І тілге қҰрмет – елге қҰрмет мәуелі ағаш



бет42/156
Дата27.11.2023
өлшемі2,15 Mb.
#130243
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   ...   156
Әдебиеттер



  1. http://kitap.kz/ Рамазан Д.Жан - 14 б.

  2. Нұртазин Т. Жазушы және өмір. – Алматы: ҚМКӘБ, 1960-372б.

  3. Қазақ әдебиетінің тарихы. Он томдық.10 том.Тәуелсіздік кезеңі (1991-2001жж). – Алматы, 2006.


АСҚАР СҮЛЕЙМЕНОВ ӘЛЕМІ


Құлжашпай Ардақ, магистрант (Қазақстан)
Абай атындағы ҚазҰПУ
Ғылыми жетекшісі: Ибраева А.Д., ф.ғ.к.

1960-70 жылдар – екінші дүние жүзілік соғыс зардаптары толық жойылып, қалыпты жағдай орнығып, болашаққа сенім ұялап, үміт оты жағылған, сабыр суы себілген, тыныштық уақыты еді. [2,7]


Бұл – классикалық емес ғылымның постмодернистік дәуірінің белең алып, тың ізденістерге жол ашқан, ырысты уақыт еді. Бұл – өнер мен шығармашылық атаулының барлық саласында ерекше бір дүмпу, жаңғырық, тірілу пайда болған несібелі уақыт еді. Осындай рухани-мәдени табалдырықта қасиетті Созақ топырағынан нәр алып, оның қатал табиғатының барлық сынын, сырын бойына сіңірген, көл-көсір білімді, қазақ сөзінің майталман білгірі Асқар Сүлейменов тұлғасы пісіп жетілді. Оның қаламынан туындаған әрбір көркем шығарма – тұнып тұрған философия.
Асқардың философиялық прозасында ұлтымыздың төл болмысы таңқаларлық көркемдікпен, шынайылықпен, тартымдылықпен ашылады.
Шығармашылығын түр іздестіру мәселесімен бастаған ол қазақтың ойлау мәдениетінде бірнеше маңызды философиялық ағымдарға жол ашты, рухани кеңістік сыйлады. Сын мақалаларында, прозалық және драматургиялық шығармаларында адам – әлем қарым-қатынасының терең әрі тұңғиық қабаттарына барынша үңіліп, оның басқалар елемеген, тасада қалып кеткен небір ұңғыл-шұңғылына назар аударған. Сондықтан да оған тәптіштеп, жан-жағын түгелдеп, ымтап, қымтап баяндау да, түбіне түскенше қадалып түгендеу де, барлығын біріктіріп, бір ортаға бағындырып, жалпылау да тән. Яғни, ғылыми танымның негізгі әдістері кеңінен қолданыс тапқан.
А.Сүлейменов – адамның бекзат болмысын, оның барлық қыры мен сырын терең игерген, суреттеген бірден-бір ойшыл. Белгілі бір әдеби-философиялық бағытты жақтап, арнайы үкілемесе де, соңғы ғасырларда көзге түскен көрнекті ағымдардың жекелеген белгілері оның шығармашылығында мен мұндалап тұруымен терең философиялық толғаныс, эстетикалық ләззат тудырады. [2,29]
«Бұл ғаламда тұзақты да, тұсау-тұсамысты да туа бітті танымасқа жаралған біреу бар, ол – адам» деп пікір қорытқан. Асқардың адамы тұзақты да, тұсауды да танымайды, өйткені ол жаратылысынан еркін.
Еркіндік, еркін тіршілік ету – адам болмысының өзегі, күретамыры. Еркіндік кең ұғым дей отырып, Асқар қазақтың еркіндігін елдің азаттығымен тығыз байланыстырады. Көптеген шетелдік ұйымдардың адам құқығын сақтау деген желеумен басқа елдің территориясына кіріп алып, оның табиғи, тарихи, мәдени ерекшеліктеріне мүлдем назар аудармай, адами құндылықтарына терең бойламай сәуегейлік айта бастағанына келіспеушілік танытқан бірден бір азамат Асқар болатын. Америка Құрама Штаттарындағы адам құқын ұлт құқынан жоғары қою дәстүрі енді-енді тәуелсіздікке қол жеткізген жаңа жас мемлекет үшін үлгі бола алмайтынын 90-жылдың бас кездерінде-ақ орынды ескерткен сөз зергерінің «қит етсе болды америкалап шыға келетін ауру етек алды. Бұл өзі мегежіннің інгенмен бой салыстырғанындай» деген ескертуі де өте орынды. Мыңдаған жылдық тарихы, тамыры терең дәстүрі бар, рухы биік қазақ халқын америка халқымен қалай салыстыруға болады.
Асқар Сүлейменовтің философиялық көзқарасын талдауды байырғы классикалық философиялық ұғымдарды сараптаудан бастаған жөн деп ойлаймын.
Бұлар – болмыс, уақыт пен кеңістік мәселесі. «Философияның айтпасқа болмасты айтқаннан басқа мақсаты жоқ. Міндеті де» деп түйіндеген Асқар болмыстың адам санасынан тыс өмір сүретін барлық құбылыстар мен заттардан тұратындығына ешуақытта күмәнданған емес. Болмыс кеңістік пен уақытта өмір сүреді, байырғы философиялық түсінік бойынша, кеңістік заттар мен құбылыстардың бірінің жанында бірінің орналасуы болса, ал уақыт – дүниедегі болып жатқан оқиғалардың бірінің соңынан екіншісінің келуі. Осы философиялық категорияларды өнермен, суреткерлікпен тығыз байланыста қарастырған А.Сүлейменов уақыттың үнемі өтіп жатуы және үнемі қалып жатуын үлкен шеберлікпен түсіндірген. [1,4]
«Тіл – болмыстың үйі» деген Мартин Хайдеггердің пікіріне бас иіп, көптеген философтар А.Сүлейменовтің уақыт туралы аса үлкен тапқырлықпен үкілеген ой-тұжырымдарын білмей өзін жұқартып жүргенін мойындау керек. Ең алдымен, жазушының уақыттың мәнін, табиғатын дәл тауып, дөп басатыны таң қалдырады.
«Адам атаның, бірақ басталуы қалай белгісіз болса, құрдымы солай белгісіз осынау айқаста-дауыл мен құмның шайқасында, уақытты жеңбегенмен, сол уақытпен жең сыбанып белдесе алар ұғым тудырғанын көрмей қою, үлкен орайда, ақиқат ауылының төлі болып санала алмас еді» деп орынды пікір қорытқан А. Сүлейменов уақытты, оның мәнін – әрбір суреткер санасы тұрғысынан, пайымдайды. Бұл – өте ұтымды, сәтті ойластырылған шешім.
Суреткер – тіршілік күйбіңінен, күнделікті қарабайыр тұрмыстың ұсақ- түйегінен жоғары, әлемге ойлы қызығу, іздену көзімен қарайтын, әрнәрсенің байыбына барып, өзіндік қисынын түсінуге ұмтылатын ерекше тағдыр мен дарын иесі. Оның болмысы да Асқардың көреген көзінен тыс қалмаған. Суреткер әлемі – ғажайып, тылсым әлем. Ол көп жақты, көп үнді, көп қабатты.
Мұхтар Әуезов феномені туралы ой толғайтын «Болмыспен бетпе-бет» атты эссесінде А.Сүлейменов суреткердің алты типін жіктеген. Олардың әрқайсысы– болашаққа жол сілтеген, рухани бастау, негіз болған, қайталанбас дарын иелері.
Бірінші топта – «беу, сәт – сәә-әт! Мінсіз едің өтпегің де, кетпегің-ді» жазды дейтін Гетенің тобындағы суреткер.
Иоганн Вольфганг Гете – классицизм мен романтизмнің, яғни ескі мен жаңаның тікелей ұшырасып, теке тірескен уақытының өкілі. Романтизм тың ізденістердің басы болғандықтан Гете шығармашылығында оның басымырақ болғаны шындық. И.В.Гете – болмыспен бетпе-бет ұшырасып, өмірдің мәнін өнерден тапты. Өнер – тіршіліктің шұғылалы сәттері мен асқан сұлулықты сақтайтын құпиялы құдырет.
Екінші топта – «Ұлы ауылға аттанарда «Кесір тағдыр, кесапат! Қылғымадан алқымдармын ақырыны» айтты дейтін Бетховеннің аңғарындағы суреткер». [1,4]
Адамның әбден шаршаған, қажыған, үміті үзілген шақтары мен асқақтаған рухын қайраған, өрекпіген көңілімен өкпек желін жеңіп, биіктеген сәттерін әуез үнімен, ырғағымен, саусақтар қозғалысымен бере білген, «әуез адам жүрегінен от шаштыруы» керек деген ұстанымда болған композитор Бетховен өмірдің оған дайындаған барлық қияметін ержүректікпен, қайсарлықпен жеңіп отырған. Бұл аңсардың қазақ мәдениетіндегі тамыры өте терең. Қорқыттың, Ықыластың, Құрманғазының, Дәулеткерейдің, Тәттімбеттің, Абылдың, Сейтектің, Сүгірдің, Төлегеннің күйлері қазақтың жанын тербеген, сезімін аялаған, арманын асқақтатқан, биікке жетелеген. [2,69]
Үшінші топта – «адасқан күшік секілді, ұлып жұртқа қайтқан ойды» Мүрсейттің жазуымен жеткізген Абай – Ертіс арнасындағы суреткер».
Абайдың басқалардан ерекшелігі – оның өзін-өзі жасауы, өзін-өзі тануы; өзіндік ізденіс, тынымсыз танымдық іс-әрекеттерінің арқасында, «мыңмен жалғыз алыса жүріп», Семейдің алыс ауылында отырып-ақ, ешқайда бармай-ақ өркениет ошақтарының қайнаған ортасында пісіп-жетілген философиялық ойларды өзіндік реңмен, пішінмен, иіріммен жеткізе алуы; әлемдік философияның інжу-маржандарын білуі, ақын Абайдың ойшыл Абайға, философ Абайға көтеріле алуы..
Төртінші топта – «78 жасында түсіне, жетпіс бес жыл бұрын баз кешкен шешесі кіргенде кіндікке түскен сақалын жасқа бұлап «Бұ ғаламда сенен басқа мен бейбақта қорған да жоқ, қалқан да жоқ шешетайды» жазды дейтін Толстойдың деңгейіндегі суреткер».
Өзі өмір сүрген қоғамның барлық қайшылықтарын ғаламат суреткерлігімен жан-жақты ашып көрсете отырып адамды ардақтау философиясын айшықтаған ұлы жазушы Л.Н.Толстой туындыларының тәлімдік-тәрбиелік мәні өте жоғары.
Бесінші топ – «Созақы шабандоздай-ақ ат пен адамды, Созақы күйшілердей-ақ сарын мен құлақты бөліп қарай алмаған «Адамды құрту бек мүмкін, жеңу оны неғайбыл-ды» айтты дейтін Фолкнердің тереңдігіндегі суреткер».
Америка Құрама Штаттарының оңтүстігіндегі құлдық қоғам тәртіптерінің күйреп, жаңа буржуазиялық қатынастардың қалыптасуын суреттеген У.Фолкнер нәсілдік қорлау мәселелеріне назар аударған. АҚШ-та ХХ ғасырдың ортасында пісіп жетілген «оңтүстік ренессансы» мектебінің көшбасшысы болған У.Фолкнер рухани бостандық және адамгершілік тақырыптарын өз шығармаларының арқауы етіп алған. Жазушы өзін гуманистер мектебінің өкілі деп қарастырған. Тұлғаның өзін-өзі жетілдіру, дамыту қуатына сенім артқан, оның бостандыққа, еркіндікке ұмтылысына қолдау көрсеткен. [1,4]
Алтыншы топ – «хәрбір ықпалдары, шырайлары, септіктері, есімше – көсемшелері, құрмалас сабақтастай-ақ шырмауықтанып келетін: әрбір сөзі, әсіресе біздер үшін, жігерлі тазалық пен ойлы қайтпастықтың үлгі – белгісіндей білінер тыныс белгілерінің өзін басқаның, басқалардың сөзіндей қолданатын Әуезовтің жүйке-жүйкесіндегі суреткер».
Асқардың жіктеуіндегі алтыншы топты бастап тұрған М.Әуезов шығармашылығы несімен құнды, қымбатты деген сауалға жазушы өзі тап-тинақ та тиянақты, терең әрі таңқаларлық тапқырлықпен жауап берген.
Біріншіден, М.Әуезов өнер тыныс пен өміртынысты туа бітті бөліп қарамаған. Олар әруақытта біртұтас бірлікте қарастырылды.
Екіншіден, ел сүю, идея сүю қанмен, жанмен дариды, шын мәнінде жүректен шығып жүрекке жетеді. Үшіншіден, суреткер кернейші емес, қобызшы екенін ұқтырды.
Қобыздың қос ішегінен төгілетін күй сарынында күллі ата-бабаның, аттай желіп, желдей зулап өмірден озған сан буын ұрпақтың өмір тағдыры, тарихы сақталған.
Қобызшы қобыздың бар сырын, қалтарыс-бұлтарысын, бабын жете білгенде ғана көкейіндегі сарынды онымен қосыла өре алады. Қобыздан төгілген күй құдыреті қара тасты балқытады, тілсізге тіл бітіреді, жансызға жан бітіреді.
Төртіншіден, М.Әуезов әрнәрсені өз атымен атауды үйретті. Сонымен қатар, суреткердің есімін сыйлауды да ұмыттырмай еске салды. «Суреткердің атының аһтаққұл емес, Барыпкелді, Шауыпкелді, Шалыпкелді, тіпті Алыпкелді емес, Семсер, Сарын, Тұз, Асу, Тарпаң, Арна аталуға керектігін ұқтырды». Бұл жерде сөзді орнымен қолданып, анау-мынау қойыртпақ араласпай, тазалық сақталуы қажеттігі ескерілді.
Бесіншіден, М.Әуезовтің бір өзі бүтін бір оркестрдің ролін атқарғандығы көрсетілген. Ал оркестр әр түрлі аспаптардан құралады, олардың әрқайсысының өзіндік үні мен ырғағы бар. А.Сүлейменов «Әуезовтей қоңыр оркестрден әркім әрқилы әуез – әуен естісе, әрқилы айдындар мен тереңдер тапса, иін-иірімдер көрсе, түк ерсі емес» дейді. Автор М.Әуезов шабытының ықпалы, басқаны еріту, еліту мүмкіндігінің жоғары болғандығын алға тартып, оны қоңыр оркестрге теңеп отыр. Қазақта «қоңыр үн» ұғымы тұтастықтағы әр нәрсенің шегін, межесін білдіреді. «Қоңыр» – төзімділік синонимі. Қоңыр оркестрге теңестірілген М.Әуезовтің қазақтың мәдениетіндегі, әдебиетіндегі орнының орасан зор болғандығын әркім-ақ біледі.
Алтыншыдан, А.Сүлейменов М.Әуезов шығармашылығындағы адам мәселесінің қойылу шешілу, суреттелу ерекшелігін айшықтайды. М.Әуезов әлемінде «әр адам, тіпті Жұман, Жұмекең қырттың өзі құрығанда, арал, мүйіс, шығанақ, әрбір ұлт-жұрт-континент, құрлық». Адам, ұлт барлық мүмкіндігі тұрғысынан бағаланады. Адамның аралға, ұлттың континентке теңелуі – өте сәтті ойластырылған символика. Адам, ұлт – шексіз, біртұтас бірлік, сонымен қатар, шектеулі, құбылмалы, тұрлаусыз. [2,225]
М.Әуезовтің осындай кешенді ерекшеліктерін айшықтай, анықтай отырып, А.Сүлейменов оны оқығанда туындайтын ассоциацияларды атап көрсеткен. «Өнер-өмір» мен «өмір-өнер» өзара тікелей ұшырасқан шаңырақта, яғни М.Әуезов шаңырағында, есіне Н.Ростова, Холстомер, Хемингуэй түседі. Бұлардың бәрі Асқардың есіне түседі.
Наташа Ростова – заңғар жазушы Л.Н.Толстой үлкен сүйіспеншілікпен суреттеген, әспеттеген содан бәріміздің санамызда тазалық пен пәктіктің көгершіні болып жатталып қалған бойжеткен.
Холстомер де Толстойдың қаламымен өз тіршілігінің барлық сыры мен қырын сарқып, ақыр аяғында көзі мөлдіреп, тек аяушылық қана емес, жүректің ерекше бір жылылығын тудыратын мейірімді жануар ретінде көз алдыңызға келеді.
Асқар Сүлейменовтің бір абзацпен бүкіл бір дәуірдің символына айналған, шығармашылығы қат-қабатты, ұлағаты да әртүрлі Э.Хемингуэйдің ішкі сыры мен сынын аша алғандығы таң қалдырады. Асқардың Хемингуейі «Құрым үйдің түрулі іргесінен Американың зәулімін түгел көреді: Яғни ол бір ғана кішігірім оқиғадан бүкіл Америкаға тән құндылықты өрбіте алады. Э.Хемингуэй етженді, толық адам болған, соған қарамастан ол тез қимылдаған, тез шешім қабылдаған, «яғни», «бәрінің санын оқ қапқанда, оқ қапты деп өзі жазғанда, етженділігіне қарамай орындығынан шоршып түскен өзі қалады». Бес соғысқа қатысқан, бәрінен журналист ретінде репортаж жолдаған. Парижде, Испанияда, Кубада тұрған, балықшы ретінде де, аңшы ретінде де, боксшы ретінде де тамаша шеберлікке қол жеткізген, өмірдің өте қиын жағдайларын боямасыз суреттеген; адам рухының ұлылығын, адам күшінің мүмкіндігін соншалықты керемет көркемдікпен көрсетіп Э.Хемингуэй.
Асқар «бірді жазу үшін бәрін тергеген, жерді жазу үшін көкті тергеген өнердің объектісіне қайшы ұстаған шаштараз, пышақ ұстаған қасапшы, қаламын кезеген арызқор емес, ата-ененің алдынан сәл иіліп, бір қырындап қана өтетін ізетті келін боп қараған өзі қалады» деп сүйсіне жазған. Осының бәрі М.Әуезов шығармашылығы төңірегінде туындаған. Әр нәрсеге өзіндік көзбен қарап үйренген Асқар М.Әуезовті талантты деп бағалау аз деп есептеген. Ол, Асқар үшін табиғат – тәңірінің өзі. Сондықтан да «алдымен сен», соңсоң «сен», сонсоң барып «сен» деп емес, Аспан – көктің үш төлі: жаңбыр-бұршақ-қар төлді арқа-кеуде, табан-төбесімен «қатар көріп, қабат өткерген». [2,301]
А.Сүлейменов жіктеп көрсеткен алты суреткер және олардың ізбасарлары - уақыт феноменін өзіндік таңбаларымен игерген өнер иелері. Олардың бәріне ортақ бір идея – ол уақыттың мәңгілігін мойындау, сонымен қатар, олардың бәрі адам өмірінің мәні мен мағынасын іздестірді. Осы ортақ арнада адам уақыт – болмыс қарым-қатынасының өзіндік сүрлеуін тапты.
Суреткердің жан айқайына қатысты ойларымызды осылай біршама түйіндеп, құйын тақырыбына қайтадан оралсақ, шабыт арнасын кеңейтіп, не болмаса бағытын өзгертіп, үлкен рухани құлшыныс тудыратын құйын жолындағының бәрін таптап өтіп, бұрын-соңды болмаған тың жаңалықтар әкеледі. А.Сүлейменов шығармашылығы – осындай құнарлы құйындардың бірі және бірегейі. Өйткені, ол қазақ сөзіне жан бітірді, оның дүниетанымдық, интеллектуалдық қуатын барынша ашып, көркем сөздің философиялық астарына үңілді. Оған ойшыл жазушының қаламынан туындаған өзге де пьесалары, жалпы алғанда кез келген шығармасы куә.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   38   39   40   41   42   43   44   45   ...   156




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет