде әсем бейнелейді. Мысалы, «Ананың арашасындағы» Нағиманы алайық. Өз басына қауіп төніп тұрғанына қарамастан, жаралы болып жатқан қызыл әскерді жау қолына түсірмей, алып шығады. Өз баласы болса бір сәрі, бөтен әскер. Бөтен болса да халықтың азаттығы үшін күресіп жүрген боздақ екендігін сезіне отырып, азаматты аман алып қалу үшін өзі де басын бәйгеге тігеді.
Бұл шығармаларда адамның асқақ рухын көрсетумен бірге лапылдаған романтизм нышандары да бар. Оқиғалардың өтетін ортасы, қатысушы кейіпкерлердің болмысындағы ерекшеліктер, жағдайдың күрделілігі, бәрі тоғыса келіп, романтикалық сипатқа алып келеді. Кейіпкерлердің басынан өткен оқиғалар образ ашуға ұтымды қызмет етіп тұрған көркем әдістер. Ғ.Мүсіреповтің прозадағы шығармашылығына оның Максим Горькийдің ана туралы әңгімелерін қазақшаға аударуы соны леп әкелді. Аналар тақырыбына жазған циклдік әңгімелер шоғыры да осы жылдары жалт ете түсті. Ғабит Мүсрепов Горькийдің екі әңгімесін қазақшалады. Олар – «Адамның анасы» және «Өлімді жеңген ана» атты әңгімелері. Жазушы әңгімелерді түпнұсқадағы рухты сақтай отырып, қазақи ұғымға бейімдеп, аса көркем түрде еркін аударды. Өзі тәржімалаған шығармалардың мазмұны жазушыға қатты әсер еткені сондай, ол аналар тақырыбына арналған әңгімелер топтамасын жазды.
Атап айтқанда, олар – «Ананың анасы», «Ашынған ана», «Ананың арашасы», «Ер ана», «Ақлима» сияқты туындылары. Бұл шығармалардың қай-қайсысының да көркем әдебиеттің басты талаптарына сәйкес жазылған сәтті дүниелер екендігін әдебиеттанушы ғалымдар кезінде атап айтқан болатын. Осы шығармаларда әр қырынан алынып жазылған аналар бейнесі қазақ әдебиетінің үлкен табысы болып саналады. Әңгімелердің басты кейіпкерлері Қапия, Нағима, Ақлима қай-қайсысы да ерлік жасауға даяр тұратын ер аналар. Жазушы бұл кейіпкерлер тағдырын мейілінше қызық штрихтармен бейнелей отырып, қайсар, қайтпас рух иелері етіп көрсетеді. Бұлардың бәрі де нәзік жандылар болғанымен, рухы күшті, күрескер әйелдер.
Жастайынан орыс, шетел классикалық шығармаларын оқып, шығармашылық өсу жолында классикалық тәжірибе жинақтап өскен Ғабит Мүсіреповтің жазушылығынан бұрын аудармашылық тәжірбиесі болды. Бұл туралы өзінің естеліктерінде жазушы былай дейді: «... в юности, когда я овладев грамотой, начал читать книги, передо мной стали раскрываться картины неизвестных мне окраин, я как бы остановился очевидцем судьбы совсем неизвестных мне людей. Особенно глубокое впечатление оставили рассказы М. Горького, порою я не мог оторваться от них, и окончив чтение, начинал переводить рассказ предложение за предложением на казахский язык. Так я стал переводчиком рассказов М. Горького, а затем начал писать сам» [3]. 1933 жылы жазушы М.Горькийдің «Адамның анасы» («Рождение человека») және «Өлімді жеңген ана» («Легенда о Тимурлане») деген екі әңгімесін қазақ тіліне аудара отырып, сәл ықшамдап, кей идеясын өткірлей аша түсіп, кей ойын өзінше, сәл басқаша қорытады. Гуманист жазушы М.Горькийдің адамзат баласын дүниеге әкелген, өмірге рух себуші «Ана» туралы ой-толғамдары мен ерекше махаббаты,бағалауы Ғабит Мүсіреповқа үлкен ой салады.
Жазушының «Келді адам өмірге» деген әңгімесіне Ғабит Мүсірепов «Адамның анасы» деп ат қойып, оқырман назарын, шығарманың негізгі салмағын анаға, ананың киелі махаббатына аударады. Горькийдің «Рождение человека» әңгімесінің аудармасы («Адамның анасы») алғаш «Әдебиет майданы» журналының 1932 жылғы 11-12 сандарында жарияланды. Жазушы М.Горькийдің «Адамның анасы» («Рождение человека») әңгімесін қазақ тіліне аударғанда әйел деген затты, болашақ ана бейнесін былай суреттеп береді: «...Біреуі томпақ бет, сары орамал тартқан жас әйел, басқалары еркек. Әйел буаз, іші тегенедей төңкеріліп, алқымына тіреліп тұрған сияқты. Кәдімгі, күнінде мың көрсең бір қарамай кете беретін жұпыны адам. Нұрсыз көзі бозарып, қорыққан қояндай алайып, ұясынан шығып барады. Басындағы сары орамалы күнбағысқа ұсап, алшаң басып келе жатқанын көріп отырмын [1,5]. Ал, М.Горькийдің сипаттағанын келетін болсақ, «... Четверо мужиков и скуластая баба, молодая, беременная, с огромным вздутым к носу животом, испуганно вытаращенными глазами синевато-серого цвета. Я вижу над кустами ее голову в желтом платке, она качается, точно цветущий подсолнечник под ветром» [4,2]. Әйелді сипаттағанда жазушы өзіндік реңк, стилімен сипаттағаны көзіміз жетеді, әйелдің образын: іші тегенедей төңкеріліп; алқымына тіреліп; буаз;томпақ бет; жас әйел; нұрсыз көзі бозарып; қорыққан қояндай алайып; деген нағыз қазақилыққа тән теңеулерімен сипаттап береді.
«...Ананың сөнген көзі жайнап сала берді. Қуаныш сүю, мейірімділік ойнады ананың көзінде..» [1,5]. «...- Пресвятая, пречистая,- вздрагивая, вздыхала мать и перекатывала растрепанную голову по котомке с боку на бок. И вдруг, тихо крикнув, умолкла, потом снова открылись эти донельзя прекрасные глаза – святые глаза родительницы, синие, они смотрят в синее небо, в них горит и тает благодарная, радостная улыбка; подняв тяжелую руку, мать медленно крестит себя и ребенка..» [4,3].
Ананың ішінен жарып шыққан баласын қолына алып, қуанышқа бөленген сәтін өте әсерлі суреттеген екі заңғар жазушылар оқырманның ішкі сезімін тебірентпей қоймасы айғақ, оны барлығы жазушының шебер түрде ананың қуанышын, бейнесін шебер түрде суреттеуінде жатыр. Шығармадағы "Шіркінде аюдың күші бар шығар!"- деп, жазушы аналарымыздың бейнесін қайратты, мойымайтын, қандай қиыншылық болса да, төтеп беретіндігін сипаттап берген. «...Жас босанған жас ана, жаңа қырық бұрап, өзегін үзген бейнетті елең қылмастан Әшемірдің ауыр жұмысына тартып келеді. Жүрген сайын көздерінен махаббат төгіп, жас бөбегіне қарап қояды» [1,6]. Горький адам баласына тән жоғарғы қасиеттерді ана бойынан көрсетіп, ана ұлы сезімінің, ана үлкен жүрегінің құдіретін романтикалық жоспарда бейнелеген еді.
Міне, жазушының шығармашылық осы ерекшелігін үйрену, үлгі алу Ғ.Мүсірепов шығармаларында мол көрінеді. Әсіресе, әлем және орыс әдебиеттерін көп оқып үлгі тұтуы, тәлім-тәжірбие жинау қадамына ұласқан. Оның дәлелі орыс жазушысының ананың балаға деген махаббатын, ананың балаға деген көзқарасын, ананың бейнесін былайша беруінде: «..Потом заглядывала в лицо сына - глаза ее, насквозь промытые слезами страданий, снова были изумительно ясны, снова цвели и горели синим огнем неисчерпаемой любви...» [4,5].
Ғ.Мүсірепов кез-келген шығармаларды алмай, бірегей ұлы туындыларды аударды. Осындай дүниелерді аударатын аудармашының жауаптылығын айтпасақ та түсінеміз. Аудармашы адамның ақын, жазушы, драматург болу талабын өзі қалап, биік талаптар қояды: «Аударма оригиналға түр мен мазмұнның өзіндік келісімін тауып, бір-біріне сіңіскен қалпында ғана жақын. Ол екеуі де аса бір үйлесімді тереңдікте, табиғи мүлткісіз бірлестікте болуға тиісті...
Егер классикалық шығарманың түрі, өлшемі, өзіне тән ырғағы, ең бастысы – рухы сақталмаса, онда біз жүйрікті жабыға, шешенді есерге айналдырған болып шыға келеміз» - деген екен. Шынымен шығарманың соңында жазушы өзіндік стилімен әңгімені аяқтайды: «...Теңіз қатты тулайды. Қара бұлт найзағай шашып, бұршақ төгуге әзір тұр. Менің қанатым керіліп, өрісім кеңіп, құрметті ананың ұлына қарап: - Сен, қызыл адам, тез ер жет! Қатты айқайла, дүние естісін!- деймін. Бұл уақиға әлдеқашан болды. Бірақ ананың құрметі қашан да жаңа ғой.» [1,15]. Орыс халқының, шетелдің классикалық туындыларын қазақ әдебиетіне үлгі ретінде көрсетуге тырысып, оларды аударуда Ғ.Мүсіреповтің сіңірген еңбегі мол екенін білеміз. Бұл тәржімаланған шығармалары ерекше дәлідігімен, үйлесімдігімен дараланады. Бұл сипаттарды оның өз шығармаларынан байқайтынымыздай, көп шұбыртып айтуға сараңдау, бірақ аз сөзбен көп мәнді түсіндіреді. «Көркем дүние бармақ сорып тудыратын дүние емес. Өмірде ыждаһаттап зерттеп барып, көрген – түйгеніңді көкіректе қорыту арқылы дүниеге келеді»,-деп сөз шебері қатаң талап сақтаған. Оның тілінің әдемілігі, тілге деген терең қатынасында жатыр.
Достарыңызбен бөлісу: |