Бірыңғай кедендік тариф – бірыңғай кедендік аумаққа үшінші елдерден əкелінетін тауарларға қолданылатын, Кедендік одақтың сыртқы экономикалық қызметінің Бірыңғай кедендік номенклатурасына сəйкес жүйеленген кедендік баж мөлшерлемелерінің жиынтығы.
Бірыңғай қазынашылық шот –аударым операцияларын орталықтандырып жүзеге асыру жəне оларды есебін жүргізу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінде ашылатын шот. Бірыңғай қазынашылық шот қолма-қол ақшаны бақылау шоттарындағы қаражат қалдықтарын, мемлекеттік мекемелер шоттарын жəне басқа шоттарды кіріктіреді.
Бюджет– мемлекеттің өз міндеттері мен функцияларын іске асыруды қаржылық қамтамасыз етуге арналған оның орталықтандырылған ақшалай қоры.
Бюджет атқарылуы – бюджетке түсімдердің түсуін, бюджеттік бағдарламалардың іске асырылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитті пайдалану) жөніндегі іс-шаралар кешенін орындау. Бюджеттің атқарылуы ағымдағы қаржы жылының 1 қаңтарында басталып, 31 желтоқсанда аяқталады. Бюджеттік кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, бюджеттің атқарылуы кассалық негізде жүзеге асырылады. Республикалық бюджеттің атқарылуын Үкімет қамтамасыз етеді. Жергілікті атқарушы органдар жергілікті бюджеттердің атқарылуын қамтамасыз етеді. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уəкілетті орган жергілікті бюджеттердің атқарылуына қызмет көрсетуді жүзеге асырады.
Бюджет жүйесі –бюджеттердің жəне Қазақстан Республикасының Ұлттық қорының, сондай-ақ бюджеттік үдерістер мен қатынастардың жиынтығы.
Бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уəкілетті орган – бюджетті атқару, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын, бюджетті атқару, жергілікті бюджеттің атқарылуы бойынша бухгалтерлік есепке алуды, бюджеттік есепке алу мен бюджеттік есептемені жүргізу саласындағы функцияларды жүзеге асыратын атқарушы орган.
Бюджетті атқару жөніндегі орталық уəкілетті орган –бюджетті атқару, республикалық бюджеттің жəне өз құзыры шегінде жергілікті бюджеттердің Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің есебі негізінде, Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының атқарылуы бойынша бухгалтерлік есепке алуды, бюджеттік есепке алу мен бюджеттік есептемені жүргізу саласында басшылықты жəне салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.