көршілерді жинап, жеңіл-желпі құрмет көрсетіледі. Тұсау кескен адамға
сыйлық беріледі. Тұсауды ала жіппен кесу көне шаман дінінен қалған.
Ілу (салт дәстүр). Жаңа түскен келінді барған жерінде «үй көрсету»
салтын жасау ілік пен жақынның әр ағайынның міндеті. Мұндайда жас
келін шақырған үйге дәстүр бойынша «ілу» салады. Мұның мағынасы
көйлектік мата, кілемше, киім-кешек, тағымдар апару деген сөз. Бұған
қайын ене басшылық жасайды. Келін үйге сәлем жасап кіргеннен кейін
«ілуге» апарған затын босағаға іліп кетеді. Ілу деген сөздің төркіні міне,
осындайдан шыққан дейді білетін қариялар. Ілуді қайын жұртына барғанда
күйеу де салады.
Шөміш қағу – ырым. Көктемде сәуір айының бас кезінде көкжиекті
бұлт торлап, күн күркіреп, найзағай жарқылдайды. Осы кезде ата-
бабаларымыз «күн күркіреді, көк дүрілдеді» деп, үлкен қуанышпен қарсы
алған. Осы алғашқы күн күркіреген кезде киіз үйдің босағасына,
табалдырығына ағаш шөмішті тигізіп:
Айран, сүт көп болсын,
Жақсылық көп болсын,
Жабырқау жоқ болсын.
Ел-жұрт тоқ болсын, – деп тілеу тілеп, көктемнің алғашқы
найзағайлы күркірек жаңбырын қарсы алады. Осыны шөміш қағу деп
атайды.
Шашу – әдет-ғұрыптың бір түрі. Жаңа түскен келіннің, жаңа туған
нәрестенің тойына барғанда, қуаныштың белгісі ретінде құрт, ірімшік,
кәмпит, өрік-мейіз шашады. Шашуды әдетте жасы үлкен әйелдер, әжелер
шашады да оны жас балалар теріп алады. Халқымыздың ежелгі дәстүрі
бойынша, той жасаған үйге оның жақындары «тойға шашу» деп, тәтті
тағамдар әкеледі.
Достарыңызбен бөлісу: