Мамаева Айгүл Еркінқызы Қазақ тіліндегі дисфемизмдер



бет61/69
Дата31.12.2021
өлшемі0,92 Mb.
#21824
түріДиссертация
1   ...   57   58   59   60   61   62   63   64   ...   69
Қанды көбік жұтқызбай,

Халыққа тентек атанбай,

Ерлердің ісі бетер ме? (Махамбет).

Ақын “өлтіру” деген мағынаны қанды көбік жұтқызбай деп астарлап жеткізеді. Мұны ақынның өзі сомдаған дисфемистік перифраздың қазақ поэзиясындағы классикалық үлгілерінің бірі деп есептейміз. Осы іспетті тың дисфемистік перифраза “Мұнар күн” өлеңінде де ұшырасады:



Желпілдеген ала ту

Жиырлып ойға түскен күн,

Жез қарғылы қара құба арлан

Жез қарғыдан айрылып,

Қорашыл төбет болған күн.

Ақын Исатай батыр өлген күнді осылайша тұспалдап, ішкі жан дүниесінің күйзелісінен, қайғы қасіретінен хабар береді. Махамбет жаумен арпалыста халық қолы жеңіліп, шегінген кездегі, Исатай батыр қаза тауып, елдің ардақты ұлдары қуғын көріп, халық басына қара бұлт төнген кезін осылайша шебер бейнелеп береді. Махамбет дисфемизмдерді ақын-жыраулар поэзиясында қалыптасқан құрлыс-бітімін, жасалу қалпын сақтай отырып оларды айналадағы өмірді, өзнің сезім-күйін суреттеу мақсатына толдық үйлестіріп, терең мағына беріп, қолдана білген. Мұндағы қорашыл төбет болған күн дисфемистік перифразасына тірек болып тұрған сөз төбет. Төбет пен арланның арасы жер мен көктей. Осы арқылы ел басынан бақ тайғанын әсерлі суреттейді. Академик Қ. Жұмалиев, –ханның, би-сұлтандардың елді езіп, қанап отырғандығын олардың қару, күш-құрал арқылы ел басына туғызған қара күндері мен ауыр азаптарын өз бастарында болған хал-жағдайларды, көтерілістің кезеңдерін шебер суреттегендігін атап көрсетеді [104, 89 б.]. Жыраулар поэзиясындағы дисфемистік перифразаларды қорытындылай келе ғалым Р. Бердібаевтың: “Жыраулар өздерінің шығармаларында қоғамдық мәні зор, бүкіл халықтық сипаты бар, ел тағдырына тікелей қатысты ірі мәселелерді ғана тақырып еткен”, – деген сөзінің барлық жырауларға да тиеселі екенін айтпауға болмайды [105, 8-9 бб.]. “…Жыраулық не ақындық поэзия Абай негізін қалаған жаңа мазмұнды жазба әдебиеттің туып өркен жаюына өзіндік үлес қосты” [106, 91 б.]. Өткен ғасырлардағы қазақ әдебиетіндегі жыраулар поэзиясы қалыптастырған ізгі дәстүрлерді жалғастыра отырып, қазіргі заман жазушылары да өз шеберханаларында дисфемистік перифразалардың неше алуан түрлерін дүниеге келтірді.

Төмендегі мысалдар бұған айқын дәлел бола алады.

Бірақ салтақ тымақтың құлағын қалай түрсе де, сыр ала алмай, шерменде болып қалыптасты (Ғ. Мүсірепов).

Ана ауылдағы жыртық тымақтың әнші қызы ма? – деді (Қ. Исабаев).

Қисық сағанақ мұның көңілінен бірдеңе қашқанын сезе қалғандай көне кебеженің тасасына әрірек тығылыпты (Ә. Кекілбаев).

Мысалдарымыздағы салтақ тымақтың, жыртық тымақтың, қисық сағанақ дегендердің тура мағынасы – кедей шаруа. Жазушы кейіпкерлерінің елеулі бір кемшіліктерін келтірінді мағынада қолдана отырып, оларды образды түрде бейнелеген. Салтақ тымақ, жыртық тымақ, қисық сығанақ тіркестерінің стильдік реңктері де бір-бірімен тығыз байланыста тұр.

Қазақ қаламгерлерінің көркем шығармаларында кездесетін дисфемистік перифразалардың көпшілігі ұлттық ерекшелігімізді де танытады. Мысалы:

Қаладағы орыс оқуын оқыған соң даладағы қазағымның ата жолын, салт-сана, әдет-ғұрпын бұтына да қыстырмайтын алаңғасар шүлдір болады да шығады (З. Жәкенов).

Алаңғасар шүлдір дисфемистік перифразасы сыңарларының мағыналары бір-бірімен өте үйлесімді тіркескен. Алаңғасар әдеби сөз. Шүлдірдің беретін мағынасы ҚТТС-те мынадай: Шүлдір сын. Түсініксіз, шүлдірлеп сөйлейтін (адам). Зат. м. Шүлдірлеп тұсініксіз сөйлегендік.

Кез келген сөз белгілі бір мәтін ішінде келгенде өзара тек синтаксистік заңдылыққа бағынып қолданылады. Сөздер тіркес құрамында әрі синтаксистік, әрі семантикалық жағынан байланысады. Сөз мағынасы құрамындағы синтагматикалық элементтер тіркеске, контекске түскенде ғана пайда болмайды, керісінше, контексте анықталады.

Жазушыларымыз айтар ойын бейнелі әдемі сөз, бедерлі теңеу арқылы ғана емес, әдетте қолданыла бермейтін сөз тіркестерімен де береді. Мысалы:

Кешегі көзіме шалынған осы қисық мондыбастың қосыны болды (Д. Досжанов).

Қаламгер қисық мондыбас дисфемистік перифразасын логикалық дәлдікпен, ойлаған ойдың реңктерін өз бояуымен нақтылы көрсете, бейнелей отырып, кейіпкерінің ауызына мазмұн мен мақсатқа сайма-сай сөз сала білген. Қисық мондыбас дисфемистік перифразасының беретін мағынасы – момын ҚТТС-те: Мондыбас сын. Қой ауызынан шөп алмайтын, момын (ҚТТС, 7 т., 229). Қисық мондыбас дисфемистік перифразасында халқымыздың ұлттық ерекшелігінің табы білініп тұр. Әр сөзге терең мән беріп, қыбын тауып орнымен үйлестіре жұмсай білген дана халқымыздың ұлттық тілінен нәр алған қаламгер ғана осылайша сөздерді орнымен шебер пайдалана алады.

Дисфемистік перифразалардың реңктерін айқын ажыратып, тап басып дәл қолдана білу жазушы шеберлігін көрсетеді. Мысалы:

Қайда жүр өзі, сол шашты сайтан, көрсетші маған, – деді ол (З. Жәкенов).

Мысалдағы қыз деген ұғымды білдіретін, яғни, шашты сайтан дисфемистік перифразасы басқада дисфемизмдер сияқты жек көру, жағымсыз мәнде қолданылған. Және контексте өзіне лайықты меншікті тұрақты қоныс тауып, орнығып тұрақтанған.

Жеке қолданыстағы дисфемистік перифразалардың кейбіреулері халқымыздың негізгі тіршілік көзі болған мал шаруашылығымен тікелей байланысты жасалған. Қалам қайраткерлері төрт түліктің жағымсыз бір қасиетін келтірінді мағына ретінде көрсетіп, адамдарды пайдаланған. Мысалы:

Атымның терін аямай, ылғи да алыстан іздеп, жаңағы кебеже қарын шартықтардың ешқайсысына қылдай қиянат жасаған жерім жоқ еді (З. Жәкенов).

Мұндағы кебеже қарын шартықтардың берер мағынасы – байлар деген мағынада түсіне аламыз. Бұл ретте қаламгер дисфемистік перифраза болатын сөздерді әр түрлі мағыналық, стильдік, қолдану ерешеліктеріне қарай таңдап алған. Шартық сөзінің ҚТТС-тегі мағынасы: Шартық сын. 1) Тарттырғанда ен–тамыры толық үзілмей, шала үзілген еркек мал. 2) Ауыс. Қолынан еш нәрсе келмейтін, қоқанлоқы, берекесіз. Шартық сын. Бүйірі шыққын, шермиген (ҚТТС, 10 т., 155). Демек, шартық – көп мағыналы.

Дисфемистік перифразаны шебер жасау үшін қаламгер халықтың рухани әлемі мен оның болмысын, мінез-бітімін терең білуі ұлттық психологиямен қоса ұлттық талғам-танымды жан-жақты меңгеруі тиіс. Осы себепті көне сөздерді де іске қосады.

Нағыз ұзын бұйда, кең тұсау бозтайлақ бозымбайлар (Ә. Кекілбаев).

