11.3. Эпифиз, айырша безі және қалқансерік бездерінің гормондары Эпифиз төрт төмпешіктің алдыңғы дөңесінің үстінде орналасқан. Бездің
салмағы 100-180 мг шамасында, оның қызметі мен маңызы осы уақытқа
дейін жеткіліксіз зерттелген. Қазіргі кезде эпифиз тіндерінен бірнеше
биологиялық белсенді заттар – мелатонин, серотонин, гистамин,
гломерулотропин т.б. бөлетіні анықталған.
Мелатонин – пигменттік алмасуды реттеуге қатысады, терінің
жасушаларын (меланоциттерді) түссіздендіреді. Гипоталамус арқылы әсер
етіп жыныс бездерінің қызметін тежейді: жас организмде жыныстық жетілуі
мен ересектерде гонадотропиннің әсері тежеледі. Сондықтан эпифиздің
қызметі күшейгенде (гиперфункция) ерте жыныстық даму, ал қызметі
жетілмегенде (гипофункция) семіру және гипогенитализм құбылысы
байқалады.
Гломерулотропин – бүйрекүсті безінің қыртысындағы альдостерон
гормонының сөлінісін жігерлендіреді (стимуляция).
Соңғы кездегі зерттеулермен эпифиздің организмдегі биологиялық
«сағат» ролін атқаратындығы, жылу реттеуге қатысы, су мене тұздың
алмасуына қатынасы, басқа ішкі сөлініс бездерге әсерлері анықталған.
Айырша без (тимус) – көптеген бөлшектерден тұратын қос без. Ол
төстің ішкі бетінде, алдыңгы көкірекортада, жүрек ұясының үстіңгі жағында
орналасқан. Айырша безде екі түрлі жасуша бар – лимфоидтық жасуша (ұсақ
микроциттер) негізінен қабықты қабатында, торлы жасуша астыңғы милы
қабатында орналасқан. Олар бірігіп селдір торға айналады, торда
лимфоциттер орналасады.
Айырша безде түзілетін гормондардың бәрі полипептидтерге қарайды
және оған мына гормондар жатады: тимозин, гомеостатикалық тимустық
гормон, тимопоэтин І, тимопоэтин ІІ және тимустық гуморалдық фактор.
Бұл гормондардың организмнің иммундық қорғаныстық әсерленістердің
дамуында маңызы зор, антитәндердің қалыптасуын жеделдетеді. Айырша без
иммундық әсерленістерге қатысатын лимфоциттердің дамып жетілуін
қадағалайды, соның ішінде жасушалық иммунитетке жауапты Т-
лимфоциттердің
түзілуіне
септігін
тигізеді.
Қан
айналымындағы
лимфоциттердің 60-80%-ы Т-лимфоциттерден тұрады.
Айырша бездің толық дамуы балалық шақта болады. Жыныстық даму
кезеңі басталғаннан кейін тимустың өсуі тоқталып, семіп қалады (атрофия).
Сөйтіп, айырша безі организмнің өсіп дамуын жетілдіреді де, жыныстық
жүйенің дамуын тежейді.
Клиникалық бақылауда кездесетін ауру – миастения (бұлшықеттің
әлсіздігі) айырша без шектен тыс үлкейіп кеткенде пайда болады.
Физиологиялық
механизмі:
бұлшықет-жүйке
түйіспесіндегі
холинэстеразаның көп бөлініп ацтилхолинді жедел ыдыратуына келтіреді.
Осының салдарынан түйіспе арқылы қозудың өтуі бұзылады.