Қызыл жебе
– Балапан, – деді Тұрардың басын мүйізгек алақанымен
сыйпап. – Қанаты қатаймаған балапаным, қара дауылға қарсы
ұша алармысың сен? Ығы жоқ, селдір бұтаның басында жалғыз
қалдың-ау, сен! Атасына нәлет! Күңей-күйрек болма, бірақ.
Өлмейсің! Сұп-суық сұрғылт күлдің арасында сөнбей жатқан
бір түйір шоқтай болып, қалың қара бұлттың арасынан жылт
етіп, анда-санда күн де көрінер. Жүдеме! Жарлының жан серігі –
жасымау. Жасыма! Ұқтың ба, Тұрар?
– Иә, көке, – деді ояу жатқан баласы әкесінің қырсығы қалың,
қыртысы мол мойнын қыса түсіп.
Соңғы рет камераның есігі ашылды. Пішпектен кеше келіп
жеткен этап бүгін ертелеп жолға шықпақ. Таңғы салқынмен
жүріп, ыстық түскенше жол өндірмек. Пішпектен шыққан аттар
ауыстырылды. Арбалардың күпшектері майланды. Айдауылдар
жаңарды. Азық-түлік тиелді. Қырғызстаннан келе жатқан
каторжниктер отырған арбалар Верный түрмесінің алдына келіп,
дайын тұрды.
Рысқұлдың аяғын кісендеп, аулаға алып шыққан кезде әлі таң
бозала болатын. Түрменің іші құлаққа ұрған танадай, айдаладағы
алып моладай тып-тыныш еді. Кенет қаңғыр-құңғыр, шақыр-
шұқыр дыбыстар абақтының ішін кернеп ала жөнелді. Рысқұл
түкке түсінбей, бұл салдыр-күлдір аяғымдағы кісеннің дыбысы
шығар деп қалған. Сөйтсе, Александр Бронников жатқан саяси
тұтқындар камерасының терезелері екен. Қайдан естігені
белгісіз, Бронников Рысқұлдың дәл қазір айдалып бара жатқанын
біліп, өз жолдастарымен бірге терезе торларын тоқпақтап тұр
екен. Бұл қоштасу белгісі еді. Ғаламат сәтінде соғылған шіркеу
қоңырауларындай осынау үн түрме қызметкерлерін үрейлендіріп
жіберді.
Әкесін каторганың алыс сапарына шығарып салуға ілесе
шыққан Тұрар мына қаһарлы үнге құлақ түріп, әкесінен айырылу
қайғысын ұмытып кеткендей:
– Дядя Саша, – деп айқайлап жіберді.
Іш жақтан Бронников те айқайлаған. Бірақ оның үнін тас
қамал естірткен жоқ. Не айтқаны белгісіз.
252
Қызыл жебе
Айдауылдар Рысқұлды ауладан шығарып әкеткенше асықты.
Кісендеулі аяқтың адымы қысқа. Кісеннің салдыры камера
терезелерінің тарсылына қосылып, қоштасу әрі қосылысу гимнін
шарықтатып әкеткендей. Мына беймезгіл таңда бүкіл Алматы
зіл ұйқыдан оянып, әлдебір таусоғар толқынның, тақтарды
сықырлатар соққының алыс сарынын естігендей, елеңдеп қалған
сияқты.
Бұдан бір жарым жыл бұрын Рысқұл өзі келіп тарсылдатқан
қақпа артта қалды. Тоқ аттар жегілген қос арба көлденең тұр
екен. Алдыңғы арбада екі тұтқын, екі айдауыл. Соңғы арбада
бір тұтқын, қос айдауыл. Бұл арбада да енді екі тұтқын болады.
Рысқұлдың серігі – жасы өзімен шамалас қызыл шырайлы, қияқ
мұртты қапсағай қырғыз екен.
– Е, туған, еми жолдаш болған турбайбызбы, – деп Рысқұлды
көңілдене қарсы алып, құйрығымен жылжи ығысып, қасынан
орын берді.
Верный түрмесінің өкілдері этап айдауылдарының бастығына
каторжник Рысқұл Жылқайдаровтың тұтқындық делосын
табыстады.
Арбалардың дөңгелегі қозғала берген кезде, Тұрар әкесінен
айырылғанын енді шын сезгендей, үстіне біреу май құйып, от
қойып жібергендей, тұла бойы лап етіп:
– Көке! – деп шыңғырып жіберді де, өзін ұстап тұрған
айдауылдың қолынан жұлқынып шығып арба соңынан етпеттей
ұмтылды. Арбаның артында аяғын салаңдатып жіберіп, әкесін
қалқалап отырған түкіс айдауыл баланың кеудесіне мылтықтың
істігін тіреп, жақындатпады. Аттардың жүрісі қатайып,
дөңгелектердің айналуы жылдамдаған сайын бала алқынып,
адымы арбаның жылдамдығына жетпей, амалсыздан істіктен қос
қолдап ұстай алып сүйретіліп бара жатты.
– Вот чертенок, вот киргизенок! – деп айдауыл ашуланды.
Мылтықтың дүмін қаттырақ итерсе, істік баланың кеудесіне кірш
етіп кіріп кетердей. Енді бір сәтте бала істікті қоя бере салып,
ышқынып алға ұмтылып, қолын соза бергенде әкесінің белбеуіне
саусағы ілінді. Белбеу ертеде шуда жіптен тоқылған ескі еді.
Түрмеге келгенде оны айдауыл шешіп алып, камераға ала кіруге
253
Қызыл жебе
рұқсат етпеген. Тұтқында жатқан адамға белдік, белбеу ұстау
уставқа жатпайды. Содан жаңа түрмеден шығарда ескі белбеуді
Рысқұлға қайтып берген.
Тұрардың саусағы ілінген белбеудің шуда жібі сетінеп, бір
талшығы баланың уысында қалып ыдырай берді. Арбадан
екі-үш адым кейін қалып қойғанда да әкесі мен екі араны әлгі
шуда жіп жалғап келе жатты. Белбеу жіп тарқатыла-тарқатыла
таусылғандай еді. Алыстан қараған адамға бақытты бір бала
батпырауық ұшырып, ойнап бара жатқандай көрінер. Ал мына
баланың бар үміті тарқатылған белбеу жібінде ғана қалғандай,
өкпесі қабынып, өті жарылып, жаны мұрнының ұшына қонақтап,
зымырап келеді. Баланың бұл жан далбасасын әуелі қызық
көрген артқы айдауыл ойын түбі өрт болып жүрмесін дегендей,
әке мен баланың арасын жалғап келе жатқан әлсіз жіпті штыкпен
қиып кеп жіберді. Сол сәт бала қолымен ауа қармап, ұмтылып-
ұмтылып барып, етпетінен құлап түсті. Жіптің шұбатылған
жалғауын тұтып қалғысы келгендей, кішкентай қолын алға соза
құлады.
Жіппен бірге жаны қоса үзіліп кеткендей Рысқұл:
– Тұрар! Тұр орныңнан! – деп итіне беріп еді айдауыл аяқ-
қолы кісендеулі тұтқынды кеудесінен итеріп қалып, арбаға оп-
оңай шалқалатып түсірді.
Тұтқын қырғыз сонда Рысқұлды иығымен демей беріп,
аңыратып ән салды:
Аа-аһа-а-а! Аа-аһа-а-а!
Сағынғанда бир келерсің,
Сарғайғанда бир келерсиң,
Ала-тооның баурына-а-а..
Рысқұл өз құранының бір ауыз сүресін ішінен қайталады:
Дүние бір қисық жол бұраңдаған,
Бақ тайса, ерге дәулет құралмаған.
Күніне тоқсан тоғыз бәле көрсең,
Сонда да күдер үзбе бір алладан...
Алды тұман, арты мұнар, алыс жол басталды. Ноқта сыймас
әзиз басқа тура құрық түскен соң, тырп етуге шама жоқ, тек кісен
сылдырлайды..
(Бірінші кітаптың соңы)
Шерхан Мұртаза
ҚЫЗЫЛ ЖЕБЕ
Корректор
Мақпал Қалдыбекқызы
Дизайнер
Азамат Санкибаев
Мұқаба дизайны
Азамат Санкибаев
Таралымы 1000 дана?
Достарыңызбен бөлісу: |