Тіркес түсініксіз. Бірінші сыңарынан түйе малына қатысты айтылғаны байқалып тұр. ҚТТС-те бозым сөзіне төмендегідей түсініктеме берілген: Бозым зат. Жерг. Айыр өркешті түйе (ҚТТС, ІІ т., 328). Тағы бір мысал:

Сапым мен найзамнан садаға кет, саған, көбең семірген топырыш! (Ғ. Мүсірепов).

Көбең семірген топырыш дисфемистік тіркесі құрамында көне сөз болғанымен жағымсыз кейіпкерді әсерлі сипаттап тұр. Көбең сөзіне Ә. Нұрмағамбетовтің сөздігінде мынадай түсініктеме берілген: Көбең. Тез семірген, еті бос жылқы малын осылай атау тілімізде дағдыға айналған. Жазғытұры көкпен көбең семірген желқуық айғырлар қайта мінілді (М. Әуезов). Мұндай тез семірген жылқы көп мініс бермей, борпылдақ болып, етінен тез айырылады. Осы қасиетіне қарай, “көбең” деген атауға ие болған. Бұл сөз басқа сөздермен көп тіркеседе бермейді. Бізге алғашқы мағынасы нені аңғартатыны да белгісіз.

Біздің шамалауымызша, алғаш ол бос, көпсіп тұратын қасиетке ие нәрсенің атауы болған тәрізді. Іздестіре келгенде жорамалымыздың теріске кетпегендігін байқаймыз. Тува тілінде “хөвең” тұлғалас сөздің мағынасы–мақта дегенді ұғындырады. Демек, ерте кездерде қазіргі “мақта” орнына қазақ тілінде “көбең” сөзі қолданылып, кейін ұмтылып, тек қана соған ұқсатудан қалыптасқан кейбір тіркестерде сақталып қалған тәрізді. Әрі кетсе, монғолдардан ауысып алынған сөз деуге де болады. Өйткені монғол тілінде де “хөвөн” сөзі біздегі “мақта” мағынасында айтылады. Осы соңғы жорамалымыз шындыққа жақын көрінеді [45, 136 б.].

Осындай оқырманға түсініксіздеу тіркестердің қолданылу реті туралы академик Р. Сыздық былай дейді: “Көркем әдебиет дүниесіне қойылатын шарттардың бірі – тілінің қалың оқырманға түсінікті болу, автордың айтпақ ойының оқырманға қиындықсыз әрі әсерлі түрде жеткізілуі. Сондықтан мағынасы қалың көпшілікке бейтаныстау немесе мүлде түсініксіз тұлғаларды белгілі бір зәрулікпен қолданған күнде, олардың оқушыға жетуін ойластыру керек. Бұлардың семантикасын жалпы контекстен шығатын етіп бере ме, өзге синонимдерін қатар келтіріп ұсына ма, бет соңында сілтемеде түсіндіріп бере ме, қысқасы, әр алуан жолды пайдалану жазушының сөз шаруасы. Осы жағдайда ғана бейтаныс сипаттама сөздердің қолданысын уәжді деп тануға болады” [30, 167 б.].

Қаламгерлер сөйлеу стиліндегі тілдік құралдарды сол кездегі өмірден, кейіпкерлерін қоршаған ортадан алады. Халқымыздың ғасырлар бойы жинаған тілдік қазынасын пайдаланып, шығарманың мазмұнын құнарландырып, суреттеп отырған бейнені не құбылысты көз алдымызға әкеліп, олар туралы қандайда бір ұғым қалыптастырады. Мысалы:

Сен әлі тірінің тірлігінің қитұрқысын білмейсің (Қ. Найманбаев).

Іштерін күйік жалаған ашөзек қорқаулар сонадай жерге құйрықтарын бұрғылап тастады...

Ыбылжыған берекесіз мұздақ құлақты тұндырады (М. Қаназов).

Мұның бәрі бүгінгі қиқымбай тірлік қана (А. Нұрманов).

Жоғарыдағы асты сызылған дисфемистік перифразаларда табиғат, қоғам, адам әрекеттері айқындалып, олардың жағымсыз эмоциялық мәні күшейтілген. Солар арқылы қаламгерлер өздерінің ой түйінін дәл де, айқын жеткізе алған. Бұл тіркестерден мынадай өмір шындықтарын түсіну қиын емес.

1. Тірінің тірлігінің қитұрқысы – сұрықсыз өмір.

2. Берекесіз мұздақ – өз уақытында жаумаған жаңбыр.

3. Ашөзек қорқаулар – қасқырға ұқсас адамдар.

4. Қиқымбақай тірлік – күйкі тіршілік.

Қаламгерлеріміз экспрессивті мәнерлілік жасауда көбіне тіркеспейтін тіркестерді тіркестіреді.

Құтырық қарабас сарбаздарын мұқым қызыл құмның бойына анталатып, қаптатып жібергендей болды (О. Бөкеев).

Мұны құдайдың қара тышқағы жеңбесе, ешкім жеңе алмас, – деген Ермек жаңағыдай емес, жуасыған кейіппен (Қ. Найманбаев).

Мұндағы құтырық қарабас “қолбасшы” мағынасын, ал құдайдың қара тышқағы деген “індет” мағынасын беріп тұр. Осылайша халық санасында орныққан байырғы ұғымдарды ұтымды пайдаланған қаламгерлеріміз, қайта жаңалап, қоғамдағы келеңсіздіктерді бейнелі көрсетуге ұмтылған.

Кейіпкерлердің сөйлеу тілінде дисфемистік перифразаның жағымсыз экспрессиясы қашанда күшті болады. Мысалы:

Нағыз оттақы сөз осы! – деп бір жақтан Бөрөбай, Тоқпақ килікті (О. Сәрсенбаев).

Мынадай ыңыраншақ ауызға қор болған! – деп қояды ішінен (Ә. Кекілбаев).

Құлдыр секілді су жұқпас суайттың өтірігін әшкерелеп, әлемге жария етсеңіздер екен (О. Сәрсенбаев).

Келтірілген үш мысалдағы оттақы сөз, ыңыраншақ ауыз, су жұқпас суайт деген дисфемистік перифразалардан ерекше жағымсыз мағыналық реңк, анық байқалып тұр. Айтайын деген ойды кейіпкерлер жай ғана айта салмай, бір затқа, не бірдеңеге балап суреттеп айтуы мүмкін. Мысалы:

Тандыры кеппек тұрмақ, түгел сарбалақ болса да судан “ауыз тимейді” (С. Бердіқұлов).

Мысалдағы тандыры кеппек деген дисфемистік перифразның тура мағынасы – шөлдеу. Қаламгер кейіпкерінің ауызына бұл сөзді сала отырып, басқа бір кейіпкерге деген қарым-қатынасын білдірген.

Кейіпкердің ерешелігін айқындай түсетін дисфемистік перифразаларды мағыналық ретіне қарай қолдану жазушының шеберлігіне тікелей байланысты. Мысалы:

Ей, сен осы қойтан жылғы қотырыңды қасиын деп отырғаннан саумысың? (Б. Ыбыраймов).

Қойтан жылғы қотырыңды тіркесі өткендегі, ескі, бұрыңғы деген ұғымдардың ауыс мағынада қолданылуы. Автор бір-біріне ұштаспайтын үш сөздерді түйістіріп жаңа тіркес жасаған. Қаламгер қойтан жылғы қотырыңды деген дисфемистік перифразасы арқылы жағымсыз қылық пен іс-әрекетті қатар суреттеген. Егер осындай дисфемистік перифразаларды қолданбай жай сөзбен ғана айтылса, ұнамсыз образ әсерлі шықпас еді.

Әр түрлі жазушылардың шығармаларында кейіпкерлердің психологиялық жан күйзелісі де дисфемистік перифразаға айналған. Мысалы:

Сен мұнда оны жоқтап қан сиып қайғырып отырсаң, аусар қайнағаң бүркіт ұясын іздеп қаңғырып жүрген шығар бір жерде, – деп емексіткен болды (З. Жәкенов).

Алдында қан сиіп жүрген Қатира мынаны көргенде көтере айдап кетеді екен деп қолын бетіне салды (М. Қаназов).

Жеке қолданыстағы дисфемистік перифразаларды саралай, сараптай келгенде, мұндай тілдік қолданыстың атқаратын қызметі мүлде бөлек, жай перифразаға қарағанда тіпті өзгеше екендігіне көзіміз анық жетті. Бұлар жағымсыз мағына тудыруда басқа да троптар сияқты ерекше роль атқарады және контексте бір стильдік мақсатпен, жағымсыз кейіпкер образын аша түсу ниетімен қолданылады. Өз тамырын өткен замандағы ақын-жыраулар поэзиясынан алатын дисфемистік перифразаларды қазіргі қазақ қаламгерлері де молынан пайдаланып келе жатқанын біздің жоғарыдағы талдауларымыз көрсете алады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   57   58   59   60   61   62   63   64   ...   69




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет