І тілге қҰрмет – елге қҰрмет мәуелі ағаш


«ӘЛ» ПРЕФИКСІНІҢ СЕМАНТИКАЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІГІ: ӘЛ-ФАРАБИ ЕСІМІН ДҰРЫС ЖАЗЫП ЖҮРМІЗ БЕ



бет53/156
Дата27.11.2023
өлшемі2,15 Mb.
#130243
1   ...   49   50   51   52   53   54   55   56   ...   156
«ӘЛ» ПРЕФИКСІНІҢ СЕМАНТИКАЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІГІ: ӘЛ-ФАРАБИ ЕСІМІН ДҰРЫС ЖАЗЫП ЖҮРМІЗ БЕ

Садық Дидар Айдарұлы (Қазақстан)
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Ғылыми жетекші: Салқынбай А.Б., ф.ғ.д., проф.

Қазақ ономастикасының тарихы адам өмірінің барлық саласын қамтиды, сондықтан жалқы есімдерді тілдік ерекшеліктерге сай сауатты меңгеру мәдениетаралық қарым-қатынас пен мәтіннің семантикасын түсінуге зор ықпал етеді. Алайда жалқы есімдерді грамматикалық тұрғыдан талдауда әлі де болса өз шешімін таба алмай келе жатқан күрделі мәселелер жетерлік. Жер-су аттары, адам есімдері, тектері т.с.с. Соның бірі араб тіліндегі қосымшалардың қазақ тілінің тілдік ерекшеліктеріне сай келу, келмеу мәселелері жайлы болмақ.


Араб тіліндегі жалқы есімдердің құрама бөліктері, әлеуметтік ортадағы туыстық қатынастарды білдіретін сөздер мен «ад, ал, әл, ар, ас, аш, бей, бек, ад, аль, ар» секілді қосымша тұлғалардың қазақ ономастикасында қалай көрініс табатынын талдап көрелік.
Өзім Әл-Фараби университетінің студенті болғандықтан, тікелей осы есімнің жазылу ерекшеліктерінен талдауды бастамақпын. Көптеген еңбектерде, газеттер мен журналдарда Әл-Фараби есіміндегі «әл» қосымшасы кіші әріппен, ал оған қосарланған Фараби атауын үлкен әріппен жазу дағдыға айналған. Әрине, бұл тек бір ғана Әл-Фарабиге қатысты мәселе емес, «әл» префиксінен басталатын және «әл» тектес барлық антропонимдер мен топонимдерге қатысты өзекті тақырып екенін айта кеткеніміз жөн. Жалқы есімге телінген бұл «әл» тұлғасының не себепті кіші, я болмаса не үшін үлкен әріппен жазылу керектігін сөз етпес бұрын, оның шығу этимологиясы мен семантикалық мағынасын зерделеп көрелік.
«Әл» - (الـ) араб тіліндегі анықтауыштық артикль. Бұл артикль жеке сөз болып танылмайды және араб тілінің грамматикасына сай сөздермен дефис арқылы, я болмаса бірігіп жазылады. Дербес лексикалық мағынасы жоқ болғанымен, басқа сөздермен тіркесіп, анықтауыштық мағына үстейді. Егер араб тіліндегі сөздер «әл»-сіз қолданылса, анықтауыштық мағынасынан айырылады. Мысалы: ب كتا‎ китаб, «кітап», ب‎الكتا аль-китаб «бұл кітап» болып аударылып шығады. Оған қоса бұл артиклдің семит тобындағы иврит тілінде де кеңінен қолданылатыны туралы шығыстанушы ғалым М.И.Махмутов «Фонетическое и грамматическое освоение арабских заимствований в татарском литературном языке» атты еңбегінде нақтылай түседі.
«Әл» артикілінің фонетикалық қолданысы да ерекше. Қосымша арабтардың әліпбиіндегі «шамси» деп аталатын 14 әріптерімен ассимилиацияланып кетсе (та, са, даль, заль, ра, зай, син, шин, сад, дад, та, за, лям, нун), «камари» болып келетін қалған 14 әріппен мүлдем өзгеріске түспей жазылып, оқылады. Мысалы:  шамс – күн, аш-шамс – бұл күн. Әл – дің ассимилиациялануы нәтижесінде «аш» болып өзгергенін байқай аламыз. Бұл қолданыс қазақ тіліндегі үндестік заңының да көріністерін беретін сияқты. Тарих ғылымдарының докторы Старостин Б.А «О структуре и историческом развитии антропонимии арабского присхождения» атты мақаласында «семантическое изменения имен сопровождались фонетической ассимиляцией имен в заимствующих языках, ранее всего в персидском.» деген құнды пікір қалдырып кеткен.
«Әл» артиклінің шығу этимологиясы семит тілдеріне ортақ артикль «халь»-дан туындауы мүмкін. Арабтың «аль» мен иврит тіліндегі «ха» артиклі семит тілдеріне ортақ «халь» тұлғасын береді. Арабтың «хаза» деген артиклі де, сілтеу мәнін үстейтін артикльдер қатарынан. Хаз а ль-байт – бұның үйі. Бұл сөзден «аль» артиклінің реңктері байқалмай тұр деп айтуға болмайтын секілді. Фонетикалық аспектіден пайымдар болсақ, хаза сөзі парсының хана сөзімен, ал хана сөзі пана, баспана, үй сөзімен мағыналары жуық болып шығар еді. Демек, менің субъективті пікірім бойынша «әл» артиклінің көмескіленіп кеткен лексикалық мағынасы тікелей «үй» «пана» мағыналарына жуық болып келуі әбден мүмкін. Себебі дәл «әл» артиклі араб тіліндегі барлық сөздерге пана болып, анықталмай тұрған (неопределенный) сөздерге анықтама беріп тұрған сияқты көрінеді. (определяет). Оған қоса арабтың «хаза» мен парсының «хана» қосымшаларының бір-бірне жуық болуы мүмкін деп болжауымыз араб және парсы тілдеріндегі семантикалық ассимилияциялар дәлел бола алады. («Все арабские личные имена вошли в персидский язык» - Б.А.Старостинның аталған мақаласы)
Шығыстанушы ғалым Алим Гафуров та «Имя и История» атты құнды еңбегінде «әл» артиклінің анықтауыштық қызметімен қоса ұлы әрі данышпан (мудрый)секілді мағыналық реңк беретінін атап өткен. Ғалым аталған еңбегінде араб тілінен қазақ тіліне енген «аламан» сөзін былайша талдап өткен: «По-арабски «ал-аман» может означать «безопасность, защита» Но в повседневном употреблении артикль аль – сливался с существительным и получалось тюрское слово аламан «набег, грабеж».
Түркі халқының тілдік ерекшелігі әл-аман деп айтуға келмейді. Ассимилияциялану нәтижесінде аламан болып өзгерген. Бұл түркі тіліндегі тарихи-фонетикалық қажеттілік, себебі түркі тілдеріне артикль мен префикстік қосымшалар тән емес. Кірме қосымшалардың да тілімізге бірізділіксіз енуі, қазақ тілінің өзіне тән реңкі мен бояуынан айырады. Сондықтан:
1. Араб тілінде дұрыс болып есептелген кейбір заңдылықтар қазақ тілінің лингвистикалық ерекшеліктеріне сай келмеуі әбден мүмкін. Әл-Фараби, Әл-Ғазали, Әл-Магдиси, Ар-Рахим, Ар-Рахман т.с.с күрделі деп есептелетін есімдердегі артикльдерді кіші әріппен, ал одан кейінгі толық лексика-семантикалық мағынасын сақтаған екінші сөзді үлкен әріппен жазу қазақ тілінің ешбір заңдылықтарына сай келмейді деп айтар едік. Себебі екі сөз де қазақ тілінде тұлға деп танылады да, атқаратын қызметтері басқа-басқа болып келеді. Егер «әл» қосымшасы сөздің соңында кездесер болса, оны кіші әріппен жазу негізді болып танылар еді. «Әл» артиклі мен толық мағыналы сөздің ортасын «дефис» толықтырып тұрған соң, ол қазақ тілінде бүтін сөз болып табылады.
2. Қазақ тілінің тілдік тазалығын сақтауға тырысқан алғашқы терминтанушы ғалым Ахмет Байтұрсынұлы тіліміздегі кірме сөздердің қазақ тіліндегі баламасын жасап, сөздік қорымызды байытқаны сөзсіз. Ал ғалым Хәлел Досмұхамедұлы өзінің «қазақ-қырғыз тілдеріндегі сингармонизм заңы» атты ғылыми мақаласында «Өз сөзі қылып сіңіру үшін, қазақ тілі жат сөздердің бірнешеуін қосып, біріктіріп, сингармонизм заңына бағындырып, бір сөз қылып жібергені бар. Мәселен «жапа тармағай» деген сөз арабтың «жамған-туран-мағхн-бәрі ұмтылу» деген сөздерінен шыққан.» - деп тұжырымдай келе, қазақ тіліндегі кірме сөздерді даяр қалпында жұмсау заңдылығына түбегейлі қарсылығын білдірген. Сондықтан қазақ тіліндегі ерекшеліктерді ескере отырып, араб тілінен енген жалқы есімдердің атауларын сингармонизмдік заңдылықтарға сай машықтау заңдылық деп айтар едім. Ал парсының данышпан философы Ибн Синаны еуропалықтар Авицена ретінде таниды. Бұл атаудың шығуы туралы да Алим Гафуров «Само слово Авицена проникло в Европу через Испанию» - деп түйіндейді. Ибн Синаның Авицена болып өзгеруі - тілдік машықталу концепциясының көрінісі.
3. Жалпы Алланың 99 көркем есімдері мен «Алла» сөзінің морфологиялық құрылымында «әл» префиксі толықтай кездесді. 99 есімнің түгелінде «әл» префиксі бар және олар үнемі үлкен әріппен жазылады. Ал 99 есімнен ерек тұратын «Аллаһ» сөзінің шығу этимологиясы «Әл» және «Ляхи» тұлғаларының бірігуі арқылы пайда болған деп тұжырымдалады, сондықтан «Әл» «ад» «ибн» т.с.с қосымшасымен басталатын барлық жалқы есімдерді үлкен әріппен жазуымызға болады деп тұжырымдар едік.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   49   50   51   52   53   54   55   56   ...   156




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет