16.3.Экономикалық арналымның бюджеттен тыс қорлары
Дамудың мемлекетік институттары ретінде бюджеттен тыс экономикалық қорларды – Инвестициялық, Инновациялық, Ұлттық қорларды құру 2003-2015 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық даму стратегиясының (қазіргі уақытта—2010-2014 жылдарға арнлаған елдің Үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының мемелекеттік бағдарламасының) мақсаттары мен міндеттеріне жетуге бағытталған. Стратегияның мақсаты – шикізаттық бағыттылықтан шығуға жәрдемдесетін салалық экономиканы әртараптандыру арқылы елдің тұрақты дамуына жету, ұзақ мерзімді жоспарда сервистік технологиялық экономикаға өту үшін жағдайлар дайындау. Өңдеуші өнеркәсіп пен қызметтер сферасында бәсекеге қабілетті және экспорттық-бағытталынған тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді өндіру мемлекеттік индустриялық-инновациялық саясаттың басты предметі болып табылады.
Әлемдік экономиканы ғаламдандыру жағдайында Қазақстан экономикасы бірқатар проблемалармен қақтығысуда. Негізгі проблемаларға мыналар жатады: шикізаттық бағыттылық, әлемдік экономикамен интеграцияның сәйкессіздіктері, ел ішіндегі әлсіз салааралық және өңіраралық экономикалық интеграция, ішкі рынокта тауарлар мен қызметтерге төмен тұтынушылық сұраным (шағын экономика), өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымдардың нашар дамуы, кәсіпорындардың жалпы техникалық және технологиялық артта қалушылығы, ғылымның өндіріспен шынайы байланысының жоқтығы, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға шығыстардың аздығы, ғаламдану және сервистік-технологиялық экономикаға көшу үдерістеріне экономиканың бейімделу мақсаттарына менеджменттің сәйкессіздігі.
Проблемаларды шешу және қойылған мақсаттар мен міндеттерге жету үшін Стратегия шеңберінде даму институттары құрылған.
Ұлттық даму институттары – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша акционерлік қоғамдардың ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, қызметінің басты мақсаты индустриялық-инновациялық даму саласындағы жобаларды және кәсіпкерлікті қолдауды іске асыру болып табылатын қаржылық, консалтингтік, инновациялық, сервистік ұйымдар.
Қазақстанның даму банкін жандандыру, Қазақстан инвестициялық қоры, Ұлттық инновациялық қор, Экспорттық кредиттер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі корпорациясы сияқты дамудың арнаулы институттарының жұмыс істеуі болжанады. Бұл институттар жаңа өндірістерді жасауға және жоғары қосымша құны бар жұмыс істеп тұрғандарын дамытуға инвестициялық саясатты және перспективалы салаларды кешенді талдау, олардың неғұрлым маңызды элементтерін анықтау негізінде ғылыми және ғылыми-техникалық зерттеулер мен зерттемелерді қолдауды жүргізеді.
Стратегия елде ғылым мен инновациялық қызметті ынталандыруға бағытталған белсенді мемлекеттік ғылыми және инновациялық саясатты жүргізуді болжайды. Қойылған мақсаттарға жету үшін қаржы рыногын одан ары дамыту және фискалдық, білім беру, монополияға қарсы, инфрақұрылымдық саясатты жетілдіру болжанады. Стандарттау саясаты шеңберінде экономика мен басқарудың барлық салаларында әлемдік стандарттарға көшу қарастырылған.
Стратегияны іске асыру экономика құрылымында сапалы өзгерістер жүргізуге жәрдемдесуі тиіс. Бұл өзгерістер адами, өндірілген және табиғи капиталды тиімді пайдалануға негізделген экономиканың тұрақты өсуіне, Қазақстанды әлеуметтік дамудың және қоғам құрылысының жаңа деңгейіне шығаруға жеткізеді.
Экономикалық арналымның бюджеттен тыс қорлары қоғамдық даму кезеңінің мақсаттары мен міндеттері негізге алына отырып құрылып отырды. Бұрын жұмыс істеген қорлар практикасы мұны растайды: мысалы, әр түрлі уақытта Инвестициялық қор, Экономиканы тұрақтандыру қоры, Экономиканы жаңғырту қоры, Кәсіпкерлікті қолдау және бәсекені дамыту қоры, Жол қоры жұмыс істеді. Экономикалық қорлар қаражаттарды дамудың немесе шешуші салалардың негізгі бағыттарын, сондай-ақ дамудың салааралық бағдарламаларын қаржыландыруға шоғырландыру үшін құрылады. Бұл ретте бүкіл экономиканың балансты, үйлесімді дамуын қамтамасыз ету міндеті қойылады.
Мәселен, Инвестициялық қордың қаражаттары негізгі капиталдың ұдайы толықтырылуының қол жеткен ауқымдарын қолдау, әлеуметтік сфераны одан ары дамыту үшін пайдаланылды. Күрделі қаржы жұмсалымын қаржыландыру өнеркәсіп кәсіпорындарын рентабелді өнім шығаруға қайта бейіндеу үшін, оларды қайта құру (жаңғырту) үшін мүмкіндіктер жасауға Үкімет бекіткен жоспарлар мен лимиттер бойынша жүргізілді.
Достарыңызбен бөлісу: |