2.2 Сын есімнің аналитикалық сөзжасамы және олардың түрлері
Сын есімнің туынды атаулары құрамы жағынан дара және күрделі болып бөлінеді. Дара туындыларға бір сөзден тұратын жұрнақ арқылы жасалған туынды түбір сын атаулары жатады. Мәселен, көктемгі, атақты, ақылсыз, инабатты, калалық, пікірлес, көйлекшең, ашушаң т.б.
Күрделі сын атаулары екі не одан да көп сыңарлардан жасалып, бір сындық белгінің атын білдіреді. Мәселен, қара көк, күрең қоңыр, теке сақалды, қара кер, қара шұбар т.б.
"Күрделі сын есімдер" деген термин 1952 жылғы А.Ысқақов пен К.Аханов авторлығымен шыққан мектеп грамматикасынан бастап, ғылыми айналымға түсті .
Күрделі сындар деп екі не одан да көп сыңарлардан құралып, бір сындық ұғымды, белгіні білдіретін сөздер аталады. Мәселен, қоңыр қошқыл, ал қызыл, қара көк, қоңкақ мұрынды, ұзын тұра, ат жақты, ерке тотай т.б. Күрделі сындар бір белгіні білдіретін бір сөз, бір лексема болып саналады, ол қаншама сыңарлардан құралса да, бір сөздің қызметін атқарады, сөзге қойылатын талаптардың бәріне сай келеді.
Тілдегі сөз атаулының дыбыстық құрамы тұрақты, ол дыбыстардың орнын ауыстыруға болмайды. Күрделі сындар да сөздің осы белгісіне толық сай келеді. Күрделі сындар біртұтас сөз болғандықтан, олардың құрамындағы сыңарлардың орны тұрақты және олардың орнын ауыстыруға болмайды. Мәселен, түлкі тымақты (адам), көк жасық (ет), қызыл шұнақ (аяз), түлкі бұлаң (мінез) дегендегі күрделі сындардың орындарын ауыстыруға болмайды, себебі, күрделі сындағы мағына бұларда жоқ. Күрделі сындар белгілі құрамда, ол құрамдағы сыңарлар белгілі тәртіпте тұрғанда, күрделі сындардың мағыналары қалыптасқан, оны бұзуға, өзгертуге болмайды. Сондықтан күрделі сыңарлардың сыңарлары мен олардың орны тұрақты.
Күрделі сындардың құрамының тұтастығын олардың сыңарларының арасына басқа сөздердің кіре алмауы да білдіреді. Ал күрделі сындардың құрамы қандай күрделі болса, мағыналары да сондай күрделі болады. Мәселен, қызыл ала көйлек, қара көк қамзол, мойыл қара мақпал, солғын қызғылт орамал т.б. осы секілді күрделі сындарды алсақ, заттың сындық белгісі біртекті емес екенін көру қиын емес. Мұндағы сындардың мағыналары да күрделі екені анық, яки, заттың сындық белгісі түрлі сындық белгілерден құралады. Айталық, қызыл ала көйлек дегенде қызыл ала көйлектің жалпы түсін білдіріп тұрғаны анық, бірақ көйлектің түсі түрлі түстің қосындысынан тұрады. Көйлектің түсінде қызыл да, тағы басқа түс те араласқан яки, ол бір ғана таза түстен тұрмайды. Сондықтан ол дара сыннан белгінің күрделілігі арқылы ажыратылады. Бұлардың мағынасы сыңарларының мағыналарының қосындысынан жасалған.
Күрделі сындар сөзжасамның аналитикалық тәсілінің ішкі үш түрі арқылы сөзқосым, қосарлау, тіркестіру тәсілдері арқылы жасалады. Осыған байланысты күрделі сындардың үш түрі бар: 1) біріккен күрделі сындар, 2) қосарланған күрделі сындар, 3) тіркескен күрделі сындар.
