Қызыл жебе
түскенше шыдаса... Қазір құдайдың күні де жарқырап ашылып
кетті.
Қара Иван қолына айыр алып, шөмеле төңірегіндегі кәшек
шөп-шаламды жинаған болып, айналшықтап жүріп алды. Қорада
қамаулы тұрған торпақ мөңіреді. Өзінің сыбағасын ішіп қойған
шақырылмаған қонақты ол да жақтырмайтын сияқты. Үйден
Федька жүгіре шығып:
– Батя, Зойка мөңіреп тұр ғой, мен шөп суырып салайын,–
деп еді, Қара Иван шошып кетті:
– Өзім-ақ. Айда, әуре болма. Мамаңа көмектес.
Қара бұжыр әкесіне емес, ақсары шешесіне тартқан үрпек
бас, елгезек бала әкесінің мынасын түсіне алмай есіктің көзінде
состиып тұрып қалған. Жайшылықта: «Малға қарамайсың,
Зойкаға жем бермейсің. Астын тазаламайсың», – деп ұдайы
ұрсатын әкесі, бүгін басқаша мінез танытты. Шешесі сияқты бұл
да Зойканың тілеуін тілеулі.
– Балалар қызыл көрмегелі қашан. Қашанғы капуста мен
картопты қара суға қайнатып іше береміз. Зойканы соғымдап
алайық, – дегенде қожайынға әйелі де, баласы да ұлардай шулап
қарсы шыққан. Зойка өссе, екі сиыр сауамыз деген арман жатушы
еді оның ар жағында.
Бала есіктің алдында тұрып-тұрып, бұртың етіп үйге кіріп
кеткенде, Қара Иван күйбеңдеп қиқым-сиқым жинаған болып
жүріп:
– Ей, Рысқұл, – деді жан-жағына қарайлап. – Хал жаман.
Сенікі баланы ұстаған. Залогқа ұстаған. Сен үш күнде келіп,
қолға түспесе, баланы өлтіретін болған.
Рысқұл тіл қатқан жоқ. Шөптің ішінде адам емес, қаратас
жатқан сияқты.
– Біздікі атаман Верныйға кеткен. Сірә, бұл Софийскіден де
іздейтін болар сені. Менікі көрші сені біледі. Оттап қояды деп
қорқамын.
Рысқұл тырс етпеді.
«Дүниені өрт шалғанда, бұл тағы да ұйықтап жатыр ма?» – деп
Қара Иван шөмеленің Рысқұл жатқан тұсын ақырын айырдың
сабымен түрткіледі. Айырдың сабы кеуекке оп-оңай кіріп кетті.
114
Қызыл жебе
Ешқандай кедергі кездестірмей сүңгіп кетті. Қара Иван ақырын
шөпті ашып қарап еді, үңгіде ешкім де жоқ. Тек бос құмыра
жатыр.
«Мына сойқанды аңшы түзге отырамын деп тысқа шығып,
біреу-міреудің көзіне түсіп қалар ма екен?».
Қара Иван дәретхана жаққа қарап біраз тұрды. Абайлап барып
есігін түртті, ешкім жоқ. Мал қораны айналып шықты. Сайдың
жағасына барып, тал-талдың арасын шолды.
Қараптан-қарап жүріп, күбірлеп өзімен-өзі сөйлескенін де
байқамай қалды. Ақыры «бұл жүрісім сезікті болар», – деп үйіне
қайтты. «Мүмкін, ол тентек үйге кірген шығар» деп босағадан
аттап әуелі сенекті шолып шықты. Капуста тұздалған кеспектің
артына үңілді. Қабырғада ілулі тұрған қамыт пен белорақты да
ұстап-ұстап қойды. Ішкі бөлмеге еніп, әдетте балалар жататын
пештің үстіне мойнын созды. Темір кереуеттің астына еңкейді.
– Не жоғалттың? – деді ыстық пештің көмейіне қамыр толы
қара табаны сүңгітіп жатқан Марфа күйеуінің абыржыған түрін
көріп шошынып.
– Жәй, қайрақ тас, – деді Қара Иван.
– Қайрақтас неге керек? – деп әйелі тақақтады.
– Иә, ол пышақ қайрап, Зойканы соймақшы, – деп кемсеңдеді
Федька.
– Мен соярмын сені. Сойып көр! – деп Марфа пештің
қаңылтыр қақпағын тарс жапты.
Қара Иван қолына бос құмыра ұстаған күйі қалшиып тұрды
да қалды.
***
Сол күні сұрғылт іңірде Верныйдың облыстық түрмесінің
сұрғылт қақпасын үсті-басы ұсқынсыздау, киім-басы жадау, ескі
киіз қалпағына шөп-шалам жабысып қалған, қалқан кеуделі,
жазық жоталы, екі көзі ашулы арланның көзіндей ызғарлы бір
адам келіп қақты. Бұл қақпа оған бұрыннан таныс еді, адаспастан
оңай тапты.
Үйіңді таба алмай адасуың мүмкін, ал түрме оңай табылатын
заман. Бұл адамға түрменің есігі де жеп-жеңіл ашылады,
115
Достарыңызбен бөлісу: |