Біріккен күрделі сындар онша көп емес, олар көнетоз, көнтері, тілалғыш, есерсоқ, біртоға, алаңғасар, аласабыр, бұратана, кемтар, кертартпа, қонақжай, жарымжан, балажан, қарапайым, кеудемсоқ, ішкұста (ашу), етжеңді, кірпияз, можантопай, етекбасты (мінез) секілді сөздер.
Қосарланған күрделі сындар тілде бірсыпыра: үлкенді-кішілі, жаманды-жақсылы, ақты-қаралы, қызылды-жасылды, ерке-бұлаң, көл-көсір, ала-құла, ағал-жағал, сыбай-салтаң, қан-сөлсіз, кедір-бұдыр, телегей-теңіз, ұзыннан-ұзақ, өркеш-өркеш, үйме-жүйме, аумалы-төкпелі, қырғи-қабак, әлем-жәлем, сұлу-сыпайы, қайғы-қасіретсіз, үлкен-үлкен, ұсақ-түйек, биік-биік т.б.
Тіркескен күрделі сындар тілден кең орын алады. Олар сөзді танудың емле белгісіне бағынбайды. Тіркесті күрделі сындар неше сыңардан құралса да, оның сыңарлары бөлек-бөлек жазылады. Мәселен, ақ сары, күрең қызыл, қара қошқыл, теңбіл көк, удай ащы, қоңыр салқын, майда қоңыр, қызыл шұнақ (аяз), түлкі бұлаң, көк долы, көк жасық, кер шолақ, арыстандай айбынды, қасқыр ішікті т.б. Осы тіркескен сындардың қайсысы болсын біртұтас мағына береді. Күрделі сынның барлық белгісіне сай келеді.
Тіркескен күрделі сындар айтылу жағынан да бір ұдай, бір ырғақ арқылы ерекшеленеді. Күрделі сындардың құрамындағы сыңарлардың әрқайсысы жеке айтылып, сыңарлары пауза арқылы бөлініп тұрмайды. Күрделі сындардың сыңарларының ара-жігі бөлінбей, біртұтас ырғақпен айтылып, бір сөздегі бір екпінмен айтылады.
Күрделі сындардың сыңарлары болып сын есім сөздер (қара торы, ал қызыл, сары ала), зат есім сөздер (ат жақгы, түлкі тымакты, қасқыр ішікті), сан есім сөздер (екі жүзді, жүз қадамдай, сегіз қырлы), етістік сөздер (күйген терідей, үлбіреген жас) қатысады.
Күрделі сындардың құрамындағы сыңарлар қай сөз табынан болса да, олар тұтас мағынаға көшіп, күрделі сындық ұғымды білдіреді. Күрделі сындық ұғым күрделі сындардың құрамындағы сыңарлардың мағыналарының кірігуі, жалпылануы, кеңуі, қосылуы секілді үрдістердің нәтижесінде туады.
Күрделі сындардың құрамы екі түрлі: екі құрамды және үш құрамды күрделі сындар.
Күрделі сындар екі құрамды (күрең қоңыр, көк ала, қара кер, елтірі бөрікті), үш құрамды (аш қасқырдай қомағай, ал қара көк, асқар таудай биік, өңкиген қара торы, сырықтай ұзын бойлы).
Екі құрамды күрделі сындардың жасалу үлгілері: 1) сапа сыны+сапа сыны: қызыл ала, қара көк, ал қызыл, көк ала, күңгірт қызыл, күрең қоңыр;
2) қатыстық сын+сапа сыны: оқтаудай түзу, сыбызғыдай нәзік, жардай семіз, қаңбақтай жеңіл, удай ащы т.б. 3) зат есім+қатыстық сын: арыстан жүректі, жай оғындай, алтын басты, күміс қоңыраулы; 4) қатыстық сын+қатыстық сын: сәнді киімді, періштедей кінәсіз, қазақы киімді, өліктей үнсіз; 5) сан есім+қатыстық сын: жүз қадамдай, екі кісілік, сегіз қанатты, бір бетті (адам);
6) етістік+қатыстық сын: ұлыған қасқырдай, қажымас қажырлы, қаққан қазықтай, піскен алмадай, аршыған жұмыртқадай т.б.
Үш құрамды күрделі сындардың үлгілері: 1) дара сын+күрделі сын;
2) күрделі сын+дара сын.
Дара сын+күрделі сын: күмістей таза сұлу, нәзік қоңыр сәулелі, сұлу жіңішке белді; Мәселен, Ол үлкен қара көзді жігіт еді (С.Мұқанов).
Күрделі сын+дара сын: қызыл ала көйлекті, түйе жүн шекпенді, ақ сұр жүзді. Мәселен, Алпамса денелі, қызыл күрең жүзді адам (С.Мұканов).
Күрделі сындардың жасалуында белсенді қызметті сын есім сөздер атқарады, олардың қатысынсыз күрделі сын жасалмайды.
Тілдегі күрделі сындар өмірдегі жанды-жансыз заттардың, құбылыстардың әр түрлі сындық белгілерін көрсететін болғандықтан, олар түрлі мағыналық топтан тұрады. Солардың ішінен ең ірі деген мағыналық топтарды ғана атауға болады, себебі, күрделі сындардың барлық мағыналық тобын қамту мүмкін емес.
Күрделі сынның төмендегідей мағыналық топтары бар: 1) түр-түс күрделі сындары, 2) сапа мәнді күрделі сындар, 3) адамға қатысты күрделі сындар, 4) киімге қатысты күрделі сындар, 5) табиғатқа қатысты күрделі сындар, 6) жануарларға қатысты күрделі сындар, 7) үй-мүліктеріне қатысты күрделі сындар, 8) құрал-жабдыққа қатысты күрделі сындар.
Түр-түс мәніндегі күрделі сындар түсті білдіретін негізгі сындардан жасалады. Өмірдегі зат атаулының түрлі түсін, реңкін білдіреді. Олар іштей ашық түсті білдіретін күрделі сындар (ақ боз, ал қызыл, ақ сұр), қою түсті білдіретін күрделі сындар (қара қошкыл, қара көк, қара торы), солғын түсті білдіретін күрделі сындар (күлгін көк, солғын қоңыр), түрлі түсті білдіретін күрделі сындар (көк ала, теңбіл көк, шұбар ала) болып бөлінеді. Сапа мәнді күрделі сындар мағына жағынан түрлі-түрлі. Олардың кейбірін ғана атауға болады: аумақ-көлем мәнді күрделі сындар (еңгезердей үлкен, қағаздай жұқа, түпсіз терең), салмаққа қатысты күрделі сындар (қаңбақтай жеңіл, қорғасындай ауыр), дәм мәнді күрделі сындар (удай ащы, балдай тәтті), т.б. түрлі мәнді сындар (судай таза, көк жасыл, оқтаудай түзу).
Адамға қатысты күрделі сындар да іштей түрлі мағыналы: бет әлпетке қатысты күрделі сындар (қара тәмпіш бала, қара қожалақ бет, сопақ бетті), адамның дене бітіміне қатысты күрделі сындар (сырықтай ұзын, өңкиген ірі, ілмиген арық), адамның мінезіне қатысты күрделі сындар (жайдары жайсаң, көк айыл долы, бір беткей), адамның дауысы, үніне қатысты күрделі сындар (майда қоңыр, сыбызғыдай нәзік, әсем қоңыр), киімге қатысты күрделі сындар (қима қамзолды, түлкі тымақты, ақ көйлекті), табиғатқа қатысты күрделі сындар (ақ түтек боран, шыжыған ыстық, үскірік суық), жануарға байланысты күрделі сындар (қара қасқа, тарлан боз, қарагер жорға, саңлақ жүйрік), үй мүліктеріне қатысты күрделі сындар (алты қанатты, күйме-сандық, торқа кілемді), құралға қатысты күрделі сындар (өткір пышақты, сабау қамшылы, әдемі кәрден кесе) т.б.
Сөйлемде қолданылатын сын есім сөздер төмендегі тұлғаларда болады: негізгі түбір сын есімдер, туынды түбір, біріккен түбір, қос сөз, тіркесті күрделі сын есімдер.
Негізгі түбір сын есім сөздер бір ғана морфемадан тұратын, тілдің казіргі даму сатысында әрі қарай бөлшектеуге келмейтін негізгі морфемалар: ақ, қцара, көк, қызыл, жасыл, қоңыр, сары, үлкен, кіші т. б.
Туынды түбір сын есімдер ең кемі екі морфемадан құралады- негізгі морфема және сөзжасамдық жұрнақ: өнерпаз, білгіш, үйшіл т.б.
Біріккен түбір сын есімдер: жалауқазықтай, жалаңаяқтай, жалмауыздай, басыбайлы, бәйшешектей, бойкүйез, аққудай т.б.
Қос сөзді сын есім сөздер: үлкенді- кішілі, аумалы- төкпелі т. б.
Тіркесті күрделі сын есімдер: көк ала, сара көк, қара күрең т.б.
Сын есімдерді морфемалық құрамдарына қарай, негізгі сын есімдер және туынды сын есімдер деп бөлуге болады. Бірақ оларды осылайша жіктеу шартты нәрсе екенін есте ұстау қажет, себебі, қазіргі кезде негізгі сын деп жүрген сөздердің көпшілігінің төркінін талдап қарағанымызда, туынды сындар болып келеді. Мәселен: тұнық, суық. Сын есімдер морфологиялық, синтаксистік, морфологиялық-синтастиктік тәсілдер арқылы жасалады.
Өнімсіз жұрнақтар тілге жекелеген туынды түбір сын аталымдарын ғана қосқан, сондықтан олар өнімсіз жұрнақ аталады.Мәселен: -қы, -кі жұрнағы арқылы жинақы, күлдіргі, бұралқы секілді туынды сын атаулары ғана жасалған. Сол секілді –ын, -ін жұрнағы да аз ғана туынды жасаған. Мыс: бүтін, ұзын, ортан.
Сын есімнің сөзжасамдық жұрнақтары құрамы жағынан жалаң және құранды болып бөлінеді. Жалаң жұрнақтар бір ғана морфемадан тұрады, құрамын бөлуге болмайды. Мәселен, мұртты, күндік, батыл, қарыздар, тарихи, ызақор туынды түбірлеріндегі -ты, -дік, -ыл, -дар, -и, -қор жұрнақтары - дара жұрнақтар. Ал сұрампаз, жатыңқы, аумалы, жарасымды туынды түбірлеріндегі -мпаз, -ыңқы, -малы, -ымды жұрнақтары - құранды жұрнақтар. Бұл туынды түбірлерге сұра, жат, ау, жарас сөздері негіз болған, себебі, тілде сұрам, жатың, аума, жарасым сөздері осы қалыпта қолданылмайды. Ол -мпаз=м+паз, -ыңқы=ың+қы, -малы=ма+лы морфемаларының кірісуінен жасалған.
Сын есімнің туынды атаулары құрамы жағынан дара және күрделі болып бөлінеді. Дара туындыларға бір сөзден тұратын жұрнақ арқылы жасалған туынды түбір сын атаулары жатады. Мәселен, көктемгі, атақты, ақылсыз, инабатты, калалық, пікірлес, көйлекшең, ашушаң т.б.
Күрделі сын атаулары екі не одан да көп сыңарлардан жасалып, бір сындық белгінің атын білдіреді. Мәселен, қара көк, күрең қоңыр, теке сақалды, қара кер, қара шұбар т.б.
Достарыңызбен бөлісу: |